Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Билік 8630 1 пікір 17 Ақпан, 2017 сағат 13:25

ДІНІМІЗДІҢ ИСЛАМ ЕКЕНДІГІ – АТА ЗАҢЫМЫЗДА КӨРСЕТІЛУІ КЕРЕК!

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Мемлекет басшысының бүкілхалықтық талқылауға шығарған «Қазақстан Республикасының Конституциясына  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңының жобасына кең түсіндірумен өз ұсынысымды білдіргім келеді.

Қазір бүкіл әлем елімізді мұсылман мемлекеті санайды. Мұсылман мемлекеті ретінде екі жыл бұрын әлемдік Ислам конференциясы ұйымына бір жыл төрағалық та еттік. Осылай бола тұра бүкіл әлем мойындап отырған осы  тарихи шындықты біз өз елімізде неге заңды түрде мақұлдамай келеміз. Мақұлдасақ – ол Ата заңымызда айқын көрсетілуі керек емес пе?.

Ел Конституциясы – Заң, республикалдық референдумда қабылданған қасиетті Ата заң! Осы Ата Заңымыз – бүгінгі таңда халықтың барлық талаптарын қанағаттандырып тұрған сияқты болғанымен әділдік тұрғыдан қарасақ кемшіліктен де құр алақан емес.  Сол кемшіліктің ең бастысы –  Ата Заңымызда, өзі тарих сахнасынан өшсе де,  кешегі атеистік Кеңес Үкіметі кезіндегі коммунистердің санаға мықтап сіңіріп тастаған «Дін мемлекеттен бөлек» деген  ұранының  сол қалпы осы заңда қалып қоюы. Егемен ел атанған ширек ғасырдан бері осы жалған ұран Ата заңға енгізілген ақтаңдақ болып тұр. Біз дінсіз социализмді қалдырып, өз дінімен бірге өмір сүріп отырған капиталистік қоғамды таңдадық. Осындай жаңа қоғамға қадам басқан соң оның ұстанымын неге кері итеріміз?

Заңды қабылдауда кезінде жобаны дайындаушылар ұлттық ерекшелігі бар қазақ елінің заңы екендігіне мән бермей, ел тағдыры мен тарихына назар аудармай, оның дәстүрі мен салтына келе бермейтін, - сенімі мен ұлттық дәстүрі бөлек, сонау батыс елдері тіршілігін негізге алып дайынған бұл заң  өз атына сай жұмыс жасап тұрған жоқ және жасай да алмайды. Неге?  

Ата заң – әр бабы бұлжымай орындалатын құжат.  Егер Ата заңда көрсетілгендей мемлекет шынымен діннен бөлек болатын болса, онда бұл мемлекет өзі шығарған заңға қайшы келмей діннің ішкі жұмысына түбегейлі араласпауы керек. Мұнан соң: «Біз зайырлы мемлекетпіз, зайырлы мемлекет дінсіз мемлекет емес, дінді теріске шығармайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі» деп жалпылама айтылатын  жалған сөз – қабылданған заңды ақтамайды. Дін мен зайырлылық екеуі екі түрлі ұғым.  Дінді – Алла Тағалам адам жаратылмай тұрып оны тәрбиелеу үшін келтірген, ол үшін Құран кітабын дайындаған. Ол болмысы өзгермейтін сенім, ал зайырлылық – құбылмалы ұғым.

Осы орайда таяуда қабылданған  «Дін істері және азаматтық қоғам туралы» заң жайлы айтуға болады. Нақтылы түйін пікір – Заңның Елбасы бастамасымен жарық көріп, бекіп кеткені өте дұрыс шаруа болды. Мұны иманы бар қазақың бәрі мақұл көріп отыр. Бірақ осы заң құқықтық тұрғыда заңды ма? Діңгегінде діні бар дін жанашырларын осы жағдай ойландырады. Конституциямызда “Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Президенті құрады” – деп жазылған. Бұл тұрғыдан алғанда жарияланған заң құқықтық негізде алынған – заңды. Ал екінші жағынан қарасақ  осы Конституцияда ширек ғасырдан бері  «Дін мемлекеттен бөлек» деген сөз  әлі тұр ғой. Демек, Ата заңымызда  осы екі бап бірімен бірі өз үйлесімін таппай тұр. Үйлесімін таппақ түгілі, қызыл көзденіп біріне бірі қарсы шығып тұр емес пе,  бұны кім қалай түсіндіреді?

Ата заң – әр бабы бұлжымай орындалатын құжат.  Егер Ата заңда көрсетілгендей мемлекет шынымен діннен бөлек болатын болса, онда Елбасы қол қойған соңғы заңның заңсыздығы ешбір дәлелді қажет етпейді.  Ата заңдағы осы олқылықтан 2011 жылы қайта толықтырулармен қабылданған  діни қызмет саласындағы  заң да бүгінде дәрменсіз жұмыс жасап тұр. Өйткені бұл заңды да Ата заңымыз толыққанды қуаттап тұрған жоқ. Осы сияқты «Діни мерекелерді демалыс күні ретінде атап өту туралы» заң да Ата заң  шеңберіне сыймайтын құжат болып саналады.

Отан, ел деген не?.. Ол халықтың өткені, бүгіні және келешегі. Біздің еліміздің де ғасырлар бойы қалыптасқан өз тарихы бар. Сол тарих та - дәстүріміз бен салтымызға сай ұстанған заңымыздың болғанын мақұлдайды. Сол заңның қай-қайсысын зерделеп қарасақ та еліміз еш уақытта  өз дінінен алшақтамаған. Тіпті, Ислам мемлекеті болып құрылған кездері Ата жұртымыз  әлемде барынша гүлденіп шарықтаған дәуірді басынан кешкен. Ал мемлекет – өз дінін әлсіздендіріп, оны басқаруға алауыздық енген кезде – күйреген. Оның нақтылы дәлелі – әлем мойындаған Алтын орда мемлекетінің тарихы.

Кезінде елдің Ата заңын қабылдауда осы жағдай неге еске алынбады? Заң арқылы қазақты  өз дінінен бөліп тастау – бұл қазақ халқына заңмен жасалған қиянат.  

Демек, Қазақстанда атадан келе жатқан дәстүрлі Ислам діні иесіз қалып, содан ел діні – дертке ұшырауда. Діннің тұрлаулы егесі болмаған соң - Үкімет терроризм, экстремизм туралы заң қабылдаса Исламды дұшпан етіп көрсетуді дәстүрге айналдырды. Дін – Алланың жолы, терроризм мен экстремизм – адамдардың тірлігі. Діннен үрейлі Үкімет осыны неге мойындауға тырыспайды?  Олар Исламның қадір қасиетін түсінбей табалап, таптап тастауға тырысуда. Осыны көре біле тұра неге не діни басқарма, не дін зиялылары үнсіз. Мұның өзі еліміздегі Исламды қорғайтын діңгегінде діні бар жандардың тапшылығын көрсетіп отыр. Сонда осындай дәрменсіз күйді басынан кешіп отырған Исламды кім қорғайды?  Исламды - мемлекеттік тұрғыдан қолдау арқылы ғана қуаттандыруға болады емес пе. Біз Ливан тарихын неге естен шығарамыз?! Бұл елдің негізгі халқы арабтардың тілі де, мәдениеті де біреу, бірақ – діні екеу. Осы халық ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында қолдарына қару алып, он жыл бойы бірін-бірі аяусыз қырды. Елде қан төгілді...  

Қазір «Мәңгілік ел» идеясын іске асыру үшін Елбасы халықты бірлікке шақырып жатыр. Бұл бастамаға Алла жар болсын! Идея іске  асу үшін Ата Заңымыз қазақ елінің Заңы болғандықтан, Конститутциядағы «дін мемлекеттен бөлек» деген тұжырымды алып тастап, оның орынына Ата заңымыздың Жетінші бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген сөзден бұрын  «Мемлекеттің діні» деген төл құжаттық анықтама енгізіп, оған: «Мемлекеттің дәстүрлі діні –  Ислам, ал қалған әлемдік діндер мойындалады» деген сөз алтын әріппен қашалып жазылып енгізілуі керек. Өйткені дін – ұлт пен тілден де бұрын Адам Ата өмірге келмей тұрғанда өмірге келетін адамдарды тәрбиелейтін тәрбие құралы ретінде дайын болған. Осылай жазылса бүгінгі таңда есіктен кіріп «төр менікі» деп орныға бастаған жүгенсіз діни секталар өз айылдарын оп-оңай жинаған да болар еді.

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1429
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1270
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1030
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1084