Сенбі, 27 Сәуір 2024
Азия форумы 3725 4 пікір 20 Тамыз, 2019 сағат 15:33

Қуат Қайранбай: Азия қаламгерлері аударма мәселесіне көңіл аудару керек

2019 жылдың 4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен «Азия елдері қаламгерлерінің I форумы» өтеді. Оған 44 мемлекеттің қаламгерлерімен қатар  Жазушылар Одағының өкілдері қатысады.

Бұл форумда қандай мәселелер қозғалады? Азия кеңістігіндегі қазақ әдебиетінің алатын орны қандай? Бүгінгі әдебитеттің жетістігі мен кемшілігі, тағы басқа да сұрақтар төңірегінде ақын Қуат Қайранбайдан сұрап білген едік...

Қуат Қайранбай, ақын:

-Бәленбай жылдан кейін өткізілгелі отырған Азия елдері қаламгерлерінің форумын қаламгер ретінде құптаймын, қуанамын. Қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз деген екенсіздер, әрине қазір әдебиеттің мәселесі өте көп қырлы.Соның ішінде, тіпті, жазуынан бастап, кітаптың шығуы, таралуы деген мәселелер өте көп. Соның бәрін форумның күнтәртібіне енгізуге болады. Бірақ, бұл енді шешілетін нәрселер ғой.

Жалпы, Азия елдеріне келген кезде мен аударма мәселесіне көңіл аударғым келеді. Өйткені біз қазір көршіміз өзбектер, қырғыздар, тәжіктер, түркімендер не жазып жатқанын біле бермейміз. Бұрын Мәскеуде шығатын журналдар арқылы орыс тілінде біліп отырсақ, қазір, қолымызға түскен кейбір дүниелер болмаса, мүлде бейхабармыз. Сондықтан, Азия елдерінің әдебиетшілеріне ортақ ұйым құрылып, солар әдебиеттің ең озық үлгілерін барлық тілдерге аударып отырса деген ұсыныс бар.

Тағы бір ұсынысым – қазір жастар әдебиет оқымайды, жалпы кітапқа қарамайды деген мәселе бар. Таңертеңнен кешке дейін қолдарындағы телефонға шұқшиып отырған жастар көркем шығарма оқиды дегенге өзім сенбеймін. Сондықтан, мен қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын кино тіліне аударса, кино тіліне көшірсе деген ұсыныс айтар едім. Себебі, қалай болғанда да, көркем фильм  болғаннан кейін қарайды ғой. Мысалы, жақында Ілияс Есенберлиннің шығармаларының негізінде түсірілген “Көшпенділер”, “Қазақ хандығы" фильмдері шықты. Ол фильм болған соң, бәрібір назарға ілігеді. Ал, енді біз осы Ілияс Есенберлиннің шығармасымен қоса қазақ халқының тарихын бүкіл әлемге таныттық. Егер көрген адам болса, қазақтың тарихы жайлы аздап болса да хабар алатын еді. Сол сияқты бізде Мұхтар Мағауиннің шығармаларын неге аудармасқа? Әбіш ағамыздың шығармаларын неге кино қылып түсірмеске? Жақсы-жақсы шығармаларымен әлемдік деңгейдегі фильмдер түсіруге болады. Соны қолға алсақ жақсы болар еді деп ойлаймын.

Жаңа айтқанымдай, көршілеріміздің не жазып жатқаны біз үшін өте бұлыңғыр. Олардың озық шығармаларын, өлеңдерін, прозалық шығарамалырының өзі қолға тие бермейді. Салыстырып айту қиын. Бірақ, менің ойымша  қазақ әдебиеті қазір мықты дамып келе жатыр. Әсіресе, поэзия үлкен бір даму үстінде. Керемет-керемет жастар шықты. Олардың өлеңдерін оқып отырып риза боласың, сүйсінесің. Мысалы өзіміз ақын болсақ та, қызғанышпен емес, сүйсініп қараймыз, қазіргі жастардың қадамдарына.

Сонымен қатар, проза саласында да өзім білетін Дәурен Қуат бауырымыздан бастап, керемет-керемет жастар өсіп келе жатыр. Биыл ғана Алматы облысы жиырмадан астам жас ақын-жазушылардың шығармаларын кітап қылып басып шығарды. Сондықтан мен біздің әдебиетіміз әлемдік әдебиетпен иық тіресе тұратын әдебиет деп ойлаймын.

Ал, жетістігі мен кемшілігі қандай деген сұрақ өте күрделі.

Бұрын орыстың тілі арқылы Одақтық деңгейдегі әдеби туындыларды журнал-газеттерден қарап отыратынбыз. Қазір оның бірі жоқ, біздің қолымызда. Біз өз қазанымызда өзіміз қайнатып жатырмыз. Сондықтан қазақ әдебиетінің жетістігі мен кемшілігі туралы  айту өте қиын. Ал, кемшілігіне келген кезде, ол әдебитеттің кемшілігі деп те айтуға болмайтын шығар, бірақ бізде әдебиетті насихаттау, кітаптарды шығару, қаламгерлерді ынталандыру мәселесі мүлде жоқ десе де болады.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын қаламгерлерге мемлекеттік тапсырыспен шығарған кітаптарына қаламақы төленеді деген мәселе қозғалды. Бірақ мен, сол бағдарлама бойынша кітап шығарып, қаламақы алыпты деген бір ақын, бір жазушыны естіген жоқпын өз басым. Қазіргі жастар үшін өте қиын. Олар өзінің таза сүйіспеншілігі мен өзінің ішкі рухани дүниесімен әдебиетке барып жатыр. Осы тұрғыдан келген кезде Ұлықбек ағамыз бастаған Жазушылар Одағы үлкен-үлкен дүниелер жасап жатыр. Сол жалғасын тауып, қаламгерлерге қаламақы төлеу мәселесі бір ретке келтірілсе деп ойлаймын.

Ал, ортақ проблема – сол аударма шығар. Себебі, жоғарыда айттым, біз өз қазанымызда өзіміз қайнап жатырмыз. Оқырманмен байланыс жоқ. Мысалы, Ресейді қараңызшы, олар кітап тарату мәселесін әбден жолға қойған. Белгілі қалам иелерініңжеке таратушылары, әдеби агенттері бар. Тіпті әдебиет арқылы, проза әсіресе детектив жанры арқылы миллионерлер шығып жатыр орыстарда. Олар жолын тауып алған. Өкінішке қарай, бізде не прозада, не поэзияда ондай жоқ, ал, детектив жанры мүлде кенжелеп қалды десек те болады. Былтырлары осы жанрда байқаулар жариялап жатты. Бірақ, оның өзінен серпіліп оқитын туынды шыға қойды деп ойламаймын. Өйткені естіген де, көрген де жоқпын. Міне, осы жағына көңіл аударылса деймін.

Және, әдебиетті, кітаптарды тарататын, насихаттайтын ұйымдар жұмыс істесе деп ойлаймын. Жазушының жақсы кітабын іздеп жүріп шығарып, сатып, жазушыға да қаржы беріп, өзінің де қалтасын толтыратын елгезек адамдар көбейсе құба құп болар еді.  

Abai.kz

4 пікір