Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Тарих 8363 0 пікір 25 Мамыр, 2016 сағат 10:31

ЖЕЛГЕ ҰШҚАН МИЛЛИАРДТАР (жалғасы)

                                           

Жалғасы. Басы мына жерден оқи аласыздар. 

     Енді Африка елдеріндегі кейбір соғыстарға тоқтала кетейік. Орташа есеппен алғанда Тоқырау кезеңінде Африка елдерінде 100 мыңнан артық кеңестік нұсқаушылар қызмет етіп, олар әскери ұрыстарға да қатысып отырған. Соның бірі Анголада болған соғыс. Бұл ел ұзақ жылдар Португалияның отары болып, 1970 жылдардың басында ғана өз тәуелсіздігін алған. Елдегі билікті қолға алуға Анголаның марксистік партиясы (МПЛА) мен ұлтшылдар (УНИТА) таласады.  1971 жылы МПЛА-ның көшбасшысы Агостиньо Нетоның мақсатымыз - социализм мұраттары деген уәдесін алғаннан кейін-ақ Кремль оларға қару-жарақты үйіп-төгіп береді. Төрт жылға созылған азаматтық соғыста марксистер партиясы КСРО-дан 50 мыңнан артық автомат, 1500 зеңбірек, 100 танк пен броньды машиналарды тегін алыпты. Бұлардың үстіне мыңдаған командирлер, нұсқаушылар мен үйретушілердің еңбекақысы мен оларды ұстаудың шығындарын қосыңыз. Сонда Қазақстан сияқты республиканың бірнеше ауданының бір жылдық бюджетінің шығындары артығымен шыға келеді...

            Бірақ осынша шығынның өзімен КСРО Анголада социалистік ел орната алмады. Ұлттық мүддені қолдаған партияны халық көбірек қолдап, азамат соғысы жалғаса берді.

          Кремльдік көсемдер бұл мәселені түпкілікті шешуді көздеп 1975 жылдың жазында кеңестік ұшақтармен КСРО қару-жарағымен мұздай болып қаруланған 42 мыңдық қара нәсілді Куба әскерлерін Анголаға енгізді. Заир мен Оңтүстік Африка республикасының (ОАР) интервенциясынан Анголаны қорғау десе де бұл бір мемлекеттің ішкі ісіне араласып, іс жүзінде басып алу еді. Әскердің барлық командирлері Кеңес офицерлері, ал бас қолбасшы кейін КСРО Қорғаныс министрінің орынбасары болған генерал Юрий Максимов болды. Сондықтан бұл Кубаның емес іс жүзінде КСРО интервенциясы еді. Азамат соғысының нәтижесінде социалистік мұраттағы маркстік МПЛА партиясы өкімет басына келді. Ал Куба әскерлері Анголадан тек КСРО тараған 1991 жылы ғана шығарылды.

            16 жылға созылған осы Ангола соғысы да КСРО-ның бюджетіне миллиардтаған доллар шығын әкелді. Айта кететін жәйт, осында соғысқан ұлтшылдар мен ОАР-ға қару-жарақ бермек болған АҚШ президенті Д.Фордтың шешімін Сенат өткізбей тастаған екен. Қанша бай ел болса да артық шығыннан олар бас тартқан.  

             Мозамбиктегі жағдай да дәл осы сценариймен жүргізілді. Елдің астанасы Мапутоны басып алған С.Машел бастаған марксшілдер алайда билікті ұстап тұра алмады. Сондықтан мұнда да кеңестік қару-жарақ, әскери техникамен мұздай қаруланған Кеңес әскерилерінің басқаруындағы Куба әскерлері енгізіліп, елдің азамат соғысына араласты.  Бірақ мұндағы соғыс әлі күнге аяқталмай, жалғасып келеді. Ал Кеңес халқы 70-ші жылдардың ортасынан 91-ші жылға дейін осы соғыстың миллиардтаған доллар шығынын көтерді.

          Маркстік бағытты ұстануға уәде берген подполковник Менгисту Хайле Мариам бастаған Эфиопиядағы хунтаны 70-ші жылдардың аяғынан 80-ші жылдардың ортасына дейін қолдап, миллиардтаған доллардың соғыс, әскери-техникалық, азық-түліктік, медициналық, ауыл шаруашылық, оқу-білім, құрылыс және т.б. көмектерін жеткізіп тұрды. Мыңдаған әскери және азаматтық мамандардың шығындарының өзі де миллиардтардың үстіне шығып кеткен. Соның бәрі хунтаның кеңестік казармалық социалистік жолын ұстанамыз деген уәдесі үшін ғана жасалған жәрдемдер. Бірақ бәрібір 80-ші жылдардың ортасында сыбайлас жемқорлықтың барынша өрістеуінің нәтижесінде өз елін қайыршылық халге жеткізген  М.Х.Мариам билігі құлап, Эфиопия КСРО-ның жолымен жүруден бас тартты.

            Осы күндері араб әлемін Кеңес одағы қолдамаса Израиль түгел басып алған болар еді деген тұрғыда әңгіме таратылады. Керісінше Израильді алдымен Кеңес одағы, одан кейін АҚШ қолдаған соң ғана араб елдері оны жер бетінен жоқ қыла алмады. Израиль «алты күндік соғыстан» кейін КСРО-ның Мысырда түпкілікті орнағанын айтады. Шын мәнінде КСРО Мысырда Абдел Насыр билік құрған жылдары ғана болған еді.  Истребительді авиациялық дивизия да осында қоныстанып, Мысыр аспанын күзеткен. 1960-70 жылдар аралығында өмірге келген Асуан плотинасы да сол кезде салынды. Экономиканың барлық саласындағы кеңестік көмек үлкен болғанымен оның тиімділігі жоғары болмады. Мысырдың өз экономикасы бұл жылдарда дамудың орнына кеңестік бұғауға белшеден бата берді. Ал А.Насыр өлген 1970-ші жылдардан бастап оның орнына тұрған Әнуар Садат елді кедейшілікке ұшыратқан КСРО-ның социалистік жолынан бойын бірден аулақ салып, АҚШ-тың даму жолына бет алып кетті.  Ұзамай 50-ші жылдардың ортасынан бері Мысырда тұрған КСРО әскери күштері мен «мамандары» еш нәтижеге қол жеткізбей шығарылды.

           Араб әлеміндегі КСРО-ның сенімді серіктерінің бірі Сирия болды. Елді 1963 жылдан бері кеңестік құрылысқа бағдар алған Арабтың социалистік өрлеу партиясы (БААС) басқарып келеді. Сирияның билігінде отыз жыл отырған президент Хафиз Асадтың тұсында бұл ел Кеңес одағының 16-шы республикасындай болды. Кейбір деректерге қарағанда КСРО мұнда 19 млрд. доллардың экономикалық көмектері және қару-жарағы мен әскери техникаларын тегін берген. Тек 1992 жылғы дерекке қарағанда кеңестік төрт мыңнан артық әскери контингент тұрақты түрде қоныстанған. Қазір олар Ресей туының астында әлі де тұрып жатқанын білеміз.

           Ирак пен Никарагуаға да осындай әдістермен көмектер жеткізілді. Ауғанстандағы жағдай туралы бұрынғы мақаламызда айтқандықтан оны қазір қайталамадық.

          Бір қызығы «Отан бұйрығымен» осындай қанды қырғындарға қатысқан кеңестік әскерилер мен мамандарға ешкім де ешқандай  жеңілдіктер беріп, қолдаған емес. Кремльдегі қасқалардың бұйрығымен өз отанына зияннан басқа пайдасы жоқ тропикалық елдердің ыстығына күйіп, ауруларына ұшырап, зардап шеккен, кейбіреулері тіпті мүгедек болып қалған жандар ешқандай жақсылық көрмей өмірден өтті. Олардың арасында бірлі-жарым қазақтар да кездесіп қалады. Былтыр Қызылордада өмір сүріп жатқан сондай адамдардың бірі туралы әріптесіміз Ержан Байтілес «Егеменге» жазды. («ЕҚ», «Вьетнам соғысына қатысқан қазақ», 23.06.2014 жыл). Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданынан Камбоджаға мақта егуге көмекке барған бір топ жерлестеріміздің Пол Пот жендеттерінің қолынан қаза тапқандығы туралы өзіміз жаздық. («ЕҚ», «Осындай да оқиға болған...», 26.09.07 жыл»). Артынан нақ осы оқиға туралы тарихшы Қ.Тоқсанбаев та жазды. Ондай оқиғалар, бейбіт замандағы соғысқа қатысқандар әлі де болуы мүмкін. Әскерден кетерінде кейбіреулеріне «бұл әскери құпияға жатады, ешкімге айтушы болма» деген қолхат алып, қорқытып тастағандар да болады. Сондықтан ондайлардың көбі аман келгенін басына сауға тұтып, үн-түнсіз жүре де берген... 

             Ресейде демократиялық мұраттарды берік ұстанған Борис Ельцин Президент болған 1995 жылдың 12 қаңтарында жұртшылықтың қалауымен  Алжир, Ангола, Ауғанстан, Бангладеш, Вьетнам, Лаос, Ливан, Камбоджа, Сирия, Мозамбик, Эфиопия және Йемен елдерінде болып, сондағы азамат соғыстарына қатысқан әскерилер мен нұсқаушылардың бәріне «соғыс ардагері» деген құрметті атақ беріліп, олар тиісті жеңілдіктерге қол жеткізді.

                                                          Тобықтай түйін...

          Өз халқын азық-түлікпен, тұтыну тауарларымен, дәрі-дәрмекпен, сапалы киімдермен, мінсіз қызметтермен толық қамтамасыз ете алмай жатқан КСРО-ға осынша соғыстың, осынша шығынның керегі бар ма еді? Дүниенің бәрі дефицит болып, сауда саласында таныс-білістерің болмаса күнделікті шәйді қоюырақ ішудің өзі мұң болып жатқанда біреуге бәленбай миллиард доллардың көмегін жасау немізді алған еді?  

             Егер тәуелсіздігін алған кейбір елдердегі демократиялық қозғалыстарды қолдағысы келсе АҚШ-тың байлығы емін-еркін жетіп, тіпті артылып тұрған шылқыған бай-тын. Ал біздің онымен жарысып әлемнің жартысына өзіміздің социалистік құрылысымызды таратамыз деуіміздің өзі «аттымен жарысамын деп жаяудың таңы айырылыпты» дегенге сай келеді емес пе? Экономика жоқ, жалғыз-ақ қарумен жайқағанымызға несіне мәз болдық екен. Қару-жарақты, оның ішінде жаппай қырып-жойғыш зымырандарды ешкім жемейді ғой. 

               Дінге қатты бас ұрған, ауыздарын Алласыз ашпайтын дәстүрлері өте тереңге кеткен мұсылман елдеріне барып: «біз құдайды жоққа шығаратын атеистерміз, жолымыз социализм, бізге еріңдер» дегенді билік басындағы астындағы тағы үшін қорқатын аз ғана адамдар қолдауы мүмкін, ал қалың халық мың жылда шын ниетімен қолдар ма? Ешқашан қолдамайды, сондықтан КСРО-ның ықпалы азайған сәтте-ақ олардың бәрі социализм жолынан жалт берді.

                 Айта кететін жайт, КСРО-ның құрғанының өзі классикалық үлгідегі социализм емес, номенклатуралық-бюрократиялық казармалық социализм деген ерекше жүйе екен. Ол тек күшпен енгізіліп, тоқпақпен ғана басқарылып тұрды. Кеңес одағы либерализмге есік ашқанда одан Шығыс Еуропадағы туыс, бауыр, бір мұраттағы, бір мақсаттағы елдерміз деген Польша, Чехословакия, Венгрия, Болгария т.б. басқаларының өзі тұра қашты.

                  КСРО-ның осындай келеңсіз үлгісінен басқалар бас тартып, өз елін дамытып, өз халқының әл-ауқатын арттыруды ғана ойласа ғой деп ойлайсың кейде. Әсіресе, көрші елдердің соны ескергені жөн-ау. КСРО-ның қылығынан  аузы күймейтіндерге таң қаласың... Түрлі елдерде болып жататын азаматтық соғыстарды тоқтату, ішкі кикілжіңдерді реттеу, араағайындық қызмет көрсету халықаралық ұйымдардың жұмысы емес пе? Осыны түсінбей қара күшпен араласқысы келетіндердің қаупі зор. Қазір есікте ХХІ ғасыр тұр емес пе, қанды қасаптардың жойылатын кезі болды ғой. Экономикалық көмек көрсетулер де БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде болып, оның қызметтерінің алдында есепті болуы керек екендігі бесенеден белгілі. Әйтпесе, әліне қарамай біреуге «көмек бергіштер» де көбейіп бара жатыр...

Соңы.

Жақсыбай САМРАТ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар