Жұма, 26 Сәуір 2024
3818 0 пікір 21 Тамыз, 2019 сағат 15:03

«Жайылма шырыны» нарырыққа жол тартпақ

Жаңақорған ауданында биыл қарбыз шырынын шығаратын цех алғашқы өнімін шығарды. Жобаны жүзеге асыруға неміс компаниясы ниет білдірген, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Инвесторы «Нокина» шаруашылығының өкілі Иоханн Мартс пен «KazExpertTrade» ЖШС-нің мамандары цехты іске қосқан. Неміс технологиясы арқылы өңделетін шырын арнайы бұрандалы қақпашасы бар полиэтиленге құйылып, нарыққа жол тартты. Шырын таза, әрі табиғи химикатсыз қарбыздан жасалған.

– Біз бұл құрылғыны 2014 жылы Алматыдағы «Нокина» шаруашылығында іске қостық. Шағын ғана цех сағатына 1600 келі алманы өңдеуге арналды. Алынатын өнім 50 пайыз болатын. Биыл осы табиғи шырынды қарбыздан алу ойға келді. Бұл – Қазақстандағы алғашқы қарбыз шырыны. Дәмі керемет! Біз мұнда шырынды шын мәнінде шығаруға болатынын көрсетуге келдік. Әрі қарай қарбызды Алматыға тасымалдап, сонда шығарамыз. Сусын шығарылған соң, 83 градус температурада қыздырылады. Одан соң салқындатамыз. Өнімнің жарамдылығы 12 айға жетеді, - дейді «Нокина» шаруа қожалығының өкілі Иоханн Мартс.

Қазіргі таңда онда 12 адам жұмыс істейді. Жалпы, биылғы жылы 1000 тонна қарбызды өңдеу жоспарланған. Келер жылы Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында стандартқа сай қойма салынбақ.

– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан шағын кәсіпорын қарбыздан сағатына 1 тонна 100 литр табиғи сусын өңдіріп, арнайы қоймада сақтауға қауқарлы. Жайылма ауылы бойынша жылына орта есеппен 400-600 гектарға жуық аумаққа бақша дақылы егіледі. Бұл жобадан түсетін пайда да мол болады. Биылғы жылы тек тәжірибе жүзінде іске қосылған цех алдағы уақытта жайылмалықтар үшін толық қуатында жұмыс істейтін кәсіпорынға айналатыны сөзсіз, - дейді ауыл әкімі Талғат Зейдалиев.

Сондай-ақ ауыл әкімі неміс компаниясының Оңтүстік астанаға өздерімен бірге 20 тонна қарбызды алып кеткенін, тағы да 30 тонна қарбызды жөнелтуге дайындалып жатқанын хабарлады. Алматы қаласында өңдірілетін жергілікті өнім «Жайылма шырыны» деген атаумен еліміздегі барлық дүкен сөрелерінен өз орнын таппақ.

Abai.kz

0 пікір