Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Дежа вю 5058 18 пікір 6 Ақпан, 2018 сағат 12:36

«Қазақстанның жаңа сотын Британ судялары басқарады»

Әдеттегідей ағылшын тілді БАҚ біз жайлы не деп, не қойып жатыр екен деген қызығушылықпен Батыс басылымдарының бірсыпырасын шолып шықтым. Сөйтіп, Британиялық «The Times» басылымында жария болған Франсес Гибб деген автордың «Қазақстанның жаңа сотын Британ судялары басқарады» атты мақаласын оқыдым. Енді сол жайлы жазбақпын.

Британияның бұрынғы сот төрағасы Лорд Вульф пен оның сегіз әріптесі Қазақстанға келіп, Еуразиядағы бұрын болмаған коммерциялық сотты басқарады екен.

«Қазақстан жайлы деректің аздығына байланысты бұл мемлекет жайлы көп жұрт Саша Барон Коэн ойнап шыққан «Борат» фильмі арқылы ғана біледі. Енді жағдай мүлде өзгереді. Себебі, Британ әділ сотының ең үздік маманы, бұрынғы сот төрағасы лорд Вульф Қазақстандағы коммерциялық соттың төрағасы болып тағайындалды. Онымен бірге Біріккен Корольдіктен тағы сегіз сот төрағасы мен құқық қорғаушы жұмыс істейтін болады», - деп бастайды мақаласының әлқиссасын әлгі Франсес Гибб (So little is known about Kazakhstan that most people’s impressions are derived from Borat, the hapless reporter portrayed by the comedian Sacha Baron Cohen. That is about to change. One of the leading judicial figures in the UK, the former lord chief justice Lord Woolf, has been appointed to be the chief justice of a new commercial court in Kazakhstan, with eight other judges and senior lawyers from the UK).

Бұндай коммерциялық сот жүйесінің баламасы Сингапурда, Гонконгта, Дубайда, Абу-Даби мен Қатарда бар көрінеді. Британдық сот алқасын арнайы алдыртқан коммерциялық сот Халықаралық «Астана» қаржы орталығының аясында, соның қолдауымен құрылып, қаржы орталығын Орталық Азиядағы жетекші хабқа айналдыру үшін жұмыс жасайды екен. «The Times» солай деп жазып жатыр.

«Бұндай сот Еуразия құрлығында бірінші рет құрылып отыр. Қазақстан Қытай және Ресеймен шекараласады. Ал Қытай «Жібек жолын» қайта жандандырып жатыр. Ол «Жібек жолы» Қазақстанның территориясын басып өтеді. Сондықтан сот жұмысы үлкен нәтижелерге қол жеткізуі мүмкін»,-дейді лорд Вульф.

«Барлық сот алқасы Британиядан болады және Халықаралық «Астана» қаржы орталығының заңнамалары қолданылады. Заңнамалар ағылшынның негізгі жалпы заңына негізделеді.  Бұл істе олардың ешқандай тәжірбиесі жоқ.  Аталған  қаржы орталығы соттың тәуелсіз әрі  тура болуын қамтамасыз етеді. Тәуелсіздік – мемлекеттің конституциясымен кепіл етілген»,- депті британдық сот төрағасы.

Лорд Вульф дәл осындай сот жүйесін Дохада да құруға белсенді араласқан екен. Ол кезде оның хатшысы адвокат Кристофер Кэмпбеллом-Холт болыпты.

«Қазақстан халқының басым бөлігі - мұсылмандар. Бірақ ол жақта либералды ислам формасы қалыптасқан. Адамдар кез келген дінді ұстана алады. Шамамен 25 пайыз халық орыстың православ дінін ұстанған. Ал шариғат ережелері сотта қолданылмайды»,-депті Лорд.

Ал енді елдегі адам құқықтары мәселесіне келсек, дейді Вульф, ол елде ер мен әйел теңдегі бар. Және Қазақстан ер адамның үстемдігі деген түсініктен ада, дейді.

«Бұл іске британдық соттарды араластырудың өзі бұл идеяны 1991 жылы Ресейден Тәуелсіздігін алған кезден бастап реформа жасап келе жатқан президент Назарбаевтың қолдап отырғанын көрсетеді. Барлық сот төрағалары адам құқықтарын қорғауға тырысады. Дегенмен басқа да істерді қарайтын боламыз»,-дейді лорд Вульф.

Еуразия құрлығында жатқан елдердің Халықаралық масштабтағы даулы істері қазір Еуропа мен АҚШ  сотында қаралып жатқаны белгілі. Соның ішінде, Қазақстанның да қаржылық проблемалары, Ұлттық қордың қаржысының бұғатталып, артынан шешілуі мен молдован кәсіпкердің арасындағы даулы іс секілді бірсыпыра ақпар өткен жолы жария болды. Британиядан келген супер сегіздік осы істерді шешуге қауқарлы ма?

«Ал енді Лондонда қаралып жатқан Еуразиялық даулы істерге келсек, әрине алғашында бұл істердің тек бір парасымен ғана айналысатын боламыз», - депті британ лорды.

Сонымен супер сегіздіктің есім-сойлары міне:

-сэр Робин Джейкоб (Robin Jacob),

-сэр Стивен Ричардс (Stephen Richards),

-сэр Джек Битсон (Jack Beatson),

-сэр Руперт Джексон (Rupert Jackson),

-корольдіктің адвокаты лорд Фолкс (Lord Faulks),

- корольдіктің адвокаты Эндрю Спинк (Andrew Spink),

- корольдіктің адвокаты Том Монтегю-Смит (Tom Montagu-Smith)

- корольдіктің адвокаты Патриция Эдвардс (Patricia Edwards).

Олар Қазақстанға жылына бес мәрте келіп тұрады. Бұл супер сегіздік Британияда өткен рәсім кезінде ант берген екен. Олардың мантиялары Қазақстанның көк байрағы түстес болады.

Ағылшын тілінен аударған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар