Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Естелік 6671 10 пікір 6 Желтоқсан, 2019 сағат 12:06

Ақтөбе облысы әкімшілігінің бірінші басшысы туралы...

Қазақстан өңірлері басшылары 1990-жылдардың басында өздерінің қызметтерінің аттарын бірнеше рет өзгерткені белгілі. 1991-жылдың тамыз бүлігіне дейін-обкомның бірінші хатшылары, онан соң облыстық Кеңес басшылары, 1992 жылдың ақпанынан облыстық әкімшілк басшылары, сонан кейін ғана облыс әкімдері болып аталған болатын.

Бұл өзгерістер аттарына заттары сай келіп, коммунистік лидерлердің орнына сапалы түрде нарыққа бағышталған жаңа басшылар ұрпағы өмірге келген болатын.    

Үш жыл бұрын белгілі «Власть» сайтында Вячеслав Абрамов «Бірінші әкімдер» шолуында Ақтөбе облысының тұңғыш әкімі Шалбай Құлмаханов 1992 жылы 46 жасында осы басшылыққа келгенін, 1994 жылы Алматының әкімі, төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы, Алматы облысының әкімі және Төтенше жағдайлар министрі қызметінен зейнеткерлікке шыққан 2007 жылдың қаңтарынан ол бірнеше бизнес және сауда орталықтарының, гипермаркеттердің иесі және ауыл шаруашылығымен де айналысатынын атап өткен.

Шалбай Құлмаханұлының шақыруы бойынша Алматы қаласына 3 шілдеде келдім. Еліміздің оңтүстік астанасы, Төле би көшесі, 155 «А», 701 бөлме. «Азия Групп» компаниясы офисінің бүгінгі заманға сай керемет ғимараты шалғайдан келген менің көңіл-күйіме ерекше әсер етті: барлығы да әйнектен салынған, ол жалт-жұлт етіп таудың кәусар ауасына етене еніп тұрғандай сезіледі. Бөлме қожасы өзінің сопақша салынған кабинетінен осы бірегей қаланың барлық әсемдігі көз алдында тұрғандығын мақтаныш сезімімен білдірді.

Ол мені шәйға шақырды. Құлмахановтардың үлкен отбасындағы тоғыз ұлдың біреуі Шалбай 1946 жылы 20 қаңтарда Алматы облысының Балқаш ауданындағы Құйған селосында дүниеге келген. Зайыбы — Шолпан Ковкенқызы, қызы — Ләззат, күйеу баласы — Асхат. Біздің кейіпкеріміз үш немеренің атасы. Қазақ политехникалық институтының 1969 жылғы түлегі және жоғары партия мектебін бітірген ол құрылыс алаңдарында табысты еңбек етті: «Алматы тұрғын үй құрылысы» тресінде өз еңбек жолын мастер болып бастап, басқарушыға дейін өсті. 1982 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының ғимараты құрылысына қатысқаны үшін ол Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Димаш Ахметұлы Қонаевтың көзіне ол нақ осындай құрылыс алаңдарында қызуы еңбек етіп жүрген кезінде шалынады, мұның өзі оның партия-кеңес органдарындағы басшылық қызметтерге қарай қадам басуына белгілі бір дәрежеде әсерін тигізгені де анық. Одан әрі 1988-1992 жылдары — Қазақстан Компартиясы Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің екінші хатшысы, халық депутаттары облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады.

1992 жылы 14 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаға берген сұхбатында мемлекеттік жүйені нығайту үшін, яғни Үкімет заңдарын орындау мақсатында жергілікті жерлерде атқарушы билікті өзгерту қажеттігі пісіп-жетілгендігін айтты. «Бұл — өмірдің өзі алға қойып отырған талап. Біз облыстарға әкім ретінде жаңашылдық қабілетке ие, іскер, жігерлі адамдарды жіберіп отырмыз. Біздің жақсы заңдарымыз бар, ал олар сол заңдарды жүзеге асыруы тиіс»,— деді ол.

Президент одан әрі мысал ретінде Қостанай облысында марқұм Сағалбай Жанбаевтан басқа қазақ азаматы бірінші басшы болмағандығын тілге тиек етеді... :[5]

Осы сұхбат газетте жарияланбастан үш күн бұрын, яғни 1992 жылғы 11 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен Шалбай Құлмахановты Ақтөбе облысының әкімі етіп тағайындады. Хасан Шаяхметұлы Бектұрғановтан кейін (1964) арада отыз жылға жуық уақыт өткенде ғана қазақ азаматы өңірді басқаруға келді.

Қазақстанның жаңа тарихының туындау сәтінің өтпелі кезеңінде Шалбай Құлмаханов еліміздің Тұңғыш Президентінің тарихи шешімін орындай отырып, көптеген игі істердің бастауында тұрды.

Ол облыстың бірінші басшысы қызметіне кіріскен кезде оның кабинетінің қабырғасында Кеңестік Қазақстанның Гербі тұрды, ал бұл лауазымды тапсырған тұста оның орнын Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы басқан еді.

Тәуелсіз еліміздің алғашқы күнінен басталған көптеген тарихи оқиғалар облыстың бірінші басшысының есіміне де байланысты.

КСРО-ның күйреуіне қарамастан Ақтөбеге шекаралас Ресейдің көптеген көрші өңірлерімен экономикалық және мәдени байланыстарды үзу мүмкін болмады. Сондықтан да Ақтөбе облысының делегациясы 1992 жылдың 12 қазанында (ТМД-да алғашқылардың бірі болып) Орынбор облысына барды, онда ол жақтың басшылығымен ғылыми, техникалық және экономикалық секторларда өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

1993 жылғы 9 қаңтарда Шалбай Құлмаханов Омбыда Омбы және Ақтөбе облысының шектес аймақтары арасындағы ынтымақтастық бойынша нақ осындай келісімге және отырады. Бұл жолы ол Қазақстан жағын сол кездегі Премьер-министр С.А. Терещенко басқарған үкіметаралық делегация құрамында болады. Кездесуге Ресей тарапынан Премьер-министр В.С. Черномырдин қатысады.

Қазақстанның Ресеймен ортақ шекарасы 7,5 мың шақырымға созылады. Біздің республикамыздағы батысымен шектесетін Ресей облыстары әдетте ірі өнеркәсіпті аймақтар болып келеді. Өткен жылдар біздің зауыттарымыздың ресейлік зауыттардың өнімдерінсіз алға баса алмайтынын көрсетті, ал ресейліктер біздің шикізатымызсыз, біздің тыңның астығынсыз алға баса алмайтын еді... Сондықтан да Ресейдің шекарлас облыстарымен келісімге келу қажеттілік және уақытша қиындықтардан шығуға, дағдарысты артта қалдыруға себеп болатын бірден-бір жағдай болатын.

Виктор Степанович Черномырдинмен кездесу ойда сақталып қалды. Шалбай Құлмаханұлына Виктор Степановичтің күрделі экономикалық және саяси мәселелерді шешудегі біліктілігі, оның бейнелі сөздері мен шынайы көңілден шыққан әзілдері ұнады.

В.С. Черномырдин сол жылдарда Ресейде және таяу және шалғай шетелде танымал саясаткер болатын,оның Ресей өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесін бағаламау мүмкін емес.

Көрші Орынбор облысымен біздің делегация енді таяу шетел ретінде қатыса бастады. Шалбай Құлмахановтың басшылығымен бұрын Орынборда Қазақ АСКР Үкіметі орналасқан Совет көшесіндегі, 2 үйде мемориалдық тақта орнатылды.

Байырғы ақтөбеліктер бұл хабарды көтеріңкі көңіл-күймен қабылдады. Отыз жыл бойы облысты өзге ұлт өкілдері басқарды, енді қазақ азаматы тізгінді ұстап, ұлттық шаруаларды қолға алуда.

Социалистік Еңбек Ері Василий Андреевич Ливенцовтан (айта кетелік, ол адамдар үшін көп тірлік тындырды) соң облысты басқаруға келгендердің қай-қайсысы да биік лауазымды өз мақсаттарына пайдаланды, мұның өзі ақтөбеліктердің төзімін тауысқан-ды.

Облысты басқарған Юрий Трофимов орыстандыру саясатын ашық жүргізді, сол кездегі облыстық басқармалардың тізгінін түгелдей дерлік орыс азаматтары ұстаған еді, ал іскер, білімді қазақ жігіттері іс басынан шеттетілді, қудаланды, тіпті партия қатарынан шығарылғандары да болды.

Одан кейін облысты басқаруға Евгений Золотарев келді. Ол мейлінше қарапайым және ашық басшы болды, бірақ белгіленген жоспарларды өмірге енгізуде әлсіздік танататын.

Шалбай Құлмаханұлы басшы болып келгенге дейінгі облыс тұрғындарының жалпы көңіл-күйі сондай ахуалдарға да байланысты болатын.

Шалбай Құлмаханұлы Ақтөбе облысында бүкіл еліміз бастан кешкен  тоқсаныншы жылдардың көптеген проблемаларымен бетпе-бет келді. Экономикалық жағдай тығырыққа тіреліп тұрған-ды. Адамдар жаңа кезеңнің сынағынан дағдара бастағандай күй сезілді.

Ақтөбе негізінен өнеркәсіпті қала. Мұнда рентген аппараттарын, приборлары мен басқа да өнімдерді шығаратын «Ақтөберентген» өндірістік бірлестігінің даңқы қандай еді. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, Хромтау қаласында орналасқан Дөң тау-кен байыту комбинаты, Алға, Қандыағаш қалаларындағы өнеркәсіптік кәсіпорындар , міне, осылардың барлығы да тығырыққа тіреліп тұрды.

Сол уақытта облыс үшін шетелдік инвесторларды іздестірудегі алғашқы қадам басталды. 1992 жылы сәуір айында «Эльф-Акитен» француз мұнай компаниясының тұсаукесері өтті. Келесі 1993 жылдың қараша айында тағы бір жаңалық лебі соқты: бұл компания «Жусан-1» алғашқы бұрғылау сәтіне қол жеткізді. Оқиғаның маңыздылығы соншалықты, оның тұсаукесеріне Қазақстан Президенті аппаратының жауапты қызметкері Алмабек Нұрышев және «Эльф-Акитен» президенті Жак Альфон келді. Бұл біздің облысымызға алғашқы инвестиция болатын.

Жыл аймақтың ауыл шаруашылығы үшін күрделі болды. 1991 жылғы құрғақшылық салдары мал шаруашылығын дамытуға да кері әісерін тигізді. Дегенмен, диқандар сол тұста алқаптан мол өнім алды.

Егіншілердің жанқиярлық еңбегі нәтижесінде облыста 2 миллион 260 мың тонна астық жиналды. Әр гектардан 12,9 центнерден өнім жиналды. Бұл облыстың барлық жылдары ішіндегі ең бір өнімді кезең болатын.

Республика қоймасына 1 миллион 200 мың тонна астық құйылды. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс есебіне 1 миллион 60 мың тонна тапсырылды, бұл үкімет белгілеген жоспардан екі еседен артық.

Совхоздар мен колхоздар 1992 жылы күнбағыс, қант қызылшасы, қарақұмық секілді дәстүрге көп ене бермеген дақылдарды көбірек өсіре бастады.

КСРО тарағаннан кейінгі елдегі жағдай тың шешімдер қабылдауды талап етті. Стратегиялық маңызды шикізаттары бар: мұнай және газ өндіретін облыстар Елбасы назарында болатын. Осы қатарда Ақтөбе облысына да жоғары міндеттер қойылды. Мұндайда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қаржылық қолдауымен, шикізат әлеуетінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана отырып, облыс экономикасын көтеруге қабілетті адам керек болды. Сондайда Президент таңдауы Шалбай Құлмахановқа түскен еді.

Ақтөбе облысы әкімшілігі тізгіні қолға тиісімен Шалбай Құлмаханұлы өз қызметін облыстың және Ақтөбе қаласының ақсақалдарымен кездесумен бастады және олармен сындарлы әңгіме өткізді. Өңірдің бірінші басшысының мұндай ашықтығына ілгері буын өкілдері жүрек жарды қуаныш білдірді, оны өз балалары секілді қабылдады, осылайша олардың өзара сұхбаты жайдары және сындарлы сипатта өрбіді. Үлкендер аймақтағы тіршілікті одан әрі жақсартуға қатысты көптеген кеңестер берді, жақсы идеялар ұсынды. Осы жарқын жүзді кездесуден кейін облыс әкімшілігі басшысы жанынан Ақсақалдар алқасы құрылып, жұмыс істей бастады. Оның құрамына өзінің бүкіл ғұмырында адал еңбек еткен, еліміз үшін көп істер тындырған, халық арасында танымал, қоғамда құрметке ие болған адамдар енді. Олар сондай-ақ облыс басшысына үлкен моралдық көмек те көрсетті.

1992 жылдың басында Ақтөбе облысына келген сапарында еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық ахуалды терең түсіне отырып, жұртшылықты қиындықты бірге көтерісуге, аз-кем сабыр сақтап, төзімділік танытуға шақырды. Ол: «Мен бәріңізді түсіністікке шақырамын. Бұл істі әйтеуір бір кезде бастау керек болатын. Бір саяси жүйеден екіншісіне көшудің қай кезде де ауыртпалығы болады. Қиындықтар бар, оны мойындаймын. Кейбір кәсіпорындар тоқтап қалу шегінде. Ешкім сатып алмайтын өнімдер ешкімге қажет емес. Бізге мұндай кәсіпорындардың қажеті шамалы. Оларды жабу керек. Ешқандай бәсекеге төтеп бере алмайтын, зиянға қалдыратын өнімді шығарғанша, ол кәсіпорын дұрысы жұмысшыға жұмыссыздық бойынша өтемақы төлесін. Мемлекет нарық жағдайында азаматтардың еркін жұмыс істеуі үшін барлық қажетті заңдарды жасауы тиіс. Біздің алдымызда міндеттер бар, мен оны жақсы білемін, оның бәрін біз жүзеге асыратын боламыз»,— деді.

Ақсақалдармен және облыс активімен кездескеннен кейін облыс әкімшілігінің басшысы уақыт өткізбестен өз «командасын» жасақтауға кірісті. Ол басшылық лауазымдарға сырттан адам тартқан жоқ. Құлмаханов «Ақтөбеліктер ғана Ақтөбе жерін және халқын көтере алады!» деген ережені ұстанды. Сол кезде оның орынбасарлары болып Ян Тампаев және Қадірхан Отаров тағайындалды, бұған жергілікті тұрғындардың көпшілігі қолдау көрсетті. Оның біріншісі облыстағы белгілі экономист, екіншісі ауыл шаруашылығының ірі маманы болатын. Сондай-ақ облыс әкімшілігі басшысының орынбасарлығына республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, танымал дәрігер Ізбасқан Аймағамбетов шақырылды.

Сол күндердің көрінісін Шалбай Құлмаханұлының орынбасары болған Ян Тампаев өзінің «Уақыт ағынындағы өмір» атты кітабында былай деп еске алады: «1991 жылдың екінші жартысынан 1992 жылдың ақпан айына дейін облыстық басшылықта иесіздік ахуалы қалыптасты. Ақырында 1992 жылдың ақпан айының ортасында облыс басшысы ретінде Шалбай Құлмаханұлы Құлмаханов таныстырылды. Нұрсұлтан Әбішұлын әуежайда шығарып салғаннан кейін ол мені өз кабинетіне шақырды да, өзінің бірінші орынбасары болатындығымды айтты. Мен өзімді шаруашылық жұмысқа жіберуін сұрадым, өйткені жұмыс орным да дайын болатын. Ол менің ойлануымды сұрады, өзімен бірге әйтеуір біреулердің жұмыс істеуі керектігін ескертті. Мен қабылдаудан шыққаннан кейін бірден Сапар Сағынтайұлы мен Рамазан Нұржанұлына телефон шалдым: облыс әкімінің ұсынысын қалай қабылдаған жөн? Олардың екеуі де бірауыздан облыстың жаңа басшысымен бірге жұмыс істеу керек, қорқынышты ештеңе жоқ, әйтпесе біз туралы басқаша түсініп қалуы мүмкін дегенді айтты. Біздің сөзіміз аяқталар-аяқталмастан Шалбай Құлмаханұлы мені қайтадан шақырды да, менің көзімше облыс басшысының бірінші орынбасары — бас жоспарлау-экономикалық басқармасының бастығы қызметіне тағайындалуым туралы бұйрықты беріп, маған «Мен іріктеген кадрлар туралы обьективті ақпарат беретін боласыз» деді. Бұл мен үшін қиын шаруа болатын, өйткені облыстық атқару комитетінің, аудандардың барлық басшыларымен жақсы қарым-қатынаста болатынмын, олардың ешқайсысын ренжіткім келмеді. Оның қолында барлық басшылар туралы олармен бірге жұмыс істеген секілді толық ақпарат болды» [6].

Сол тұста артқа қалдыруға болмайтын проблемаларды да шешу қажет еді. Қала дүкендерінде азық-түлік жетіспеді, ет пен сүт өз алдында, тіпті сіріңке де жоқ болатын... қант, басқа да қнімдердің қардарлығы сезілді. Қыс болатын, сондықтан сиырлардан көп сүт сауылмайтыны түсінікті, оның үстіне ауылдағы шаруалар экономикалық байланыстардың бұзылуы салдарынан өз өнімдерін қалаға жеткізе алмады, сүт зауыттарына сүт өнімдері түспеді. Оның үстіне облыс бюджетінде сырттан сүт сатып алуға қаржы қарастырылмады. Сол кезде Шалбай Құлмаханұлы жағдайды бағамдап алып, қолдарында қаржысы бар газшылар мен мұнайшыларды іске тартты, олардан облыстық әкімшілікке несие беруді сұрап, бұл қаржыға франциядан жүздеген тонна құрғақ сүт сатып алынды. Бұл құрғақ сүт зауытқа түсті, онда өңделіп, қаймағы алынбаған сүт түрінде сауда желілеріне таратылды, ал одан түскен қаржы мұнайшыларға қайтарылды. Осылайша қала тұрғындары балаларға және үлкендерге соншалықты қажетті өнімдерге ие болды. Осындай әдіспен несие қаржысына шетелдерден темекі, қант, тұз, басқа да қажетті заттар алына бастады. Ақтөбе облысында күнделікті қажетті өнімдердің молшылығын байқаған басқа аймақтың тұрғындары, оның ішінде ресейліктер де бар, осылай қарай ағыла бастады. Олар Ақтөбе дүкендерінің сөрелерін тез тазартып отырды. Мұндай әрекеттерге тосқауыл қоюға тура келді, милиция қызметкерлері сапқа тұрды...

— Мен қызметіме кіріскеннен кейін бірінші кезекте аз қамтылғандарды, соғыс және еңбек мүгедектерін, зейнеткерлерді әлеуметтік қорғауға қатысты мәселелерді қолға алдым. Өкінішке қарай, бұл мәселелер қозғаусыз қалған екен. Қызметтің өте маңызды бұл бағытында қандай да бір жүйелілік, мақсаттылық көрінбейді. Өздеріңіз де білесіздер, сәл кейінірек, Қазақстан Республикасы Президенті тарапынан Ақтөбе қаласы бойынша осы мәселеге қатысты қатаң сын айтылды. Сөз негізінен Нұрсұлтан Назарбаевтың Жеңістің 45 жылдығына арналып Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне әр түрлі әлеуметтік жеңілдіктер қаралған Жарлығына қатысты болатын, ал Ақтөбе қаласы әкімшілігі бұлжайды назардан тыс қалдырған...

Облыстық әкімшілік әлеуметтік саясатты Қазақстан Республикасы Президентінің нақ жоғарыда аталған Жарлығын жүзеге асырудан бастады. 1992 жылғы 10 шілдеде «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы жасалып, онда соғыс және еңбек ардагерлерін әлеуметтік қорғау жайы нақтылы белгіленді. Осы құжатқа сәйкес бүгінгі күнге пәтерлерге 322 ордер берілді, 475 телефон қондырылды. 36 асханада 810 егде тартқан және жалғызілікті ардагерлерді тегін тамақтандыру ұйымдастырылды, бұл үшін бюджеттен үш жарым миллиондай рубль бөлінді. Тағы да 22 миллион 580 мың рубльге газ, отын және көлік бойынша жеңілдіктер көрсетілді. «Қамқорлық» бағдарламасын орындау бойынша тыңғылықты жұмыстар облыста жалғасын табуда.

Сол 1992 жылы, қыркүйек айының соңында Алматыда әлем қазақтарының бірінші құрылтайы өтті. Ақтөбе облысының делегациясы саны жағынан алдыңғы қатарда болды. Сол уақыттағы Мәртөк ауданының әкімі Ерсайын Әжібаев былай деп еске алған болатын: «Мен соның алдында Қобда ауданының әкімі болған тұсымда біз Исатай Таймановтың 200 жылдығын мерекеледік. Бұл салтанат белгілі қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың мерейтойымен сәйкес келді де, облыстың бірінші басшылары соған қатысты, ал бізге Аслан Есболайұлы Мусин келді. Бұл мерекеге батырдың жерлестері Исатай Тайманов туып-өскен жердің топырағын шыны ыдысқа салып әкелді.

Шалбай Құлмаханұлы маған Алматыға бірінші болып баруды тапсырды. Біз қобда және Ырғыз аудандарынан дайындалған екі киіз үйді орнатуымыз керек болды. Ол Гурьев облысынан келген қонақтардың ырымын естіген соң бізге Есет батыр кесенесінен алынған топырақ салынған 50 түтікше әзірлеу қажеттігін айтты. Мен Алматыға келген соң бірден облыстық әкімшілікке бардым, осындағы Шалбай Құлмахановтың көптеген сыйлас адамдарының көмегімен өзіміздің киіз үйлерімізді Алматы облысының делегациясы орналасқан көрнекі жерге орналастырдық.

...Шалбай Құлмаханұлы Ақтөбе облысында екі жылдай қызмет атқарды. Сол мерзімде адамдардың өмірінде елеулі із қалдыратындай көптеген ізгілікті шаралар жүзеге асырылды, алдағы он жылдыққа облыстың дамуының бағыты қалыптасты. Ол облыс тұрғындарының тіршілігін елеулі түрде жақсартуға қол жеткізді, экономика мен ауыл шаруашылығын көтерді.  Кадр саясатына, жергілікті жетекшілерді тәрбиелеу мен қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық қолайлы жағдайы көп ретте ол өз уақытында қысқа мерзім ішінде жүргізген ауқымды жұмыстармен сабақтасып жататыны ақиқат. Оның үстіне ол кездің өзі бір күрделі шақ еді ғой...

Ол өңірді басқарған тұста біздің ата-бабаларымыздың есімін жаңғыртып, рухқа тағыз ету жандана бастады, туған тілдің мәртебесін көтеру бағытында шаралар жүзеге асты. Шалғай ауданнан келген егде тартқан қазақтардың өз талап-тілегін орысша жеткізе алмай қиналғанын көрген Шалбай Құлмаханұлы «Қазақша айтыңыздар, қысылмаңыздар! Бастықтардың өздері сіздерді тыңдап, қазақша түсінуге үйренсін!» деп оларға дем берді.

Батыс Қазақстанда бірінші болып Есет батырдың мерейтойы атап өтілді, жоңғар басқыншыларына қарсы күресте елдің намысын қорғаған даңқты батырға ескерткіш орнатылды. Бұл тағылымы мол үлкен шараға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Торғай облыстарынан, сондай-ақ Ресейдің Орынбор және Астрахань облыстарынан қонақтар келді.

— Есет батырдың тойы — батыста бұрын-соңды болмаған оқиға еді,— деп еске алады Орал облысының бұрынғы әкімі Нәжімаддин Есқалиев,— ал сол қиын кезде ол рухты көтеріп, халыққа күш-жігер берді. Келесі жылдары Шалбай Талдықорғанды қайта жандандырып, көрікті қала істеуге орасан үлес қосты.

Егер нақ сол жылдарда Шалбай Құлмаханұлы Ақтөбе облысына басшы болып келмегенде, кейбір қазіргі аудан әкімдері мен Аслан Мусин, Еділбай Иманқұлов, Қадырхан Отаров, Боранбай Құсайынов, Ян Тампаев, Ерсайын Әжібаев секілді мейлінше ірі деңгейдегі басқа да басшылардың тағдыры қалай қарай бұрылары белгісіз еді.

Өкінішке қарай, бұл күндері Боранбай Құсайынов пен Ерсайын Әжібаев өмірден озып кетті. Осы жолдардың авторына Шалбай Құлмаханұлының марқұм болған сол бір аяулы жандардың отбасыларына қайғыларын бөлісіп, көңіл айтқан сәлемін жеткізуге тура келеді.

Шалбай Құлмаханұлы өз ісіне берілген, адал, іскер адамдарды бірден тап басып таныды. Олардың кәсіби мүмкіндіктерін лайықты бағалап, оларға жан-жақты көмек көрсетті, тәрбиеледі, жоғары қызметтер ұсынды.

Шалбай Құлмахановтың осындай тәрбиесін көрген азаматтардың бірі — Елеусін Сағындықов. Ол кездері Елеусін Наурызбайұлы облыстық білім бөлімінің меңгерушісі болатын. Тоқсаныншы жылдардың басында облыста халықа ағарту саласында қайта құру басталды, біздің балаларымыз неғұрлым толық және сапалы білім алуы үшін оқытудың жаңа формаларына көшу міндеті тұрды. Облыста кәсіптік білім беру мектебінің ежелден келе жатқан дәстүрі қалыптасқан. Сол себептен де сол жылдары Үкіметтің шешімімен Ақтөбеде республикалық семинарлар жиі өткізіліп тұрды. Жоғары және орта білім беру министрі Шайсұлтан Шаяхметов Ақтөбеге жиі келіп тұрды, осындай семинарларға қатысып, әр ретте де өткізілген шаралардың жоғары деңгейде болғанын атап көрсетумен болды. Сонымен қатар облыстық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің сапалы жұмыстарын да жоғары бағалайтын. Шамалы уақыттан кейін Елеусін Сағындықов Алматыға, Білім және ғылыми министрінің орынбасары қызметіне шақырылды. Шалбай Құлмаханұлы министрліктерде Ақтөбе облысының өкілдерінің аз екендігіне назар аударып, Премьер-министр Сергей Терещенко мен Білім және ғылым министрі Шайсұлтан Шаяхметовке Елеусін Сағындықовқа назар аударуды сұраған болатын. Бұл кеңес оңынан қабылданып, Елеусін Наурызбайұлы жауапты қызметке жоғарылатылды.

Шалбай Құлмаханұлының тағы бір шәкірті — Аслан Мусин. Ол Ақтөбе облысында кәсіптік-техникалық білім берудің негізін нығайтқан тұлға, қадірлі Есболай Мусиннің ұлы. Уақытында оның беделі, қазіргіше айтқанда «рейтингі» облыс тұрғындары арасында мейлінше жоғары болды. Ол жас ұрпақты тәрбиелеуге айырықша еңбек сіңірді. Оның ұлы да жоғары кәсіби сапасымен, адамгершілігімен және қарапайымдылығымен белгілі болды. Шалбай Құлмаханұлы Асланның кәсібилігі мен білімін тез аңғарды, оның өсуіне жағдай жасады. ол уақытта Аслан Есболайұлы монополияға қарсы комитеттің төрағасы болатын. Арада аз ғана уақыт өткенде Шалбай Құлмаханұлының ұсынысы бойынша ол облыс әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне көтерілді. Ол жаңа қызметінде өзін сенімді көрсетті, міндеттерді абыроймен орындады. Кейінірек Аслан Мусин Ақтөбе, Атырау облыстарын басқарды, ҚР Экономика министрі, Парламент спикері болды.

Біз «Гранд-Азия» офисінің конференц-залында отырмыз, оның бір қабырғасына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге түскен фотосуреттер ілінген, мұның өзі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасының өмірі мен қызметі туралы өзіндік көрме іспетті.

— Маған Тұңғыш Президенттің басқаруымен еліміздің делегациясы құрамында әлемнің 16 елінде болу бақыты бұйырды,— деп еске алады Ш. Құлмаханов,— Соның арқасында қазіргі заманғы көптеген ұлы адамдармен, көптеген елдердің бірінші басшыларымен кездестім. Олардың барлығы да бір ауыздан Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендік, болжағыштық, көп қырлы қызметін бағалай білді.

Сол бір тағдырлы да талайлы күндерде оны еліміздегі әрбір адамның тағдыры алаңдатты, қабылдаулар кезінде жергілікте жердегі ахуалды барынша білуге тырысты.

— Ал уақыт өте ауыр еді: бір жүйе қирап, екіншісі орнығып жатты. Мен солтүстік облыста басшылық қызметте болғанымда облыстың ең шалғай өңірлерінде болып, тұрғындардың тіршілігімен тереңірек танысып, мейлінше өткір проблемаларды шешуге ұмтылатынмын. Ақтөбе облысында мұндай өңір Шалқар ауданы, ол облыс орталығынан 600-650 шақырым қашықтықта. Әдетте мен кешкісін пойызға мініп, ертеңгісін Шалқарда боламын, онда екі-үш күн аралап, сол жолмен кері оралып, тағы да таңертең жұмысқа шығып кетемін.

Бір ретте мен Шалқарға вертолетпен барып, Социалистк Еңбек Ері Нағым Қобыландин басқаратын «Тоғыз» совхозында болдым. Сондай атағы шыққан озық шаруашылықтың өзінде электр жарығы, жылыту жүйесі, су желісі жоқ екен. Жедел түрде бұл проблемаларды шешуге тура келді. Жылытуды іске қостырып, жарық беруді жолға салдық, селоға су құбыры жүргізілді.

Менің «Сарыбұлақ» совхозының Аяққұм ауылында он екі баласы бар түйеші, Ленин орденінің кавалері ақылгөй де ақкөкіл қарт Зейнекеш Жұмабековпен кездесуім есімде сақталып қалды. «Бізге облыстан басшылар көп келе бермейді, оларды жылдап көрмейтініміз жасырын емес,— деді ол.— ал сіздің келгеніңізге ырзамыз». Содан кейін: «Мен сізге өзімнің мына түйемді сыйлыққа ұсынамын» деді.

Мен барлық шаруаны тындырып, қайтуға жиналғанымда вертолеттің доңғалағына байланған ірі нарды көрдім. Әрине, мен баға жетпес бұл сыйды сол ауылда қалдырдым. Алайда, осындай қонақжайлылық пен дарқандық қазақтарға қиын сәттерде көмектескенін есіме алдым.

Біздің кездесуіміз барысында Шалбай Құлмаханұлы маған оңтүстік астанадағы өз бизнесінің кейбір нысандарымен танысуға мүмкіндік берді де, көтеріңкі көңіл күймен былай деді: «Мемлекеттік қызметтен кейін құрметті демалысқа шығып, бұрынғы әкім және министр болған адамның осындай бизнеспен шұғылданып, қоғам мен мемлекет игілігіне шаруалар тындырып жатқанын барлығы да білсін!».

Жұртшылық арасында Құлмахановтың «Интерфут» және «Сити+» фирмаларының қызметі құрметпен аталады. 2008 жылы Талдықорғанда аумағы 22 мың шаршы метр болатын сауда орталығы салынды, Қапшағайда 8 мың шаршы метрді құрайтын осындай орталық жұмыс істейді. Аумағы 30 мың шаршы метр тұратын логистикалық кешен пайдалануға берілді, алматыда 8 наурыз және Құрманғазы көшелерінің қиылысында өзгеше архитектурамен офис бой көтерді. Бір қарағанда бұл ғимарат құлағалы тұрған Пизан мұнарасын еске салады, алайда бұл көз алдау ғана, іс жүзінде бәрі де өткір өлшеммен салынған.

Ол қызмет істейтін офис – 7 қабатты ғимарат, сопақша кейіпте көрініс береді.

— Өткен жылы 14 қабаттық офисті, кафетерий, кондитер цехын пайдалануға бердік, сауда супермаркеттерін қайта құрылымдадық,— дейді Шалбай Құлмаханұлы.— Жалпы мен осындай шаруаларды тындырып, артыма лайықты із қалдырғанды дұрыс көремін.

Шалбай Құлмахановтың мырзалығы да бір басына жетерлік. 2012 жылы Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналған айтысқа бас жүлдеге джип көлігін тікті. Күзде Бақанаста мерейтой болғанда да сондай сыйлық ұсынды, ал Қаскелеңдегі бәйгеде «Нива» көлігін берді.

Елбасымыз талай атап өткендей бұл тарихи кезеңде әр сағат – бір күнге, әр күн – бір айға, ай – жылға, ал жыл – ғасырға татитындай тарихи миссия атқарылған даңқты кез еді бұл.

Ақтөбенің тұңғыш әкімі Алматы қаласына ауысқанда да, Елбасының тапсырмаларын абыроймен орындап, онымен өте жоғары деңгейдегі іс-сапарларға бірге барған. Әсіресе ұмытылмастай әсер туғызған, есте мәңгі сақталарлық оқиғалар – Президентпен бірге болған Италияға және Сауд-Аравиясына барған сапарлар еді.

Сауд-Аравиясына сапар туралы Елбасымыз өзінің «Ғасырлар тоғысқанда» (1996) кітабында «Киелі орын сақшысы» туралы толғана әңгімелегені елге кең тарап кеткені ақиқат.

(Қасиетті Сауд-Аравиясы топырағына алғашқы қадам басу)

Иван ЩЕГОЛИХИН, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

— Тәуелсіздік монументінің іргетасын құйғанымыз туралы. Бұл 1994 жылғы 14 желтоқсан болатын. Қыс. Күндізгі сағат 12.00. Республика алаңы ақ қармен жабылған. Ақ бас шыңдар, айнала түгел аппақ, көкке өрлеген Көктөбенің мұнарасы біздің тәуелсіздігімізді күллі әлемге таратқысы келгендей. Барлығының да көңіл-күйі көтеріңкі, жандары жадырап жүр.

Трибуна маңында бас архитектор Шота Уәлиханов, Президент аппаратының жоғары мәртебелі қызметкерлері, тері күрте киген кәсіпкерлер.

Трибунаға бес адам көтерілді: Президент Нұрсұлтан Назарбаев, қала әкімі Шалбай Құлмаханов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақтай Сағдиев, ақын Жадыра Дәрібаева (Әнұранның авторларының бірі) және мен, Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, жалғыз орыс. Қар жауып, аяз тұрғанымен біз жалаңбас едік. Әуелі Президент, содан соң мен сөйледім. Мен Қазақстан халқының бірлігі, ынтымақтастығы туралы айттым...(5)

Тәуелсіздіктің енді беки бастаған тұсында Шалбай Құлмаханов республикаға белгілі көптеген адамдармен бірге Президенттің қолынан «Парасат» және «Барыс» ордендерін алды. Ол — Алматы және Талдықорған қалаларының, Алматы облысының құрметті азаматы, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі еңбек сіңірген қызметкері, ҚР құрметті құрылысшысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жоғарғы кеңестің ХІ-ХІІ шақырылымдарының депутаты.

Мемлекеттік қайраткердің жарқын ізі Ақтөбе жерінде де қалды.

Ақтөбе облысының тұңғыш әкімі Шалбай Құлмаханов туралы жаза отырып мен ұлы қолбасшысы А.В. Суворовтың: «Бұл жерде Мен абыройлы еңбегімнің аттөбеліндей – ғана мысалы айтылды, өйткені мен мұнда ұзақ болмаған едім...» - деген сөздері еріксіз есіме оралды.

Балнияз Ажниязов

Ақтөбе-Алматы-Ақтөбе.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар