Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 4759 5 пікір 9 Қаңтар, 2020 сағат 11:32

Ергежейлілер елі

Ақылды кітаптардан барлық уақытта да ойдың кенішін табасың. Көп жағдайда, ондай көркем дүниелерде шығарманың сыртқы фабуласының атқаратын қызметі шамалы. Автордың кітабында қандай құпияның жасырынғанын білу үшін оның ішкі әлеміне тереңірек үңілу керек.

1951 жылы Нобель сыйлығын иеленген швед жазушысы Пер Лагерквистің «Ергежейлі» романын оқып шыққаннан кейін, осы шындыққа тағы да көзім жете түсті.

Шығарма авторының ергежейлісі ниеті жаман - жексұрын кейіпкер. Сүйкімсіз ергежейлі арқылы жазушы нені көрсеткісі, қандай ойды айтқысы келді? Бас кейіпкердің адам сүйерлік қылығы жоқ құбыжық екенін ғана ма? Егер осылай ғана ойласаңыз қатты қателесесіз. Шындығында «Ергежейлі» романы адам жанында қандай бұзақы ойлардың «қайнары» өмір сүруі мүмкін екенін суреткерлік шеберлікпен жеткізген - аллегориялық туынды.

Дүние жаратылғаннан бері адам жанының қараңғы түкпірінде неше түрлі зұлымдықтардың, қатыгездіктердің, екіжүзділіктердің өмір сүріп келе жатқаны жасырын емес. Ең қорқыныштысы біз жүз жерден адамгершілікті дәріптесек те мына жалғанда ойы қортық ергежейлілердің жолы болып, асығы алшысынан түсіп келеді. Сөзімізге сенбесеңіз, билік басындағы атқамінерлердің, ресми, саяси, мәдени мекемелерге басшылық етіп отырған шенділердің, баспасөздің құлағын ұстаған редакторлардың кім екеніне ойша көз жүгіртіп көріңіз – ергежейлілер дәуренінің жүріп тұрғанына көңіліңізде еш күдік қалмайды. Тіпті, ең киелі әдебиет пен мәдениеттің ергежейлілердің ен-жайлауына айналғанына қай заман.

Лагерквистің романындағы оқиғалар шексіз билікің шыңына жетіп, адам тағдырын ойыншық құрлы көрмейтін қожайындарға қызмет етіп жүрген ергежейлінің атынан баяндалады. Шығарманы оқи отырып, тереңіне сүңгіген сайын өз ішіңде өмір сүріп, оқтын-оқтын адам жанының қараңғы түкпірінен сыртқа басын шығарып қоятын ергежейліні жазбай танығандай боласың.

Шығармаға тереңірек үңіліп, шындықтың топырағын қаза түссеңіз, ақиқатында ергежейлінің өз қожайынының қызметшісі емес, қайта керісінше, оның ой-санасына құрық салып, үстемдігін жүргізіп отырған мырзасы екеніне көзіңіз жетеді. Ол өз қожайынының ащу-ызасын туғызып, қылмысқа итерлемелесе қатты қуанады. Бірте-бірте өз іс-әрекетінің опасыздығын түсінген қожайын ергежейліден қорқа бастайды. Ал, шындығында ол өзінің нағыз болмысын танудан, өз ішінде жасырынған шындықты ашудан үрейленеді. Өйткені, «әдемі» ойлардың ішіне жасырынған зұлымдық, көзге көрініп тұрған жауыздықтан жүз есе қауіпті. Өкінішке қарай, өз ішімізде өмір сүріп жатқан ергежейліні ауыздықтауға, оның өз зұлымдығын жүзеге асыруына жол бермеуге біз жылдан-жылға дәрменсіз болып барамыз. Тіпті, кейде адам баласы өз туындысын жасауға қатты әуестеніп, оның адамзат баласына қаншалықты зардап шеккізуі мүмкін екенін пайымдай алмай, «ергежейлі данышпандығын» ақылға жеңгізе алмай қалатыны өтірік емес қой.

Пер Лагерквистің ХХ ғасырдың өліарасында басын көтеріп келе жатқан зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа қарсы жазған «Ергежейлі» романында ақыл-ойыңа азық болатын дүниелер көп. Өте көп.

Лагерквист – ғажайып суреткер! Ал, стилінің жеңілдігі мен ойнақылығы қандай керемет. Әр сөйлемді құрудағы зергерлігі, ойды сығымдап берудегі шеберлігін сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Романның соңғы бетін жапқаннан кейін Қазақстан қоғамындағы шындықты швед жазушысының романынан көргендей әсер алып, көңілім құлазып «Ергежейлілер елін» тастап, басқа бір мемлекетке кетіп қалғым келеді. Бірақ, қайда барасың? Біз сияқты «ергежейлілердің» кімге керегі бар?

Амангелді Кеңшілікұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

5 пікір