Жексенбі, 16 Маусым 2024
Жаңалықтар 2023 0 пікір 18 Шілде, 2011 сағат 11:43

Арман Байеке. Майталман маманның мойындалуы

 

 

Сонымен, біраздан бері мұнай және газ саласының қыр-сырына үңіліп жүрген журналистер мен сарапшылардың тақырыбына тұздық болған «Газпром» ААҚ Директорлар кеңесінің жаңа құрамына қатысты әңгімеге нүкте қойылды. 2011 жылдың 30 маусым күні Мәскеуде Ресейдегі ең ірі энергетикалық компания болып саналатын - «Газпром» акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтіп, онда оның Директорлар кеңесінің жаңа мүшелері сайланды. Олардың ішінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев бар. Осылайша ресейлік қана емес, әлемдік нарықтағы газ саласында да жетекші ойыншы болып есептелінетін  «Газпромның» директорлар кеңесінің құрамына тұңғыш рет Қазақстан азаматы, онда да қазақ ұлтының өкілі тәуелсіз директор ретінде кіріп отыр. Кеңестің бұл жолғы құрамын сайлау әдеттегіден өзгеше болды. Ол негізінен президент Д. Медведевтің тапсырмасымен байланысты еді. Ресей басшысы 2011 жылдың наурызында мемлекеттік компаниялардың (бұл санатқа «Газпром» да жатады) Директорлар кеңесінен шенеуніктерді шығарып тастап, оларды тәуелсіз директорлармен алмастыруды талап еткен болатын. Нұсқауға сәйкес, шенеуніктер бәсекелестік ортада жұмыс істейтін компаниялардың директорлар кеңесінен 1 шілдеге дейін кетуге тиіс болды.  Сондықтан да кеңес құрамынан екі тұлғаның - РФ Энергетика министрі Сергей Шматко мен РФ Экономикалық даму министрі Эльвира Набиуллинаның шығатыны о бастан-ақ белгілі болды.  Ақыры, 11 адамнан тұратын директорлар кеңесінің құрамына 12 кандидат үміт артты. Бұлардың басым көпшілігі Директорлар кеңесінің алдыңғы құрамынан келе жатқандар болатын және олар оңайлықпен жылы орындарын суытпайтыны анық еді. Ал қалған 3 орыннан үмітті 4 кандидат: Ресейдегі ірі ғылыми-зерттеу және білім беру орталықтарының бірі - Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын басқаратын көрнекті ғалым Владимир Мау, И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Мартынов, «Газпромбанктің» басшысы Андрей Акимов, сондай-ақ қазақстандық «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев - жаңа тұлғалар болды. «Сен тұр мен атайын» дейтін осы төрттіктен Директорлар кеңесінің құрамына мүшелікке енген үштіктің қатарында Т. Құлыбаевтың болуы, мүмкін, бәзбіреулер үшін күтпеген жағдай болған шығар. Алайда «Газпромнан» ұсыныс жасалғанда Т. Асқарұлының ең алдымен ірі компанияларды басқару ісінде мол тәжірибе жинақтағаны, мұнай-газ саласының қыр-сырын жетік білетін білікті маман екендігі назарға алынғаны анық. Осыны ескерсек, бұған кездейсоқтықтан гөрі, заңдылық деп қараған жөн.

Ал жалпы Т. Құлыбаевтың «Газпромның» Директорлар кеңесіне мүше болуын мынадай факторлармен байланыстыруға болады. Біріншіден, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында экономика саласында күрделі реформалар жасап, зор табыстарға жеткенін дүние жүзінің барлық мемлекеттері көріп-біліп отыр және мойындады.  Оның ішінде көршіміз Ресей де бар. Біздің мемлекетіміздің инвестиция құюға (әсіресе мұнай-газ саласына) және бизнесті жүргізуге қай жағынан алып қараса да аса қолайлы ел екеніне, кез-келген салада әріптестік орнатуға және одан екі жаққа да пайда  болатынына барлық елдің көзі анық жетті. Бұл ретте Ресей Қазақстанмен экономика, әсіресе мұнай-газ саласында қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделілік танытуда. Екіншіден, Қазақстанның энергетикалық секторда тек Еуразия кеңістігінде ғана емес, сонымен қатар одан да кең өрісте жетекші ойыншыға айнала бастағаны жыл өткен сайын айқын білінуде. Бұны әлемнің барлық елдері дерлік, сондай-ақ мұнай-газ секторында жұмыс істеп жатқан алпауыт компаниялар да сезіп отыр. Үшіншіден, Т. Құлыбаевтың жеке басының қасиеті. Ол өзін осы жылдар ішінде ірі компанияларды басқаруға қабілетті азамат ретінде ғана емес, сондай-ақ отандық, одан қала берді әлемдік мұнай-газ саласындағы жағдайды жақсы білетін, заманның беталысын аңғара алатын, уақыт талабының тамырын дөп басатын топ-менеджер ретінде көрсете білді. Осы айтылғандарды бір түйіндесек, Т.Құлыбаевтың Ресейдің аса ірі энергетикалық компаниясының Директорлар кеңесіне сайлануы Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың, әсресе мұнай-газ секторындағы серіктестіктің айрықша сипат алғанын, маңыздылығын көрсетеді және майталман маманның біліктілігінің, кәсіби деңгейінің ел ішінде ғана емес, шетелде де мойындалғанын аңғартады.

Осы тұста айта кетерлігі, Т. Құлыбаевтың «ҚазМұнайГаз» компаниясының бірінші вице-президенті болған кезеңде (2002 жылдың ақпан айынан 2005 жылдың қазан айына дейін) Қазақстан мен Ресейдің мұнай-газ асалысындағы ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесі назардан тыс қалмағаны анық. Сол жылдарда Қазақстан мен Ресей арасында газды өндіруге және тасымалдауға қатысты бірқатар маңызды келісімшартарға қол қойылды. Мәселен, 2002 жылы Қазақстан мен Ресейдің «ҚАЗРОСГАЗ» бірлескен кәсіпорны құрылды. Құрылтайшылары: Қазақстан жағынан - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ (50%), Ресей жағынан - «Газпром» ААҚ (50%). Кәсіпорынның миссиясы - Қазақстан мен Ресейдің өзара тең құқылы, өзара тиімді, тұрақты және ұзақмерзімді ынтымақтастығының негізінде қазақстандық газдың тиімді экспортын қамтамасыз ету және газ саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру. Ал биыл сәуір айында осы «ҚазРосГаз»  Имашев трансшекаралық газ конденсаты кешенін зерттеу жобасының операторы болып анықталды. Әрине, сонымен қатар Т. Құлыбаевтың «Газпромның» Директорлар кеңесінің мүшесі болуына «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының басшылығында атқарған және атқарып жатқан жұмыстары да септігін тигізгені даусыз.

Сарапшылар «Газпромның» директорлар кеңесінің құрамына «Самұрық-Қазына» қоры басшысының сайлануы Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты энергетикалық ынтымақтастықтың кезең-кезеңмен дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтуда. Ал жалпы, сала мамандарының пікірлерінше, Директорлар кеңесінің жаңа құрамы компанияның ресейлік және халықаралық газ нарығында одан әрі нығаюын қамтамасыз етумен байланысты мәселелерді кешенді түрде шешуге қабілетті.

0 пікір