Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4452 0 пікір 1 Желтоқсан, 2011 сағат 05:13

Досай Кенжетай. Хан Кененің қасиетті мұраты

(1802-1847)

(Кенесары соғысының тарих және мемлекет философиясы тұрғысынан тұжырымдалуы)

(1802-1847)

(Кенесары соғысының тарих және мемлекет философиясы тұрғысынан тұжырымдалуы)

Тарих - рухани әлем. Тарих философиясында категориялық маңызы бар сипаттық құбылыс адамдардың қоғамдық дертке шара табу үшін, бүгінгі мәселелеріне шешім жолын ең алдымен өткен тарихынан іздеуі дер едік. Мұндай ұстаным адамдардың өздеріне, жалпы әлемге жаңаша мән-мағына берулеріне ықпал етеді. Өйткені адамдар тарихқа деген осындай көзқарас арқылы өз ұлтының болмысы мен уәзипасын, мәнін түсініп, болашаққа қарай жол таба алады. Мұндай көзқарас марксистер үшін басқа, Батыс-христиан тарихшылары үшін басқаша болуы сияқты, әрине, қазақтар үшін де өзіндік тарихи санасы, көзқарасы, философиясы болуы заңды, әрі табиғи нәрсе. Оның ешқандай детерминациялық күштер немесе "изм-дік қалыптарсыз-ақ" қалыптасуы ұлт, мәдениет тіршілігі үшін аса қажет. Өйткені бүгінгі антропология адам сияқты ұлттар да өзіндік төл ерекшелігі мен адамзат тарихындағы орны бар екендігі және сол сияқты өздері жалпы "тарихқа қатыстылық сезімі мен санасына ие болғанда" ғана тұтастыққа қауышып, ұлттық болмысын нығайта алатындығын айтады. Бұл жердегі тарихи сана - өз тарихы туралы белгілі көзқарас, түсінік иесі болу деген сөз. Ұлттың тарихи санасы да ұлттарға тән тарихты оқиғалар тізбегінен тұратын қарапайым жиынтық ретінде емес, бүгінгі күніне мән беретін, болашағы туралы жол көрсететін терең мазмұнды тұтастық деп тануымен ерекшеленеді. Себебі өткеніміз біздің болмысымызды қалай қалыптастырса, ұлттық тарих та ұлтымыздың әрі әрбір қазақтың болмысын қалыптастырушы тәжірибе болып табылады. Ұлттың тарихи сана-сезімі ұлтшылдықтың негізін қалағандықтан оның дұшпаны да ұлтшылдыққа қарсы шыққан кеңестік тарих концепциясы мен саясаты болды. Кезінде белгілі тарихшымыз марқұм Е. Бекмаханов өзін сол уақыттың қыспағы мен шарттарына құрбан етіп, Кенесарының қасиетті мұратын тарихи жадымызға өшпестей қылып жазып кеткен болатын. Дегенмен бүгін тарихи процестерді кешегі позитивистер мен марксистер сүйенген тарих әдістемелерімен, яғни тек қана детерминизм немесе үлкен тұлғалардың ерік-жігерлері арқылы түсіндіре алмаймыз. Өйткені тарих ғылымының тақырыбы - дүниетаным, сенім-дін және құндылықтар арқылы қалыптасқан сапалық мәндегі шындық, яғни мәнге айналған тарихи шындық. Осы ұстындарсыз адамның әрекеті де анықталмайды, қоғам да, әлем де ұғынылмайды. Яғни, тарих ғылымы табиғат ғылымдары сияқты (феномендер) құбылыстарға емес, мәнге негізделген [1. 128]. Демек тарихты құрайтын-рухани әлем. Сондықтан, менің ойымша, тарихтың міндеті осы рухани әлемді түсіндіру болуы керек сияқты.

Бүгін ұлттық тіршілігіміздің жетістігі, кейбіреулер үшін кездейсоқтықтардың жемісі сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал енді өткенімізді ешқандай "изм-дік" қалыптарсыз жаңаша таразылағанымызда адам жетістіктерінде, әсіресе тарих алаңында ешқандай кездейсоқтықтың болуы мүмкін емес. Керісінше ұлттық тарихымыз туралы елдіктің, ерлік пен өрліктің, қайсар рухтың шыңдаған шынжырындай өзара байланысқан күрескерліктің сахнасы деуге болады. Осы тарих сахнасындағы ғасырлар бойы есепсіз ерлердің арманы мен тілегі, берген жаны мен қанының өтеуі болып табылатын егемендікке қол жеткізу жолындағы қан төгістің, өз ұлттық болмысын сақтау жолындағы күрестің үздіксіздігін көрсетуіміз керек. Себебі өткен тарихымыздан бастау алған елдік пен мемлекеттілікті сақтау дәстүрін білудің, әрі өткеннен сабақ алу, әрі бүгінгі даму процесін тану, сонымен қатар өз уақытымыздың жетістіктерін әрі қарай дамыту үшін өте терең маңызы бар. Бұл тарих ­- аталарымыздың ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан тәжірибелерден қалай пайдаланғандығын көрсетеді. Өйкені тарих шынжырының соңғы буыны алдындағы буынмен тығыз байланысқан тарихи болмыс сабақтастығы. Бұл тарихи сабақтастықты танымай, бүгінгі ахуалды түсіну қиынға соғады. Сол сияқты Кенесарының экзистенциялдық хәл-ахуалы, оның "қасиетті мұраты" тұғырлық позициясы белгілі бір тарихи уақыт пен кеңістікке ие. Сондықтан Хан Кенесарының соғысы сөзсіз перспективті әрекет. Ол тұғырлық позициясы мен перспективті мақсатын өзін қоршаған мәдениет құндылықтарынан, әлеуметтік институттардан алып, айналасындағы рухани күш иелерінің демеуімен ойға алған мұратын дәлелдеуі арқылы "Хан Кенесары" ретінде қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын жалғастырушы, тарих жасаушы ірі тұлға болып қалды және қала бермек. Осы орайда, тарихты бір ұлттың өмірі, ұлттық мәдениетті де оның тәжірибесі ретінде танып, сезінетін ХХ ғасырдың құдайшыл ақыны, Түркістанның жоқтаушысы Мағжан Жұмабайұлы атамыздың "Құдай-ау мәңгілікке қарғамасаң. Кенедей енді неге Ер тумайды?!" [2] - деп аңсауы да, Хан Кенесары мұратының ізгілігін көрсетсе керек.

Мемлекет - ұлттық болмыстың саясы. Мемлекет - іші бос ұғым емес. Мемлекеттің болмысы туралы сөз қозғау үшін отан, қоғам (халық, ұлт), саяси билік және егемендік сияқты төрт таған түгел болуы тиіс. Ал соңғы таған болмаса қалған үшеуі құлап, жойылады. Философиялық антропология ұлт болмысы мен тіршілігінің шарты ретінде мемлекетті таныса, мемлекет құруды да адам болудың ерекшелігі ретінде көрсетеді. Қазақ халқы ғасырлар бойы адам айтқысыз төзімділікпен саяси еркіндігін-егемендігін қамтамасыз ету үшін күресті. Еркіндікті аңсау, оны мақсат етудің өзі мемлекеттілік пен егемендіктің тарихи дәстүр сабақтастығы мен рухынан туындайды. Ал еркіндіктен қашатындар И. Фроммның айтқанындай, еркіндіктің дәмін татпақ түгіл, еркіндікті танып, түсіне алмағандар. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақ халқы егемендігі мен өзіндік мемлекеттілігі, құқықтық жүйесі жалпы мемлекет философиясының барлық ұстындары бар, дәстүрлі ел. Өйткені, қоғамның тіршілік формасы мен әлеуметтік қатынастарды реттейтін немесе өзіне бағындырушы қағидалар жүйесі, яғни құқықтық негізі жоқ ұлт та жоқ. Бұл құқық жүйесін реттеп, жүзеге асыратын негізгі күш - мемлекет [3. 276]. Мемлекет те мәдениетсіз, рухани ұстындарсыз, құндылықтарсыз өз болмысы мен дамуын баянды ете алмайды. Демек адам мен мемлекет арасындағы тығыз байланыс адамдық болмыстың еркіндік кеңістігінің мәдениет екендігінен туындайды.

Мемлекеттілік дәстүрінің кезеңдік әрі сапалық сатылары, сонымен қатар ұстанымдық әрі ұстындық трансформациялық қабаттары тарихтан мәлім. Өткен ғасырларда Батыс ағартушылық ағымы, төңкерістер мен позитивистік теориялардың белең алуымен мемлекет, яғни саяси билік  пен дін айырылып орнына секулярлық немесе лаицизм ұстанымына негізделген "ұлт-мемлекет" немесе мәдениет-мемлекет формалары қалыптасқаны белгілі. Бұған дейін адамзат тарихында мемлекет өз болмысын саяси билік пен діннің тұтастығы, яғни теократия арқылы жүзеге асырып келді. Сол сияқты алғашқы қазақ хандарының кеңесшілері, рухани көсем, сонымен қатар саяси билік, басқару істерінде де ықпалды болған суфи-шайхтар екендігін тарих та, тарихшылар да растайды [4].

Қазақ мемлекетінің құрылымындағы діннің, Иасауи және оның ілімінің орнын елбасымыз, құрметті Нұрсұлтан Назарбаев: "...Түркістанның жаңа қазақ хандығының астанасына айналуы тек қолайлы географиялық жағдайына ғана байланысты емес еді. Ол сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударып алған-ды. Бұл исламдық руханиятта ерекше орын иемденетін айтулы сопылық мектептің негізін салған шайқы, ғұлама ақын, Қожа Ахмет Ясауидің жан-жақты ұстаздық және уағызшылдық қызметінің арқасы еді" [5], - деп бағалайды.  Бұған қоса Хазинидің Иасауи жолы туралы осыдан бес ғасыр бұрын қалдырған "Жауаһир-ал Абрар мин Амуаж-ал Бихар" атты еңбегінде адамның кемелдікке жетуіндегі алғышарттар тікелей мемлекеттілік философиясының негізгі ұстындарына негізделгендігін көруге болады. Онда "Заман" (уақыт) - елде тыныштық, "Мекен" (кеңістік) - отан, Ихуан - өзара бауырластық пен ынтымақ, Рабт-и Сұлтан - мемлекет басшысына беріктік ұстанымдары сақталғанда ғана адамның кемелдікке жетуге болатындығы айтылған. Бұның Иасауи ілімінің мемлекеттілік философиясындағы негізгі ерекшелігі екендігін көруге болады.  Йасауи ілімі тек қазақ хандығының ғана емес Алтын Орда мемлекетінің де, жалпы түрік тайпаларының мұсылмандықты қабылдауында да маңызды рөл ойнады. Рудың әр мүшесі яссауийа тариқатының да мүшесі еді. Әр руды, жүзді өз билері (пір-көсемдері) басқарды [6. 154]. Білім беру де дін адамдарының, қожалардың қолында болатын. Олар шариғат және мәдени жарғы-заң болып табылатын Құранның түсіндірушілері болғандықтан би, қазылар, сұлтандардың кеңесшілері болатын [7. 331]. Қазақ хандары билер мен дінбасылардың сайлауымен хан көтерілді. Хандар да тақта әділ болуға ақ киізде тізерлеп отырып, Құранды ұстап, дін басының сөзін қайталап ант берді. Бұл да қазақ хандығының өзіндік ерекшелігі бар теократиялық негіздегі мемлекет екендігін көрсетеді. Бұл мемлекет басқару және құқықтық жүйеден тұратын. Оның бірі төре - мемлекеттік жүйе білумен қатар сол жүйеден туындаған мемлекет күші, қуаты. Төре мен заң (жарғы) - рулар арасында ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын моральдық-құқықтық байланыстарды реттейтін институт. Осы институттың өкілдері - сұлтандар,  дін өкілдері қожаларды алым-салықтан босатып, ерекше  статус берген. Оларды тек сұлтандар ғана жазғыра алатын болды [8. 102]. Шариғат бойынша үкім кесу қожаларда, ал оны жүзеге асыру-асырмау еркі ханның билігінде болатын. А.Қалиұлының "Суфизм тағылымының шығыс өңірге таралуы" атты мақаласында Қазақ мемлекеттілігі мен дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси билік пен діннің ара қатынасындағы төре мен қожалардың рөлін анықтайтын құбылыстық-танымдық мәліметтерде төресі жоқ немесе оларға қарамайтын тайпалар қазақ деп танылмағандығы көрсетілген. Демек, әрбір рудың өз алдына төресі болуы, қазақтық сипатын алуының  шарты болғанға ұқсайды [9. 165-191]. Қазақтың Кенесарыны Хан көтеруінің [8. 254] негізінде де олардың мемлекеттілік тарихындағы үзілген хандық институтты, егемендікті қайта жаңғырту және ұлттық (қазақтық) сипатына қауышу мұраты жатыр.

ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы діни-саяси ахуал. Діннің тек ождан мәселесі ғана емес, сонымен қатар ұлттық дәстүрден мирас болып келе жатқан өркениет шындығы екендігі мәлім. Қоғамдағы дін феноменін айқындайтын, діни социологияның негізгі көрсеткіші ғибадатханалар мен діни білім беру жүйелері екендігін ескерсек, тарихи деректердегі "...қазақтарда әрбір 10 000 адамға бір мешіт-текке келетіндігі" [10. 20], тарихшы ғалым А. Ш.  Махаеваның да қазақтарда "отар болудың қарсаңында Түркістанда 20 мешіт, Шымкентте 16 мешіт, 8 медресе, Сайрамда 15 мешіт, 10 медресе, Қарамұртта 6 мешіт, 3 медресе болса, Әулиеатада ХХ ғасыр басында 21 мешіт болғандығы" [11] жайындағы мәліметі сол кезеңдегі қазақтың діни тыныс-тіршілік ахуалын тануға мңмкіндік береді.

Қазақтың қазақ болғалы діни, рухани астанасы Түркістан екендігі белгілі. Бірақ патша үкіметі өздерінің қазақтарға қатысты діни саясаты негізінде Орынбордан мұсылман діні басқармасын ашып, Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының діни істерін соған қаратады [11]. Мұндағы мақсат қазақтарды негізгі діни ұйытқыдан алыстатып, діни билікті де өз қарауына алу болатын. Сонда хандық биліктен де, діни биліктен де айырылған қазақ өз-өзіне деген сенімін де жоғалтып, құлға айналады. Бұған қазақ келіспеді. Сыбан-Найман болысына қарасты бес қазақ руларының 1824 ж. қыркүйекте отарлаушыларға қойған талаптарының бірі төмендегідей: "...Біздің халық арасында ұшырасатын кісі өлтіруден басқа барлық іс біздегі мұсылман талқысына (шариғатқа) берілсін" [8. 130]. Е. Бекмаханов осы мәліметтен соң өз ойын "...қазақтар кейін Кенесары туы астына жиналып, ерлікпен күрескенде нақ осы талаптарға қол жеткізуді ойлаған еді" [8. 131] - деп тұжырымдаған. Ал егер шындығында патшалы Ресей қазақтардың ислам дініне қамқор болуды мақсат еткен болса, жоғарыдағы талаптарды орындаған болар еді. Бұл талаптарды үкіметтің қабылдамай тастағаны белгілі. Біріншіден қазақтар онсыз да мұсылман болатын. Патшалы Ресей исламды қазақтарды  басқарудың жолы ретінде көріп, татарларды қалай басқарса, қазақтарды да солай билеуге болады деп үміттенді. Екіншіден "қазақтардың діни сауатын арттыру" мақсатында татар-ноғай молдаларын өз мүдделеріне қолданып бақты. Бұл туралы Ш. Уәлиханов кіші жүз қазақтарының әрбір ауылында бір татар молда болғандығын жазса [12],  бұған наразы болған қазақтардың ахуалын Бұхар жырау: "Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа, Бес уақыт, бес намаз, Біреуі қаза қалмасқа... Жер қайысқан қол келіп, Содан сасып тұрмасқа, ... Сол заманың келгенде, Ата-бабаң қол берген, Қожаларды қас көрер, Ноғайларды ғалым деп, Әулиедей көресің..." [13. 99] - деп білдірген. Қазақтар Қоқан, Хиуа дінбасылары тарапынан да "діни сауатсыз", кейде "мушриктер" ретінде танылды. Сонымен Ресей татар-молдаларын, ал "Хиуа мен Қоқан ықпал етудің саяси әрі экономикалық шараларына қоса қазақтарға муридизмді (нақшбанди шайхтарын) тықпалады [8. 157]. Бұның, әрине, қазақ мұсылмандығы психологиясына кері әсері болмай қойған жоқ. Бұл жердегі қазақтардың діни сауатының төмендігі, сол кезеңдегі нақши тариқатының үстем екендігі де рас. Бірақ қазақтар Йасауи жолындағы қожа-шайхтардың берген мұсылмандық білімін қанағат тұтатын.

Ал нақшбандийа тариқаты ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Түркістанда (Орта Азия) буддист қалмақтарға, қытайға, Кавказда 1783 жылы Имам Мансурдан басталған орыстарға қарсы жиһадта ұйытқы бола білді [14. 81-89]. Онсыз да Орта Азияның теккелері өте белсенді, ишан-көсемдері мужахид муриттер арасында өте абыройлы болатын [10.29]. Мысалы, Қашқар мен Ферғананың нақши шайқы Қалан қажының муриді, қырғыздың кушзу руынан шыққан Ғалижа би қалмақтарға қарсы жиһадта Түркістанның әскер басы болған [15].  Махаева А. Ш. "ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі исламның орны" атты мақаласында Цин империясына қарсы соғыста Қазақстан мен Орталық Азиядағы мұсылман халықтары бас қосып, 1759 жылы 7000 мұңдай қытайлық әскерди қырғыз-өзбек бірлескен күші талқандағандығын жазады [11]. Расында да Орта Азия мұсылмандары қытай мен қалмаққа қарсы бірлесе алды. Ал Ресей отарлаушыларына келгенде бірлеспек түгіл өзара қырғи қабақ соғыстан көз ашпады. Мұнда да отаршыл мақсаттың сұрқия саясаты ықпалды болды. Дегенмен өзгеге қарағанда өзімізден басталған бишаралық пен алауыздықтың апаты одан да ауыр: Орта Азиядағы йасауийа мен нақшбандийа тариқаттары негізгі мәнінен алыстап шайхтардың саяси құралына айналып кетті. Екі тариқат арасында билік, үстемдік бақталастықтары өрши түсті. Нақшибандийа (мурудизм) сыртқы жауға қарсы күш болумен қатар, шайхтардың жеке саяси, әлеуметтік және экономикалық құралына айналғанды [15]. Олардың Қоқан Хандығына арқа сүйеген Жантай, Байтық сияқты қырғыз рубасыларының саяси бағыттарына да ықпалы күшті  болды [16]. Қырғыздар және олармен көршілес ұлы жүз рулары нақшибанди тариқатына қарайтын. 1748-1749-шы жылдары Абылай хан мен қырғыз манаптары Ерсары мен Есенғұл арасында соғыс болды [6. 160]. Осы соғыстан соң ұлы жүз рулары қайтадан йасауи тариқатына өтті. Ош пен Ферғана жазығындағы қырғыздар да қайтадан йасауи тариқатына өткенменен, Қоқан билігі манаптар мен байлардың, қырғыз халқы арасында нақшилердің ықпалын күшейтті [8.323]. Негізінен екі тариқаттың біріне кіру деген сөз, саяси ерікті де білдіретін. Егер нақшилікті қабылдаса, Қоқанға, ал йасауилікті қабылдаса Абылай ханға қарайтын. Баткен, Лейлек, Созақ аудандарында Лачилерді (Аллачи-аллашылдар немесе құдайшылдар мағынасында. Йасауи тариқатының бір тармағы болатын) Қоқан дін басылары діннен безген (еретик), мушрик ретінде танып, олардың Сануар деген шайхын Құдиярханға астыртып өлтірткен [15. 30-31]. Сондай-ақ дәл осы Құдияр хан Түркістандағы йасауийа шайхтарын Әзіреті Сұлтаннан қуып, Әмір Темірдің аманаты, яғни йасауи шайхтарына берілген уақфтық шарттарды да бұзады [17].

Сонымен ХІ ғасырдан бері Түркістанда саяси, әлеуметтік және мәдени тіршіліктің маңызды ажырамас бөлігіне айналған [14. 82], кезінде ислам халифаты тарихында алғаш рет Шығыста Қарақытайлар, Батыста Крест жорығы тарапынан экспанция қыспағында қалғанда, исламның, иманның қорғаушысы, мемлекеттің тірегі, халық мұсылмандығының ұйытқысы болған суфизм, ең маңызды функциясын жоғалтып, бастапқы мәнінен айрылады. Н. Нұртазинаның да "Мұсылман әлемінде қалай суфизм әлсіреді, солай фанатизм, дүмшелік, мәдени тоқырау күшейе бастады. Біздің Батыс мәдениетінен жеңілуіміздің бір себебі де осында" [18. 11] - деп тұжырымдауы өте орынды. Әубәкір Кердері де қазақтар арасындағы сопылықтың құлдырауын: "Қор болған екіншіде сопы жолы, Бұл жолды ұстаушы еді ердің зоры, Сопылық Қап тауынан биік еді, Теп-тегіс жетіп кетті жұрттың қолы, Әліптің атын білмес надан сопы, Қорқамын бола ма деп діннің соры" [19] - деп, сопылық психотехникалық жолдың ең басты талаптарынан қалай алыстағандығын, мұның дін үшін өте қауіпті екендігін өзінше түсіндіреді.

Жалпы Орта Азия мен Қазақстанда Қазақ хандығының құлдырауымен бірге йасауийа тариқатының да ықпалы азая бастады. Отаршылық тұсында қазақ елі берекесіздікке ұшырап, йасауийа ұстанымы аяқ асты болды. ұлттық бірлік ыдырап, Құран ұстыны мен дін өкілдері арасында үйлесімділік әбден алшақтап, діни тіршілік өз динамизмін жоғалтты. Осы хәл-ахуалдан жерінген көкірегі ояу ақындарымыз халықты милләт (діни) негізіне оралуға үндеді. Әдебиетші  ғалым Б. Омарұлы зар заман ақындарының сол кеңістіктің уақыты мен ахуалына жауапты тағы да діннен іздеп, дінді таяныш еткендігін жазады [19. 11]. В. Радлов бұл үндеулерді "Зар заман" мен "заман ақыр" туралы дидактикалық қолтума дүниелер [20. 19] деп қарайды. Зар заман ақындары немесе В. Радловтың анықтағанындай "дала қазақтарының моллалары" қоғамның құлдырау себептерін, олардың саяси-әлеуметтік және доктриналық негіздерін ғибрат өлеңдерінде, толғау-үндеулерінде көрсете білді.

Отарлық мақсат. Бір Батыс жазушысының "Отарлау жарысында ағылшындар отар елдің "сиырының" сүтін алады, француздар "сиырының" етін алып терісін қалдырады, ал орыстар "сиырын" өлтіреді" [21. 42] - деген анықтамасының мазмұны, Ресейдің отарлаушылық саясатының бет пердесі, белгілі ғалымдарымыз Сапабек Әсіптің "Қазақ Қасіреті" және Мекемтас Мырзахметтің "Қазақ қалай орыстандырылды.." атты ғылыми танымдық, тарихи деректік зерттеулерінде нақты дәлелдер негізінде ашыла түскен. Осы батыстық үш империя Шығысты өзара бөліске салды. Бұлар өндіріс-технологиясын, ғылымын сонымен қатар Шығысты отарлау стратегиясын ғасырлар бойы анықтап, дамытқан болатын. Идеологиялық ориенталистика бағытында европацентризм, расизм және Батыс христиан өркениетінің үстемдігін паш ететін антропологиялық концепциялар мен теориялар негізінде әрекет етті.

Орыс отарлаушылары да жоғарыдағы ұстанымдар негізінде жаңа жерлерді иемдену (экспанциялау), сөйтіп оның жер асты қазба байлықтарын иемдену, жоғары соғыс техникасына қол жеткізуді мақсат етті. Олар бұл мақсатын басқа империалистік мемлекеттерден озық тұрудың стратегиясы ретінде түсіндірді. Осы бағытта Ресей де миссионерлік-тыңшылық топтары, этнографиялық географиялық қоғамдары, шығыстану орталықтары негізінде Түркістанды (Орта Азияны) алдын ала зерттеп үлгерген болатын.

Ресей 1855 жылғы Қырым соғысында Осман империясына және Батыстық одақтастарынан жеңілгеннен соң ХІХ ғасырдың екінші жартысында Орта Азияға бет бұрады. Орыстар Европа, Балқан, Таяу Шығысқа қарай Ақтеңізге барар жолда Батыс мемлекеттерінің кедергі екендігін көріп, Оңтүстік және Батыс бағытын тастап Шығыстан Тынық мұхитына шығуды мақсат етеді [22]. Бірақ ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында-ақ орыстар қазақ даласына ішкерілеп кірген болатын. Яғни, орыс отаршылдығы Абылай тұсында да өрістеп, етек ала бастаған. Бүкіл Орта Азия (1847-1881) бас-аяғы 34 жыл ішінде орыс отарына айналады [10. 19]. "Бөліп ал да билей бер" ұстанымымен әрекет еткен отарлаушылар Орта Азия хандықтары арасын, бір халық, бір мәдениетті бөлу ісінде әбден машықтанып алды. Ресей, Иранның да көмегімен Түркістанды (Орта Азияны) өзара діни арандатушылыққа итермелеп, "дар-ул-Ислам" яғни, исламның рухани-саяси бірлігінен ажыратып тынды. Орыстар жергілікті халыққа ықпалды деген ру басы, сұлтан, бай-болыстарды қолдап, беделді деген хан, сұлтандарды салықтан босатты [23]. Олар бір қоғамды жігінен жаруды осылай жүзеге асырды. С. Әсіптің сөзімен айтқанда екі жікке айрылған "қазақтың бір боздағы азаттық үшін шаһит болса, енді бірі туған халқын отаршылдардың табанына салып берем деп жүріп мерт болып кетті" [24].

Патша өкіметі алдымен қазақтың хандық құрылысын жойып, қазақ даласын бірнеше округтерге бөліп жіберді. Орнына генерал-губернаторлық, облыстық, уездік билік жүйесін құрады. Дәстүрлі қазақтың шариғат-билер институтын жойып, сот, прокуратура, полиция жүйелері құрады. Онымен де қоймай қазақты жайылымдық жерінен қуып шығады. Қасақана жайылымдық жерлерді өртеп, әскери бекініс, қамалдар салады. Даладан өз базары мен жәрмеңкелерінің ашылуы да орыс ықпалын әбден күшейте түсті. Осылайша отарлаушылар қазақтарды отанынан айырып, бейбіт өмір сүруден қалдырып, тонаудан көзін аштырмай, өз жерінде құлдыққа түсіріп, егемендігі мен елдігінен жұрдай қылған еді... Міне осындай күй кешкен қазақ хәлінен жерінгенімен, өзінен, заманнан қаша алмайтын еді.

Тарих философиясы тұрғысынан қарасақ, әрбір тарихи оқиға қандай да болсын бір ситуацияға (хәлге), оның нәтижесі де "ұраны" мен мақсатының сипатына байланысты. Міне, Хан Кенесарының мұраты - қазақтың сол кездегі хәл-ахуалы үшін "құтқарушы мақсат" ретінде ұсынылды. Яғни, Хан Кене алға қойған мұратының негізгі ұйытқы күшін сол уақыттағы қазақтың хәлінен алды. Осындай "хәлге" қарсы "құтқарушы мақсат" көрсете білген тұлға кейде пайғамбар сияқты, кейде қоғамды қозғаушы күш ретінде, кейде бақытқа жеткізуші көсем ретінде, кейде қорқытушы әдістерімен үстемдік етеді. Кенесары осы әдіс айлалардың бәрін өз бойына "Хан" ретінде жинай білді. Сондықтан Хан Кенесары патша үкіметіне қарсы бүліншілік немесе көтеріліс емес қасиетті соғыс жариялаған деуіміз керек.  Осы орайда Хан Кенесарының қолынан жеңіліс тапқан отарлаушылардың өкілі В.А.Поттоның: "Экспедицияның бұлай сәтсіз аяқталуы, әлбетте қазақтардың "біздің айбынымызға деген соңғы сенімін жоғалтты," сонымен қатар сол оқиғалардың қазіргі тарихшылардың бірі "қазақ шамилі" деп атаған "өздерінің жеңілмейтін ханына қазақтардың әрі сескене, әрі құрметтей қараушылығын туғызды" [8. 274] - деген тұжырымы да Хан Кенесарының позициясы мен хәлінің сол кеңістіктегі "құтқарушы мақсат" екендігін айқындай түседі.

Кенесары мұраты: "Егемен болмай ел болмас". Адамды ұлттық болмысы үшін жанпидалыққа итермелейтін күш - жанұя, отан, иман, тек және т.б. сенімдер. Қазақ тарихында Кенесарыға дейін отаршылыққа қарсы Сырым Датұлы (1782-1797), Тіленші Жоламанов (1822-24), Исатай-Махамбет (1836-1847) бастаған  және т.б. соғыстар болып өтті. Бұл соғыстардың әрбірі қазақтың бүгінгі мемлекеттілігі мен ұлттық болмысының қайтадан тарих сахнасына шығуы үшін берілген  қасиетті қантөгіс болатын. Ұлтымыздың еркіндігі жолындағы күрескерлік тарихын тұтастай қарастырудың маңыздылығы өз алдына, әрбір киелі тарих беттерін жеке-жеке танып, түстей білгеніміз де жөн. Сондықтан тарихымыздағы Ресейдің отарлау саясатына қарсы халқымыздың даңқты тұлғаларының бірі, Хан Кенесарының басшылығындағы қазақтың қасиетті соғысының рухани ұстынын уақыт, кеңістік және хәл (ситуация) категориялары тұрғысынан тұжырымдау үшін жоғарыдағы тарих, мемлекет, дін және отарлық зобалаң құбылыстарына тоқталдық. Себебі тарихи ойлау оқиғаларға ықпал етуші күштердің яғни, өнер, дін, құқық, экономика, мәдениет т.с.с белгілі бір кезеңдегі тұтастығын ұғынуға тырысудан пайда болады [25. 38-39]. Яғни, тарихи ойлау ең алдымен феномендердің анықталуын емес, керісінше бұл құбылыстарды реттейтін имманентті логиканы, стилдерді жаратушылардың, яғни Хан Кенесарының дүниетанымына енуді, оны түсінуді мақсат етеді. Сол сияқты Е. Бекмаханов Хан Кенесарының "атасы Абылайға тиісті жерлер үшін" соғысатындығын және "атасының жолымен жүретіндігін" ашық және бүкпесіз жариялағандығын" [8. 213] анықтау арқылы оның қасиетті мұраты мен "құтқарушы мақсатының" екі негізгі ұстынын дөп басқан. Әрине, ол кездегі халықтың тарихи санасындағы Абылай Хан туралы "Ата қоныс Арқадан, Қалмақтың таймай іргесі. Сөлі кетіп қазақтың, қалған кезде сіркесі, Әбілмансұр хан болды, Хан болмады қазаққа, Ағарып атқан таң болды" деп, Дулаттың жырлағанынан артық сөз айту қиын. Қарап отырсаңыз тарих алаңындағы уақыт категориясы өткен, осы және келер шақ ретінде тарихтың негізгі ағысын, қоғамдық кеңістіктегі адам және оның әрекеттерін бақылап, бағыттайтындығы анық көрінеді. Хан Кенесары атасы Абылайдың уақытындағы елдің хәлі мен билік дәстүрінің негіздерін "алты алашты жұмылдыратын" басты идеологиялық тұғыр ретінде алады. Негізінде дәстүрлі дүнетанымымыздағы әскери бірлікке үндейтін "Алаш ұранын, Алаш бірлігі" идеясын қайта жаңғыртқан да осы Хан Кенесары болатын. Міне, осыдан да тарихи уақыт категориясының "құндылық сезімі", "алдын ала болжау" және "алдын ала меңгеру" сияқты детерминациялық күштермен де тығыз байланысты екендігін көруге болады. Алдын ала болжау және алдын ала меңгеру - "белгілі мақсаттағы" оқиғаларға берілген мәнге, яғни, құндылықтарға сүйенеді. Хан Кенесарының соғысының негізгі бағыттаушы күші де діни идеологиялық құндылықтар жүйесі болатын. Абылай Ханның жолын да осы құндылықтар анықтайтын. Хан Кенесары қазақ ұлтының еркіндігі, қазақ мәдениеті мен қазақ мемлекеттілігінің сақталуы үшін орыс отаршылдығына қарсы жиһад-қасиетті соғыс жариялады. Хан Кенесары соғысымен қатар 1830-1850 жылдары Патшалы Ресей отарлығына қарсы Кавказда Имам Шамил бастаған жиһад ортаға шықты. Хан Кенесарының қасиетті соғысының мұраты - Қазақ елін ежелден өсіп-өнген жерінде бейбіт, азат өмір кешуіне, тартып алынған жерлерін - қазақтың отанын қайтарып алуына, қазақ жеріндегі отарлық билікті жойып, қазақты бірлігі мен баянды тіршілігіне қауыштыру. Осы жолда саяси әрі әскери тәжірибеден өтіп, шыңдалды. Хан Кенесарының алғаш қасиетті соғысы ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары болған ағасы Саржан мен Жоламан Тіленшиевтің әрекетінен басталғаны белгілі. Саржан Ташкент құсбегімен бірге тез арада біршама көп мөлшерде әскер жинап, қазақтарды қасиетті соғысқа шақыратын хат (рисалат) пен үндеулер (дағуат) таратып, патша өкіметіне қарсы ғазауат жариялаған [8. 198]. Хан Кенесарының қасиетті соғысы да ұлттық болмыс үшін отарлыққа қарсы жарияланған ғазауат болатын. Ал Е. Бекмаханов "Қазақстан 19 ғасырдың 20-40-жылдарында" деген айтулы еңбегінде Хан Кенесарының қол астындағы қазақтардан басқа діни сауатты татар, қарақалпақ, түрікпен, қырғыз,өзбектердің көпшілігіне білімі мен тәжірибесіне қарай басшылық қызметті сеніп тапсырғандығы, іштерінен Самарқан мен Бұхарада білім алған Сайдақ қоәаны елшолік келіссөздерде, хандықты басқаруда, зекет-салық жинауда, ордалықтарды өзіне тартуда пайдаланғандығы [8. 198-199], Хан Кенесарының заң шығарушылық қызметіне ықпал еткен Арынғазы сұлтан екендігі, оның реформаторлық қызметінің Тәуке ханнан басқаша білғандығы, оның сот ісін шариғат дәстүрі бойынша жүргізгендігі, мұндағы мақсатының да "хандық билікті" нығайту екендігі және т.б. мәліметтерге [8. 288] сүйенгенімен, "Хан Кенесарыны ортаазиялық хандар мен дінбасыларға сол шақта барынша насихаттауға тырысқан "кәпірлерге" қарсы қасиетті соғыс - ғазауат үндеуін ұстанған жоқ" [8. 198] - деуге мәжбүр болды. Бұған себеп болған Кеңестік орыс тарихшылары Ресейдің әрқашан исламға қарсы соғысқандығын бүркемелеп келді. Сонда патша үкіметімен соғысқан Кавказ халқының әрекеті - жихад болады да, Орта Азия, Қазақ халқының соғысы бүлік немесе басмашылық әрекет болады. Нәтижеде патшалы Ресей, Кавказда мұсылмандармен соғысады да, Орта Азияға Батыс мәдениетін апарған болып, тарихта өркениеттер арасы соғыста жоқ болып шығады. Осылайша "кеңестік идеология ұлы, гуманист орыс халқының тарихына қызмет етті". Дегенмен кезінде патша үкіметі тарапынан Кенесары хан ретінде, Кавказ қыраны шайх Шамилмен қатар бағаланғаны белгілі. Қолдағы деректерге сүйенсек Хан Кенесарының әрекеті мемлекеттілік әрі мұраттық (идеялық) тұрғыдан алғанда Шамилден әлдеқайда жоғары тұрғандығын көруге болады. Егер Хан Кенесары діни құндылықтарға сүйенбесе орыс үкіметіне қарсы табаны күректей он жылға созылған жүйелі қасиетті соғысты жүргізе алмас еді. Егер Хан Кенесары ғазауат жарияламаған болса, патша үкіметі оның қол астындағы әскерлердің арасына іріткі салу мақсатымен 1837 жылы Омбы мұсылмандарының діні басшысы Ахун Мұхаммед Шариф Әбдірахмановты Ақмолаға жібермес еді. Бұл туралы Е. Бекмаханов былай дейді: "Ол Құранға сүйене отырып, олардың еліне қайтып оралуының қажеттігін дәлелдеуге тырысады: "Жоғарыда айтылған қасиетті антты бұзғандарың үшін сендерді бұл дүниеде қайыршылық, аштық пен ауру күтеді, ал антты бұзғаны үшін ең ауыр жаза-өлім, о дүниедегі өмірлеріңде сендерге пейіштің хор қыздары жоқ, сендерді жылап-сықтау, тіс шықырлату мен мәңгілік азап күтуде. Бұл үндеудің сөздері біздің қасиетті кітабымыз ал-Құранға негізделген, ол сендердің тұманданған саналарынды ашып, туған жерлеріне қайтып оралуларың үшін сендерді сенімге келтірсін. Ал сонда сендердің жүректерің өздерің армандаған тыныштыққа бөленсін". Үкімет осындай үндеулерді күрестің идеологиялық әдісі ретінде кеңінен қолданған [8. 226-239]. Хан Кенесары Патша үкіметімен байланысында Абылайхан жолын, саяси стратегиясын пайдалана білді. Ол Орынбор әскери губернаторына жазған хатында: "Менің қазақтарым ел қатарлы егіншілікпен айналысып, аң аулап, басқа да бейбіт іспен айналысқанда ғана мен тыныш өмір сүре аламын" [8. 280] деп,  Ресейдің отарлау саясатымен келісе алмайтындығын,  алға қойған мұратынан таймайтындығын мәлімдеген. Осы мұраты үшін басын тікті. Бірақ ол Қырғыз Алатауына басын беру үшін емес, қырғыздарды Қоқанның билеп төстеуіне қарсы бірігуге, Абылайдың жолымен, діні-рухани бірлікке, алаш бірлігіне шақырды. Тарихшы Махаеваның, Белек Солтонаевтың "Кенесарының қырғызбен соғысы жайында" деген кітабының аудармасындағы Наурызбайдың "алты алаш баласын соңыма алып Еділ, Жайық, Сарыарқада орыспенен беттесе алмай кетіп барамын" деген арманынан-ақ, Хан Кенесарының мұраты анық сезіледі. Хан Кенесары өз уақыты мен қындылықтарының құрбаны болды. Бүгін Алатау мен Ресей арасында айбынды да егеменді Қазақстан деген тәуелсіз мемлекет, Хан Кенесарының "кеудесі мен басын" қосып, рухын жандандырып, оның қасиетті мұраты жолында алға басып келеді.

Бүгінгі таңда бодандық, тәуелділік, отарлық жүйенің ыдырауының негізгі себебі ұлттық сана-сезімнің оянуы болғаны анық. Отар елдің тәуелсіздік үшін күресі экономикалық есептің емес, ұлттық сана-сезімнің көрінісі. Ұлттық мәдениет-үшін өлу, күресу адамзат тарихындағы ең табиғи құбылыс. Өйткені, мәдениет - адамдық "мен" немесе ұлттық болмыстың "мені", яғни рухы. Адамдар үшін саяси идеология немесе экономикалық пайдаға қарағанда ең маңыздысы ұлттық болмыстарының тіршілігі мен сақталуы. Бұдан асқан қасиетті мұрат жоқ.

Сонымен қорыта келе, Хан Кенесарының қасиетті соғысы ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан басталған, әлемді "отар және отарлаушы ел" деп жіктеген империализмге қарсы ашылған соғыс еді. Бүгін империализмнің орнына қазіргі заманғы отарлаудың жаңа түрі глобализм келді. Бүгінгі глобализм кешегі колониализмнің шөбересі, империализмнің немересі, кешегі орыс глобализмінің руласы екендігі анық... Сондықтан кешегі "коммунизм глобализмінен" аман-сау қалғанына тәуба деп, енді ғана егемендігінің тізгінін қолына алып жатқан біз үшін мемлекеттілігіміз бен ұлттық болмысымызға төнген қауіп "ықтималдарын" бүгіннен көре білу, тану және сезінуде Йасауи жолының маңыздылығы күн өткен сайын артып отыр.

«Абай-ақпарат»

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1.        Sadettin Elibol, İnsanlığın Tarihi Üzerine, (Bir Giriş Denemesi), Ankara 1989, b.128.

2.        Мағжан Жұмабаев. Оқжетпестің шыңында.

3.        T.Mengüşoğlu, Felsefeye Giriş, Remzi Kitabevi, İstanbul 2000, b.276.

4.        Кусаинов Ш. Государство казахов: Адаи и шариат. Казахстанская правда. 30 октябрь, 1996.

5.        Назарбаев Н. Түркістан ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы (Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған ғылыми конференцияда сөйлеген сөзі). Егемен Қазақстан. 21 қазан, 2000 ж.

6.        Жандарбек З. Түркістан тарихы//Түркістан  тарихы мен мәдениеті. Түркістан, 2000.      216 б.

7.        Левшин, 331 б.

8.        Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында (Оқу құралы), Алматы, Санат. 1994. 254 б.

9.        Қалиұлы А. Суфизм тағылымының шығыс өңірге таралуы // Түркістан  тарихы мен мәдениеті. Түркістан, 2000. 216 б.

10.     Vinkent Montayl, Sovet Mûsılmandarı, (aud: Mete Çemberli) Stambûl, 1992.

11.     Махаева А.Ш. ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі исламның орны. Желмая. 2002. № 11.

12.     Валиханов Ч.Ч. Соч., том І, С. 520.

13.     Бес ғасыр жырлайды. 2 томдық. 1 том, Алматы, Жазушы, 1989. 384 б.

14.     A.Vennigson, b.81-89.

0 пікір

Үздік материалдар