Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Билік 5059 0 пікір 21 Қаңтар, 2016 сағат 12:12

ШЕКСІЗ МАХАББАТ БҰЛАҒЫ – АНА ЖҮРЕГІНДЕ

Адамзат өз өмірінде екі нәрсеге таңдау жасай алмайды және сол екі нәрсе адам тағдырын, болашағын құрудағы маңызды факторлар болып табылады. Ол – Отан мен ата-ана. Егер сен көзі ашық, еңбекқор, мейірімді, адамгершілігі мол «жақсы ата-анадан» туылсаң – сенің жолыңның болғаны. «Жақсы ата-ана» сөзтіркесінің ішіне ата-аналар арасындағы сыйластық пен махаббат сезімінің жоғарғы деңгейде болуы да кіреді.

Біздің жолымыз болды, себебі біз дәл осындай жанұяда дүние есігін аштық. 2016 жылдың 20-шы қаңтарда анамыз Ыдырысова Ханшайым Ыдырысқызы 90 жасқа толады. Бүгінде жеткен жетістіктеріміз тек ата-анамыздың бізге аянбай берген білімі мен тәрбиесінің арқасында, атап айтсақ – өмірлік қағидалар, негізгі адами қасиеттер, өмірге деген көзқарасымызды қалыптастыруда қосқан үлкен еңбектері. Өмір жолымыздағы балалық шаққа саяхат жасағанымызда ата-анамыздың бізге деген махаббаты мен қамқорлығы, алғашқы балалық іс-әрекеттеріміз бен көңілді балалық шағымызды жылулық сезіммен сағына еске аламыз.

Анамыздың өмір жолы соғысқа дейінгі жылдарда туылған адамдардың тағдырына ұқсас. Төзімділік пен қиыншылықтың бір үлесі анама да тиген.

Анамыз 1926 жылдың 20-қаңтарында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қара-Қастек ауылында дүниеге келген. 1930 жылы Анамыздың әкесі, яғни атамыз Ыдырыс өз еркімен малы мен мүлігін колхозға тапсырып, апамыз бен 4 жасар кішкентай қызы Ханшайымды арбаға салып алып Жәлалабад қаласына алып кеткен екен. Бұл оларды 30-жылдардағы ашаршылықтан сақтап қалды. Атамыз Ыдырыс өте сауатты болғандықтан және арабша жазуды түсіне білгендіктен Жәлалабад қаласында құжаттар мен анықтамаларды беретін мекемеде жұмыс істеген. Өз жұмыс орнында ол көптеген жерлестеріне көмектескен. Ал апамыз – Айман апа балалар интернатында аспаз болып жұмыс жасаған екен. Сол қалада анамыз өзбек тілде оқытатын мектепке барған. 1937-жылы барлығы Алматы қаласына қайта оралып, анамыз 12-мектепте оқуын жалғастырған.

Соғыс жылдары Совет Одағының халқына да анамыздың жанұясына да жаңа бір қиын сынақ болып тиді. Соғыс анамыздың жанұясы үшін үлкен трагедияға болы, себебі Ыдырыс атамыз «халық жауына» айналды. Ол былай болған. Соғыс жылдары ауылдың бригадирі болған Ыдырыс ата элеватормен соғыс алаңына дән тасыған. Ауылдастары, көбіне әйелдер, бір қулық ойлап табады. Үйлеріндегі аш балаларына дән тасу үшін қаптың бұрыштарын қысып, дәнді азырақ салады да, сол аз да болса артылған дәнді үйлеріне тасыйды. Бұны көрген Ыдырыс ата балаларды ойлап бұндай іс-әрекетке көз жұма қарайды. Алайда біреулер бұны органдарға баяндап бергендіктен, Ыдырыс атаға «халық жауы» деп кінә тағылып, оны түрмеге алып кетеді. Атамыздың түрме қабырғасында қайтыс болғаны, не ату жазасына ұшырағаны бізге бүгінгі күнге дейін беймәлім. Жерленген жерін де білмейміз.

Өзінің әкесінен айырылған анамыз, мектепті бітірместен жұмыс істеуге бел буып, Қара-Қастек ауылының әкімшілігіне хатшы болып жұмысқа тұрады. Оқу мен білімге деген талпынысының арқасында КазПИ-дің курсын бітіріп, орта білімі бар деген аттестат алады. Бұнымен тоқтамай жұмыс пен оқуды қатар алып жүруге мәжбүр болғандықтан институттың сырттай оқу бөліміне, нақтырақ айтсақ қыздарға қиын мамандыққа – физика-математика бөліміне түседі.

Анамыз 1946 жылы әкеміз Абсаметов Құдыс Абсаметұлын кездестіреді. Артиллериялық батальонының командирі болған, тіпті сонау Берлинге дейін барған, ҰОС-ң бірінші күнінен соңына дейін көрген қиыншылықтарына төзе білген, көптеген соғыс марапаттары бар Әкеміз жас қыздың жүрегін жаулай алмауы мүмкін емес еді.  Маратапттарын атап айтсақ: Қызыл жұлдыз ордені, Варшава және Берлдинді алғаны үшін медаль, Жеңіс медалі.

Соғыстың қиын да ауыр күндерінен кейін анамыз әкеміз үшін, ал әкесінен айырылған анамыз үшін әкеміз анамыз үшін сенімді жар, қолдау көрсететін ардақты жан болды. Қиындықты көп көрген екеуі бір-біріне тіреу бола білді және сыйластық пен махаббат сезімін жоғары бағалаған жандар болды.

Анамыздың арқасында әкеміз жұмысында жоғарғы белестерді бағындыра білді, еңбек жолында да жеңіске жетті. Әкеміз мектеп директоры болып қызмет етіп жүргенде мектебіміз ең үлгілі мектеп болатын. 1978 жылы әкіміздің еңбегі социалистік еңбек Ері атағын, Ленин Ордені мен Алтын Жұлдыз орденін табыстау арқылы жоғары бағалады. Еңбегінің бұл жетістіктері тек әкеміздің ғана емес, сондай ақ анамыздың да арқасы, себебі анамыз әкемізді үйдегі шаруалырдан босатты. Бар уақытын мектепке жұмсады, сонымен қатар әкеміз мемлекет, облыс, аудан, ауыл өмірінде де үлкен белсенділік танытты. Фабричный ауылының тұрғындары күні бүгінге дейін ризашылықпен әкемізді естеріне алып отырады, себебі әкеміздің ықпал етуімен Фабричный ауылдық мекендегі 5 мектеп пен мұғалімдерге арналған 70 шаршы метрлік тұрғын үй соғылды. Қазіргі таңда әкеміз көп жылдар қызмет еткен мектеп Қарғалыдағы №1-орта мектептің аты әкеміздің құрметіне қойылған.

Әке-шешеміз ұзақ әрі бақытты жанұялық ғұмыр кешкен. Алайда әкеміз бүгінде арамызда жоқ. Өмірден өткеніне 9 жылдай болды. Біз ол кісіні қашанда мақтан тұтамыз. Тек сол кісінің бізге дұрыс өмірлік бағыт көрсетуінің арқасында және бізді өз Отанының берік азаматтары ретінде тәрбиелегенінің арқасында ғана біз бүгінде осы халге жеттік. Біз айтқанды істеп емес, әке-шешеміздің істегенін көріп тәрбиелендік. Адал еңбек ету, жақындарға қол ұшын беру, адамгешілікпен, абыроймен іс-әрекет ету, жауапкершілік пен шындыққа үйретті.

Анамыз үйдегі әйелдік қызметін үлкен жауапкершілікпен орындайтын. Бақытты жанұяда 4 нәрестені дүниеге әкелді. Мектептегі мұғалім мамандығы қаншалықты қиын болса да, жұмысын ешқашан тастаған емес. Мектепте мұғалімдердің жетіспеуінен күні бойы жұмыста, ал түндері үйде оқушылардың дәптерін тексерумен өтетін.

Оқушылар мен әріптестерінің сөздеріне қарағанда анамыз талабы қатал мұғалім, сонымен қатар өте адал әрі әділетті жан болған екен. Өз қызметіндегі жауапкершілігінің жоғары деңгейін оның еңбек жолындағы Жеңіс медалі, Қазақ КСР-ның халық Үздігі атты атағы және ең бастысы – үлкен жетістіктерге жеткен оның шәкірттері дәлелдейді. Олардың ішінде министрлер де, генерал, академиктер де, профессорлар мен ірі кәсіпкерлер де, мақтауға тұрарлық азаматтар да бар.

Жұмысынан бөлек жанұялық өмірді қатар алып жүрген. Үйімізде Аймен апа мен Кайша ападан басқа көп туысқандарымыз бізбен бірге тұрды. Олардың бірі мектепте оқу үшін келсе, енді бірі жұмыс бабымен келіп жатты. Ең бастысы – анамыздың үлкен жүрегінің арқасында барлығы бір үйдің баласындай тату тәтті тұрды. Қазіргі таңда да біздің жанұямыз өте ұйымшыл үлкен жанұя. Анамызды балалары ғана емес, немере-шөберелері қоршап алады. Білімге ұмтылу жанұямыздағы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан құндылығымыз. Біздің балаларымыз да ата-апасы сияқты өз білімдерін үнемі жоғарлатуды әдетке айналдырған. Апамыздың немерелері өз Отанына адал еңбек ету, елін дамыту үшін бүгінде әлемнің ең үздік оқу орындарында оқуда. Біздің әке-шешеміздің бізге үйреткені бойынша өз балаларымызға да тек көзі ашық, білімді халық қана өз мемлекетін өсіре алады дегенді айтып өсірдік.

Біз үшін ана жүрегінің соғысы – шексіз махаббат бұлағы. Өзіміз ақ шашты ата мен апа болсақ та анамыздың жүрегін сезу мен құшағына бөлену тағдырымыздың үлкен, баға жетпес сыйы болып табылады. Әрбір атқан таңымыз үшін, мейіріміз бен махаббатыңыз үшін, үлкен жүрегіңіздің жылулығы үшін, бізге өмір сыйлағаныңыз үшін Сіздің алдыңызда басымызды иеміз!

Бейбіткүл Әбсамет

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар