Жұма, 26 Сәуір 2024
Шолу 4154 5 пікір 8 Сәуір, 2021 сағат 14:15

«Қазақ жері сатылмайтын болды ма?» (ШОЛУ)

Кеше қазақ интернет кеңістігінде қызу талқыланған екі тақырыптың бірі – Хан Кененің бас сүйегінің елге қайтарылатыны туралы сүйнші хабар болса, екіншісі – Мәжілісте қаралған жер қатынастары туралы заң жобасы еді.

Елішілік саяси коньюктураны қалт жібермей қарап отырған қазақ қоғамы осы екі жаңалықты бір-бірімен байланыстыра қарап, Кенесарының бас сүйегін Қазақстанға қайтару туралы жаңалықты «Ақорда билігінің жер заңын қабылдардағы жұрт назарын басқаға бұру әрекеті» деп бағалағандар да болды.

Хош. Кенесарының бас сүйегінің табылғаны һәм оның жуықта елге әкелінетіні туралы сүйінші хабарды кеше жаздық. Бүгін Мәжіліс депутаттары I оқылымда мақұлдаған жер қатынастары мәселелеріне қатысты заң жобасы туралы сөз етпекпіз.

Кеше – 7 сәуірде қабылданған құжаттың ресми атауы: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы.

Бұл мәселе жайлы елішілік дискуссия әртүрлі. Пікіршілердің бір тобы – Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өз қуаныштарын жеткізсе, екіншілері – күмәнмен қарайтындықтарын айтады.

Сонымен, БАҚ не жазып жатыр? Әлеуметтік желінің қазақ тілді сегменті не дейді? Біз шолу жасап көрдік.

Әуелі, ҚР Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров не дейді?

«Аталған заң жобасының негізгі мақсаты – шетелдіктерге, шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, қандастарға, халықаралық ғылыми орталықтарға А/Ш мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншікке беруге және уақытша жер пайдалану құқығымен (жалға) иеленуге тыйым салу», - дейді.

Министрдің айтуынша, осыған дейін шетелдік тұлғаларға жалға берілген жерлер пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қайтарылмайды. Сондай-ақ, жалға алу мерзімі де ұзартылмайды.

«Бұл заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған А/Ш жерлерінің пайдалану мерзімін ұзартылмайтындығы және олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған», - депті министр.

Министр мәліметінше, қазіргі уақта А/Ш мақсатындағы 74,4 мың га жер бірлескен кәсіпорынға және 18,5 мың га жер екі шетелдік заңды тұлғаға жалға берілген. Бұл жерлер мораторий енгізілгенге дейін берілген. Ал олардың жалға алу мерзімі 2022-2025 жылдары аяқталады.

«Азаттық радиосы» 7 сәуір күні «Мәжіліс шетелдіктерге жер беруге тыйым салатын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады», деген материал жариялады. Онда жоғарыдағы ақпараттар айтылып: «2006 жылдан бері елдегі бейбіт наразылықтарда жұрт биліктен жерді шетелдіктерге сатпауды, жалға бермеуді талап етіп келеді.

Президент Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерін жалға берілмейтінін және сатылмайтынын айтып, тез арада заң қабылдауды тапсырған. Наурыз айының ортасында заң жобасы мәжіліске түсіп, құжатты талқылау үшін мәжіліс жанынан жер комиссиясы да құрылған.

Қазақстан территориясының 37 пайызын (100 миллион гектардан астам) ауыл шаруашылық жерлері құрайды. Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ кейбір белсенділер елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату тәжірибесін енгізу қауіпті деп санайды», - деп жазылған.

«Азаттық рухы» сайты 7 сәуір күні «Шетелдіктерге жалға берілген жерлер 2025 жылға дейін мемлекетке кері қайтарылады», деген тақырыппен шағын материал жариялады. Сайт өз материалында министр Сапархан Омаров пен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сөздерін көрсетіп: «Елімізде шетелдіктерге жалға берілген жердің көлемі 18,5 мың га құрайды. 2025 жылға дейін олар жалға алған жерлерді толығымен мемлекетке кері қайтарады», - деп жазды.

«DAT» газеті бүгін «Қазақ жері сатылмайтын болды ма?», деген тақырыпта шағын материал жариялады. Газет өз материалында «Азаттық радиосына» сілтеме бере отырып: «Ал елдегі жер қатынастарын реттейтін басты құжат – «Жер кодексі» аталған тыйым салу нормаларын қамти ма, жоқ бұл мәселе әлі де сөзбұйдаға созыла ма? Ауыл шаруашылық мақсаттағы жерді сату мәселесіне наразы жұртшылық осы талаптың «Жер кодексі» мен ел Конституциясында шегеленіп жазылғанына тәнті екенін еске саламыз», - деп жазады.

Мәжілістің ресми сайты 7 сәуір күні жер қатынастары туралы заң жобасы талқысына қатысты 4 материал жариялапты. Оның бірі Мәжіліс отырысының бейне нұсқасы екен. Қалған үш материалда Мәжіліс депутаттары мен спикер Нұрлан Нығматулиннің сөздері жарияланған. Онда Мәжіліс төрағасы: «Бүгінгі мақұлданып отырған жер қатынастары туралы заң жобасының Қазақстан қоғамында маңызы да, орны да ерекше. Себебі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжаттың нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген сұрақ бойынша нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады», - деп пікір білдірген.

Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында аталған заң жобасын талқылауға қатысты бірде-бір ақпарат жоқ.

Министрлің сайтының «жаңалықтар» лентасында соңғы материал 6 сәуірде жарияланған. Ол – «Фермерлер 2021 жылға арналған құрғақшылықтан сақтандыру шарттарын жасай бастады», деген ақпарат. Ал «Құжаттар» бөлімінде 7 сәуір күні 3 материал жарияланған. Алайда олардың бірде-бірі жер қатынастары туралы заң жобасына қатысты құжаттар емес.

Әлеуметтік желі не дейді?

Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты: «Жер мәселесінде шегінерге жер жоқ. Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді!

Енді осы бүгін қабылданған Жердің шетелдіктерге сатылмауы мен жалға да берілмеуі туралы заң жобасының негізгі баптарын Жер туралы комиссия басшылыққа алып, барлық жер туралы мәселелерді түгел шешуі тиіс.Иә, бүгін, сәулелі сәуір айының қасиетті 7-сі күні қабылданған заң жобасы бүкіл елдің күтіп отырған ең басты құжаттарының бірі еді. Өйткені, Жер болмаса, Ел де болмайды!

Сондықтан заң жобасын қуана қолдап, ерекше толқыныспен дауыс бердік. Дауыс бере отырып, өзімнің осы бүкіл ел күткен Тәуелсіздіктің берік тірегі болар тарихи шешімді қабылдауға қатысып отырғаныма Аллаға сансыз шүкірлік еттім.

Ал осы халықтың наразылығына ұшырап, елді алаңға шығарған жер сату туралы даулы баптар қабылданған парламент құрамында болмағаныма қуандым.Жер мәселесінде шегінерге Жер жоқ! Өйткені, Жер – Тәуелсіздік кепілі!», - деп жазыпты.

Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан бүгін: «Біз, Жер Комиссиясының мүшелері, Қазақстанның ауыл шаруашылығына арналған жерлерді Қазақстан Республикасының азаматтарына да жеке меншікке сатуға қарсымыз! Жер мемлекет меншігінде қалуы керек. Азаматтарымыз жерді жалға алып жұмыс істесін.

Жер комиссиясының басқа да мүшелерін, және де барша азаматтарды бізге қосылуға шақырамыз!», - деп жазып, комиссияның өзге де мүшелері – Мұрат Әбенов, Жәнібек Қожық пен Мақсат Толықбайды белгілеген.

Қоғам белсендісі Ринат Рафхат Кенесарының бас сүйегінің Қазақстанға қайтарылу туралы жазбасында: «Мүмкін сыртқы емес ішкі саясатымызға да қатысы бар шығар. Қазіргі уақытта жер реформасына байланысты жерге қатысты заңнамаларды өткізу үшін, халықтын назарын басқа жаққа бұруы да болуы мүмкін. Естеріңізде болса сайлау алдында Ресей Думасының депутаттарын үргізіп қойды да, сайлау өткеннен кейін сол депутаттар сөздерін қайтып алғандай болды ғой. Соны да естеріңізден шығармаңыздар. Демек, аса мән беріп қуанып кетпеңіздер», - деп жазады.

Жер комиссиясының тағы бір мүшесі Жәнібек Қожық: «Конституция бойынша ҚР азаматтығын алған қытай мен қазақтың құқы бірдей. Қазаққа сатылған жер, ҚР азаматтығын алған қытайға да, орысқа да, өзбекке де сатылады. Бұл Отанымызға қауіп! Біз соған қарсымыз! Қазақтың А/Ш жерлері ешкімге сатылмасын!», - деп жазады.

Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан «Жер туралы негізгі мәселеге нүкте қойылды» деген жазбасында Мәжіліс отырысында талқыланған мәселелерге шол жасай отырып: «Сонымен халықтың жанын да қанын да толқытқан Жер туралы Заң жобасына қатысты негізгі сұраққа нүкте қойылды.

Әрине,осымен қазақ жерінің мәселесі түбегейлі шешіліп кетті деуге болмайды. Әлі де ұйыған жайттар мен елдің көкейінде сауалдар аз емес. Енді сол сауалдарға да жауап табылатын сәт жақын.

Жер реформасы жөнінде арнайы комиссия құрылған. Осы комиссия шеңберінде қалған сауалдардың бәріне толыққанды жауап беріледі деген үміттеміз», - деп жазады.

Abai.kz

5 пікір