Жексенбі, 22 Қыркүйек 2019
Жаңалықтар 1848 0 пікір 30 Сәуір, 2010 сағат 06:20

Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеевпен өткен интернет-конференцияның қорытындысы

Осы аптада abai.kz ақпараттық порталы Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорына жаңа директор болып тағайындалған Азат Шәуеев мырзамен (суретте) интернет-конференция өткізген болатын.

Төменде 27-30 сәуір аралығында қойылған сұрақтардың жауаптарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Қайырлы күн, құрметті қауым!

Ең алдымен тіл жанашырларымен сұхбаттасуға мүмкіндік жасап отырған www.abai.kz ақпараттық порталының редакциясына интернет-конференцияға шақырғандары үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Екіншіден, қазақ тілі үшін жасалып жатқан бүгінгі қам-қарекеттің рухани-ұлттық үні бар құбылыс екендігіне көңілім толып отыр. Енді нақты сауалдарға көшелік.

Осы аптада abai.kz ақпараттық порталы Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорына жаңа директор болып тағайындалған Азат Шәуеев мырзамен (суретте) интернет-конференция өткізген болатын.

Төменде 27-30 сәуір аралығында қойылған сұрақтардың жауаптарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Қайырлы күн, құрметті қауым!

Ең алдымен тіл жанашырларымен сұхбаттасуға мүмкіндік жасап отырған www.abai.kz ақпараттық порталының редакциясына интернет-конференцияға шақырғандары үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Екіншіден, қазақ тілі үшін жасалып жатқан бүгінгі қам-қарекеттің рухани-ұлттық үні бар құбылыс екендігіне көңілім толып отыр. Енді нақты сауалдарға көшелік.

1. Азат мырза, www.abai.kz ақпараттық порталының инетернет-конференциясына хош келіпсіз! Бұл порталда бетің бар жүзің бар демей "қолапайсыз" сұрақтар қойыла береді. Қорықпайсыз ба? Мысалы, Берік Әбдіғали мырза қорықпайтын. Қорықпайтын себебі ол кісі әбден сөйлеп үйреніп қалған. Сол Берік мырза бір сұхбатында "қазақ тілінде қате жарнамалар мен қате жазуларды көрсеңіздер суретке түсіріп алыңыздар, қазақ тілді БАҚ-қа жариялаймыз" деген болатын. Бірақ солай жасағанын көзіміз шалған жоқ. Міне, сіз де сұхбат беремін деп құлшынып отыр екенсіз. Сұхбат беріп, жұртқа танылып болған сң уәдені ауызша үйіп төгіп бір жаққа өсіп кетпейсіз бе? Сонда Қордың жұмысы не болады? Қордың жұмысы қор болып қала бере ме?

Сағымбек Уали

Сауалыңызға рахмет. Қордың 2009 жылы «Айқын» республикалық газетімен бірлесіп «Қоғамдық тіл инспекциясы» фотобайқауын ұйымдастырғаны баршаңызға белгілі жайт. Бұл байқау барысында билбордтарда, жарнамалық плакаттар мен мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың маңдайшаларында жіберілген қателердің фотосуреттерін қабылдап, апта сайын газет бетінде жариялап отырдық. Еліміздің барлық аймақтарынан келіп түскен хаттар тоқсан сайын қорытылып, өрескел қателері бар фотосурет авторлары ақшалай жүлделермен марапатталды: 1-ші орын - 50 мың теңге, 2-ші орын - 30 мың теңге, 3-ші орын - 20 теңге. Жинақталған фотосуреттер тиісті шаралар қолдану үшін «Нұр Отан» ХДП арқылы жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. Биыл да осындай фотобайқауды республикалық газеттермен бірлесе өткізуді жоспарлап отырмыз.

 

2. Шын билігіңіз жетсе, нақ қазақ тілі үшін жұмыс жасағыңыз келсе,
министір мен өкімет билігіндегі барлық қызметкерлерді жылында 3 рет қазақ тілінен сын алу жолдарын қарастыра аласыз ба?
Осындай тақауыр болмаса өзіңді ел мойындамайды. Жібек.

Бұл сұрақ авторының министрлер мен өкімет билігіндегі барлық қызметкерлерден жылына 3 рет қазақ тілінен сынақ алу жолдарын қарастыру жөніндегі ұсынысын батыл ой ретінде қабылдаймыз. Келешекте бұл мәселені Қамқоршылық кеңес құрамындағы халық қалаулыларының назарына ұсынатын боламыз.

 

3. Бір сұрақ: Мемлекеттік тілді дамыту қорының бюджеті қанша және оны қандай нақты жұмыстарға жұмсайсыздар. Қаржы жеткілікті ме?

32. Қордың қазіргі бюджеті қандай? Қандай жобалар қаржыланып жатыр? Қор құрылғалы бері қандай шараларға ұйытқы болды?

Қордың бюджеті мынанша деп нақ айта алмаймын, мұның себебі Қор қызметінің ерекшелігімен байланысты, бізге мемлекеттік бюджеттен жоспарлы түрде қаржы бөлінбейді. Былтыр Қорға құрылтайшылар тарапынан бөлінген қаражат (жұмысымыздың алғашқы жылы Қордың негізгі құрылтайшысы ҚР Тұңғыш Президенті Қорынан қаржы бөлген болатын) пен демеушілерден түсетін қаржыны қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсетуге жұмсадық. Бүгінгі күні де Қорға еліміздің түкпір-түкпірінен осындай 130-дан астам жоба келіп түсіп отыр. Қор жанындағы сарапшылар кеңесі олардың озық та тиімді деп танылғандарын таңдап, арнайы конкурстық комиссияға ұсынады. Конкурстық комиссия шешімімен іріктелген жобалар қаржыландырылады. Қордың бірінші жылы атқарған жұмысымен біздің интернет-сайттан толық танысуға болады (www.qazaq-found.kz).

 

4. Сәлеметсіз бе. Іс-қағаздары қашан, қай жылы толық мемлекеттік тілге көшеді? Толық мемлекеттік тілде жүрсін деп өкім беруге Сіздің құқыңыз бар ма?

 

Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдан бастап еліміздегі барлық мемлекеттік органдарында іс-қағаздарын жүргізу қазақ тіліне көшірілді. Соңғы уақыттағы байқағаным, қай мемлекеттік органға қандай құжат апарсаңыз да қазақ тіліндегі ңұсқасынсыз қабылдамайды. Оған өзім талай рет көз жеткізіп, жоспарлы істің нәтижелі аяқталғанына куә болдым. Бұл істің алдағы уақытта жалғасын тауып, тілдің қолданыс аясының кеңи түсетініне сенімдімін.

 

9. Азеке қызметіңіз құтты болсын. Қордың бұрынғы бастығы Берік Әбдіғалиев кезінде Сіздердің ұйымдарыңыздың аты жалпақ жұртқа белгілі болды. Осындай қор бар екен деген сияқты. Бірақ ол жарнама жақсы жағынан жеткен жоқ. Әбдіғалиевтің "Алаш айнасына" берген сұхбаты өзінің жан-жақта яғни қазіргі келбетін көрсетіп кетті. Осыдан келіп сізге қояр сұрағым, сіз қаншалықты қордың имиджін жақсартып, жұмысын жандандырасыз? Әлгі Берік ағамыз біз жай қоғамдық ұйымбыз деп айтумен болған еді. Сөзінің мағынасы қордың қолынан келетіні қоғамдық пікір тудырумен ғана шектеледі дегенге саяды. Енді сіз нендей жоспармен ана тіліміздің жағдайын жақсартуға күш саласыз. Алматыдан Еркінбек

10. Мемлекеттік тіл - мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан бір тілдің төңірегіне топтасу маңызды.Тілі ала-құла ел түрлі арандатуға тез ұрынады. Бір тілде сөйлемеген елдің ауызбіршілігі болмайды. Мұндай мемлекеттегі ұлтаралық тұрақтылық та тез көзалдау. Өйткені Тәуелсіздік алғалы мемлекет "қазақ мәселесімен" ешқашан айналысқан жоқ, "тіл проблемасы" халықтың көнбістігінің арқасында ғана әзірге "аттанға" айналмай отыр. Бірақ, бұлай ұзақ бола беруі мүмкін емес, қазақ қазақ тілінде сөйлеуді түптің түбінде ашық талап етеді. Сондықтан біздің ертең бармағымызды тістеп қалмауымыз үшін сөзден іске көшетін мезгіл жетті. Осы бағытта біздің Президентіміздің қоры пәрменді шаралар атқарады деп сенеміз. Сіздің алдағы жоспарларыңыз қандай?

11. Азат мырза! Қазақ тілін өз қалпына келтіріп, Мәтебесін асқақтату үшін алдымен жоғарғы биліктегі "семіз мырзалар" Қазақша сөйлеуі керек. Онсыз басқасы құр далбаса.
Сол ағалардың талай жиын-тойларда, кездесулерде, тіпті, ұлт тағдырына қатысты ұлы дүбірлі жиналыстарда Мәскеу тілімен сайрап отырғанын үнемі көреміз. Ең алдымен соған тосқауыл қойылуы керек. Оған сіздің қордың шамасы, яғни, құзіреттік қуаты жете ме?
Екінші сауал: "Ел боламын десең бесігіңді түзе" деген аталы сөз бар. Еліміздегі мектептер мен университетерде оқитын жастардың 50 пайызға жуығы өз Ана тілінен махрұм қалған. Сол бостықты толтыруға қандай жұмыстар жасау ойларыңыз бар?

Астанадан Ұларбек Байтайлақ.

 

Иә, Бекең өз ойын Қор жұмысының негізгі бағыт-бағдарына сай негіздеп отыр. Олай дейтінім, біз шынында да үкіметтік емес ұйымбыз. Біз қызметімізді Жарғымызда белгіленген мақсат-міндеттерге сай жүргіземіз. Қор қоғамдық пікір туғызумен қатар, тың да ұтқыр қоғамдық идеяларды көтеріп, оларды жүзеге асыруға мұрындық болмақ.

Сөзден іске көшетін мезгіл жетті деген пікірлеріңізге толық қосыламын. Алайда, қазақ тілін өркендетуге, оның мәртебесін көтеруге тек билік басындағылар жауапты, немесе бұл құзыретті мекемелердің ғана міндеті деу жаңсақ пікір деп ойлаймын. Меніңше, жүрегі қазақпын деп соғатын әрбір азамат қазақ тілін білмейтін өз әріптесін, жиі араласып тұратын жолдасын, туысын, көршісін, ал студент, оқушы жастар курстасын, кластасын, досын, құрбысын үйретсе, қазақ тілін білмейтін азаматтардың басым бөлігі бір-екі жылда ауызекі сөйлесуге жарап, кейіннен қазақша газет оқып, теледидар көруге де ынталанар еді деп ойлаймын.

Мысалға, мен бұрын әріптесім, қазір жақын досыма айналған өзге ұлт өкілімен бірнеше жыл қатарынан тек қазақша сөйлесуге тырысамын. Қазір ол қазақша әңгімелесуге де жарап қалды. Ал жұбайым қызметтес әріптесін, бірінші курста оқитын студент қызым өзімен бірге оқитын құрбысын (өзге ұлт өкілі) қазақшаға үйретіп жүр... Таныстарымның арасында мұндай мысалдар көп кездеседі. Сондықтан да М. Әуезов айтқандай: «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек...».

Осы бағытта «Жас Отанмен» бірлесіп Астананың бір жоғарғы оқу орнында тәжірибе ретінде бір шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Жоба мақсаты - студент жастарды қазақ тілін үйренуге ынталандыру, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал ету (жат қылықтардан аулақтату) және оларға «еңбегінің зейнеті» ретінде материалдық қолдау көрсету. Жобаға қатысу үшін қазақ тілді студент өзімен бірге қазақ тілін үйренуге ықылас білдірген жастарды әкеледі. Олар тестілеу орталығының арнайы бағдарламасы бойынша тест тапсырады, тілді білу деңгейі анықталады. Тілді үйретуші мен үйренушіге екі ай уақыт беріледі. Белгіленген мерзім біткен соң тіл үйренуші студент тест сынағын қайта тапсырады. Арнайы жасақталған комиссия қорытындысы бойынша оның тілді білу деңгейі салыстырылады. Қорытындысы оң болған жағдайда үйретуші студентке әр адам басына үйреткені үшін он мың теңгеден ақшалай жүлде беріліп, тілді үйренген талаптанушыға бағалы сыйлықтар тапсырылады.

Біз биылғы жобаларды қаржыландыру кезінде қазіргі заман талабына сай келетін жаңаша жобаларға баса назар аудармақпыз. Олардың қатарына: ұялы телефонға арналған компьютерлік бағдарламаларды, бүлдіршіндер мен мектеп жасындағы балаларға арналған әр-алуан радио-теле ойындар мен бағдарламаларды, қазақ тілін үйретуші мультипликациялық фильмдерді, интернет жүйесіне шығарылатын ұтымды жобалар мен жарнамаларды, тіл үйретудің жаңаша, ерекше оқу әдістемелері мен балаларға арналған көркем әдебиеттер шығару т.с.с. жатқызуға болады.

 

12. Айналайын Азат, атың жақсы екен. Менің өтінішім - министрлер мен әкімдердің, депутаттар мен ұлттық компаниялар президенттерінің балалары мен немерелері қай тілде білім алып жатқанын анықтап, баспасөзде жарияласаңыздар екен. Өйткені менің ойымша, ҚАЗАҚ тілінің келешегі осыған байланысты. Балалары жат тілде тәрбиеленетін биліктің АНА тілімізді төрге шығаратынына Сіз сенесіз бе? Менің білерім Олар балалары келешекте өздері сияқты РАХАТ өмір сүруі үшін ҚАЗАҚ тілін неғұрлым тезірек жоюға бар қабілет-қарымын, мұқым мүмкіндігін салып әрекеттенеді. Осы күрес жолында (қазақ тілін мүлде жою) балаларының келешегі үшін өздерін құрбандыққа шалса да таң қалудың реті жоқ. Өйткені олар өз балаларын халықтан жақсы көретіні хақ. Осы ойға пікіріңізді ашық білдіре алсаңыз, қазақтың жанашыры деп танырмыз. Астанадан Ақсақал

Сіздің ойыңыз да қаперімізден тыс қалмайды. Мүмкіндік болып жатса, неге жүзеге асырмасқа?!

 

13. Қазақ тілін бүгінгі ақпараттық технолгия мүмкіндігіне сәйкесттендіріп дамытудың менде нақты жобалары бар. Мені қабылдай аласыз ба? Сізге қалай жолығуға болады?

Алматыдан Б. Жәнтікей

21. Азат мырза! Атыңызға сай затыңыз да азат болады деп ойлаймын. Интернет еліміздегі қазақ тілін жолға қоюдың мықты құралының бірі.
Менің сізге бірнеше ұсынысым бар, егер қабылдасаңыз:
1) Интернетте тәулік бойына қазақша хабар тарататын радио немесе теле желі ашуға болмайды ма? Бұған кедергі жоқ шығар деп ойлаймын.
2) Әлі қазақша сөйлей алмаған, мысалы денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемелердің сайттарын қазақша сайратар күш табылады ма?
3) Жерсеріктік (спутниктік) теле желі арқылы тек қазақ тілінде хабар тарату жолдарын ескересіз бе, ол қашан жүзеге асады?

36. Ассалаумағалейкум. Семей қаласынан журналист Роллан Кемербай. Сіз жетекшілік етіп отырған қор мемлекеттің дамуына зор үлесін қосуда, қоса береді деп толық сеніммен айтуға болады. Қазақ әдебиеті мен руханиятының орталығы алаш қаласы Семейден "Семей-апта" деген интернет газет ашу өткен жылдан бері жоспарда бар еді. Бірақ қаржылық жағынан мүмкіндік болмай отыр. Соған қаржылық жағынан қолдау керсетеңіз.Себебі осы өңірдегі жаңалықтар мен елдегі оқиғаларға мақала жазып қоғамда елге жерге дген жанашырлықты қалыптастыру жүрген, мемлекеттік тіл туралы мақала жазып жүрген жігерлі журналистер қауым жетерлік.

Семей қаласынан Роллан Кемербай. Алдын ала рахмет.

 

Ұтымды ойларыңыз, жүйелі идеяларыңыз болса сіздермен кездесуге әзірмін. Астанадағы байланыс телефонымыз: 74-29-09.

 

19. Құрметті Азат мырза! Берік Әбдіғали мырза саясаттан хабары бар, кейбір жиындарда өз ойын еркін айта білетін және оны жұртшылыққа жеткізе білетін қабілетімен танылып еді. Оны жаңа заман саясаткерлерінің бірі деген де мадақ әңгіме жүрген. Кейбір тіл білмейтін шенеуніктерді сынағаны да бар. Сауал: Берікті аудан әкімі қылып, ауыл жаққа жіберу үнін өшіру ме, әлде оны биліктің сатысында өсіру ме? Ербақыт. Қызылжар

 

Менің білуімше, Бекеңді облыс басшылығы шақырған және өзі де қызмет барысында жинақтаған тәжірибесін туған жеріне жұмсауға қарсы болмаған...

 

24. Азат мырза, Сіз саяси мазмұны күрделі, атқаратын қызметі де ауқымды Қорды басқарып отырсыз. Оны жақсы түсінетін шығарсыз? Бірақ маған қазақы жігіттер істі үйлестіре алмайтын сияқты көрінеді де тұрады. Егер Қазақстандағы тілдерді дамытудың Президенттік Қоры деген бір Қор ашылсыншы әлкедей жаланып нешетүрлі пысықтар шаруаны үйіріп әкетер еді. Ақшаны да табар еді. Баспасөзді де байлап алар еді. Сіз қызметке жаңа кірісіп жатырсыз. Сондықтан менің бұл сөздерімді тікелей сын ретінде қабылдамауыңызға болады. Сізден сұрамағым Елбасы үміт артып ұйымдастырып берген Қордың жұмысынан қай уақытта нақты нәтиже көрсете аласыз?

Алғидың Жұбаниязы

 

Жаңа айтып өткенімдей, Қордың құрылғанына екінші жыл ғана болды, әрі Қор өз қызметінде белгілі бір мансап-атаққа жетуді мақсат тұтқан емес. Біздің басты мақсатымыз - қазақ тілінің дамуына бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсету, мемлекеттік сана мен отансүйгіш сезімді нығайту, қазақ елінің рухани-мәдени жетістіктерін насихаттауға ықпал ету.

 

25. Берік Әбдіғалидың орнына тағайындалған екенсіз. Беріктен не үйрендіңіз? Ол қандай өнегелі іс бастап кетті? Осыған жауап береңізші.

Айқын

 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дегендей, Бекең айтар ойы анық, берік ұстанымы бар азамат. Ол Қорда қызмет атқара жүріп өзін білікті басшы ретінде, қайраткер ретінде де көрсете білді деп ойлаймын. Қазақ тілінің интернет желісіндегі үлес-салмағының артуына, қазақ тілді екі сайттың ашылуына, ал үш сайттың жұмыстарын одан әрі жалғастыруына ұйытқы болды. Қор жанынан қазақ ұлтының жан-жақты дамуына сараптама жасайтын «Қазақ альманағы» журналы жарық көрді. Қазір бұл басылым тұрақты оқырмандарын тапты деп санаймын. Бекеңнің одан арғы қызметіне табыс тілейміз.

 

27. Азат мырза, қызметіңіз құтты болсын! Ісіңізге сәттілік тілеймін. Бізде тілдерді дамыту комитеті бар ғой. Мемлекеттік тілді дамыту қорымен екеуінің қызметі қалай үйлестіріледі. Қазақ тілі қоғамы да бар. Сіздер жабылып жүріп қазақ тілінің сүйкімін әбден кетіріп алдыңыздар. Сырт қарап тұрған адамға қазақ тіліне қыруар қаржы бөлінеді, қазақ тілі болса ішек құрты бар көтерем малдай бір оңалмай қойды. Ал шындығында олай емес қой. Қазақ тіліне бөлінген қаржының тең жарымы орыс тіліне кетеді ғой. Ол не бәле қазақ тілінен қосарланып қалмайтын? Мектепте қазақ тілі сағаты көбейсе орыс тіліне де қосылады. ҰБТ-да қазақ тілі қосылса,орыс тілі де қосылады. Сонан соң қазақ тілін дамытамыз деген қаржы тілдерді дамыту бөліміндегі, мемлекеттік тілді дамыту қорындағы қыруар шенеунікке кетіп жатыр ғой. Менің басты ұсынысым осы аталған бөлімдерді жауып тастау керек. Сіздер қазақ тілінің үстінен күн көріп, тілімізді тұралатпай, қадір-қасиетін кетірмей басқа бір жылы орында нан тауып жеңіздерші. Қатты өтініп сұраймын. Қазақ тіліне деп қаржы бөлмей-ақ қойыңыздар. Бәрі бір ол қаржы мақсатқа жетпейді. Біз құқықтық мемлекет емеспіз бе?! Заң орындары тіл туралы заңның орындалуын қадағаласын. Ең бастысы қазақ тілін білмейтін шенеуніктерді жұмыстан шығару керек. Бізге еден сыпырушы мен жүргізушінің, сантехник пен токардың қазақ тілін білген-білмегені маңызды емес. Мемлекеттік қызметте отырғандардың мемлекеттік тілді білуі міндет. Өйткені олар халықтың қызметшілері. Қазақ халқын да, тілін де қорлауға жол беруге болмайды. Тілдерді дамыту бөлімі мен мемлекеттік тілді дамыту қорындағы шенеуніктерді асырауға кететін қаржыға әр қалада бір-бір қазақ бала бақшасын салған дұрыс. Сол пайдалы.

 

Рахмет! Сіз өз сұрағыңыздың жауабын беріп те қойыпсыз, сондықтан қысқа қайырайын. Тіл комитеті - үкіметтік құрылым, яғни Мәдениет министрлігіне қарайды және мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Қордың қоғамдық ұйым ретіндегі басты мақсаты - республика аумағында және шетелдерде қазақ тілінің дамуына бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсету, мемлекеттік сана мен отансүйгіш сезімді нығайту, қазақ елінің рухани-мәдени жетістіктерін насихаттауға ықпал ету, қазақ тілін үйренушілерді ынталандыру және қазақ ұлты мен оның тілінің мәртебесін көтеру мақсатында кешенді түрде түрлі іс-шаралар өткізіп тұру, барша қауымға Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін ұғындыру. Біз өзіміздің алға қойған мақсат-міндеттерімізге сай жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанымызға және болашақта да істеріміздің нәтижелі болатынына сенімдімін.

 

28. Азат мырза, соңғы жылдары президентіміздің жолдауы тек қана орыс тілінде болып жүр.Қазақстанның 70-проценттей халқының тілінде болатын жолдауды 2020-жылға дейін күтуіміз керек пе? Жолдау қазақша жасалса, синхрон аудармасын телеэкранда орысша берудің техникалық ешқандай қиындығы жоқ.Бұл туралы не айтасыз?

 

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы екі тілде де жасалады. Бұған түсіністікпен қарау керек. Кейде жалған ұран, әсіре ұлтшылдық жарға жығатынын ұмытпайық. Ал синхронды аударма туралы пікіріңізбен келісемін. Оған да қол жеткіземіз деп ойлаймын. Шыдай білуге де күш керек, асықсаң да зиян, кешіксең де зиян.

 

29. Азеке амансыз ба. Сздің жаңа қызметіңізде жаңа табыстар тілеймін. Өзіңіздің бұрынғы әріптесіңіз ретінде сонымен қатар өзіңізді жұмыс барысында тамаша білікті қызметкер ретінде жақсы білемін. Сондықтан бұл Сіздің қолыңыздан келеді деп сенемін.
Егемендік алғалы бері мемлекеттіік тілді дамыту үшін оның қолданысқа мүмкіндігінше барынша енуі үшін мемлекет тарапынан өзім білмеймін Сіз білсеңіз айта аласыз ба қанша қаржы бөлініп келеді.
Сонымен қатар бұған ешкім мән бере бермейтін екі тілділік уақыт шығыны және материалдық, моральдық шығын оған келісесіз бе.
Ал бұл шығындардың кеткен есесі қанша.

Құрметпен Ерболат.

 

Сенім білдіргеніңізге рахмет! Қазақ тілін дамытуға бөлінген былтырғы қаржы көлемі республика бойынша 5 млрд. теңгені құрады. Оның алдындағы жылы бұл қаржы бірнеше есе аз болатын. Қазақ тілін дамытуға бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді. Тіл комитеті де, басқа да мекемелер шығарып жатқан сөздіктер, әдістемелік оқу құралдары тіл үйренушілердің кәдесіне жарап жатыр. Сонымен қатар қазақ тілін үйренуге талпынған өзге ұлт өкілдерінің саны да артып келеді. Сіз екі тілге кеткен уақыт пен материалдық шығынды көп дейсіз, кейбір елдерде мемлекеттік тіл ретінде 3-4 тіл заңдастырылған. Оларға қай жағынан да шығын аз болмайтыны анық. Сондықтан, менің ойымша, тіл мәселесіне байыппен, байсалдылықпен қараған жөн. Жасыратыны жоқ, бұған қоғам тұтастай дайын болмай тұр ғой. Әуелі қоғамды осыған дайындау қажет. Қоғам қаншалықты талап ете алады, мемлекеттік тілдің жарқын болуына соншалықты әсер етеді.

 

30. Қазақ тілін дамытам деп жүргендер маған ақымақ сияқты көрінеді. Айналайын-ау! қазақтілі әбден дамып, кемеліне келген тіл. Оны дамытпай-ақ, осы қалпында үйренсеңдер бір емес бірнеше мемлекеттің Бас тілі болуға жарайды. Оны тек жарым ес билік қана пайдаланбай отыр. 21 жылда өз мемлекетінің тілін меңгермеген есек милыларды биліктен қуып, бұдан былай Мемлекеттік тілді дамытуға пәлен миллияд қаржы бөлінді деп былжырауды қою керек. Сіз соның үшін күресіңізші. Сондай-ақ, сол қаражат шетелдегі қазақтарды көшіріп әкелуге жұмсалсыншы. Мың адамның өтініші деп біліңіз.

 

Бұл сұраққа жоғарыда жауап бердім деп ойлаймын. Біз құр жылай бергенді қояйық. Көкірек көзі ояу адам анық байқайды, жыл сайын қоғамымызда болсын, билікте жүрген орыс тілді шенеуніктер арасында болсын қазақша әжептәуір тіл сындырып қалған адамдар саны артып келеді. Бұл нені көрсетеді: қоғам да, билік те қазақ тілін білмей істің алға баспайтынын түсінді. Әрине, процесс баяу жүріп жатқанын мойындаймын. Дегенмен тілге деген талпыныс, жақсы үрдіс бар. Рас айтасыз, шетелден келетін қандастардың да қазақ тіліне қосар үлесі зор. Жоғарыда айттым ғой, тілді кез келген басшыдан кез келген іс бойынша талап ету керек. Сырттан келген оралмандар орыс тілін білмегендіктен өзіне қажетті анықтама, өзге құжаттарды қазақ тілінде талап етеді. Осыған байланысты жауапты қызметкер қазақша сөйлеуге, құжатты қазақша толтыруға мәжбүр болады. Сондықтан шетелден келетін қазақтардың бір пайдасы қазақ тіліне тиіп жатыр дер едім. Ал оларды көшіріп алу Көші-қон комитетінің құзырында.

Келесі бір проблема, өз ана тілін шала білетін қандастарымыздың мемлекеттік тілге әлі де толық бет бұрмай келе жатқандығы. Басқаша айтар болсақ, қазақ тілін білетіндердің қазақша сөй­ле­мейтіндігі, қазақ­шаға құлықсыздығы. Тіл саласындағы ең үлкен ке­селдің өзі де осы. Бұны, бір қараған­да­, тек тіл төңірегімен ғана шектеле қой­май­тын, тамыры тереңде жатқан әрі ауқымы жағынан өміріміздің көптеген қы­рын қамтитын күрделі проблема деп таныған жөн. Бұл тығырықтан шығудың жолы қандай?

Қазақстанда 130-дан астам этнос өмір сүреді. Осынша этностың басын біріктіретін күш - қазақ халқы. Ал халықтың күші де, байлығы да тілде. Барлық руха­ни, мәдени құнды­лықтарды сақтап, ұрпақтан ұрпаққа, ХХІ ғасырға аман алып жеткен ұлы құндылық - тіл, қасиетті қазақ тілі.

Сондықтан да қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биіктігіне көтерген жөн. Қазір заман басқа, заң өзге. Біз де соған лайық, заман талабына сай бағыт ұстанға­нымыз жөн.

Бізге ендігі жерде өріссіз күрестен гөрі, таңдау жасау қажет. Таңдау - қазақ тілі. Қазақ тілінің қоғам өмірінің бар саласында қолданысын қамтамасыз ете алатындай жағдайға жеткізу керек.

Біз бұған табиғи жағдай, солай болуы тиіс дүние секілді қа­рау­ы­мыз керек. Өйткені, жер өзіміздікі, ел өзі­міздікі, тіл өзіміздікі. Күреске күш шығын­дағанша, сол күшімізді, қуатымызды өзімізді нығайтуға, мықты болуға жұмылдыру керек. Бүкіл қа­зақты, барша жұртты біріктіретін, тұтасты­ратын жағын ойлауымыз керек. Осыған қазақ ұйытқы болатындай мәселені назарға алайық. Біз басқа мемлекетте отырған диаспора емеспіз ғой. Қазақ тіліне, қазақ ұлтына көңіл бөл, қаржы бөл деп сұрайтын. Әрбір қазақ өз елі­нің қожасы, иесі сезінуі тиіс. Біз әрқайсысымыз осындай психология қалып­тас­тыруымыз керек. Соған күш салуымыз ке­рек. Оны біреу жасап бермейді. Қолы­мыз­дан келгенше өзіміз жасай беруіміз керек. Заманға сай істің көзін табуымыз керек. Жақсы ой болса, ұтымды идеялар, тиімді жобалар болса қар­жы­ның да, басқасының да орны табылып, орайы келеді деп ойлаймын.

 

35. Азат мырза,қазір бізді ауыл қазағы, қала қазағы т.б.қазақтар деп бөліп жатады. Мен өз басым соның қайсысына жататынымды өзім білмеймін. Қазір елуден енді ғана астым , соның жартысын ауылда қазақтардың ортасында, ал келесі жартысын тек орыстардың ортасында тұрып жатырмын.Қазіргі басты мәселенің бірі мемлекеттік тіл мәртебесі болғандықтан менің бір айтарым орыс халқының көбінің басына осы тұрып жатқан елдің тілін білу керек-ау деген мәселе онша толғандыра қоймайтын сияқты.Соны біле тұра неге біз Қазақстан бойынша мемлекеттік тілге толық көшу мерзімін кейін қарай(2020-2030ж)шегере береміз ? Басқаны қайдам, мен өз басым тіл саясаты бойынша президентіміздің жүргізіп жатқан саясатын қолдамаймын.

 

Қазақ тілінің жағдайын тек билікке итере беруге болмайды. Оған әр қазақ, әр қазақстандық атсалысуы керек. Егер сіз осындай қағида ұстансаңыз, жаңа алдында айтып өткенімдей, әлгі көршілеріңізге қазақ тілін үйреткен болар едіңіз. Сол кезде сіздің көршілеріңіз де қазақ тілінің мәселесі тек қазақтардың ғана мәселесі деген пікірден қаша бастаған болар еді. Міне, бар мәселе өзімізге келіп тіреледі. Ауылдан қалаға көшіп келеміз де, орысша сөйлеп кетеміз. Неге ауылдан келіп қаладағы тұрғындарды қазақша сөйлеуге үгіттемейміз? Өзіміз намыстанайық! Әрине, тіл жөніндегі бұл іс бір күнде бітпейді, бұған ұзақ әлеуметтік, психологиялық жұмыстар жүргізу қажет. Еліміздің кейбір телеарналарындағы өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде хабар жүргізуі көпшілікке ой салды. Әрі өзге ұлттардың қазақ тілін білу қажет деген пікірін нықтап берді деп ойлаймын.

Бұл мақсаттағы жұмыстардың басты мұраты - сөз бен істің арасын барынша жақындату. Біз өз тарапымыздан былтырғы жылдың өзінде осы бағытта біршама жұмыстар атқардық. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша еліміздің барлық 16 облысында этномәдени топтар өкілдері мен оларға қазақ тілін оқытатын оқытушыларға арналған «Достық тілінде» - атауымен аймақтық семинар-тренингтер ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз этностық топтардың белсенді мүшелерін тілдік мәселелер мен қазақ тілінің беделін арттыруға жұмылдыру болды. Өзге этнос өкілдері арасында қазақ тіліне деген оң түсінік қалыптасып отырғанының өзі жалғасын табар жақсылық екенін де аңғару керек. Ендігі кезекте осы тіл дамыту бағытындағы талдау-сараптауларымызды, талап-тілектеріміз бен ой-тұжырымдарымызды тек қазақ тілінде жазып, тек қазақ тілінде насихаттаудан гөрі орыс тілді қауымға жеткізуге, олардың арасында кеңінен таратуға күш салуымыз қажет деп ойлаймын. Қор жұмысының алдағы уақыттағы басты бағыттарының бірі де осы болмақ.

 

0 пікір