Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3531 0 пікір 27 Қараша, 2012 сағат 09:01

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ҮШІНШІ БӨЛІМ

АСЫЛ ЖЕСІР

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Қара шаһардың Қотынсұмыл ауданы Күләннің өз бас амандығы үшін қатерсіз болса да, Сайрасының оқу жағдайы үшін аса қолайсыз тиіпті. Ынтықбай марқұм мен өзінің көз ашып көрген жалғызы, бұлай құлазыған тау ішінде оқу жасын бекер өткізіп алатын сияқты көрініп, көңіліне қоныс таптырмапты. Не болса да Үрімжіге қайта жақындап, орта мектепке беру қамымен Санжы тұсындағы коммунаға қайта көшіп келген екен. Іле-шала Ынтықбайға туыстық жағынан жақын біреудің Құлжадан жазған үшінші хаты келіп тиіпті. «Іле қазақ автономиялы облысының» бір басқарма қызметіне орналасып, Құлжада орнықты бір қызмет иесі болып қалған азамат сияқты. Қайткенде де жеңгесіне пана болып, Ынтықбайдан қалған жалғыз тұяқты осы Құлжадан оқытатындығын ант ете баяндапты.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

АСЫЛ ЖЕСІР

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Қара шаһардың Қотынсұмыл ауданы Күләннің өз бас амандығы үшін қатерсіз болса да, Сайрасының оқу жағдайы үшін аса қолайсыз тиіпті. Ынтықбай марқұм мен өзінің көз ашып көрген жалғызы, бұлай құлазыған тау ішінде оқу жасын бекер өткізіп алатын сияқты көрініп, көңіліне қоныс таптырмапты. Не болса да Үрімжіге қайта жақындап, орта мектепке беру қамымен Санжы тұсындағы коммунаға қайта көшіп келген екен. Іле-шала Ынтықбайға туыстық жағынан жақын біреудің Құлжадан жазған үшінші хаты келіп тиіпті. «Іле қазақ автономиялы облысының» бір басқарма қызметіне орналасып, Құлжада орнықты бір қызмет иесі болып қалған азамат сияқты. Қайткенде де жеңгесіне пана болып, Ынтықбайдан қалған жалғыз тұяқты осы Құлжадан оқытатындығын ант ете баяндапты.

Өзін ес білгелі асырап, оқытып өсірген жалғыз әпекесінен айырылғысы келмеген Ыбырай, Құлжаға барып сөйлесіп, Күлән үшін тағы көшіпті. Күлән өз атын өзгертіп, Гүлбану аталып барыпты Құлжаға. Пана болып көшіріп алған қайыны, Жаубасарға сүйенген әсіре қызыл белсендінің біреуі екен. Құдасы Ыбырайды келісімен Құлжаның Қорғас жағындағы бір мал фермасына бұғалтырлыққа орналастырыпты. Өздігінен талпынып өскен зерек Сайра соның күзінде толық ортаға сынау беріп, атақты «білім жұртынан» оқуға ешкімнің сүйемелінсіз өтіпті.

Өңі де, өзі де үкімет кадрлары мен көп зиялыға таныс Күлән, Гүлбану аталып келсе де, мекеме-қоғам орындарына жоламай, үй әйелі болып тұра берген екен. Алдымен, қайны болып шақырып келтірген «панасы» қырындапты оған. Көз айырмай қарап күрсіне жүріпті де, өзінің үш баласы мен әйелін Алтайдың бір ауданындағы төркініне «жайлауға жібермекші» болыпты. Өз үйінің қарсы жағындағы бір ауыз үйге орналасқан Күләнға терезеден де, есіктен де сығалап жүріп, ертелі-кеш үйіне кіріп бара қылжақтауды шығарыпты. Сондайларынан секем ала жүріп түсініпті Күлән. Түсініпті де тезірек түңілдіруді ойлапты. Бір күні іңірде кіргенінде шай жасап, өзінің өткен өмірін әңгімелеп беріпті. Ынтықбай марқұм, өзінің төртінші ретте тиген ері екендігін, жасы елуге келгеніне дейін айтыпты.

- Оныңа сенбеймін, Күләш! - деп ашық күліпті қайыны, арақ ішіп келген көрінеді. - Өз көңіліңді олай өшірме, бекер қартайып кетесің, адамға өмір бір ғана рет келеді, ая өзіңді!.. «Аға өлсе, арты ініге мұра», ең жақын әмеңгерің менмін. Сайраш өгей емес, менің де балам! Тірі тұрғанымда оның көзін басқа есікте жаудырата алмаймын. Сені аламын. Алғаш жеңге болғаныңда көргенімнен бастап жүрегіме шоқ болып орналасып қалғансың!

- Ей, сен қайным, тізгініңді осыдан бастап тарт менен! Жап-жас келінімнің алдында менің абыройымды сақта! Сайраш үшін ғана қолыңа келіп отырған кәрі жеңгеңмін. Саған әмеңгер болып тие алмаймын! Мен некені де, жастықты да ұмытқалы қашан! Енді сенің алдыңда майысып-қайысып, әмеңгер тоқал болып отырар деп ойлаймысың!

- Бәйбіше болам десең, тіпті қуаныштымын. Келінің бірер жыл ғана төркінінің қолында тұрады да, зерігіп, неке қағазын өзі-ақ сұрап айырылсады. Оның сырын білемін. Ал, сен, перизатым, кемпірмін деп алдама мені. Жаңа піскен шұжықтай нып-нығыз мына түріңде алпысқа келсең де қыз екенің анық. Қанша ер көрдім десең де, қалыңдық болып қана өткізе бергенсің. Туғаның бір ғана бала. Ал, ағадан қалғаныңа он бес жыл болыпты. Одан бері бөтен-бөйтек жүрісте болмағаның айқын!... Ар деп, намыс деп, енді бекер қурап, бекер сембе, жаным!

- Енді былжырамасаң қайтеді? - дегенде Күләннің нарттай қызарған жүзі, ашудан қағаздай ағарып - тырып қалыпты да, қатқыл үнін қайта жұмсартыпты. - Енді түс шайыспай-ақ қоштасалық. Сайраш оқуға орналасты. Шығынын өзім жіберіп тұрамын. Мені мұнда шақырып әкелгендегі мақсатың осы болса, әмеңгерім деп өзіңе тең көргеніңе рахмет! Менің көңілім ағаңмен бірге өлген. Әйелдік көңілім әлдеқашан-ақ өшкен. Өзімнің шал екенімді де кемпір екенімді де, ұмытып, жалғызымды қимай ғана қалған көлеңкемін. Тап-тату үйіңді шұрқан-шулығанға айналдырып, үш балаңды жетім қалдырып, тоздыра алмаймын! Ертең-ақ кетемін. Бала-шағаңның қасына бар, мұндай арам ниетіңді білдірме оларға! Алтын жүректеріне тат орнатып, шойынға айналдырып алма! Ендігі бақытың осы бала-шағаң ғана. Мен кеткенше кірме бұл үйге, шығып тұр!

- Жеңешетай, кете көрме, кете көрме, Сайрашқа обал болмасын! - деп күңкілдепті қайнысы. - Сен кетсең, Сайраш тұрып оқи алмай қалады!... Ынтықтық-құштарлыққа шыдамағаным ғана болмаса, басқа жазығым жоқ. Айттым да қойдым. Егер ойланып жөнге келсең, қандай шарт, қандай жағдай болса да маған тиерсің!...

- Айтпа мұндай сөзді, дереу шығып кет! Енді қартайғанда бай керек емес маған!..

Күлән содан бастап, мұны қызықтырған өзім болдым-ау деген оймен жүдеуірек киініп, алқа-салқа жүре беретін болған екен. Сонда да алтайлық әменгерлер үш-төртке жетіп, көз сүзе беріпті. Тұрмыстан тарығып жүдеп қалғандай көріп, арзан да асыл жесірді әрқайсысы оп-оңай ала қойғысы келеді екен. «Қажетіңізді маған айтып тұрыңыз, осында келгеннен бері жүдеп қалған сияқтысыз. Тірі тұрғанымда сізді ештеңеден тарықтырмаймын!» деп, әрқайсысы қырындаған қоразша қанат сүйрей үйіріліп, еселей сөйлесу ниетімен үйіне келгіштей беріпті. Бірге ішіп көңіл ашу ниетімен арақ пен ет ала келгендерін қуып шығатын болған намыскер Күлән, басқасына «әй, кәпір» аталғысы келмей күтіп тамақтандырып, тұрмысында қиыншылық жоқтығын айтып қайтарады екен.

Бұрын Үрімжіде көп көрген Ауқан атты атақты сүр бойдақ саясатшы сол қайындарының біріне ілесіп келіп, Күләнді танып қойыпты бір күні:

- Үй, Күләнбісің!.. Гүлбану деген кім екен десем... Япырай, сені де көретін күн болады екен-ау, алтын қарындасым! Сәлемет, есен-сау жүрсің бе? - деп сылдырап жабыса кетіпті. - Жыл құсындай тіпті түрленіп алыпсың-ау өзің! Жақсы болыпты, жаңа қонысың қайырлы болсын! Бұл жерде мен сені тұяқтыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытпаспын. Атым Ауқан екенін білесің ғой, қарындас, маған сене бер! - деп шығыпты да қайта қайырылып келіп, күбірлей кетіпті. - Қалпағың жөнінде біреу қырың-пырың дей қалса, дереу маған хабарлап тұр! Мына қайның біледі менің күшімді!..

Беті қызылдың бәріне қона түскісі келіп жүретін кәрі Ауқанның сырына Күлән елуінші жылдан бері қанық болатын. Оның қазіргі жайын осы маңдағы жесір әйелдердің екі-үшеуінен естіп күліпті. Үш аймақ төңкерісіне әскер болып кіріп, 1949-50 жылдардағы саяси белсенділікпен генерал Уаңжыннан «офицер ақын» деген атақ алған соң-ақ, «надан қатынды» тастап, жетік оқыған жақсы қатын алуға кіріскен Ауқан әліге дейін қайта үйлене алмай, тімтініп жүргенін естіп күлген екен. Енді бүгін өзін танып қойғанынан қатты шошыпты. Сол тіміскі тағы да сөз салып,  көнбей қойса, қолға алдырады ғой!

Сайрасын осы мектептің жатағына орналастырып, өзі тауға - Ыбырайдың үйіне барып алыпты. Қырқылжыңдар сонда да іздеп тауып, соңынан қалмай қойған екен. 1973 жылдың жазында Үрімжіге алыс-жақыннан тың тыңдап, көне достарынан хабар алуға келіпті. Менің бірде өлгенім, бірде тірі екендігім естіліп тұрған кез. Радиодағы алғашқы естілген суық хабарымнан бір рет мұжылған Күлән, тірі екендігімді қайтадан естіп, екінші рет өлгеніме сенбей, қайда тұрғанымды Үрімжіден біліп қайту үшін келген екен. Айтолқын бастатып әлдеқашан төменге түсіп кеткен ер-әйел достарынан Үрімжіге әліге дейін ешқайсысы қайтпағанын естіпті. Ал Ақия опасызға көрінгісі де, көргісі де келмейді. Сөйтіп Қазақстанға өтіп кеткен Мақпалдардан тіпті құлақ кескендей мүлде бейхабар Үрімжіде байыздап тұра алмай қайтыпты.

Бауырының үйіне қайтып келсе де, әменгерлері мен Ауқанға көрінбей, бой тасалап бір жыл өткізіпті. Ыбырайдың үйі биік текшеде, қалың самырсын арасындағы кішкене алаңқыда болғандықтан, қаладан шыққан белсенді-мансапты қырқылжыңдар сайдан көрінісімен-ақ, еркекше киімін киіп ап, керге шығып кетеді.  «Гүлбану Үрімжіден әлі қайтпады» дегенді естіп, олар кеткенде ғана түседі екен. Жексенбі күні Сайрасы келе алмай қалғанда қалаға да сол еркек киімімен барып қайтып тұрыпты.

Менің үшінші реткі «өлімнен» тірілген хабарым Тарымдағы түрмеден 1971 жылғы зор жеңіспен жүз неше адамды жаладан құтқарып шыққандығым болып, сол 1974 жылы естіліпті Ыбырайға. Тарым майданынан үйіне қайтарылған құлжалық бір ұйғыр айтып келіпті. «Биғабіл түрмеден мүлде ағарып, жүз неше адамды өлімнен құтқарып шықты. Жақында Үрімжіге қайтады» деп келіпті ол. Шала жансар болып жүрген Күлән де сол хабардан қуаттанып, үміт оты жылтырай қалыпты. «Биғаш Қазақстанға өтпей, Мақпалы мен Асқарын таппай тұра алмайды. Сол жаны бірге жаралған досыммен бірге өтсем, бейтаныс болып қалған атамекеннен мен де өзіме лайық орын тауып, жарық көрермін» деп үміттенеді екен. Мақпал сіңлісі тірі болса, ғылымның жуан ортасынан өз орнын әлдеқашан тапқанына сенеді. Сайрашты да, болашақ күйеу баланы да соларға қосып, солардың соңынан ергізуді армандайтын болыпты.

Сайрасын уәделескен жігітіне 74-ші жылы жазда мектеп бітірісімен «төңкерістік» шағын ғана той жасап қосқан екен. 75-ші жылы қыс өте сол арманы өзін тағы да жұлқылап оятып, Үрімжіден тың тыңдауға екінші рет тағы да жетектей жөнеліпті. Бұл жолы жағдай сәл жұмсарыңқырап қалғандықтан Айтолқынды үйінен тура іздеп барып тауыпты. Биғабілдің амандығын содан анықтап естіпті де, Ақияға оның «өз қолымен жазылған хаты келгендігі» мен Ақияның өз жайын да содан естіп қуаныпты. (Бұл шақ, Ақияға Биғабілдің хаты емес, өзі келіп, бір қыстап кеткеніне бір жарым жыл өтіп қалған, Ізбасардың да аяғын апыл-тапыл басып жүрген кезі еді.) Күлән Ақиядан сол хатты көруге келіп, Биғабілдің екінші ұлын көріп жылапты. «Мақпалын шынымен ұмытқаны ма!» деп жылаған екен. Әділ-шыншыл Ақия бар шындығын жайып салып, тіпті қуантыпты. Қуаныш жастарын құшақтаса кетіп төгіпті екеуі. Болған оқиғаға сақылдап күлісіпті. Бұрынғыдай етене әпеке-сіңлі болып келісіпті. Күлән сонда бірнеше күн тұрып әңгімелесіп, өз әдресін «Биғабіл келсе» адаспай табатын жолына дейін сызып, жазып беріп, «қайтсе де маған жолықпай кетпесін» деген тапсырмасын неше қайталап айтып, қуанышпен қайтты. Бірақ, қатынас автобусында құлжалық бір белсендінің көзіне түсіп, «жақсы киінген Гүлбанудың Үрімжіден қайтып келгені» алдымен Ауқанға естіліпті. Ауқан оны әмеңгерлерінен сұрап жүріп, ол қырқылжыңдарға да хабарландырып болған екен. Әменгерлер Ыбырайдың үйінен тағы да таба алмай жүргенінде, еркекше киіне қойған Күлән қалаға қызы мен күйеу баласын іздеп барыпты. Солардың отауының қатарындағы өзіне арналып жасалған бөлмеден тіміскілеп жүрген Ауқанның көзіне іліне қалыпты сөйтіп. Бұл көз әмеңгерлер ара үлкен таласқа түсіріпті. Қырғиқабақ таластан қызылкөз тергеуге тартылып әрең құтылыпты Күлән. Қызайдың ақ киіз қалпағы мен бешпет-сымының орнына кемпірінің ақ кимешегі[1] мен салпы етек көйлегін киіпті содан бастап. (Мұндағы оқиғаны кейінгі тарауда Күләннің өз аузынан тыңдаймыз.)

Күлән өз түсіне кіре беретін болған Биғабіл үшін ең қатерлі хабарды Үрімжіден қайтып келіп, дауға түсіп шыққан соң тағы бір қыс өткенде естіпті: «Мақпал Алматыда басқа біреуге тиіп кетіпті» деген хабар естіліп тықыршытыпты Күләнді. «Биғабіл мұнда келген соң естісе, оны бұл апаттан жеңілірек құтқаруға болар еді!» деп тынышсызданыпты. Егер Тарымда, иә Үрімжіге келіп естісе, бұрыннан тозып жүрген жүйке жүйесі шыдамай өзін оқыс ететіндей елестей беріпті көзіне. Биғабілді өзі Ақияға беріп кеткен әдіріс бойынша Ыбырайдың үйінен тапжылмай күтетін болыпты. Мақпалды өзі де қимай жылай жүріп,  үйінің желкесіндегі жотаға әр күні шығып қарауылдайды екен. Түсіне Биғабіл өз бейнесімен, жақсы шыраймен кірген күні жотаға өзі де көңілді-жігерлі ажармен шығады екен де, түсінде жүдеу көрінсем, мағдыры азайғандай жүдеп-жадап әрең шығады екен. «Биғашым аман келсе, дәл Нәзипа мен Гүлсімнің бірін алып беремін. Ер танитын, саналы жас жесірлер құшақ жая ұмтылады оған әлі. Өзі де мақтауы жеткен, атақты Биғабіл ғой. Ал, әйел таныстырушы мен болған соң бекер мақтамайтындығымды білетін ол, өзі де үйіріп әкетер. Жүрегіндегі Мақпалдың орнын тек, сол екеуінің бірі толтыра алады. Әсіресе Нәзипа тез жұбата алады оны! Және қайда барсақ та бізбен бірге кете алады Нәзипа!.. Биғаштың ес-ақылы қалпында болса, Құмарымен қайта табысқан Ақияға қайта оралмас. Келеді ол, келеді! Тек, суық хабар естімей, жүдемей келсе екен!» Күлән жотада өзіне-өзі осыны күбірлеп сөйлей тұрып, ұзақ-ұзақ көздейтін болыпты. Көкек айы жарымдағанда, бір ашық күні түстен кейін сол жотада тұрған Күлән, Ақияға өзі беріп кеткен әдірістегі жолмен жалғыз атты жолаушының келе жатқанын алыстан көріпті. Таяулап қалғанында көзін сығымдап жіберіп үңіліп, астындағы аттың кершабдар екенін, жай киімді, тымақты қазақ екенін, одан жақындай түскенінде, ақ сақалды шал екенін де айырыпты. Бөктеріншегінің молдығынан алыстан келе жатқан жолаушы екендігін айқындап, тіпті үңіле түсіпті. Өткір қара көзіне жиылеп толған жасты кимешегінің етегімен сүрте телміріп тұрғанында, ат тізгінін тарта кідірген жолаушы жолдан бұрылып, күнбатысқа қарай бөктерлей жөнеліпті. Басқа жаққа кеткендігінен түңілген Күлән сағымданған алыс жолға қайта көз жүгіртіпті. Басқа ешкім көрінбеген соң күрсініп жіберіпті де, жотаның күнгей жақ қабырғасындағы үйіне қарай құлдапты.

Тік беткейден қиялап түсіп, қалың самырсын арасымен шағын-шағын үш-төрт бөлмелі көне ағаш үйдің сырт жақ іргесінен шығыпты. Қатарласа салынған екі-үш мал қорадан айланып өтіп, өз бөлмесінің есігіне келіп, жан-жағына тағы қарап тұрып қалыпты. Әлгі кершабдар атты шал қарсы беттегі самырсын тоғай арасындағы алаңқыдан бір көрініп қалған екен. Қалың тоғай арасына кіріп тағы да ғайып болыпты. Күлән енді қай жақтан шығар екен деп тұрғанында, сол кершабдар атты сай тағанындағы үйлерден алыстап, жоғары жағынан өте шығыпты да, өзі тұрған беттегі самырсынға келіп кіріпті. Жүрегі тулай жөнелген Күлән етек жағындағы тоғайға үңіліп тұрғаныда, кершабдар атты жолаушы күншығыс жағындағы құлама бұлақты бойлап шыға келіп, малқораның сырт жағына өтіпті. Атын далдаға байламақ болғанын Күлән сезе қойып, күнбатыс шеттегі өз бөлмесінің сыртына айланып өтіп қарапты...

Ыбырайдың үйі сол жота күнгейіндегі текшеде, тік жартас астына атылып түсіп жатқан кішкене бұлақтың қасында екендігі, Күлән Ақияға жазып кеткен әдірісте тіпті айқын болатын. Қарсы бетке айналып өтіп осы бұлақты көрген соң, шаттағы жұрт көзінен аулақтап, самырсын арасымен жеткен шабдар атты - мен едім. Қарауылдап жүрген қызай кимешекті салпы етек қатынға назар сала қоймаппын. Атымды үйдің сырт жақ даласына байлап, бөктерінген қоржын-қолаңымды іргеге қойып жатқанымда баспалап қарап, қарсы алдымнан тағы да шыға келді. Кимешегін желкесіне түсіре сала жүгіргенінде бір-ақ таныдым: бурыл тартқан жібек қоңыр шаш, күлімдей қараған өткір қара көз, көзіме оттай басылды. Қос қолымды жайып мен де ұмтылдым. Іркілмей ыршып келіп мойныма асыла түсті Күлән. Көкірегіме басын қойып егіле-еңірей жылады. Айқара құшып, жүрегіме жүрегін баса құшақтасам да, бұрынғы әдебімізден асып кетпеуге тырысып, маңдайынан, көзінен, қабағынан ғана сүйе солқылдадым.

Ойнап жүрген екі-үш баланың естияр біреуі ағаш қора бұрышынан қарай сала үйіне жүгірген екен. Шешесін қолынан тарта дедектетіп, үй артына шығарыпты. Менімен именіссіз құшақтасып, ыңылдап қана көрісіп тұрған Күләннің сыртынан келіп, ибамен қол қусыра иілді, қызыл күрең жаулықты әйел. Оның келіні екендігін мөлшерлеп, Күләнді қаусыра құшқан құшағымды жаза бердім. Күлән да жалт қарап айырды құшағын. Көзін сүрте амандасты. Менімен ауыз жыбырлатып қана амандасқан келініне «Биғабіл ағаң» деп таныстырды да, шеттегі өз бөлмесіне бастады. Келіні бұрынырақ жүгіре барып, текемет үстіне кілем, көрпе жайып жатқанында кірдік.

Аласа ғана ағаш үйдің едені де, төбесі де кір басқан сырсыз тақтай. Күн жаққа қараған алты көзді жалғыз терезеге тартылған қалың сұр перде, дәл төрге құрылған көне ағаш кереуеттің тұсына да көне көк одеяло шегелене салыпты. Төсегінің терезе жағындағы сандық үстінде көне былғары чемодан. Бұрышқа шақтап жасалған үш бұрышты столда шишалы керосин лампа, бірнеше кітап тұр. Алақан көлеміндей ғана дөңгелек айна соның үстіне қабырғаға сүйеп қойылыпты. Төселген текемет пен кілемнен басқа ілікке алар ештеңе жоқ. Дүниеден түңіліп, бар жағынан жүдеген нағыз сорлы, жесір кемпірдің тұрағы болып көрінді маған.

Келіні сыртқа шығып кетісімен тағы да құшақтаса кетіп жыластық. Ынтықбайды жоқтай жылады ол. Барып топырақ та сала алмағанын, қандай жерде қалғанын да білмей айырылсқанын айтып боздады. Бұл мұңға келгенде мен де үн сала еңіредім. Қанымды сапырғандай жан шыдатпайтын, айықпас ауыр шердің аса жетік тілмен шымыр тоқылған жоқтау жыры мол қасіретімді селдей қаптатып, өзімді әкетіп бара жатқандай, жүйкем құрығандай сезілді.

- Болды, Күләш, болды, жетті, енді қозғамашы мұны, қозғамашы! - деп еңіредім соңында. Дауысымыздан келіні кіріп жылап тұр екен. Тоқтау айтып ажыратты екеумізді. - Сол кегіміз үшін өзіміз аман тұралық, Күләш! Оның керісінше, бұрынғы шыдамдылығымызбен кек үшін жасалық! -деп бекіне шегініп, түзеліп отырдым. Төсегінің алдына шегініп барып Күлән да отырды. Ыбырайдың ересек ұлы елеген әкеліп, қолымызға су құйды да келін орамал ұсынды. Екі-үш жасар кішкентай аппақ қыз алдына келіп отыра кетті Күләннің.

- Сайраш қандай, аман ба? - деп сонда ғана сұрадым.

- Аман. Мынау соның тұңғышы! - Жиен қызының бетінен сүйе жауап қатты Күлән. - Қалада. Күйеуі екеуі де мұғалім. - Мектеп бітірісімен тұрмыстанған.

Сол жауабына жалғыстыра Ыбырайдың екі баласын, бесіктегісі мен үшеуі етіп таныстырды да, үлкеніне Ыбырайды шақырып келуді тапсырды. «Кісі келді деп басқаларға естірмей, құлағына сыбырлап қана шақыр! -деп айқындап ұқтырып шығарды. Оңаша екеуміз ғана қалдық. Өзіміз де сезбей, тағы да жақындасып ала қойыппыз.

- Биғашым, Биғашым! -деп маған жабырқай қарады Күлән. Арқамнан сылап алдына тартты. Тізесіне басымды қойдым. Шашымды саусақтарымен тарақтап-тарақтап жіберіп сүйді маңдайымнан. Сақалыма үңілді. Көз жасын тосыннан төгіп жіберіп тез сүртті де, тағы да төгіп, тағы сүртті.

- Күләш, Ынтықбайдың қаза болғанына, міне он бес жылдан асты, - басымды көтеріп алдым. - Көз жасың құрғайтын уақыт әлдеқашан болып еді ғой?.. Маған айта алмай отырған жаңа қазаң бар ма, қалай?

- Жоға, бұрынғы өткен-кеткен күндеріміз есіме түскені ғой! - Көз жасын тағы төкті. Келін дастарқан әкеліп шай жасады.

Күлән енді шай шынысының далдасымен төкті көз жасын. Бізді маңайлап, көз алмай қарап жүрген кішкене қыз, тағы да жүгіріп келіп, нағашы шешесінің иығына асыла сұрады:

- Апа, сен мына атаның баласымысың? - дегенінде үшеуміз қатар күлдік. Күлән ұрттаған шайын бүрке күлді. - Бала жылайды! - деді жиені. Жылаудан сәбидің де тоқтатпақ болғаны екен.

Ұзын қара мұрт қойған қараторы, сопақ жақты Ыбырай денсаулық жайымды тақаруырлап сұрай амандаса отырып қарады әпекесіне. Ісініп қызарып алған көзінен, оның аса көп жылағанын байқай сөйледі.

- Биғашым, Биғашым деп күрсінуші едің, міне, аман-есен келді ғой, ендігі жылауың орынсыз, қой енді күле бер! Ағаның келіп аман көріскендігіне енді той жасаймыз! Сіздің ендігі атыңыз, Назарбек бола тұрсын, аға! - деді Ыбырай маған қарап. - Сіз келе қалсаңыз деген оймен, сақтық үшін қолаң-қошналарға алдын ала осындай атты бір ағаның атын жариялап қойғанмын: «Үрімжідегі бір банкіде бұғалтырлық істейтін Назарбек атты ағамыз бар еді, ауырып қалыпты. Осында жайлауға шықпақ екен» деген хабарды бір айдан бері жиі айтатын болғанбыз. Осында келетіндігіңізді әпкем, қайдан естіді екен, жұртқа әйтеуір осылай құлаққағыс ете беруді күні кеше таңертең де тапсырды маған. Енді дәл соның өзі бола қалыңыз! - Ыбырай осы сөзбен бір кідіріп, шыныдағы шайын асығыс жұта салды да, күлкімен жалғастырды сөзін. - Мұртыңыздың салбырауынан байқап отырмын, мына жалған сақалды да, мына киімді де тастап, қалпыңызға келе қойыңыз!... Әпкетай, сіз де таз кемпірдің мына кимешегін тастаңыз, енді қорқарлық ештеңе жоқ. «Мәдениет төңкерісі» дейтіндері мәлкілдеп қалды ғой! - дегенінде келін үшеуміз қатар күлдік те, кішкене қыз алабөтен сақылдай жөнелді. Ыбырай оның иегінен шымши күлімсіреп, түрегеліп сыртқа шықты. Даладағы ұлымен дабырласып, бір семіз ісек жетектете кіріп, бата сұрады менен...

Күләннің көп жылауына Мақпалым мен Асқарым жөнінен сөз шықпағаны, Ыбырайдың тез жөнелте қоймайтын мына сөзі қосылып, күпті болып отыр едім. Екеуміз тағы да оңаша қалғанымызда өзім сұрауға тура келді.

- Ал, Күләш, Мақпал жөнінен сөйлеші! Мына шекара Алматыға жақын ғой, не хабар бар?

Күлән күрсіне жауап қатты:

- 62-ші жылы үшінші айдың соңында Дөрбілжінге, әйтеуір, аман-есен жөнелткенбіз. Мына Ыбырайдың спорлығымен сенімді жолхат тауып беріп, жолаушы автобусына Асқар екеуін Санжы бекетінен шығарғанбыз! - дей сала түрегеліп, чемоданынан Мақпалдың Дөрбілжіннен кетерінде өз қолымен жазылған қысқа ғана хатын алып берді.

«Сәлем, әпеке! Көп-көп алғысым сіздерге! Жақсылығыңыз есімде мәңгі сақталар, сағынармын да. Тірі болсақ көрісетініміз анық қой! Әлгі аман келе қалса, сәлемімді жеткізерсіз. Айтқандарыңыздай жол болды. Қайнымнан басқамыз түгел, аман-есен, дәл уақытында (кеттік деген сөзді үш нүктемен ғана білдіріпті). Қайным ағасына қарайлап... сонымен бірге келер. Құрметпен Нұрзия» деп қол қойыпты соңына.

- Атын осылай өзгертіп жазып, почтаға салыпты. Жазуынан ғана танығанмын, - деп Күлән жасаураған көзін сырт қарата күрсінді. - Бұдан соң әліге дейін хабар ала-алмадым! - Тым бәсең үнмен айтты да далаға шығып кетті. Хатқа қайта үңіле қарап, бетіме, жүрегіме бастым. Күлән қайта кірді үйге. Күлімсіреген бейнемен қараса да көзі әлі дымды еді. Сандығын ашып, еркекше жаңа көйлек-штан, киілмеген көк шұға бешпет-сым алды да алдыма әкеліп қойды. - Тілеуіңді тілеп тұрсын деп, былтыр саған арнап алғанмын, киіп көрші! - тағы да бәсең үнмен күбірлеп төмен қарады. Дауыстап сөйлесе, жылап жүргені білініп қалатын болған соң тапқан амалы деп жорыдым.

Сандықтан қоңыр карыс жаулығын ғана алып, сыртқа шықты өзі. Інісінің үйіне кеткенін терезеден көрдім де, жасанды сақал-мұртымды жұлып тастап, бетімді жудым. Жол киімдерімді түгел шешіп, қоржынға тыға сала, сақтаған киімдерін кидім. Денеме өлшеп тігілгендей шақ келе кетті.

Кимешегін тастап, мойнына жаңағы қоңыр жаулығын ғана салған Күлән қайта кірді де, маған күлімдей қарады.

- Бәсе, бұрынғы өз шырайың қалпында екен ғой. Шашыңның ағарғанынан басқа ешқандай өзгермепсің! - деп келіп, алақанымен екі шекемнен ұстап маңдайымнан сүйді. - Бәрі де қалпына келеді енді, ештеңеге алаң болма! - дегенінде көзі тағы да жасаурай қалып, тағы да бәсең жалғастырған сөзі бірте-бірте ашылып, үні айқындала түсті. - Бұрынғы үй мүлкің... өз киімдерің де бар, Үрімжідегі біздің үйде сақтаулы. Дәрілеп қойғанмын. Алдыңғы жылы барғанымда ашып көріп, күнге жайып, тағы да дәрілеп қайтқанмын. Ал, менің өз үйімнің мүлкінен жеңіл-желпілерін Ыбырай пысық көшіріп әкелген. Ол Құлжада, Сайраштың отауының іргесіндегі өз бөлмемде құлыптаулы.

Күлән сөйлеп тұрғанда көз алмай зерттей қарадым түр-шырайына. Дөңгелек жүзі, тоқ маңдайы, жұп-жұмыр алқымы түп-түгел аппақ, әжімсіз-ақаусыз қалпында. Нақтылы өзгермей қалған шырай өзінікі екен. Үстіндегі олпы-солпы мол қоңыр көйлек қана көркем тұлғасын жасырып тұрғандай. Маржандай тізілген ақ тісі, ұшы қайқыштау біткен түзу қырлы мұрны, көзімен бірге күлімсіреп, жеңіл мысқылдың әлеметіндей ғана сүйкімді жымиыспен көрінетін қып-қызыл ерні - бәрі де қалпында. Жылаудан ісінген көз етінен басқа ешқандай көңілсіз көлеңке жоқ. Аса сағышытың ыстық ықыласымен қарайды маған.

- Өлімге де, қайғы-қасірет, қорлық-зорлыққа да бас имей, шырай бермей келген өзің екенсің! - деп мен де күлімсіреген болып қарадым жүзіне. Көз жасын тағы да ыршытып жіберіп, орнына отыра кетті.

- Тағы да жылауың-ау! - Күрсініп жіберіп, мен де отырдым. Аса бір ауыр қазаны айта алмай, соған жылайтындай байқалған соң, көңіліме қара бұлт үйіріле қалғанын Күлән тіпті айқын сезді білем. Тамағын кенеп алып, күбірлей сөйледі.

- Бұрын төртеуміз... қатар отыра қалғанымызда бүкіл әлем өздеріміздікі сияқты сезінуші еді, енді...

Күлән сөз жалғасын айта алмай, жұтынып тоқтады.

- Енді нешеуміз қалғанымызды ашық айтшы!

- Күдіктенбеші!... Қазірше осы жерде сопиып, екеуміз ғана отырғанымызға жылаймын да! Мақпалдан қам ойлама... онымен көрісерміз әлі!

- Біреуіміздің ғана кемігеніміз рас болса... оған ендігі қайғырудың жөні жоқ, көнерген қаза ғой, көп жылаудан пайда жоқ!

- Рас, жылаудан да қайғырудан да пайда жоқ! Сен келген соң ғана есіме түскені болмаса... болды енді қоялық!.. Бүгін екеуміздің аман көрісіп отырған қуанышты күніміз ғой, менікі не әлі! - Шырайын аша күлімсіреп қарады Күлән. - Қанша жапа шегіп, неше рет өліп тірілсең де қалпыңды құртпай келгенің қуандырды. Адам қуаныштан да шағынумен де жылайды. Менің көз жасыма алаң болмай-ақ қой, Биғашым! Бірақ, қазір, осы жақыннан бері шекара күзеті тіпті қатайып кетті. Өтуге асықпай күте тұрамыз! «Ештен де кеш жақсы», аман өтуді ғана ескергенің дұрыс!

Тағы да дастарқан жасалды. Келін қуырдақ әкеліп қойысымен, Ыбырай төрт ыдысымен екі түрлі бөтелке әкеліп отырды. Екі бокалға арақ құйып, бірін менің алдыма, бірін өз алдына қойды да, екі стаканға шарап құйып, әпекесі мен әйелінің алдына қойды.

- Аға, мен көз ашқалы мына жалғыз туысқан әпкемнің ең жанашыр досы да, егіз туғандай етене жақыны да тек сіз ғана екендігіңізді көріп өскенмін. Мені көргенде сіз де осы туысымның өзінше құшақтап еркелететінсіз. Сол қалтқысыз табиғи сезім, сізден айырылған соң әпкеме ғана емес, маған да қасіретті сағыныш орнатып қойып еді. Міне бүгін аман-есен көрісіп, қатерлі ұзақ дерттен айыққандай, мен де аса зор қуанышқа бөленіп қалдым. Қане осы қуанышымыз үшін алып жіберелікші!

Ыдысты келінімен төртеуміз де күлімдей көтірп қағыстырдық.

Екінші ыдысты мен сол қуанышқа Ыбырайдың өзім алғаш көріп отырған бала-шағасын қоса құттықтап көтерттім. Бұл тосты да шын қуанышпен өткеріп едік. Үшінші ыдысты Күлән маған ыммен қузап, ендігі амандығымыз жайындағы тілеумен шала-шарпы ғана сөйледі де, көз жасын тағы бір ытқытып жіберіп ішті. Мен бірге ішсем де мұнысынан Мақпал жөнінен тағы да күдіктеніп, Ыбырайға қарай бердім.

- Сіз келген соң Мақпалын да еске алып отырғаны ғой! -дей салды бауыры. - Қайтсін, оны тіпті қатты сағынады!

Енді жылап күдіктендіре бермеуге мықтап бекігендей күлімсіреген Күлән, көңілді бейнеге ойысты:

- Өткен түні түсімде оның шашын өріп беріп едім, сенің келуіңе көрінген сияқты ғой, тым ажарлы көрініп еді! Менің көзіме қарай бермей тамақ жеші өзің! - деп қуырдақтан асап-асап жіберді өзі. Мен де асаған болдым.

Ыбырай менің түрмеленіп кеткенімнен бергі кешірмелерімді сөйлетуге кірісті. Арақтан анда-санда бір тартып қойып, сол әңгімеге кеттік. Қысқартып тастап өтпек болған эпизодтарымды Күлән алдыңғы жылы Ақиядан естігені бойынша, есіме түсіре отырып тыңдады. Ыбырайдың алдында айтылмайтын оқиғаларды «несиеге» қалдырғанын білдіріп, күле отырды. Қонақасы табақтан соң да шертілді әңгіме.

Далаға шығып, орман арасына кісенделген атымды көріп қайтқанымда, сол үйге тағы бір кереует кіргізілген екен. Күлән екеуміз екі кереуетке жатып алып әңгімелестік.

Менің сұрауым бойынша Күлән Жаубасардың кейінгі ахуалын сөйлеуге кірісіп, алдымен атақты 62-шы жылдың жазғытұрымында Құлжада туылған халық қозғалаңынан бастады сөзді.

«Иә, ішіп-жемнен қысқан ашаршылық тоқтатылсын, иә, Совет одағына өтіп күн көруімізге рұқсат етілсін!» деп халық жағы үкіметке талап қойыпты. Оған жауап шықпаған соң, көшеге жарнама мен қарсы ұрандар жапсырылыпты. Совет одағына қарасты бұқаралар үкіметтің бұрынғы жиып алған Совет паспортын қайтарып беруді талап етіпті. Сол кездегі «автономиялы облыстың» бастығы үкіметтің жиып алған паспортын қайтарып әпере алмай, сөз бұйдаға сала беріпті. Ал қытай бұқарасы қатарында жүрген халық, үкіметтің өндіріс-құрылыс армиясы тартып алған егіндік-жайылымдық жерлерін талап етіп, онан да ештеңе өндіре алмаған соң барлығы ұйымдасып, көше ереуіліне шығыпты.

Халықтың осындай қыр көрсетуге шығатындығын жансыздарынан күні бұрын естіп-біліп отырған үкімет, үлкен көшелердегі үй шатырларына қырғын құралдарын жасырын құрып, дайын отыр екен. Көшеге халық жиылып жатқанда алдымен күшті фотоапараттарын іске қосып, қатынасушылардың суреттерін түгел алып болыпты. Халықтың «күн көруімізге жол қойсын!», «өмір сүру құқығымызды қайтарып берсін!» деген ұрандары көтерілісімен тұс-тұстарынан пулемет, автоматтар сақылдап ала жөнеліпті. Аспаннан нөсерлетіп жауған ажал оғы көшеге лезде-ақ қызыл күрең селін қаптатып жіберіпті. Тез жалтарып, үйлер мен дүкендерге далдаланып үлгергендері әредік-әредікте бет-бетімен зытып құтылыпты да, үкіметтің «халық азаттық армиясы» аман қалған көше халқын тұс-тұсынан қоршап ала қойыпты. Фотоапараттары үңгір-үңгірді тінте жүріп, тағы да тартыпты суретке.

Асфальт көшелерде жусаған өліктер мен көлге айналған ыстық қанды қалың армия сол күні-ақ жым-жылас тазалап жіберіп, қайтадан «салтанатты», «бейбіт» көшеге айналдыра қойған екен. Қаншалық кектенсе де құр қол халық жиналып барып, облыс бастығын көшеге шығарып тепкілеуден басқа ештеңе өндіре алмай, шекараға қаша жөнеліпті. Олардың да Совет одағына өте алғандары ғана өтіп, өте алмай қалғандары ереуілде тартылған суреттері бойынша қолға алына беріпті. Фотоапарат лентасына толық ілінгендері содан соңғы жарым жылда-ақ жиналып болып, қатерлі «кері төңкерісші» қалпағы мықтап кигізілген екен. Олардың белгілілері атылыпты да, белгісізіректері кесіліпті. Ал, апарат лентасына жартылай, иә, құлақ шекесі ғана ілінгендері күмәнді ретінде қазірге дейін қараңғы түрмеде «тергеуде» жатыр екен.

Он бес жыл бойына «тергеліп, анықталып болмай» жатқандығын айтып бір кідірді Күлән.

Қашқындардың соққысынан өлімші болып қалған облыс бастығы, ауыр жарақаттан жазыла бергенінде, сақшы тергеуіне түсіп, тағы соққыланыпты. Сорлы қуыршақ, «қашқындардың Совет шекарасынан өтіп кетуіне рұқсат еткен» деген «қылмыспен» жазаланып, Үрімжі түрмесіне айдалыпты сонсоң.

Жаубасар Үрімжіден соның орнына сайланып келген екен. Ол қу момын ел мойынын ішіне ала тулағанда тіпті қиын тулайтындығын, бұрынғы бастықтың жарылған басынан, жаншылған көкірегінен көріп, өзіне кекті халық алдында жуастау болуға, халықшыл көрініп, кешірім алуға недәуір тырысып көріпті. «Оңшыл», «жерлік ұлтшылдарды» соғып беру жағынан үкіметке сіңірген зор еңбегі - сенімі де бар ғой. Сонысын арқаланып, халықтың өндіріс-құрылыс армиясына кеткен жері мен малы жөнінде халыққа болысқан болып жүріпті.

Сонда да халықтың адал перзенті болудан алыстығы айқын, сүйенері де, өзінің сүйемелдеп көтерген көмекшілері де Ауқан сияқты ыңғай қанды қол жендет белсенділер болғандығынан көріне жүрген екен. Сол көрінісін көмескілету үшін, асырап өсірген қожаларының кей қылықтарына қарсы пікір айтқансып, халық пікірін қуаттағанситын болыпты. Қожалары «тамады!» дегенде ол да тіл тартпай «сен тамады!» дейді екен. Айғыр көзірлердің күші мен тісінде ішек бар ма, сонысынан Жаукең жасырын соққыға ұшырап, арқасын алдыра беріпті.

Халық пен үкіметтей от пен судың арасында көп қорлану мен көп қыспақ, көп құсадан қаны бұзылып, қан тамырларынан зақымдалып, ауырғыш болып жүргенінде, Бижіннен Уаңжын генерал келе қалыпты бір күні. Өндіріс-құрылыс армиясының зорекерлігі жөнінде өзін қыстап жүрген халықтың талабын үлкен жиында сол қожасына жеткізген екен. Оғаш мінезді өктем отаршы қожайын, өзі асырап өсірген күшігінің зор жиындағы жұртшылық алдында ашық жеткізгеніне қатты шамданыпты: астында жатқан адамның қолы еніне тиіп кеткен аюша арс ете түспесін бе. Сояудай ұзын-ұзын тістерін арситып, ақыра тілдеп жіберіпті.

Жұртшылық көзіне өзі де генералсып жүретін болған Жаубасар намыстанғандығынан оған да «сен тамады!» деп қалған екен. Аю генерал екінші рет тіпті қатты батыра тілдеп, көзіне саусақ жүгіртсе керек, көп заманнан бері жанын жалдап жүріп тапқан барлық абырой-мансабынан бір-ақ айырылғандығын сезіп, бір жолата күйреп шыққан Жаукең, үйіне жете жығылыпты. Ушығып қағынған қантамыр ауруына сол жатқаннан бір ай өтісімен-ақ «қан рагы» деген дягноз қойылыпты. Бүкіл денесіндегі тері тесікшелерінен қанды ірің шыпылдап шығып тұратын болған екен.

Емделу үшін Үрімжідегі медицина институтына апарылып, одан шипа таба алмаған соң Шаңхайға жөнелтіліпті. Бұзылған қанын Шаңхай емханасы түгел сорғызып тастап, орнына бүтіндей жаңа қан құйылса да жазылмай, бірер айдан соң, қайталап ауырыпты. Жаңа құйылған қан тағы бұзылған екен. Ол қанды екінші рет ауыстырып, тағы да жаңа қан берілсе де қайталапты. Шипа қонбайтындығын білген Шаңхай емханасы, демала жатып емделсін деген сылтаумен Үрімжіге қайтарып жіберген екен.

- Медицина институтына қайта келіп жатыпты. Әлі сонда. Сасып-шіріген қанды іріңін ағызып, әлі жатыр дейді! - деп тоқтатты Күлән сөзін. - Ояусың ба, Биғаш? - деп сұрады аз кідірістен соң, төсегінен басын көтере қарады. Шырақ өшіріліп, терезенің қалың пердесі түсірілген, қараңғы үйге кішкене саңылаудан ай сәулесі түсіп тұр еді. Сол сәуле, басын көтеріп алған Күләннің аппақ көкірегіне дөп келе қалғанда екі нұр шағылыса кетіп, үй іші жарқырап қалды. Көрпесін Күлән қымтана қойды да, көзімді мен тайдырып әкеттім.

- Ояумын! - дедім сырт қарап алып. - Мұндай қорқынышты дертті медицина ғылымының тездетіп жоюын тілеп жүрсем де, Жаубасардың одан бұрынырақ жойылуын тілейтіндеймін. Сонда маған Жаубасардың өзі рактан да қатерлі дерт деген ұғым пайда болғаны ғой!

- Қызықсың-ау, Биғаш! - Күлән жымиғандай болды. - Ұйықтап қалған екен десем, соны ойлап жатыпсың ғой!

- Бүгін ұйқым келер емес! - деп күрсіндім. Күләннің менен жасыра күрсінгені естілді.

- Олай болса Ақия мен Ізбасарың жөнінде сөйлеп берші!

- Онда сөйлейтін не бар дейсің, Күләш, қас жауына зорланып-қорқып тиген Ақия, үйіне барысыммен мұңын шертті маған. Құшақтап жатып алып еңіреді. Құлжаннан қатты жиреніпті. Қасына жатқанды көптен-ақ қойған екен. «Итке күшік туып шұбыртып беруден» мүлде баласыз өтуді дұрыс көретіндігін айтты. Өзінің әлі де бала көрмей, қартайғанда жалғыз қалатындығын білдіріп жылағанда қалай шыдайын, мен де жылап бердім сонсоң!... Құмарға опасыздық істеп, жауымызға тигеніне кегім де бар ғой. Міне ендеше деп аямай «жыладым»!

Күлән сақылдап күлді бұл сөзіме:

- Тіпті сауапты іс болыпты. Ал, өзіне Құлжанды сүздіргенің рас па?

- Ақия тантық мұны да айтып берген бе саған? -дегенімде тіпті қатты күлді. - Құлжанның қасына мені қолымнан тартып апарып, жатып алып сүзген өзі! - деп ақталдым бұл қылмыстан. - Сүзеген текеше әдейілеп мойынын бұрып алып сүзгіледі.

- А-ха-ха-ха-һа-һа...а.., Құлжан білмеді ме бұл қорлауын?

- Білгенде қайтпек, әйеліне өзін сүздіріп жатқан мына зорекер, мына қаһарына қарағанда өзіме дауал сүздірер деп қорыққандай, тым-тырыс жата берді!

- Ха-ха-ха-һа-һа...а.., тағы да қатты күліп алып күрсінді Күлән. - Япырай, кек дегеннің қиын-ай!

Әрең құрған тұрмысын бұзған Құлжанға деген кегі, өзін өлтірсе де арылмайтын сияқты.

- Мақпал мен сенің тартқан күйігің үшін де сүзіпті оны.

- Ал, мен кеткен соң Құмарын тауып алған екен. Ізбасар кімнен қалғанын оған ашық айтыпты. Қылмыс  тоқсындық жезөкшемен үйленіп қойған өзінде екендігіне мойындатып алып, табысыпты онымен. Құлжанның қасына Құмардың өзі жетектеп апарып, ашықтан-ашық сөйлей жатып сүздіретін болыпты. Сен барып қайтысыңмен табысқан екен. Ізбасардың Құлжаннан болмай, «өзімізден болғанына» қуанып, қайта некеленетін болып келісіпті. Былтыр мен Тарымнан қайтып келгенімде, Ақия, Құлжанның күні біткенін, «арақтан өлісімен» қайта той жасайтын болғандықтарын айтты. Ізбасарға іні дайындап қойғандықтары да байқалды.

- Тарымға қайтып кетеріңде... егер Мақпал... жоғалып кетсе... сенімен үйленемін дегендей сөз бермеп пе едің оған?

- Жоқ, әуелден-ақ ондай сөз болған емес! Қандай жағдайда да Мақпалдан үміт үзе алмайтындығымды өзі-ақ айтқан. Тек, сол кездегі жай-күйіміз үшін, оның маған бұрынғы-алғашқы түскен көңілі үшін, Құлжандағы кегіміз үшін, бір бала көріп қалу тілегі үшін, мұндай уақыттық байланысуымыз қылмысқа есептелмейтіндігін ашық айта жүргенбіз.

- Мақпалдан Асқарың болса, Ақиядан Ізбасарың бар ғой. Жарты көңілің сонда емес пе?

- Қорқақ әйелмен үйленудің қатерлі екендігін көрдік қой. Ал, Ізбасарды өгейсітпей, өзімдей тәрбиелейтіндігіне Құмардың өзі де ант айтып айырылысты менен. Мақпалға бұрынғы бүтін жүрегіммен, алаңсыз аттандым.

- Мақпалмен бірге бола алмағаныңа биыл тұп-тура жиырма жыл өткені есіңде бар ма?

- Жыл түгіл күн санап жүргеніммен, лаж не?

- Ол, жас қой. Одан бес-алты жас үлкен өзің де шыдамай, әр түрлі жүрісте болыпсың. Мұншалық жылды, былайша айтқанда, бүкіл жастық өмірін, ол бишара қалай өткізерін ойлап көрдің бе?.. Әділ едің ғой, Биғаш! - дегенінде Күләннің үні дірілдеп, әрең шыққанын сезе өтіндім:

- Менен әділдік сұрамақ екеніңді, келгеннен бері сезіп жатырмын, Күләш. Шын махаббат иесінің қалыс әділдік айтуы қиын ғой. Сүзбе буаз, күпті етіп қинай бермей, шындығыңды, не болса да бір-ақ айтшы! Өлді ме екен, иә, басқа біреуге тиіп кетті ме екен?

Менің бұл сұрауымның іштен жылай шыққанын Күләш та сезгендей, бұлтара жауап берді:

- Кеткеннен бері хабар ала алмағандығымды айттым ғой. Тек, Мақпалыңның мінезі мен жүрегіне ғана қарап, бүтіндей сенім байлау да қиын. Әйел табиғатында оның шамасынан тыс мәселе де болатындығын ескере жүр демекшімін. Және шекарадан өтудің қазір тым қатерлі екендігі айтылып жүр. Шекара қорғаушылардың қолына түскен қашқынды, ешкім көрмейтін жерде жасырын жоғалта салатыны да бар екен. Сол себептен, өтіп кете алмайтын жағдайда асығып, қатерге ұшырап қалмауың үшін өзіңе уақытша жарамды алданыш тауып үйлене тұруың қажет. Осы қалада саған лайық аса жақсы жесірлерден бірнешеуі бар!

- Мақпалыма енді жақындап қалғанымда басқасын қайте қояйын!.. Ал, өзіммен тел жасап, ащы-тұщыны тең көріп келген, тепе-тең жесірімнің жөнін айтпақ болсаң, енді қисыны жоқ емес! - деп күліп жіберіп едім. Күлән шошып қалғандай жалт қарады маған:

- Үй, Биғаш, не деп жатырсың сен!.. Орайы келгенде айтып қояйын, «тәжірибелі бал арасы солған гүлге қонбайды», ондайдан, көрсе қызар ұрыншақтықтан енді мүлде аулақ бол! Басыңа қандай тағдыр келсе де өкіндірмейтіндей, ашындырмайтындай, қайғыртып, қапаландырмайтындай, қай жағынан да Мақпалыңнан қалыспайтын әйел қажет саған! Дәл сондай кемелетті жас жесірден осында екеуі бар. Қайсысын таңдасаң, соны уақытша көндіріп бере тұрамын!

- Бірақ,... күдігіме қарсы «уақытша» дедің ғой?.. Енді маған «уақытшаның» қажеті жоқ!.. Мәңгілігіме неғұрлым, неғұрлым тез жетуім керек! Не болғанын бара көрермін. Ал, бұл шекарадан өтуім қиын болса, жайлау уақытында Тарбағатайдан өткізіп салатын ағайындарым бар. Соған бұрынырақ дайындалып тұруым үшін тез кетуім керек!

Бұл сөзіме Күлән үнсіз қалды. Шиқ ете түскендей болды. Жылап жатыр ма деген күдікпен дауыстап сұрадым:

- Ұйықтап қалдың ба, Күләш?

- Жоға, ояумын! - Күлән аз кідірістен соң дірілсіз тұнық үнмен жауап қатты. Өз жайын анықтап сұрауға кірістім:

- Олай болса, қаладан безіп, көне заманның кимешегін киіп алған себебіңді айтшы!

- Ол, ұзақ әңгіме, ертең естірсің, ұйықтай ғой! - Ірге жағына қарап, ұйқыға кеткендей пысылдады өзі. Онысы алдағаны екендігін, өзім де өтірік пысылдап, біраздан соң аунақшығанынан, күрсінісінен білдім. Рас ұйқымыз таң ағарғанда басталды.

Әділетті тергеушім, нағыз бетпақ, алдампаз нанған-нанбағаныңа қарамай алдай береді ғой. Бұл өнерді өздеріңізден үйреніп игермеген болсам, осы ақ көңіл Күләннан да алданатындығымда сөз бар ма. Амалымды асыра пысылдап, өзін алдамасам, оның ұйықтату үшін алдап жатқанын мүлде сезбейді екенмін. Кіршіксіз адал досымды алдағандығым, адамгершілік жолында зор қылмыс екендігі өзіңізге болмаса да қылмыстыларыңызға түсінікті. Сөйтсе де сіздерге ұқсап, титтей істен де алдамасам, мына алдамшылар заманында тіршілік ете алмайтындығым тіпті түсінікті болып барады. Бұл алдауым арқылы Күләннің басын шыр көбелек айландырып жатқан аса ауыр ой барын, ол ойдың Мақпалымның жұмбақ тағдырымен байланысып жатқандығын айқындағандай болдым.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Қызай әйелдері басына көбінесе шылауыш тартпайды. Жағы қалың кестеленген кимешек қана киеді.

 

0 пікір