Сенбі, 27 Сәуір 2024
Аймақ 4690 2 пікір 10 Қыркүйек, 2019 сағат 11:57

Қ.Ысқақов: «Біздің мақсатымыз өзекті көтеріп, оларды шешу үшін нақты шешімдер қабылдау»

Oблыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қ.Д. Ысқақовтың  төрағалығымен «Индустриялды даму»  бағытындағы партиялық тыңдау өтті. Мәжілісте мемлекеттік «Білім», «Денсаулық» және «Индустрия» бағдарламаларының аймақта жүзеге асырылуы туралы айтылды.

Бірінші кезекте облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова мемлекеттік «Білім» бағдарламасының өңірде жүзеге асу барысы жайлы баяндады.

«Біз өз түлектеріміздің 97 пайызы жоғарғы оқу орындары мен колледждерге түскенін мақтанышпен айтамыз. Бұл жетістікке жету үшін Қ.Елеуұлы білім саласына қатысты батыл шешімдер қабылдап, саланың дамуына көп қолдау көрсеткенін баршаңыз білесіздер! Жалпы, білім саласына қатысты менің ұстанымым айқын: сапалы білім беру арқылы баланың болашағын қалыптастыру. Шынына келгенде, біз барлығымыз осы балалардың келешегі үшін жұмыс істеп жатырмыз»,-деді аймақ басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусаметов «Денсаулық» бағдарламасының облыста орындалуы туралы айтты.

Мемлекет Басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі экономиканы әртараптандыру, инновацияны дамыту арқылы еңбек өнімділігін арттыру және тікелей шетелдік инвестиция тарту болып табылады.

Осыған байланысты облыс әкімі: «Биылғы жылы индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын аяқтап, үшінші бесжылдыққа аяқ басқалы тұрмыз. Осы орайда, Президент Қ.Тоқаев индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеру қажеттігін тапсырды»,-деп еске салды.

Айта кетейік,  индустрияландыру бағдарламасының І және ІІ бесжылдығы аясында өңірімізде  24 жоба іске асырылып, нақты 1442 жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылдың 7 айында іске қосылған 24 жобаның 18 жоспарлы қуаттылықты 90-100% игерді.  Мемлекеттік бағдарлама бекітілген индустрияландырудың 6 басым бағыты бар, олар: металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдарын шығару және тамақ өнеркәсібі.

Бүгін бірінші болып Арал мен Қазалы аудандарының индустриалды даму мәселесі талқыланды. Алдағы уақытта «Индустриалды даму» бағыты бойынша Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері  де хабарлама жасайтын болады.

Облыс халқы бірінші бесжылдықта Арал, Қазалы аудандарында іске қосылған тауарлы сүт фермасы, ас тұзы, балық өңдеу сияқты зауыттардың игілігін көруде. Сол кәсіпорындарда жұмыс істеп, отбасын асырап, бірқатары республикалық конкурстарда жүлделі орындарды иеленіп, облыстың имиджін көтеруде.

Десек те, бірқатар мәселелер әлі күнге шешімін таппай келеді.

«Индустрияландыру бағдарламасы аясында Арал мен Қазалы аудандарында атқарылған жұмыстарды одан әрі жетілдіру қажет. Индустрияландыру бағдарламасы мен индустриялық аймақтар жұмысында бірқатар кемшіліктер орын алып отыр. Сондықтан жұмысты жандандырып, жыл соңына дейін индустриялық аймақтарды толтыру бойынша бекітілген межені игеруге жұмыс істейік. Арал, Қазалы аудандары бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Олардың орындалуын талап етемін»,-деді облыс әкімі.

Мәжілісте шикізаттық емес секторды дамыту басты назарға алынғаны айтылды. Оған қоса, биылдан бастап республикада өңдеу өнеркәсібінің ішкі салаларын дамытуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асырылуда.

Сонымен қатар, мәжілісте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы  Ринат Сұлтангереев пен облыстық кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Әділбек Бекішов индустрия бағытындағы жобалардың іске асырылуы туралы баяндады.

Аймақ басшысы: «Біздің бүгінгі мақсатымыз партиялық тыңдауда өзекті мәселелердің барлығын көтеріп, оларды шешу үшін нақты шешімдер қабылдау»,-деп қорытындылады.

Abai.kz

2 пікір