Сейсенбі, 22 Қазан 2019
Біртуар 1886 14 пікір 13 Қыркүйек, 2019 сағат 10:45

Балалар әлемінің әйдік әзілкеші

«Қазақстан пионері» газетінің қызметкерлері. Оң жақтан екінші Бейсебай Кірісбаев. 1982 жыл.

Қадірлі оқырман!

Мынау қысқаша естелік ақын, сатирик Бейсебай Кірісбаевтың 60 жылдығының қарсаңында балалар ақыны Сұлтан Қалиев пен Бейсекеңнің курстасы, тележурналист Ұлбосын Айтөленнің өтінішімен  жазылған еді. Амал не, «Жоқ жомарттың қолын байлайды» дегендей, олардың кітап шығарамыз деген талпынысы жүзеге аспағаны өкінішті. Сол жазбаны бүгін архивімнен тауып, Бейсебайдың туған күніне орай ұсынып отырмын.

Қалтай ағамыз айтқандай: «Біздің Қажытай пәтердің кезегіне тұрғанда, Сталин тірі болатын...» деген сияқты, онда Брежневтің тірі кезі еді.

Айдарынан жел ескен, университетті жаңа бітірген жас перілердің бар есіл-дерті – әсем Алматыда қалу. Ол кезде қазіргідей атнөпір газет-журнал жоқ. Қазақ тіліндегі үш газеттің екеуі – «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жас» партия мен комсомолдың құзырында. Ол жақтан үміт аз. Иненің көзінен өткен коммунист болмасаң, не арқа сүйер «көкең» болмаса, есігінен де қаратпайды. Сондықтан, астанада қалудың қамын оқу бітірерден ертерек жасаймыз. Мен де 3-ші курстың аяғына таман «Қазақстан пионерінде» өндірістік тәжірибеде өтіп жүріп, бөлім бастығы Дидахмет Әшімхановтың оң бағасына ие болып, жарты ставкамен ілігіп кеттім.

Сонан соң, бір-екі жылдың бедерінде Дидахмет Әшімханов, Дәуітәлі Стамбеков, Тынышбай Рақым, Ұлықбек Есдәулетов, Мәди Айымбетов сияқты алдыңғы буын өкілдері басқа басылымдарға ауысып, олардың орнына Қанат Қайымов, Сәбит Дүйсенбиев, Талғат Өтегенов, Болат Орманов, Бейсебай Кірісбаев келіп қосылды. Бейсебай бізден бір курс жоғары оқыған еді. Оқудан соң «Білім» қоғамына қарасты «Үгітші блакноты» дейтін лекторлар бюллетенінде кіші редактор болып істеген екен. Өрісі тар, ешкім оқымайтын елеусіз басылымда тынысы тарылып кеткенін де жасырмады.  Сонымен біздің үйірге келіп қосылды. Бұл 1982 жылдың көктемі еді.

Дәл сол кезде, мәңгілік тірі жүретіндей көрінген Брежнев қайтыс боп кетіп, газеттің қос бетін «көсемге» арнау үшін редакциямызда қарбалас болып жатқан. Оның «Кіші жер», «Тың эпопеясы» сияқты кітаптары туралы мадақ мақалалар Мәскеу жақтан бұрқырап, түсіп жатты. Аударып басамыз, жетпеген жерін желдіртіп өзіміз қосамыз. «Аса көрнекті мемлекет қайраткері», «жазушы», «Брежнев – майданда шыңдалған қаламгер» деген тіркестерге көзіміз үйреніп қалған.  Бір күні «Брежнев – сатирик» деген тақырып айқайлап, үлкен газеттің бірінші бетінде жарқ ете түсті.

Соны байқап қалған Бейсебай Кірісбаев: «Мынандай талантпен Бірекеңді өзіміздің «Араға» бас редактор етіп жіберу керек екен» деп,  шиті мылтықпен «тарс» еткізгені. Қатты күлуге заң қатты, заман қатты. Біраз уақыт иығымыз селкілдеп, іштей күліп жүрдік.

Бейсебай Кірісбаев деген есімді біз со-о-нау 60-шы жылдардың аяғынан бастап, «Балдырған» журналы мен балалар газетінен жиі кездестіретінбіз. Бармақтағы балдай мөлтілдеген, дәмді де мәнді, шағын әзілдерін қызыға оқитынбыз. Кейінірек КазГУ-де жақын таныстық. Өзімнің Аякөздік жерлесім, бүгінде танымал балалар жазушысы (ол кезде әлі ізденісте жүрген) Толымбек Әбдірайымовпен сырлас дос екенін білдім. Сол кезде-ақ, Алматы облысындағы Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетінде екі жылдай әдеби қызметкер болып, ысылып келген Бейсебайды қолтаңбасы айқындалған жас талант ретінде қатарластары өте қадірлейтінін байқадым.

Біз оқып жүргенде журналистика факультетінің «Журналист» атты қабырға газеті бар еді. Тұтас бір қабырғаны алып жататын бұл газет шын мәнісінде өте тартымды болып шығатын. Жас қаламгерлерді жазу өнерінің биік баспалдағына бастайтын алғашқы мектебі десем де болады. Өлең, әңгіме, естелік, суреттеме, әзіл-шымшымаларды оқып, дабырласып жататын өзге факультеттердің студенттерін де талай көргенбіз. Бір күні газеттің жаңа нөмірін жапырлай тамашалап, мәз-мәйрам болып тұрғандардың үстінен түстім. «Бұлар неменеге мәз болып тұр?» деп, үңілейін кеп. Газеттің оң жақ бұрышында «Жаяу шопырдың жыры» деген сықақ өлең беріліпті. Айбақ-сайбақ әріптердің астына («Ақ сиса» әнінің әуенімен) деген анықтама қоса тіркеліпті.

Ақ шиша, қызыл шиша, шиша, шиша,

Өзіңді кім ішпейді зорлық қылса!

Мілиса машинамды тартып алып,

Атандым сол себепті «Жаяу Миша»!

Гик-кай, гик-кай, гик-кай!..- деп, төгіліп кете береді.

Авторы – 2-ші курс студенті Бейсебай Кірісбаев. Ол кезде өзім де сатираның ауылына қарай бүйрегім бұрыңқырап жүр еді. Кездескенде қолын қыстым. Риза болғанда басы біржағына қисайып, желкесін қасып, күле береді екен. Сол Бейсекеңмен балалар газетінде бірнеше жыл қызметтес болдық.

Түсінген адамға балаларға арнап шығарма жазу – дүниедегі ең қиын шаруа. Кішкентай балғындардың тілін білмесең, қысқа қайырып, түсінікті сөйлемесең, жазғаныңнан еш пайда жоқ. Өзің де, кішкентай оқырмандар да босқа шаршайды. Мұны сол ауылдағы қалам ұстайтын ағайындар жақсы біледі. Ал, Бейсебай келген бетте-ақ балалар тақырыбын жатырқамай, жатсынбай, өз шаруасын дөңгелетіп әкетті. Бұған оның туа бітті әзілкештігі, табиғи болмысы көмектессе керек. Газеттің әдебиет пен өнер бөлімі дайындаған әңгіме, өлеңдер, әзіл-сықақтар үлкендердің де қызығып оқитын ортақ игілігіне айналды.

Редакциямыз шағын, бас редакторымыз Уәлихан Қалижановты қосқанда оншақты адамбыз. Дені жастар. Кейде түскі үзілісте кең кабинетте әр нәрсені айтып, дуылдасып отыратын кездеріміз де аз болмайтын.  Сондай сәттің бірінде белгілі ақын Рақымжан Өтегенов ағамыз жұмбақ жасырысайық деді.

- Ал, онда, сіз бастаңыз.

- «Күнінде көктемнің, бір қызық шөп көрдім. Барлығын шағады, жанасып кеткеннің. Білдің бе, балақай, не нәрсе екенін?»

Бізден едеуір үлкен Рақаң басын екі жағына кезек шайқап, айналасына қулана қарайды. Жауабын таба алмай, бәріміз дабырласып жатырмыз.  Қиналғанымызды көріп, ол кісі мәз. Бір кезде Бейсекең: «Қалақай» деп сарт еткізді. Риза болған ағасы «дұрыс» деп, балаша айқайлап, орнынан тұрып кетті.

Кезек өзіне  келгенде Бейсебай: «Жүрген сайын жүйрігім, қысқартады құйрығын», - деп тымпиып отыра қалды.

Ал, кеп ойланайық. Бір қарағанда, қарапайым жұмбақ сияқты көрінгенмен, шешуін ешкім таба алмады. Анау дейміз, мынау дейміз. Ақыры жауабын өзі айтты: «Ине-жіп». «Қап!» дейміз.

- Ал, екіншісін тыңдаңдар. «Екі аяқты, бір ізді, үстіне мені мінгізді. Мінгізгенмен, ол менің – аяғымды жүргізді». Бұл не?

Қызылкеңірдек болып ары-бері дауласып, оны да таба алмадық. «Жеңілдік, Бейсеке, өзің айтшы?» дейміз.

– Велосипед! – дейді ол масайрап.

Міне, жай ғана нәрсенің өзінен балалар тұр ғой, үлкендерді ойландыратын осындай күрделі дүние туғызу нағыз шеберліктің белгісі емес пе! Жаны да, рухы да таза, бүкіл алпыс екі тамыры балалармен бірдей соғатын Бейсебайдың ортамызға келуі шығармашылыққа жаңа серпін берді. Газеттің таралымы 200 мыңға жетті. Әрине, мұнда үкіметтің қолдауы да болды. Бірақ, негізгі еңбек редакция ұжымындағы әріптестердікі еді. Басылымға автор тарту, оқылатын материалдар ұйымдастыру, оқырман жинау – жыл бойы жүргізілетін, тіпті, өмірі таусылмайтын қым-қуыт шаруа болатын. Солардың дәл ортасында белсеніп, Бейсебай жорғалап жүретін.

Шынында да, Абайша айтқанда, ақырын жүріп, анық басатын Бейсебай Кірісбаев балалар газетінде танымал қаламгер, сатирик, ақын ретінде қалыптасты. 1979 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Тамшы» атты алғашқы туындысынан кейін, «Алты әзілкеш» атты ұжымдық жинаққа (1982 ж.)  топтама өлеңдері енді. Шығармашылық қуанышын достарымен бірге бөліскен үлкен жомарттығына да куә болдық. Думандатқан беті «Шәмші қайда, әнші қайда?» дегенге дейін барып, әрең тарасқан күндеріміз де есте. Кейініректе жылдар аралатып ұсынған «Аппақ бақ-бақ», «Кілтипан», «Ықылық», «Жаңылтпаштар» атты кітаптарына қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қалтай Мұхамеджанов сынды ағалары жылы лебіздерін білдірді.

«Жақсы ақынның тілі – бал» дейді Шәкәрім. Философ ақынның бұл анықтамасы Бейсебайдың шығармашылығына дөп келіп тұрғаны анық. Ел мойындаған сатирик ескі халық әндерінің сарынын уақыт туғызған әртүрлі мәселелерімен шебер ұштастыра отырып, біршама әзіл өлеңдер жазды.  Соның бірі «Сүзеген сөзді» жоқтауы:

Есіктің алды беткейді-ай,

Беткейдің қары кетпейді-ай!

Қарағайдай мүйізің

Көз алдымнан кетпейді-ай!

...Басқа да басқа «Сүзеке»,

Өзіңнің орның бір төбе-ай!..

Екі бүйірін таянып ап сұңқылдатқанда, күлмей қалай шыдап отырасың, енді?! Жеңіл әзілінің өзінде астарлы ой жатыр. Қазақ әдебиетіндегі сын, сықақ, фельетон жанрларының құлдырауға түскенін меңзейді. Сондықтан болар, «Сонеттер» топтамасындағы «Кірпіш кітап» атты шымшыма өлеңінде жазу өнеріне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын аңғартады:

Ойлар едім: «Қаншама зая кетті сия» деп,

Оқу түгіл парақтап санап шығу – қиямет!

Отыра қап тағы да жоқтан барды құраған,

Айдар тақты, ат қойды – пайда болды «Роман»!

Кірпіш кітап сөреде, курортта жүр иесі,

Ұрып кетсе қайтеді, романның киесі!

Иә, кейде қалың-қалың томдардың оқылмай, дүкен сөрелерінде шаң басып қалатынын көріп жүрміз. Ол рас. Бірақ, бұл олардың бәрі бірдей нашар деген сөз емес. Оның түрлі себебі бар. Бағасы удай қымбат кітаптарды алуға жұрттың шамасы жетпейді немесе оларды оқуға шыдамы жетпейді... (Енді бұл бөлек әңгіменің тақырыбы).

Ал, Бейсебайдың қаламынан шыққан шап-шағын дүниелер «Ана тілі» сияқты мектеп оқулықтарына еніп, осы күнге дейін өміршеңдігін танытып келеді. Бұл қаламгер таңдаған тақырыптың қызықтығы, қысқалығымен қатар, балалар ұғымына жеңілдігінен болар. Кез-келген тақырыптан тарыдай ой түйіп тастау – оның шеберлігі мен өзіндік ерекшелігі дер едім.

Бес көше  - бес ру,

Бес көше бес жақтан есіру!

Болмайды кешіру,

Бес ру бес жақтан төс ұру...

Ру-ру-ру!..

Соңы: құру-құру-у...

***

Тек «Өзім, өзім» дейді,

Өзгені көзге ілмейді.

***

«Ата-ананы сыйлайық» деп зарлайды,

Ауылдағы анасына бір хаты да бармайды.

***

Корректор болсаң, арырақ тұр,

Директор болсаң, берірек тұр...

Жалпы, оқырманды күлдіре отырып, күнделікті тұрмыстағы кемшіліктерді, адам бойындағы пенделік олқы мінездерді тап басып, тану арқылы қоғамды одан арылтуды мақсат еткен Бейсебай тәрбие жұмысын жас ұрпақтан бастау қажет екенін басты мұраты деп білді. Өйткені, бала – біздің болашағымыз. Ал, болашақтың иелері отбасынан, мектеп қабырғасындағы оң тәлім-тәрбиеден қалыптасады. «Тәрбиесіз берген білім – бала қолына ұстатылған қару» деген Әл-Фараби бабамыздың тәмсілін Бейсебай жиі қолданатын.

Өмірінің соңғы кезеңінде, шығармашылық таланты толысқан сәттерде «Балдырған» журналына бөлім бастығы, сонан соң Бас редактордың орынбасары болып тағайындалғанда, оның осы балалар әдебиетін дамытуға сіңірген еңбегі ескерілді ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, қым-қуыт қарбаласы жоқ, жайлы орынға қызыққандар қатары аз емес еді. Таңдау Бейсебай Кірісбаевқа түсті.  Мұның өзі ақынның қысқа ғұмырындағы әдеби ортада танылғанын, жұрт санасатын салмағы барын білдіреді.

Дөңгеленген дүние деген осы. Кешегі жалт еткен жастық өмірдің қызық-шыжығын бірге өткізген замандас, ақкөңіл дос Бейсебай туралы өткен шақпен жазамын деп, кім ойлаған?..

Қазақта «Артында бар оңалар» деген жылы сөз бар. Осы ретте, Бейсебай Кірісбаевтың соңында оқырмандары сүйіп оқитын қазыналы мұралары қалғанын, әке есімін қастерлеп, қадірлейтін өрелі ұрпағы бар екендігін медет тұтамыз.

Қайым-Мұнар Табеев

Abai.kz

14 пікір