Жұма, 20 Қыркүйек 2019
Жаңалықтар 3290 0 пікір 30 Маусым, 2013 сағат 21:42

Мағжанның баспасөздегі қолтаңбасы

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні. Бұл күні еліне елеулі қызмет етіп жүрген байланысшылар мен журналистер қауымына құрмет көрсетіледі.
Кезінде елім деп еңіреп өткен Алаш қайраткерлері де газет шығарып, баспасөз арқылы жүрекжарды сөздерін туған халқына арнаған еді. Сондай Алаш ардақтыларының бірі айтулы ақын Мағжан да қолына қалам алып, газет жұмысына белсене араласқан. Оқырман назарына ұсынылып отырған мына ма­қалада сол жө­нінде айтылады.

жылдың сәуір-мамыр айында Омбы қаласында өткен қазақ жастарының тұңғыш съезінің шешіміне орай бүкілқазақтық жастар ұйымының тілі ретінде бұл газеттің алғашқы саны 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрген «Жас азамат» газеті ұлт тәуелсіздігін жақтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті. Газеттің редакторы белгілі қайраткер Қошмұхамбет Кемеңгерұлы, басқарма құрамында С.Сәдуақасұлы, М.Сейітұлы, Г.Досымбекқызы, Ә.Байділдәұлы еді.

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні. Бұл күні еліне елеулі қызмет етіп жүрген байланысшылар мен журналистер қауымына құрмет көрсетіледі.
Кезінде елім деп еңіреп өткен Алаш қайраткерлері де газет шығарып, баспасөз арқылы жүрекжарды сөздерін туған халқына арнаған еді. Сондай Алаш ардақтыларының бірі айтулы ақын Мағжан да қолына қалам алып, газет жұмысына белсене араласқан. Оқырман назарына ұсынылып отырған мына ма­қалада сол жө­нінде айтылады.

жылдың сәуір-мамыр айында Омбы қаласында өткен қазақ жастарының тұңғыш съезінің шешіміне орай бүкілқазақтық жастар ұйымының тілі ретінде бұл газеттің алғашқы саны 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрген «Жас азамат» газеті ұлт тәуелсіздігін жақтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті. Газеттің редакторы белгілі қайраткер Қошмұхамбет Кемеңгерұлы, басқарма құрамында С.Сәдуақасұлы, М.Сейітұлы, Г.Досымбекқызы, Ә.Байділдәұлы еді.

Тұңғыш жастар газетінің алғашқы саны «Жас тілек» деген бағдарлама мақаламен ашылған. Онда былай делінген:
«Өмір тәжірибесінің, білім аз­дығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты. Келешектің қараңғылығы, саяси һауананың күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей, апаты күшті күндердің тууы, дүниеде болуы-болмауы, әлінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлі құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың қан соруы «Жас азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр. Қоғамдасып, қолтықтасып, күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың бас міндеті, үлкен борышы. «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі».
Мағжан Жұмабаев «Жастарға!» деген өлеңінде сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін нұсқап, көрсетіп берген. «Жастар! Алда жүрген, Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өрнек алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді – түн, жақынды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ержетіп, есі кірген елді ойлаңдар!» дейді де өзінің «Жастарға!» деген өлеңін басқан. Бұл өлеңнің кейбір шумақтары мынадай:

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін!..
…«Алаш» – айбынды ұраны,
Қасиетті Құраны.
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!

Тау суындай гүрілдер,
Айбынды Алаш елім дер.
Алтын Арқа жерім дер
Мен жастарға сенемін!..

…Мен сенемін жастарға!
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда!
Мен жастарға сенемін!

Смағұл Сәдуақасов айтып, ел аузында қанатты сөзге айналған: «Мағжан – қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген бағаның түп-тамыры, бәлкім, осы бір отты-жалынды өлеңде жатқан шығар.
Әнұран, шақыру, дабыл сипатында қайта-қайта «Мен жастарға сенемін!» деп келіп отыратын 25 жасар ақынның бұл шумақтары көкірегінде сәл ғана шоғы бар сананы жалындататын арыны күшті көрік еді.
Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін «қазақтар Қазан төңкерісін зор қуанышпен, қуаттап қарсы алып еді» деген қисынсыз аңыз Кеңес заманында белең алып келді. Бұл сөздердің қисынсыз болатыны сол, 1917 жылғы қазанда Ресейдің орталық қалаларында не болып, не қойғанын қалың қазақ білген де жоқ. Ал білгендер, мысалы, Ахмет Байтұрсынов 1919 жылы тамызда Мәскеуде шығатын «Жизнь национальностей» газетіне былай деп ашық жазды:
«Қазақтар ақпан өзгерісін зор қуаныш­пен, ал қазан төңкерісін зор үреймен қарсы алды. Алғашқысының қуанышты болатын себебі: біріншіден, ол халықты патшалық езгі мен зорлықтан құтқарды, екіншіден, елдің ежелден келе жатқан өзін-өзі билеу арманын жүзеге асыруға деген үмітін бекем етті. Екіншісінің (Қазан төңкерісінің) түсініксіз болатынын дәлелдеу оп-оңай: қазақта капитализм де, таптық жіктеліс те, жекеменшік те жоқ. Мұнда ел мүддесі ортақ, игілік ортақ.
Теория жүзіндегі социализм мен коммунизм туралы біз ойланған емеспіз, өйткені тіпті патша өкіметі тұсында орыс текті жұмысшылар мен крестьяндар иеленген азаматтық құқықтар қазақта болған емес».
Қазақ баспасөзі 1917 жылғы қазан төңкерісін және оның нәтижелерін қалай қабылдады дегенге келетін болсақ, бас Қоғам дамуының заңды жемісі ретінде Қазан төңкерісінен кейін пайда болған баспасөз нұсқаларының қатарында Солтүстік Қазақстандағы қазақ оқыр­манына жол тартқан Мағжан бастаған қазақ зиялылары шығарып тұрған «Кедей сөзі» газетін айтуға болады.
1919 жыл 27 тамызда Сібір төңкеріс комитеті – Сибревком құрылды.
Қазақстанның Ақмола және Семей облыстары Сібір ревкомына қарағандықтан, Омбыда татарша «Азад Сібір» газетінің баспаханасында Сибревкомның органы ретінде «Кедей сөзі» газетін шығару туралы шешім қабылданады. Қазақ газетінің бірден қалыптасып кетуі оңай болмаған. Мысалы, ақпан айында бір саны шыққан болса, газеттің екінші саны 1920 жылдың желтоқсанында шыққаны туралы мағлұмат бар.
Ал профессор Б.Кенжебайұлы «Кедей сөзі» газеті жөнінде: «Бұл газет 1920 жылы 22 февральдан Омбы қаласында шығып тұрды» деп газеттің алғашқы саны шыққан күнін дәл көрсетеді.
1920 жылғы 27 қазанда Қазақ Орталық Атқару комитеті төрағасының орынбасары Смағұл Сәдуақасов Орынбордан Омбыға, сондағы Сібір ревкомы жанындағы қазақ өкілдігіне жеделхат жолдады.
«Таяу арада Мәскеуде Ақмола және Семей облыстарын Қазақ республикасына берудің мерзімі мен бұл жұмысты ұйымдастыру тәртібіне байланысты келіссөз жүргізілмек. Сондықтан халықты Қазақ республикасының құрылғаны туралы кеңінен құлақтандыру қажет. Ол үшін газеттер, листовкалар және басқа да жолдар пайдаланылсын. Қазақ Орталық Атқару комитетінің жеделхаттарын, өздеріңіздің ресми үндеулеріңізді көшіріп басыңыздар. Қазақ автономиясының мақсаттары мен міндеттері жайында бірнеше листовка шығарыңыздар. Губерниялардағы, уездердегі, ауылдар мен деревнялардағы күштерді неғұрлым кеңінен пайдаланыңыздар…».
Осы жеделхатты алған Сибревком жанындағы Қазақстан өкілдігі Ресей компартиясы орталық комитетінің Сібір ұйымдастыру бюросынан қазақ тілінде газет шығаруға рұқсат сұрайды. Партия органы қазақтардың бұл тілегіне байланыс­ты мынадай қаулы алған: «… қазіргідей қағаз тапшы жағдайда … өкілдік мұсылман секциясымен бірлесіп, қазақ газетінің («Кедей сөзі» – З.Т.) таралымын екі мың данаға дейін көбейтуіне рұқсат берілсін».
Бұл арада «мұсылман секциясының газеттері» деген ұғым Омбыда, Сибревком мен партия комитетінің мұсылман тобы атынан шығып тұрған татарша «Азад Сібір» және қазақша «Кедей сөзі» екенін ескерту парыз.
Сібір төңкеріс комитеті жанындағы Қазақ өкілдігінде 1921 жылғы 21 ақпан күні С.Сәдуақасовтың жеделхатына байланысты Омбыда қазақ газетін шығару мәселесі арнайы қаралды. Жиналыс хаттамасына қарағанда оған сол кезде Омбыда тұрған аз ғана қазақ зиялылары түгел қатысқан.
Жиналыста өкілдік жанынан 9 адамнан әдеби алқа құрылды. Олар: Айбасов, Серкебаев, Кемеңгеров, Фазылов, Сейітов, Кәкенов, Телжанов, Тоқпанов және Жұмабаев.
Енді «Кедей сөзін» жаңа мақсатқа бейімдеп, жаңа мазмұнмен уақытында шығарып тұру талабы алға тартылды. Жоғарыдағы тізімдегі азаматтардың әрқайсысы-ақ жан-жақты білімді, ел жағдайын жақсы білетін, саясатқа жүйрік, кейбіреуінің баспасөзде істеген тәжірибесі бар азаматтар. Алайда материалдық-техникалық қиындықтар өте көп еді.
«Газетке материал дайындауда бөгет жоқ. Бірақ оларды басып шығару қиын. Омбы губерниялық атқару комитетіне тәуелдіміз. Баспахана соған қарайды. Аптасына бір рет шығып тұруға тиіс болса да газетті айына бір рет қана шығарып келеміз делінген 1921 жылғы 3 ақпандағы бір хатта. – Бұл жөнінде Омбы губерниялық атқару комитетіне жаздық, бірақ ештеңе шықпады. Ресми түрде губаткомның органы бола тұрса да оған «Кедей сөзі» керегі жоқ сияқты.
Демек, «Кедей сөзін» бұдан былай өкілдікке толық беруді сұраймыз. Біз Әйтиев, Телжанов, Тоқжанов, Жұмабаев және Серкебаевтан редакция алқасын құрдық. Осы алқа құрамын бекітуді сұраймыз».
Редакторы Бородихин, алқа мүшелері Әйтиев, Телжанов, Тоқжанов, Жұмабаев болып бекітілсін. Серкебаев жолдас газеттің тұрақты қызметкері болып есептелсін». Осы арада қазақ газетінің «редакторы Бородихин» болуының себебін, ол кезде баспасөз құралдарының қашан да партия бақылауында екенін ескертеміз. Сонда Бородихинді редактор ретінде емес, «бақылаушы», «бағыт беруші» ретінде түсінеміз де қабыл аламыз. «Неге олай?» деп сұрауға мүмкін болмаған. Большевиктер бүкіл билікті өз қолына алған бетте-ақ, В.Лениннің нұсқауымен барлық баспа орындарын, мерзімдік баспасөз органдарын тек қана партияның жеке-дара билігіне бағындырған болатын. Сондықтан ол кездегі газет немесе журнал туралы сөз болғанда партияның баспасөзі екендігін естен шығармауымыз қажет. Оның редакторы міндетті түрде коммунист болу керек. Және 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланғанға дейін дәл осылай болып келді.
Осылайша редакция құрылды. Ертеңінде өкілдік төрағасының орынбасары Сергеев Сибревкомның іс басқармасына хат жазып, «қазақ газетіне қажет болғандықтан радио байланысы арқылы Орталықтан (Мәскеуден) келетін материалдарды жіберіп тұруды» сұрайды.
«Кедей сөзінің» саяси бағыты қандай болды деген сұраққа жауап береді-ау деп, оның бетінде 1920 жылғы 30 наурызда жарияланған «Азық-түлік мәселесі» деген мақаланы қарап көрейік. Мақала авторы Мағжан Жұмабаев бұл материал­да ел ішінде өнім өндіретін, өндірген өнімді ұқсататын, сататын дүкендер құрмайынша халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкін емес деп есептейді. Өйткені ол нарықтық қатынастардың өз заңы болатынын біледі. Демек, бытыраңқы қазақ үшін кооперацияға бірігу тиімді екендігін қарапайым тілмен нақты әрі жүйелі түсіндіреді:
«Үнемі қазақты орысқа тіркестіріп қою болмаса керек. Бұдан бұрын қорлық көрген, азап шеккен халықтардың бәріне теңдік беріп жатқанда, енді біздің қазақтар… мынау деп, анау деп тұрғанын көрінген орыстан сұрай бермейді». Мұны елдікке шақыру деп түсінген жөн. Халық ел боламын десе өзіне-өзі сеніп, шаруасын түзеп, тұрмысын жақсартуға бекем кіріссін, – дейді ол. «Ерікті алдым деп, қазақ оны орынсыз жерге жұмсауы тағы жарамайды. Бұрынғыдай барлық билікті ел ішіндегі бұзақыларға, иықтыларға беріп жібермеске керек. Ел ұйымының басына өзі елді сүйетін адамдарды қою керек» дейді ол.
Ресейде ұлы төңкеріс өтті. Азамат соғысы халықты жаппай ауыртпалыққа ұшыратып кетті. Орыс мемлекетінің, орыс халқының өз жолы, өз мақсат-мұраты бар, сол үшін күресті. Әйтеуір, олардың алдында өздері қалаған үміт шырағы жылтырайды. Ал қазақ ше? «Кедей сөзінің» 1920 жылғы 1 сәуірдегі «Біздің жол» деген мақаладан осы сұраққа жауап іздеп көрелік.
«Осы күнгі болып жатқан үлкен ауыр іс, төңкерістен кейін қазақ халқы, оның еңбекшіл табы тұрмыс жүзінде қандай орын алмақ?» дейді де автор С.Сәдуақасов, «Соны шешу – біздің бірінші мәселеміз. Ол алатын орынға қандай іс істеуіміз керек? Бұны шешу – екінші мәселеміз. Ол істейтін істеріміз жемісті болып шығу үшін нендей әдіс тұтамыз? Бұл – үшінші мәселеміз. Һәм жоғарғы айтылған үш мәселені шешу үшін бізге жалпы бір иман есім керек. Бұл иманымыздың түрін белгілеу – төртінші мәселеміз» деп жас­тарды, өз құрбыларын «қазақтың пайдасын іздеуге, сөзін сөйлеуге» шақырады. Және де жастардың «тұтынған жолы ашық, адамға ыңғайлы болуы қажет» деген пікірін: «Міне, осы жолмен жүргенде баяғыдан бері тепкіде жүрген, қараңғыда қапаста болған қазақ халқын біз адам қатарына қосамыз» деген батыл әрі сенімді оймен өрбітеді.
Сол жылдары Омбыда «Центросибирь» деп аталатын Батыс Сібір кооперативтер бірлестігі құрылып, оған көбінесе орыс ұлтының адамдары, орыс шаруалары ұйымдасып, тұрмысын түзету қамына кіріскен болатын. Осы ұйымға өзінің қазағын шақырған М.Жұмабаев «Кедей сөзінің» 1920 жылғы 5, 11, 22 сәуірдегі үш санына «Жұмыскер қара халықтың ұйым дүкендерінің Ережесін» қазақшалап, көпшілікке түсінікті тілде баян­дап жариялады. Кооперация жүйесінің тиімділігін қолға ұстатқандай тәтпіштеп, оның қазақтық салт-дәстүрлерге қайшы келмейтінін, демек, кооперациядан үркудің қажеті жоқтығын түсіндірді. Әрине, ұлттық ерекшеліктерді ескеру де қажет, «мұжық пен қазақ арасында ұйым дүкендерін ашу бірдей емес, екі басқа нәрсе» деп ескертті.
Уақытына қарасақ, газеттің Сибревком жанынан шығып жатқан кезінде, Қазақ автономиялы республикасын құру туралы шешім шыққан болатын. Осы оқиғаны тарихи жетістік деп санаған автор: «Енді қазақ өз тізгінін, …өз билігін өз қолына алды» деп отандастарын мемлекет құрылысына саналы түрде атсалысуға шақырады.
Бұл газеттің саяси сауат ашуға үлкен көмегі болғанын көп жылдардан кейін біз де байқап отырмыз. Мысалы, «Кедей сөзінің» 1920 жылғы 7 қарашадағы «Октябрь төңкерісі һәм қазақ еңбекшілері» атты мақалаға тоқталып көрейік. Иә, Ресейдің бір қиыр шетіндегі қазақтан «Төңкеріс деген не?» деп сұрап көріңіз. Газет орыс мемлекетіндегі наразылық толқуларының себебін, күрестің қалай басталғанын, төңкеріске ұласқанын байып­пен түсіндіреді. Тап деген не, олар неге тартысады, жұмысшы мен капиталшы, мұжық пен алпауыт нені бөлісе алмайды? Осылардың сыртында қазақ жұртының жағдайы қалай болмақ? деген көп сауалдарға мақала авторы С.Сәдуақасовтың берген жауабы мынау: «Біз қазақ тұрмысын алсақ, жоғарыда айтылған екі тапқа қазақты бөлерлік еш себеп жоқ. Қазақ тұрмысын жаппай бір түрлі құлданушы да, құлдықта жасаушы да тап жоқ… Қазақты шет халықтар құлданбаса, өз ішінен құлданушылар шыққан жоқ. …Олай болса, қазақ халқының бәрі еңбекшіл».
Газет қазақ халқы үшін қазан төңкерісінің үлгісін орысқа тон пішкендей етіп ұсынуға болмайтынын айтады. Өйткені бұл қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ, «төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да теңдікке қол жетпеген. …Отаршылдық жарасы әлі жазылмаған». Ендеше оны тап-тапқа бөліп, атыстырып-шабыстыру обал, көпе-көрнеу қиянат. Пуб­лицист мұндай әлеуметтік төңкерісті жер сілкінісі сияқты табиғат апатына, зілзалаға теңейді де өз ойын айқын түсіндіру үшін 1909-1910 жылдары Алматының қаласын қиратқан зілзаланы мысалға келтіреді. «Жерде зілзала болса, жердің асты үстіне келіп, үстіндегі ауыл, шаһар, тау-тас – бәрін де бөріктей ұшырады. Үстіндегі нәрселердің бәрі ойран-ботқа болады».
1920 жылғы желтоқсандағы санында басылған «Теңдік» деген басмақалада: «Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жадырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік жетеді. Құл емес, ұл боламыз» деген тәтті үміт, асыл арманға толы жолдар газет шығарушылардың болашақтан не күткенін анық көрсетсе керек.
Бұл үміттің ақталатын-ақталмайтыны қазақ қаламгерлерін толғантты. Оған Мағжан Жұмабаевтың «Кедей сөзіндегі» «Автономия кімдікі?» деген мақаласы мысал бола алады.
Автономия – қазақ зиялыларының түсінігінде тәуелсіздікке қарай алға басқан маңызды қадам еді. 1917-1918 жылдары Алаш автономиясы жарияланды, Түркістан автономиясы құрылды. Бірақ олардың ғұмыры ұзақ болмады, ақ гвардияшыл казак генералдары Колчагы бар, большевигі бар – қазақтың есесін бермеді, өз алдына мемлекеттігін құрғызбады. Сөйтіп жүргенде, Кеңес өкіметі 1920 жылы 26 тамызда Қазақ автономиялы республикасын құру туралы шешім қабылдады. Қазақтар бұл шешімді большевиктердің «ұлттардың өзін-өзі билеуіне» берген мүмкіндігі деп қабылдады. Іс жүзінде автономияның иесі түсініксіздеу болса да Мағжан сияқты қаламгерлер газет арқылы халыққа сөз тас­тап, қазақтың осы мемлекеттік құрылымын нығайтуға атсалысуға шақырды.
Осы тұрғыдан қарағанда Мағжанның мына сөздері ащы да болса шындық еді:
«Большевикті құбыжық көріп, Ресейдің шетшектері тігісінен сөгіле бастаған кезде, Қазақ автономиясы деген пікірі жарға ұмтылған толқынның күшімен ғана жарық көрген емес пе еді? Бүгінгі күн автономияны бауырына басып алып, тірі жанды жолатқысы келмей отырған жолдастардың әжептәуір бір тобы кеше «Сайлауға» (Ресей Құрылтай жиналысының депутаттығына кандидаттар ұсыну кезеңі туралы сөз болып отыр. – З.Т.) өкпелеп, елден безіп, төрелік іздеп кеткен «ерлер» емес пе еді? Алашқа автономияны анық алып беретін мен едім деп, өзін іргелі автономияшыл санайтын мырзалардың көбі 1917 жылы Орынборда, декабрь айында ғана тумап па еді».
Мағжан ақын өзінің туған халқына деген, қазақ бауырына деген адал ниетін газет оқырмандарына бейнелі сөзбен жеткізе отырып, мақаланың бас тақырыбындағы «Автономия кімдікі?» деген сұраққа мынадай айқын да тұжырымды жауап береді:
«Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. …Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі. «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!»
Газетті Омбы губаткомынан алып, қазақ өкілдігіне беру мәселесі де бірсыпыра әуре-сарсаңмен шешіледі. Құрылтайшысы өзгергендіктен редакция алқасы бұрынғы «Кедей сөзі» атауынан бас тартып, газетті «Бостандық туы» деп шығаратын болады. Сонымен, 1921 жылғы 5 наурыз күні Омбының көркемөнер мектебінің шеберханасында газеттің жаңа бас тақырыбы цинкке ойылып жазылды.
Бұл арада басылым атауының «Кедей сөзінен» «Бостандық туына» алмастырылуы туралы пікірімізді ортаға салсақ артық болмас. «Кедей сөзі» – белгілі дәрежеде аясы тар ұғым, тұтас халықты бай және кедей деп бөлген таптық ұстанымның жемісі. Ал «Бостандық туы» тұтас қазақ ұлтының отарлық езгіден құтылып, тәуелсіздік, бостандық алғанын, алмаса да сол мақ-сатқа ұмтылғанын көрсететін жалпы адамзаттық түсінікті бейнелейді.
Осы тұрғысынан газеттің бұлай аталуы қазақ халқының азаттық аңсағанын, өз еркі өз қолына тигенде ғана тарихтан лайықты орын алуға мүмкін деген ізгі ниетті білдіреді. Тиісінше, дәл осы «Бостандық туы» деген атау қазақ даласында таптық жіктелудің жоқ екені туралы «Алаш» партиясының ұстанымына сай келеді.
Омбыдағы Қазақ өкілдігінің атынан, яғни жаңа құрылған Қазақстан Республикасының атынан «Бостандық туы» газетінің тұңғыш саны 1921 жылғы 7 наурыз күні жарыққа шықты. Қазақ өкілдігі баспахананың 8 жұмысшысына жалақы төлеу мәселесін де шешті.
Газеттің осы 4 мың дана болып басыл­ған тұңғыш санында Қазақстан Орта­лық Атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Мендешевтің «Қазақ жолдастарға!» деген үндеуі жарияланды. Газетке қосымша ретінде «Қазақ әйелдеріне!» деген үндеу 1 мың дана болып басылып, әйелдер бөлімінің меңгерушісі Голубеваның атымен, араб әлібімен жеке парақ түрінде таратылды.
Мемлекеттік мұрағат қорында Мағжан Жұмабаевтың «Бостандық туы» газетінің редакция алқасының мүшесі екендігі және арнайы тамақ үлесін алмайтындығы» туралы №727 анықтама-куәлік сақталған. Оның жазылған күні 1921 жылғы 21 нау­рыз.
Редакциядағы шығармашылық қызмет­керлер міндеттерін өзара былай бөліскен көрінеді:
Радио арқылы материалдар қабылдап, қазақша дайындау: Бірмұхамет Айбасов, Мұратбек Сейітов.
Жергілікті хабарлар: Кәкенов пен Фазылов.
Қазақстан Орталық Атқару комитеті мен Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулы-қарарлары мен нұсқаулары, яғни ресми ақпарат: Кемеңгеров, Айбасов, Бекмұхамбет Серкебаев (Ермек Серкебаевтың әкесі. – З.Т.).
Партия жұмысы: Тоқжанов пен Телжанов.
Баспаханада әріп теруші, беттеуші және басушы болып мына адамдар істегені туралы мағлұматтар бар: Кенжетаев Орақбай, Смағұл Әубәкір, Серікбаев Хусайын, Жылгелдин Шәкірәт, Тюков Г.
19 наурыздағы санында Ақмола және Семей облыстарын Сибревкомның қарамағынан алып Қазақстанға қосу үшін Үкімет комиссиясы келе жатқаны хабарланды. Ақмола губерниялық ревкомына төраға болып тағайындалған Әбдірахман Әйтиев баспасөз арқылы жас Қазақ респуб­ликасын нығайту жөніндегі шараларды жария етті.
Газеттің 5-санында жарияланған «Іске сәт!» деген басмақала Ақмолада билік жүйесін қалыптастырудағы шешімін күткен мәселелерге арналды. Яғни жаңа тұрпатты сот және тәртіп сақтайтын милиция органдарын әуелден дұрыс құру қажеттігіне көңіл аударылды.
Көп ұзамай, 1921 жылы 26 сәуірде, Қазақ Автономиясы құрамында Ақмола губерниясы құрылып, оның орталығы Пет­ропавл қаласы болып белгіленді.
Губревкомға төраға болып, Омбыда, Сібір ревкомындағы қазақ өкілдігінде жұмыс істеген Әбдірахман Әйтиев тағайындалды. Енді губерниялық «Бостандық туы» газетін Ақмола губерниясының орталығы Петропавлға көшіру мәселесі қозғалады.
1921 жылдың 21 сәуір күні газет редакциясы Омбыдағы Өкілдікке хат жолдайды: «Алдағы уақытта газеттің Пет­ропавл қаласына көшуіне байланысты Омбы уезіне жіберілген газет қызметкері Бекмұхамбет Серкебаевты кері шақыруды сұраймыз». Бұл құжат «Бостандық туының» Омбыдан Петропавлға қашан ауысқанын дәлірек көрсетеді.
Екінші бір хатта Петропавл қаласында қазақ газетін шығаруға қатысты қиындықтар баяндалған:
«Петропавл қаласында Ақмола губревкомының ұйымдасуына байланысты онда газет шығару үшін қазақ шрифтілері мүлде жоқ, орыс әріптері де жетіспейді, баспа машиналары аз, қағаз жетімсіз. Сондықтан бұрынғы Ақмола облыстық басқармасының баспаханасын әріптерімен, қағазымен және әріп терушілерімен Ақмола губревкомының қарауына бергізуді сұраймыз».
Бұл арада «бұрынғы Ақмола облыстық басқармасы» деген атауды түсіндіре кетсек артық болмас. Өйткені Ақмола облысы деген атауды көпшілік жұрт нағыз Ақмола қаласымен, қазіргі Астанамен шатыстырады.
Революциядан бұрын да 1868 жылғы реформаға байланысты Ақмола облысы болған. Оның орталығы – Омбы қаласы. Сонымен бірге Омбы қаласы әрі Дала генерал-губернаторлығының орталығы болған. Ақмола облысын әскери губернатор басқарған. Басқару кеңесі «облыстық басқарма» деп аталған. Ал сөз болып отырған «облыстық басқарманың баспаханасы» 1888 жылдан 1902 жылға дейін «Дала уалаятының газетін» шығарып тұрған болатын. Газет жабылғаннан кейін бұл бас­паханада үкіметтің бұйрық-жарлықтары, циркуляр хаттары, ауылшаруашылық нұсқаулары қазақ тілінде, арап әлібімен басылып тұрған. Кейін «Кедей сөзі» осы баспаханадан шыққан.
Ал Петропавлда қазақ әріптері жоқ, орысшасының өзі жетіспейді дегенге келетін болсақ, бұл сөздер мұнда бұрын қазақ басылымдары болмаған дегенді білдірмейді. Петропавлда «Есіл даласы» (1913 жыл, қыркүйек), Көлбай Тоғысовтың (Төлеңгітов) «Үш жүз» газеті (1917 жылы), «Жас азамат» (1918-1919 жылдар) газеті шығып тұрғанын жоғарыда айттық.
Енді Петропавлдағы баспахананы қалпына келтіру және оның қуатын арттыру жөнінде Қазақ автономиясы Орталық Атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Мендешев 1921 жылғы 27 сәуірде Омбыдағы Өкілетті төтенше комиссияға жеделхат соғып, «Петропавлда электробаспа» ашу мәселесін жеделдетуді сұрайды.
1921 жылғы мамырдың 13-і күні Ақ­мола губревкомының төрағасы Әйтиев Әбдірахман Омбыға жеделхат соғып: «400 пұт газет қағазын, баспаханаға әріп теруге және газет беттеуге керекті түрлі гарт (металл қорытпасы) материалдарын, реглеттер, бабашкалар мен марзандар, әртүрлі квадраттар – 7 пұт материал жіберуді» сұрайды. (Баспахана заттарының техникалық атаулары).
Мамырдың 5-і күнгі жеделхатта губер­ниялық мекемелерді ұйымдастыруға аса қажет адамдар «Тұрлыбаевты, Кө­кеновті, Арыслановты, Юсуповты, Итбаевты, Әбдірахмановты, Бұлғақбаевты, Олейниковты – жазу машинкасымен, Мағжан Жұмабаевты баспа жабдықтарымен Омбыдан Петропавлға жіберу сұралған». Бұл адамдардың келуі кешігіп, уақыт өтіп бара жатқан соң Әйтиев тағы да 1921 жылғы 1 маусымда Омбыға жеделхат жолдап келуге тиісті адамдардың тізімін көрсетеді. Бұл тізімде Юсупов пен Жұмабаев аталмайды.
Демек, Мағжан Жұмабаевтың Омбыдан Петропавлға 1921 жылғы 5 мамыр мен 1 маусым аралығында келгенін көреміз. (Осы болымсыз ғана көрінетін дерек ұлы ақынның өмірбаянындағы түрлі «қоспалардың» негізсіз екенін көрсетеді-ау! – З.Т.) Бұған тағы бір дәлел, 10 маусым күні губревком төрағасы Әбдірахман Әйтиев үшінші рет Омбыға жеделхат жолдап, Омбыда қызметте қалған қазақ маманы Сыртлановты да жіберуді сұрайды. Бұл аталғандардың ішінде Айдархан Тұрлыбаев пен Барлыбек Сыртланов Петербург университетін бітірген, жоғары білімді мамандар екенін айтқан жөн.
1921 жылғы 7 маусым. Ә.Әйтиевтің тағы бір жеделхаты: «Омбы, Сибревком төрағасы Смирновқа!
Жаңа ұйымдастырылған губернияның жалғыз газеті қағаз тапшылығынан жабылып қалғалы тұр. Жаңа астана – Орынбордан жабдықтау шаралары шілде айын­да ғана басталмақ. Сондықтан 200 пұт қағаз керек. Оны бермесеңіздер, жағдайымыз қиын» немесе бір аптадан кейін тағы жеделхат жолдайды: «Баспахана ұйымдасуына байланысты губревком қарауына он баспагер, әріп теруші мамандар жіберуіңізді табанды түрде сұраймын. 1921 жылғы 14 маусым».
Бұл құжаттар Қазақстанның солтүстік аймағын түгел қамтыған Ақмола губерниясында, оның орталығы Петропавл қаласында қазақ тілінде газет шығару ісіне Әбдірахман Әйтиевтің зор еңбек сіңіргенін көрсетеді. Ол ана тіліндегі мерзімді баспасөздің мемлекет іргесін нығайтуға, халықтың дербес билікті өз қолына алуына деген сенімін орнықтыруға үлкен көмегі болатынын жақсы білген.
1921 жылғы маусымда Орынбор қаласында Қазақстан облыстық бірінші партия конференциясы өткізілді. Конференцияда Қазақстанның жергілікті баспасөзі өз міндетін әлі де ойдағыдай атқара алмай отырғандығы, әсіресе қазақ тіліндегі газеттердің жағдайы өте нашар екендігі атап көрсетілді. Қазақ халқының арасында жаңа билікті нығайтуға бағыт­талған бұқаралық үгіт түсінік жұмыстарын жақсартуға көңіл бөлінді. Басқасына қарағанда қазақ баспасөзінің дәрежесін жедел көтеру қажет болды. Республикада газет редакцияларында жұмыс істеуге қабілетті қызметкерлер іріктелді, баспаханалар қажетті жабдықтармен толықтырыла бастады.
1921 жылғы қыркүйек айында «Бос­тандық туының» таралымы 2900 дана болғаны, ал қараша айында 6-саны 17172 дана болып шыққандығы туралы мағлұмат бар. Газеттің ай сайынғы, тіпті әр санының таралымы әртүрлі екен. Мысалы, қарашаның 20-сы күнгі саны 2115 дана. Бұл деректер газеттердің нақты оқушылар санын немесе жаздырып алушылар санын айғақтамайды, баспахананың мүмкіндігін немесе қағаз қорын көрсетсе керек.
Қазіргі әкімшілік-аймақтық бөліспен қарағанда Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Қарағанды облыстық газеттерінің және осынау үлкен аймақтағы аудандық, салалық газеттердің тұңғышы және көшбасы ретіндегі «Бостандық туы» газетінің еліміздің тарихында алатын орны ерекше.
Қазақстан облыстық партия ұйы­мының 1922 жылғы 3 ақпанда болған ІІ облыстық конференциясы да баспасөз саласына көңіл бөлді. Қазақ тілінде көпшілікке арнал­ған газеттерді көбейту, оларды тиісті қызметкерлермен қамтамасыз етіп, газет­тердің жүйелі шығуына барлық жағдай жасау талап етілді. Газеттердің оқырмандармен байланысын нығайту мақсатында барлық редакцияларда хат және анықтама бөлімдерін ұйымдастыру қажет деп танылды.
1922 жылғы 27 сәуір күні губерниялық партия комитеті президиумының қаулысы бойынша «Бостандық туы» газетінің бас редакторлығына бұрын баспасөзде бірқатар уақыт жұмыс істеген Жанұзақ Жәнібеков тағайындалды.
Бір айдан кейін партия комитеті «Бос­тандық туы» газетінің редакция алқасы­ның құрамын қайта қарап, жауапты редакторлыққа Айтқожинді, алқа мүшелігіне Баржақсин мен Жәнібековті тағайындады. «Бостандық туының» материалдық базасы оңалып кете алмады. Қазақ қаріптері жетіспеді. Бұл жөнінде газет редакторы Айтқожин партия-кеңес органдарына бірнеше рет мәлімдеді. Ақыры тиісті шешім қабылданып, газет редакциясының жауапты хатшысы Бегішев Әбдірахман Орынбор қаласына, баспахана жабдықтарын алуға жіберілді.
…Петропавл қаласында шығып тұрған, губерниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың маусым айында Мағжан «Сарыарқадағы аштық» деген тақырыппен мақала бастырды. Автор қазақ даласын жайлаған аштық туралы және қазақтың табиғи бітім болмысы төзімді екендігі, аштан қырылып жатса да тұяқ серіппейтін момындығы туралы айтады. «Қазіргі қазақ даласы Екатерина заманындағы Сарыарқа емес, сүрленген жылқы еті тау-тау болып, сары қымыз дария болып ағып жатқан жоқ… Сарыарқаның күйзелген күйін көрейік, күңіренген үнін тыңдайық…» деп келеді. Осы арқылы Мағжан орыстілді оқырманға, билік басындағы лауазым иелеріне өз халқының жағдайын түсіндіріп береді.
Сол күзде губернияда кеңестер сайлауы өтетін болды. Көзі ашық, көкірегі ояу Мағжан бұл науқанның қазақ ауылдарына жақсылық әкелуін тіледі. Тіледі де, сайлаудың мәнісін түсіндіріп, «Бостандық туы» газетіне «Сайлау» деген мақала жазып бастырды. Онда қазақ даласында қазір ревком деп аталатын әскери билік орнағанын, бұл биліктің құрамына ешкім сайламаған, жоғарыдан тағайындалған өкілдер кіргенін, демек, олар жергілікті халықтың мұң-мұқтажын білмейтіндігін көрсетті. Енді «15 августан қалдырмай губерниялық ревком таратылып, болыстық, ояздық һәм губерниелік исполкомдер құрылмақ болды. Екінші түрлі айтқанда – губерниямыздың барлық ісі жоғарыдан белгіленіп, уақытша отырған адамдардың қолынан алынып, елдің өзі білетін, өзі сенетін, өзі сайлаған адамдардың қолына тапсырылмақ…» деп жазды. Осылайша, жаңа саясаттан бейхабар отандастарын сайлауға белсене қатысуға, билік құрамына елдің жәйін білетін, ауызы дуалы, беделді, іскер де адал азаматтарды сайлауға шақырды. Атап айту керек, бұл мақала өзі қолымен қалыптастырған жергілікті баспасөздегі Мағжанның ең соңғы қолтаңбасы.
Ертеңінде-ақ орыс тілінде шығатын губерниялық «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8 тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің (бүркеншік аты – Рибас) «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» (К выборам Советов в киргизских волостях) деген мақаласы басылды. Тақырыбынан-ақ, көрініп тұрғандай, орыс болыстарынан қазақ болыстарын жеке бөліп алып, ұлтты кемсіткенін былай қойғанда, бұл нағыз байбалам еді. «Рибастың» ұраны кеңестер құрамына лайықты адамдар сайлау қажет деген сияқты көрінгенімен, басты тезисі «жергілікті билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін!» деп жай жатқан елден жау іздеді. Атап айтқанда, газеттің кімдерді мезгеп, автордың кімдерге нұсқап отырғаны ертеңінде, 9 тамыздағы газетте жарияланған «Алашордашыларға Кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген екінші мақаласынан көрінеді. Үзінді мынау:
«Қазақ интеллигенциясының көсем­дері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызметтер атқарды. Біз еңбекші-кедейлер атына мынаны мәлімдейміз: алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін… Біздің жолымыз олардан бөлек. Оларға дауыс бергендер – еңбекшілердің, Кеңес өкіметінің жауы саналады…» Осы жаланы көре тұра Мағжан Қызылжардан жылыс­тап кетуге мәжбүр болды. Сол кеткеннен Ташкент барды. Бір жылдан соң оқуды сылтауратып Мәскеуді бетке алды. Онда да тұрақтатпаған соң, соңына қоңырау байланып елге келді. Мағжанның қиын тағдыры осылай басталған.
1926 жылғы 1 мамыр күні 8 бет болып шыққан «Бостандық туында» «Бұжыр» деп қол қойған автордың «Баспасөз күні» деген мақаласында орыстың жұмысшы баспасөзіне, одан кейін социал-демократиялық «Искра» және «Правда» газеттерінің тарихына шолу жасалады да, қазақ тілінде шыққан газеттерді кезегімен тізіп, әрқайсысына таптық тұрғыдан баға беріледі. Мысалы:
1) «Қазақ» газетінің баспасөз күнінен сыбаға алуға құқы жоқ. 1912-1918 жылдары жалғыз-ақ ұлт қозғалысына көсемдік қылды. Большевиктерге қарсы болды. Шығарушылар: Байтұрсынұлы, Дулатұлы, Бөкейханұлы, т.б.
2) «Сарыарқа», Семейде, 100 процент Алаштың газеті. Кеңес өкіметіне қарсы сөз таратып, қазақтың қалың бұқарасының көзін бояды. Колчакқа намаз оқыды. Жазушылары: Ғаббасов, Бөкейханов, Тұрғанбаев, Әуезов, т.б.
3) «Жас азамат», Қызылжарда, 1917-18-19 жылдарда. Бас жазушылары Мағжан, Кемеңгеров, Сәдуақасұлы Смағұл, тағы бірнешеулері. Оған тілектес «Алаш» газеті, 1917-1918.
4) «Бірлік туы» Ташкент. Басқарушысы Мұстафа Шоқаев. Қазір шет мемлекеттерде қашып жүр. 18 жылы Жетісу-Сырдария елдерінің үстінде ұлы соғыс болғаны бесіктегі балаға мәлім. «Бірлік туы» сол қанды соғыста ақтардың сусыны болып жүрді. Бұл газет, 17 жылдары бейтараптау болды да, 18 жылы Қайретдин Болғанбайұлы басқарған соң-ақ большевикке беті теріс қарады…»
«Баспасөз тарихы» деген осы мақаланы С.Мұқанов өзі жазғанын «Есею жылдары» деген естелік кітабында көрсеткен.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,профессор
Петропавл

"Ана тілі" газеті

0 пікір