Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Билік 31071 3 пікір 3 Ақпан, 2016 сағат 09:23

ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕСІ – ИМАНДЫЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

 

 

 

«Отбасында адам бойындағы  асыл

қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады.

Отанға деген ыстық сезім – жақындарына,

туған-туысқандарына деген

сүйіспеншіліктен басталады»,

 

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың   

2013 жылы 8 қыркүйекте алғаш рет өткізілген

«Отбасы күні» атты мерекесінде сөйленген сөзі

 

Қоғамды танып-білу қоғамда тіршілік етіп жүрген адамдарды танудан басталады. Ал, адамдардың адамдық қасиеттерін танып-білудің бірден-бір жолы – олардың өмір сүрген ортасы, яғни отбасы және сол жерде алған тәлім-тәрбиесі. Осы орайда, ізгі және имани тәрбие алған адам – өнегелі, иманды жанұяның ізгі жемісі екені сөзсіз.

Отбасы дегеніміз – адам баласының жанына жақын әлеуметтік ортасы, сондай-ақ ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың асыл мұрасы. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ата-анасы және отбасы мүшелері оны алғаш рет өмірмен, өзін қоршаған ортамен және мінез-құлық нормаларымен таныстырады. Демек, бұл баланың келешекте саналы азамат болып өсуіне негіз болатын баспалдақ. Жанұя – бірлігі жарасқан орта, бала тәрбиесіндегі басты ұжым.

Отбасының басты мақсаты мен темірқазығы – бала тәрбиесі. Ендеше, жанұя тәрбиесі – тәрбие алудың негізгі іргетасы.

Яғни, адамның жеке тұлға болып ер жетіп өсуі мен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі жанұяда қалыптасады. Сондықтан да «Отбасы – ғажап табиғаттың сыйы, тіршілік тірегі», – десек қателеспейміз. Осыған орай, ұл-қыздарымыздың бойына ар-ұят, адамгершілік, инабаттылық, сүйіспеншілік, береке-бірлік, жанашырлық және т.с.с. асыл қасиеттерді  бойына дарытатын имандылықтан бастау алған берекелі отбасының зор әсері баршылық.

«Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы  құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз бекер айтпаған.[1] Бұл дегеніміз, отбасы – адамзат ұрпағы үшін еш нәрсемен салыстыруға жатпайтын  алтын діңгек, қасиетті өмірлік мектеп. Мектеп деп баланың ақыл-парасаты мен ой-өрісін жетілдіретін тәлім-тәрбие алатын ұжымды айтамыз. Бұл жерде өмірлік мектеп рөліне отбасы, ошақ қасы ие болып отыр.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген[2] қазақтың нақыл сөзі отбасындағы тәрбиенің адам баласы үшін қаншалықты маңызды екенін айқындап тұр.

Бағзы заманнан бері қазақ халқымыз балаларына салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа айналған ұлттық тәрбие беруге ұмтылып,  «үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету» арқылы барынша адамгершілік қағидалардан тұратын имандылықты басшылыққа алған.

Шынында да, дана хылқымыз айтқандай: «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» – демекші, балаға жастайынан адами қасиеттерге толы үлгі-өнеге көрсетіп, рухани құндылықтарды дәріптеп, кемелді тұлға өсірсек, жас ұрпақтың жарқын болашаққа қол жеткізетініне сеніміміз арта түседі.

Қасиетті Құранда Пайғамбарымыз: «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» – деген, өмірдің ең маңызды заңдылықтары – тәрбие мен имандылық екенін көрсеткен. Діни тұрғыдан қарасақ, имандылықтың негізін мұсылман қауымы Құран Кәрімде деп біледі. Мұхаммед пайғамбарымыздың мінезі туралы Хазіреті Айша былай деген екен: «Оның мінезі – Құран».[3] Исламда имандылықтың ұғымы ізгі істерде жатыр, ал зайырлы өркениетті қоғамда имандылықтың ұғымы аса қастерлі адамгершілік қасиеттерден құралған.

Болашағы зор, шаттыққа толы, береке-бірлігі жарасқан елде өмір сүргісі келген әрбір азамат өз жанұясының тәлім-тәрбиесіне, әсіресе имани тәрбиеге басты назар аударуы қажет.

Жалпы имандылықтың мән-мағынасы «иман» деген сөзден бастау алады. Күнделікті өмірде адамзат «иман жүзді», «бойында иманы бар екен», «иманды адам» деп, адам баласын иман сөзімен байланыстырып отырады. Иман дегеніміз – араб тілінде «әл-Иман», яғни «сенім» деген мағынаны білдіреді, ал имандылық дегеніміз – адамның күнделікті өмірде, қоғамда қалыптасқан іс-әрекеттерді іштей рухани тұрғыдан реттейтін ар-ұят, сабырлық, адамгершілік, адалдық, жомарттық, кішіпейілділік, ізгілік пен кісілік белгісі.

Осы жоғарыда айтылып кеткен асыл қасиеттерді бойына жинаған адамды қоғамда «көргенді», «иманды», «әдепті» деп атаған.

 Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Иманның алпыстан астам тармағы бар, ал ұят – иманның бір тармағы» деген.[4] Сол себепті, «ұялу» – иман амалдарының бір түрі. Халықта мынадай мақал бар: «ұят кімде болса, иман сонда». Ендеше, «ұяты бар адам – иманды адам» деп, балаларымызды салтымызға сіңісіп кеткен, ата-бабадан қалған тәрбиені жалғастырып, «ұят болады» деген сөздің мағынасына зер салып, жағымсыз және осал қылықтардан аман сақтап, имандылыққа бой салғанымыз абзал.

Себебі қазіргі танда, осы сөздің мәні жоғалып бара жатыр. Ата-аналардың көбі батыстың тәрбиесіне еліктеп, баламыз жасқаншақ, момақай болады деп, «ұят болады» деген сөздің түп мағынасын түсінбей, балаларға ненің «жақсы», ненің «жаман» екенін үйретпей, бойына имандылықтың дәнін екпегеннің соңы не болатынын білмей  жатады. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәні де осында тұр. Демек, жүрегінде иманы бар, ұлттық тәрбие негізінде құрылған отбасы сыртқы және ішкі күштерден келген соққыларға дер кезінде төтеп бере алатынында еш күмән жоқ. Тарихымызға үңілсек, ерте заманда бір жанұяның тәрбиесіздігінен бір рулы елдің сүйегіне таңба түскен екен. Сондықтан да, әр ата-ананың қоғам мүшесі ретіндегі борышы – бала тәрбиесіне барша жауапкершілікпен қарап, иманды ұрпақ тәрбиелеу мен қоғамға саналы мүше қосу. 

Сонымен, отбасының бақ-берекесі имандылықтан, ал имандылық иманнан бастау алады. Осыған байланысты имандылық болашақ ұрпаққа имани тәрбие беруге, дәстүрлі рухани құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін отбасында тамырын жаяды. 

Бүкіл дүниежүзінде орын алып жатқан қатыгездік, азғындық пен мейірімсіздік – иманы жоқ тәрбиенің нәтижесі. Имансыз қалған адам – бақылаусыз қалған адаммен тең. Бұл жайында көрнекті ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлы «Он екінші қара сөзінде» былай деген: «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласымен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды».[5] Расында да, бойына имандылықты жинап өскен адам өмірде ешқашан аяғын шалыс баспайды.

Қорыта келе, еліміздің, халқымыздың және ұлтымыздың абыройы әрдайым жоғары, аяғында нық тұрған және бүкіл жер жүзі мойындаған керегесі кең дәрежеде болуы болашақ ұрпақтың бойындағы ұлттық сезім мен имандылықтың бар болуына байланысты. Ал бұл өз кезегінде елімізде бұрыннан қалыптасып кеткен салт-дәстүр мен отбасы тәрбиесіне байланысты.

Нақты айтқанда, отбасының берекесі барша адамзатты адагершілікке, адалдыққа, мейірімділік пен парасаттылыққа жетелейтін бірден-бір жол – имандылықтан басталады. Сондықтан да қазіргі таңда жас ұрпақты тәрбиелеп отырған қазыналы ата-әжелеріміз, ата-аналарымыз неғұрлым иманды болса, жастарымыз соғұрлым ибалы болары анық.

А.А. Ахметова, ҚР МСМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар