Жұма, 26 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 3624 6 пікір 16 Қыркүйек, 2019 сағат 10:00

Ресей қазақ көмірін Украинаға өткізбей отыр

«Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным», деген тарихи сөз посткеңестік түркі республикалары арасында бас жоқ, көз жоқ, ресейлік шала-пұшық ЕОЭО одағына мүше болған қазақ пен қырығыздарға қарата айтылғандай.  Дәл қазір осы екі елдің шикізат өнімдерін орыстардың өз аумағы арқылы Украинаға өткізбеуінің астарында не жатыр?

Өткен аптада бауырлас екі ел солтүстік көршілерінің бұл экономикалық басбұзарлығана бұрынғыдай көз жұмып қарап отырмай, Донбасс көмірінен айырылғанан кейін қазақ пен қырғыздың шикізатына күні қараған Украинаның осы өнімге деген сұранысына квото қойып тастаған Ресей билігін ашық айыптады.

Бірақ Ресейдің Экономика минстрілігі бұның барылығын ойдан шығарылған жала деп, бет бақтырмады, әдеттегідей. Бұрын көмір шикізаты, мұнай өнімдері Ресей аумағы арқылы Украинаға еркін тасымалданып келген. Маусым айынан бері РФ Экономика минстрілігінің тарапынан көлемі жағынан шектеу қойылды. Енді қазақ пен қырғыз кәсіпкерлері  өз өнімдерін украинге жеткізу үшін Ресейдің Экономика министрлігінен рұқсат алуға мәжбүр. 

Міне, өткенде Қазақстан мен Қырғызстан үш айға созылған осы бір экономикалық қысымға қатысты Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) тексеріс жасауын талап етіп қойды.  Өз кезегінде ЕЭК осы ақпаратты растайтын деректі сұрады. Сөйтіп, тамыз айының соңында өткен кеңесте ЕЭК консультациялық мүшелері шағымданушы қос тарап тапсырған ақпараттармен таныс болды. Еліміздің «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі кеңес барысында РФ Экономика министрлігінің қазақ көмірін Ресей аумағы арқылы тасымалдауына қатысты өздерімен еш ақылдаспағанын сөз етті.

Бұдан бөлек қазақ бизнесмендері бұл шараның қандай халықаралық нормаға, одақтың қандай келісімшартына сүйеніп өз күшіне еніп отырғаны жайлы тұщымды жауап та алмаған.

Айтпақшы, Ресейдің экономикалық шектеуінің кесірінен Қырғызтанның да Уркаинмен арадағы сауда айналымын 50%-ға қысқарған екен.

Беларусь елінің Экономика минстрлігінің экономикалық интеграция бас басқармасының басшысы Алексей Мацевило Ресейдің бұл әрекетін ешбір заңға сыймайтын бассыздық деп атады.

Қыркүйекте еліміз Ресей арқылы Украинаға көмір тасымалдау үшін 254 мың тоннаға өтініш беріпті. Ал Ресей ол өтініштің 87 мың тоннасын ғана қанағаттандырыпты.

Ал маусым айында Ресейдің Украианаға көмір экспорты 85 пайызғы құлдыраса, шілдеде қазақ пен қырғызға жасалған экономикалық қысымның арқасында Ресейдің өз экспорты үш есеге өсіп, 400 мың тоннаға жетіпті. Бұнды да ресейлік ақпараттар жазып жатыр.

ЕАЭО-ға мүшелікке өткен алғашқыда қазақ тұтынушылары ең арзан, ең қолжетімді саналатын қарақұмықтың бағасының күрт өсуінен зиян шексе, одан кейін Ресей нарығында бәсекеге қабілетті болып келген, сапасы жоғары алкогольдік өнімдер мен темекі өнімдерін шығарушы отандық кәсіпорындар Парламенттегі ресейшіл депутаттардың кесірінен пайдадан қағылды.

Енді талай отбасына нәпақа тапқызып, жан бақтырып отырған көмір мен мұнай өнімдерін ЕО елдеріне шығару жағынан да қазақтар өз одақтасы Ресей тарапынан тасқамал тосқауылға тап болып отыр.

Қосымша жұмыс орындарының ашылуы түгілі, бұрынғы бар кәсіпорындарды жапқызуға итермелейтін Ресейдің экономикалық шоқпарына біздің билік тарапынан алғаш рет үн қатылуы көңілді жұбатады десек те, осындай пайдасынан зияны көп, бір Ресейдің мүддесіне құрылған бұл одақтың бізге керегі қанша деген ойға қаласың...

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

6 пікір