Жұма, 26 Сәуір 2024
Деп жатыр 3841 12 пікір 13 Тамыз, 2019 сағат 13:21

Түркіменбасы Каспийде ортақ қала салуды ұсынды

Кеше Түркіменстанның Аваза ұлттық туристік аймағында Каспий экономикалық форумы басталды. Оған Каспий маңындағы Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран, Түркіменстан елдерінің Үкімет өкілдері қатысты.

Сол жиында Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов көршілес Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан елдеріне Каспий инновациялық қаласын салуды ұсынды. Форумының ашылуында сөз сөйлеген Бердімұхамедов:

-Технологиялық және инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін маңызды платформа құру қажет деп санаймыз. Осы мақсатта біз халықаралық инновациялық-технологиялық орталық құруды ұсынамыз. Оны «Каспий инновациялық қаласы» деп атауға болады. Ол - Каспий аумағындағы және басқа мемлекеттердің іргелі ғалымдары мен сарапшылары Каспийдің жаңа технологиялық жоспарын құру үшін бірлесіп жұмыс істейтін ерекше идеялар зертханасына айналуы керек, - деді .

Түркіменбасының айтуынша, инновациялық қалада цифрлық кластерлер құрылады. Алайда ол, қаланы қай жерде құруға болатынын нақтыламады. Сондай-ақ, оның айтуынша, Каспий маңы елдерінің аумағы шығыста Оңтүстік Азия мен Азия-Тынық мұхиты аймағына, батыста Қара теңіз бен Жерорта теңізіне, Иран арқылы оңтүстігінде Таяу Шығысқа және Ресей арқылы және одан әрі солтүстікке қарай - Балтық теңізінің жағалауына дейін қатынай алатынын айтты.

Бердімұхамедовтің айтуынша, мұндай конфигурация төрт бағыт бойынша тұрақты маршруттар құруға мүмкіндік береді және олардың қалыпты жұмыс істеуі үшін Каспий маңындағы мемлекеттер, ең алдымен, өзара көлік байланыс жүйесін құруы керек.

Сонымен қатар, Бердімұхамедов порттың заманауи инфрақұрылымын құрып, тиімді логистикамен қамтамасыз ету қажеттігін және көлік саласындағы ынтымақтастық жоспарлар бойынша белсенді жұмыс істеуі керектігін деп атап өтті.

Айта кетейік, бірінші Каспий экономикалық форумына Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин, Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев, Әзірбайжан премьер-министрі Навруз Мамедов және Иранның бірінші вице-президенті Эсхак Джахангири қатысты.

Abai.kz

12 пікір