Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 5435 0 пікір 11 Маусым, 2014 сағат 12:33

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МІНДЕТТЕЛЕДІ

 

Rtit Үкімет отырысында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы қаралды. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мынадай мәліметтер келтірді: Қазақстан халқының 62-63 пайызы қазақ тілін, 92 пайызы - орыс және 16,6 пайызы ағылшын тілін меңгерген. Вице Премьер ханым Елбасының үш тұғырлы тілді дамыту тапсырмасын алдағы уақытта баса назарға алу керек деп санайды.

Ал, Брифингке қатысқан ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болса  бағдарлама аясында жасалған жұмыстардың нақты көрсеткіштеріне тоқталып, ҚАЗТЕСТ жүйесін жетілдіру бойынша мемлекеттік тілді оқытуға арналған 5 деңгейден тұратын оқу-әдістемелік кешен әзірленгенін айтты. Бұл еліміздегі 351 тілді дамыту орталықтары арқылы оқытылмақ. Сондай-ақ Министр: «кезекте мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін меңгеруді міндеттеген дұрыс. Мұны 2015 жылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына сатылы түрде ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу арқылы шешеміз", - деп баяндады.

Аталған мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен қабылданған болатын. Айта кететін болсақ бұл тілдерді дамытуға арналған 3-бағдарлама.  Тілдерді дамыту бағдарламасының алғашқы кезеңі 1997 жылғы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы қабылдануына орай 1998-2000 жылдарға алғашқы бағдарлама жасақталды.  2001 - 2010 жылдары Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған келесі мемлекеттік бағдарламасы. Үшінші он жылдық тілдерді дамыту бағдарламасының алғашқы кезеңі былтыр – 2013 жылы аяқталды. Қазір біз аталған бағдарламаның 2014-2017 жылдарға арналған екінші кезеңіндеміз. Бұл бағдарламаның мақсатына сай Қазақстан 2020 жылы бір тұтас мемлекеттік тілге көшетін болады және елде мемлекеттік тілді білмейтін бірде бір адам болмайды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады», - деген сөзі бар-ды. Жаңа министр Арыстанбек Мұхамедиұлының аузынан шыққан «мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілмен» бағдарламасы шынымен қолға алынар болса, қазақ тіліндегі Қазақстанда ғұмыр кешетін күндеріміз ұзай қоймас.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір