Сенбі, 16 Қараша 2019
Пікір 1695 22 пікір 16 Қазан, 2019 сағат 11:53

Адамды діни сенімі үшін соттай алмайсыз

Елдегі жат ағымдармен күрес қаншалықты эффективті жүргізіліп жатыр? Салафизм, уахабизм секілді ағым өкілдерінің жоғарғы лауазымды қызметтерге келуі қаншалықты қауіпті? Салафизмге Заң жүзінде тыйым салуға не кедергі?

Біз ҚМБД Ғұламалар кеңесінің өкілі, дінтанушы Мұхан Исахан мырзаның пікірін білген едік. 

Мұхан Исахан, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің өкілі, дінтанушы:

- Әуелі, салафизмге қатысты мемлекет тарапынан ешқандай нақты әрекет жоқ деуміздің өзі дұрыс пікір емес. Белгілі бір деңгейде күрес жүргізіліп жатыр. Оны айтуымыз керек.

Салафизм өз ішінен сурури, мадхали, хаддади, тәкфир әл-хиджра секілді бірнеше тармаққа бөлінген. Соның ішінде ең қауіпті саналатыны – такфир әл-хиджра. Олардың қызметіне 2014 жылы Астана қаласы, Сарыарқа аудандық соты тыйым салған. Одан бөлек осы салафизм идеологиясын ұстанатын ДАИШ және ән-Нұсра деген ұйымдарға заңмен тыйым салынған. Бұлар Қазақстанда тыйым салынған 23 ұйымның қатарына кіреді.

Негізі салафилік идеология Мұхаммед Абдул Уахабтың «Үш негіз» атты трактатына негізделген ілім. Шейх Усаймин шарх жасаған «Үш негіз» кітабын Астананың Сарыарқа аудандық соты экстремистік деп танып, оны оқуға, таратуға 2014 жылы тыйым салды.

Салыстырып айтатын болсақ, көрші Өзбекстанда біздегі секілді салафизмге Заңмен тыйым салған соттың шешімі жоқ. Жалпы нақты осы салафизмнің атын атап, түсін түстеп, заңмен тыйым салу деген көп елдің тәжірибесінде жоқ. Жоқ екен дегеннен олар салафизмді қолдап отыр дген мағына шықпайды. Әлем елдерінің көбісі салафизмге қарсы. Өзбекстанда да салафизмге қарсы күрес жүріп жатыр. Ал енді күрес тәсілі қандай деген мәселеге келсек, қоғамдық тәртіпке, мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян келтіретін іс - қылмыс. Ендеше салафизм идеологиясын насихаттаған немесе насихаттауға әрекет еткен адамды қылмыстық кодекстің баптарымен соттауға болады.

Мысалы, біздің қолданыстағы Заңда, Қылмыстық кодекстегі 256-бап «Терроризмді насихаттау және терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» деп аталады. Қазір түрмеге тоғытылған жат ағым өкілдерінің көпшілігі осы баппен сотталған. Жалғыз салафилер емес, басқа да жат ағымдардың өкілдеріне осы айыптар тағылған. Сондықтан, жат ағымдармен күресте міндетті түрде бір ағымның атын айтып күресу шарт емес.

Әлемде салафизмге ашық тыйым салған жалғыз ел – Дағыстан Республикасы еді. Бұл ел 1998 жылы уахабизмге ашық тыйым салған еді. Бірақ 2003 жылы ол Заң күшін жойды.

Салафизмнің мадхалиттік бағыты дейтін бар. Біздің елде оған Заң бойынша тыйым салынбаған. Бұл Саудияның қазіргі ресми бағыты болып есептелінеді. Солай болса да, Саудия елі мадхалит Ділмұрат Махамадов діни араздықты қоздырғаны үшін оны Қазақстанға ұстап берді. Ол қазірсегіз жылға соттады.

Адамның діни сенімі үшін соттай алмайсыз. Тек қылмыстық әрекет болғанда ғана соттауға құқық бар.

Ал енді, салафизм идеологиясын ұстанатын кей азаматтардың жоғарғы лауазымды қызметтерде жүргені тағы рас. Ол ашық, белгілі жайт. Бірақ, оларды салафи сенімін ұстанғаны үшін соттай алмайсыз. Өйткені, біздің елде діни сенім бостандығына рұқсат берілген. Десе де, салафилер «амал етпеген мұсылманды кәпір» деп айыптайтын болса, онда «дінаралық алауыздықты тудырды» деген баппен жауапқа тарта аламыз.

Abai.kz

22 пікір