Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 8573 0 пікір 30 Қыркүйек, 2014 сағат 10:14

САЙТАН

(әңгіме)

 

Ажары етегіне жеңгетайлық еткен жезөкшедейін сырты жылтырап тұрғанымен, іші құрттап жататын сидиған шыны ғимарат мұның да жұмыс орыны. Ат шаптырым кабинеттегі батыс жақ шеткі орын құдды жүз жылдан бергі құйрық қонысы секілді. Көршінің анауысы бір, мынауысы бір келіп құйысқан сүйеген ақжемтірі құрлы ырғатылып ыңыршағы шығарға жарымаған. Қаңсып тұрған жерінен тауып алады. Сосын... сықсия телміріп, намазын тауысқан кәрі молдадай құбыланы ішіп-жеп отырады да қояды. Күнде сол.

Бүгін де... телефонның тұтқасы балқымайынша шаруасы бітпейтін, аузынан зорыққан әріптестің самбыры сарсытып, сыртқа тұра қашқан. Тұра қашқан жоқ-ау. Сол баяғы өзі тырп етпеген соң өзгелер де маужырап отыруы тиістей, басқалар тап мұның жүйкесін жидітіп барып еңбеккүнге еру болатындай көрінен менмендігі арқадан қағып алып шыққан.

Аспан боп-боз екен. Екі аяқтының жердегі қыбырынан жүрегі айнып, лоқсып жіберердей. Әне лоқсып та... жоқ, алыстан күн күркіреді. Көк пен жердің арасы терістік көкжиектен сусып түскен қарасұр перденің жықпылына жұтылып жатыр. Дүние қауызын аңсап тарылып бара жатқандай.

Әудемнен көрді. Әйнек қабырғалы аялдамада жалғыз отыр. Кезбе. Кезбе екенін де әудемнен: ұзын иен орындықтың шетінде ғана бүкшиіп отырған арқасынан, дал-дұлы шыққан пәлтесінен, күлдірей домбыққан оң беті мен қабарта салбыраған үстіңгі ернінен-ақ аңғарған. Қаланың қақ ортасында қайдан жүр? Былтыр көрген бұлтын іздеп келді ме деп ойлады. Не қылса да, автобус тосып отырмағаны анық. Бұл жанқалтасына қол салып, бақырларын іріктей бастаған... Кезбе әдепкі тағдырластарындай алақан жайып, опырық ауыздан бірдеңе деп дыбыс шығармақ тұрмақ, мойын да бұрмады. Көнектей күс қолымен бет-ауызды бір бұрап тастап, сөлбірейіп отыра берді. Құдай-ау, үйренісе бастаппыз-ау деп ойлады. Адасқан кезбе. Өзі. Сыртқы дүниеден қуысын, тасадан сыртты көлегейлей алмаған аялдамада бірі тапжылғысы жоқ, екіншісі асыққанмен қайда барарын білмей малтыққан екеу. Сол сәт тыр жалаңаш дүниенің тыртығын санап тұрғандай күй кешті.

Дымқыл асфалттың күсін баурына көшіре жеткен автобус ысылдап аз тұрды. Кісісі аз екен. Түскен ешкім жоқ. Қайта терезеден бұған телміріп емес, болсаңшы деп одырая қалған қалың көз.  Бір жаққа безіп бара жатқан, бір жақтан безіп келе жатқан екі аяқтыға аялдаманың өзі аял бола алмай қалғандай. Іштегі олар ерте кетті ме, сырттағы бұл ере кетті ме, автобус бұны бүйірімен қылғытып алып жөнеп берген.

Есікке қарсы қапталдағы шаршылы әйнектің иегін бойлай орнатқан жұмыр тұтқадан ұстап тұр. Бастабында тырс-тырс тамып, төмен қарай созыла сырғып жатқан тамшылар келер сәт сіркірей төпелеп әкетті. Автобус та қиғаштай төккен жаңбырға қарсы салып, зырлап келеді.

- Жол ақысын... Кондуктор қажып тұр екен. Мұның бетіне де қарамаған күйі,

мұрын астындағы кеберсіген жыртықтан жарты сөйлемнің өзін итеріп шығарған. Сосын берсең беріп, бермесең қоймаймысың деген кісіше не жұмулы, не жаюлы екені белгісіз қол созды. Сол қолымен тиын тастай берген сәт ол да шыбжың етіп алақан ауыстырған... Бұл екеуі де өз қолым еді ғой дегенді көзбен айтып мырс етті.

Өзіне қарсы қарап, автобуспен ауыз жарыстырып отырған екі келіншек жаяу

әңгіменің төркінін адамдардың ындынына апарып бір-ақ қондырды... Екеуін тап қара аспаннан ары өтіп алар саңылау таппай мүттайым болған кірлі қанат семіз періште дерсің. Телефоны дыз-дыз еткен соң қолына алып, экранға үңілген. «Үйдегі». Қалтасына қайта салып қойды. Жағы қарысар емес. Дыз-дыз-дыз-з-з. Дыз-дыз-дыз-з-з. Қабылдау тетігін басып, құлағын тосты:

- М?

-  Сонша не жаздым?! – жыламсырап тұр, - Естіп тұрсың ба, ей?

-  М-м-м.

- Әйелден басқаға әлің келуші ме еді, сенің... Бұл әйелге әлі келетін еркек бар

ма еді дегенді ішінен айтты. Сосын сол қолының саусақтарын тарбитып, алақан сыртына үңілген. Болмашы қалтылдап тұрды. 

-  Неге көз алдымда ғайып болмайсың, а?!

-  Оның да дәмі бар шығар, татып көрерміз...

- Міңгірлеген қу дүлей!

«Үйдегі» тұтқаны қоя салды. Неге екені, оны аяп кетті. Бағанадан дүниенің бар

былығын түгендеп отырған мына екі келіншек те енді басқаша кейіпте ойына тұсау салып, қай нәрсені де сыртымен қабылдамайтын ұрғашы қауымның ішінде жара тұрмайтынын ұққандай...

 

***

Автобустан түсе, тар тротуармен теріс кетіп бара жатқанын өзі де аңғармаған. Әйтеу бір түйсіктің жетегінде. Үстіне сұр сулық ілген, шляпалы ұзын адаммен иық қағысып қалып, ес жиды. Сосын бас бармақ пен сұқ саусақты кере сілкіп, тамшыға малтыққан кірпіктерін аршып, бұрылып қараған. Анау мойын бұрып, көз құйрығымен ғана шалды. Еркек атаулыда албаты кездесе бермейтін әдемі қыр мұрынды ашаң жүзі шын шебердің қымбат қалыбынан шыққандай. Ол жылы жымиды. Бұл шарқаялығына басып сазара қалды. Артынша екеуі де бас изесіп, кешірім ишаратын білдіріскен.

Өз жөнімен алға еміне беріп көрді, аптеканың алдында тұр екен.

Сылдыр етіп есік ашылғанда суырма ақтарып тұрған сатушы қыз жалт қарап, ернін жыбырлатты. Бұл қас қаққан. Қолындағы дәріге үңіле түсіп, журналға бірдеңені түртіп алған сатушы қыз суырманы бөксесімен итере салып бері жүрді.

- Сізге не керек?

Бұл әлгіндегіше сол қолының саусақтарын тарбитып, алақан сыртына үңілді.

Сатушы қыз да тесіле қалыпты:

- Тыңдап тұрмын.

- Маған... дәке беріңізші.

- Дәке? Қанша орам?

- Екеу. Жоқ, үшеу. Үш орам...

Оңайда тұрған керегін алдына қойды.

- Тағы не?

- Болды...

***

            ...Сол дүлейден көңіл қалып, сүлдерін сүретіп сыртқа шыққан. Жауын құйып тұр екен. Кең дүниеден қолшатырдың тар көлеңкесіндей де пана таппағаны жанына батты. Аялдамадан аялдамаға дейінгі ұшқыр уақыт мұны да басы ауған жаққа жетелей жөнелердей... жолға, жолдың апшысын қуырған ағыл-тегіл көлікке аптыға қарап тұрып, өзі де егілді-ай келіп. Солқылдап ұзақ жылады. Сосын... солығын басты. Ауыр-ауыр күрсінді. Сосын... қолшатырдың сабын қарына қысқан күйі жұқа күз пәлтесінің өңірін қаусырынып, өң-түссіз тесірейе қалған.

- Ұзақ тосасыз-ау.

Селк ете түсті. Жалт қараған. Сұр сулығы бар шляпалы сұлу еркек жымиып тұр

екен. Ылғи аласа адамдардың қасында жүдеген бұған мынау құдды зәу биіктен үңілгендей.

- А? Не дейсіз?

- Ұзақ тосасыз-ау. Жауын жұмаға дейін толастамайды...

Самайы солқылдап кетті. Жауын басылған сәтте ағылған көліктің алдынан

жүгіріп шығамын деп түйілген. Түйілген де... тілін тістеген: ...жолға жүгіріп шығады. Анау тежегішті басып үлгергенше болмай ажал ырғып келіп жамбастан ұрады. Әуелі бір бүйіріне қарай бүктетіліп барып алдыңғы терезені самайымен соғады. Келер сәт аяғымен аспанға ұшқан қалпы айналып көліктің артқы жағына төңкеріліп түседі. Бітті. Көзі аларып, қорқырай тыпырлап жатқан өзін елестетіп шошып кетті. Жол жиегіне тым жақын тұрғанын сонда ғана аңғарып, шегіншектей берді. Жан тәтті екен. Қиналып тұрған. Енді міне... жеңілейіп сала берді.

-   Сіз кімсіз?

-   Періште емеспін.

-   Мен де, - деді көзін тайдырып әкетіп. Сосын жүзіне жылу жүгірді, – Тоңдым. Кофе ішейікші.

-  Сол дұрыс. 

Бөтен еркек енді... бөтен еместей...

 

***

            Үй иен екен. Тіршілігі ауада салбырап қана тұрғандай. Астамшылық кейде бостандықтың бетпердесімен келеді екен. Ондайда отағасылық жауапкершілік пен кісілік атаулы етекте қалатын кісәпір дүниенің аспаны қол созымда ғана тұрады. Қолтығыңды жел кеулеп, тұман ішінде сайтанның сағымына еріп қалықтайсың да жүресің...

Бұл да осы үйге келе салатын. Кете салатын. Көңілі шапса көз үшін жымиған болады. Қаласа өзін ие көріп шегелене қалып, не қалған дүние боқтан бетер деп тайып отыратын-ды. Содан не шықты дейсің? Бұл жоқта да төрт көздері түгел еді. Бұл барда да төрт қабырға иесіз қаңырап тұратын.

Ия, үй иен екен. Бірақ тап қай кезден бері иен қалғанын есіне түсіре алмай мелшиіп ұзақ отырды... 

 

***

Сырты – сүлдерін сүйретіп келеді, іштей желпініп оралды.

Мұңайды. Сағаттың шықылана шаң қаптырарлық сәтте-ақ мынау қырт өмірден өзін сыртқа лақтырғысы келген. Тәп-тәтті шығар. Тек мен үшін емес деп ойлаған. Ащысына мелдектеп болдым деген.

Мұң шақты. Мезеттік шырай шарпыған мың күндік азап мұздай еріп жоғалғандай.

Енді міне... өкпе дегені өкпе еместей – өзімшілдіктің қамауынан босап шыққандай. Азап дегені азап емес, айқайдың алдына түсіп алып ыдырай қашқан жаңғырық қана екен.

Тап күл төге шығып, ет пісірімде оралғандай есіктен имене кіріп, үнсіз көз тастаған. Ол да қадала қалды. Бірақ улы жанарымен қарып түскен жоқ, әдетінше. Ішіп-жеп барады... Сол қолын білезікке дейін таңып алған екен. Онысын не артына жасырарын, не алдына ұстарын білмей қипақтап тұр. Ә дегенде аянышты көрінді де, артынша-ақ күлкі қысып булыға қалсын. Не де болса үнсіздіктің бетіне діріл жүгірген жоқ. Селт етуге екеуі де құлықсыз еді. Болмағанда тыныштықты ортақтаса алғандарына шүкір дескендей. Бұл ас үйге өтті...  

 

***

Әйелдің жүзінде жылу ойнап жүр. Бұрын бедеулігін пұлдап бебеу қағатын-ды. Енді ақыл-ессіз бәйек болатынды шығарды... Мұндай өнеріне бұрын-соңды көз сатып көрмепті де. Әуелі алқам-салқам шәлжиып, арсы-күрсі арпалысқа өзі де түсті. Жалықтырмайды. Шаршатады екен.

Содан соң таң қалды. Ендігі суынып барып, семіп тынса керек еді. Егер араларында сезім деген нәрсенің бары рас болса. Жоқ, керісінше мұның қу жанынан қунап тұрарлық қанағат таппай аласұратынды шығарды. Ондайда күн мен түннің арасына саңылау жүгіре алмай қалар еді...

Таңданыс қызғанышқа ұласқан. Бұрын келдім-кеттімі есепке алынбайтын басы, енді қия басудан қалды. Көзі тайса-ақ өзінен өткен көңілін демеушілер сап ете түсіп, із тастап кететіндей. Күдік сайтаннан да күшті екен. Әлде ойды буып алған соның өзі ме?..   

 

***

Іссапардан қай күні келетінін әдейі айтқан жоқ. Тоқ шабаданды жерден жұлып алып, тоң-торыс шығып жүре берді. Ішке бүккен саусақтың ымқыруындағы ішмерез жоспардың өзін солай ыңғайлады ғой. Араға тәулік те киліге алған жоқ. Қораз қалғып-мүлгіп отырған шақта есікті өз кілтімен ашып кіріп, еппен жатын бөлмеге барған. Көрпе ашамайдың арасынан бері жиырыла созылып салбырап қалыпты. Бөксесін бауырына жия сұлатып, белі бұратылып шалқасынан жатыр екен. Терезеден қиғаш құйылған боз сәуле аппақ төсін армансыз аймалап жатты. Бұл делдиіп аз тұрды да, алқын-жұлқын ас үйге өтті. Қызғанышы әбден қабындап алыпты. Ойланып жатпады. Қарулы сығым күтіп ұзақ сарылған айғыр қара пышақ қолға өзі келіп ілінгендей болды. Сірнеден басқаға шаппайтын неме қылпып-ақ тұр екен. Ұшын білезігінен шалқайта жүгіртті де, алақанға қарай сілке іреп, қолының орауын дар-дар айырған. Лезде қан жүгіріп, жан кіргендей болды. Кілт бұрылып, екі-ақ аттап жатын бөлмеге жетіп барды. Осы сәт оқыс тықырдан ояна келген ол да тізерлей жылжып, төсектің ернеуіне келіп қалған екен. Әуелі қос самайға төгілген шашын желкеге қарай желпіп тастап, сосын мұның мойнына асылғысы келгендей қос қолын созып еміне берген. Бұл шалт сілкіп кеңірдектен бір-ақ орды. Шапшыған жып-жылы қан кірпігіне тигенде дір ете түсіп, уһ деп көзін ашқан. Әйелі төніп тұр екен:

-  Піссімлдә деші...

-  Үһ жаным-ай!

Басын көтеріп, кіржиіп әйеліне қарады. Көзінің астына біреу көң бүркіп

жібергендей секпілдене бастапты. Қалай байқамаған. Енесінен қалған ескі шәлімен белін орап алған ақ келіншекті жаңа көргендей ұзақ үңілген. Әйел қымсына қалды.

-  Көп ұйықтадым ба?

-  Бір сағаттай.    

-  Бастығырылып қаппын.

-  Қанша айтам саған, екі кештің арасында бүркеніп жата қалғаныңды қойшы деп...

Жиі шаршап оянатын. Ал тап осылай соңғы рет қашан төсектен қуанып тұрғаны есінде жоқ.

НҰРЛАН ҚАБДАЙ

2014 жыл.                  

0 пікір