Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 3782 0 пікір 2 Тамыз, 2019 сағат 13:25

Сенатының депутаттары Шымкент қаласының мәслихат депутаттарымен кездесті

Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласының мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиында сенаторлар Парламент жоғарғы палатасының осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары және қабылданған заңдардың маңызы туралы хабардар етті.

Сенатор Н.Бекназаров республикалық маңызы бар қалалардың санатына Шымкент қаласының енуіне байланысты Сенатта қабылданған әкімшілік аумақтық  құрылым, республикалық бюджетке өзгерістер енгізу және азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған заңдар туралы жан-жақты айтып берді.

Шымкент қаласы депутаттары алдағы болатын жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы, медицина саласындағы реформалардың беретін нәтижесі, кәсіпкерлікті қолдау, Жаңаталап, Тұран, Көктөбе елдімекендерінің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуді тездетіп шешуге ықпал жасауды сұрады. Сондай-ақ, жергілікті аудан әкімдерінің инфрақұрылымдық жүйелерге қатысты жоспарлау мәселелері бойынша дербес құзырет беруге қатысты қажетті заңдарға өзгеріс енгізу мәселесі де көтерілді. Жастар жайы, жоғарғы білім алуға грант бөлу, мемлекеттік пен жекеменшік оқу орындарындағы төлем ақылардың мөлшері жоғары екендігі де сөз болды.

Н.Бекназаров мәслихат депутаттары көтерген сауалдар мен ұсыныстарды жан-жақты қарап, мәселелерді толықтай зерделегеннен кейін Сенаттағы жұмыс барысында шешуге ықпал ететінін айтты.

Сенат депутаттары сондай-ақ Шымкент қаласына жұмыс бабындағы сапары аясында Қоғамдық кеңес мүшелерімен де кездесіп, институт жұмысын жетілдіру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына сараптамалық бақылау мәселелері бойынша ой бөлісті.

Жиында Н.Бекназаров Қоғамдық кеңес 2016 жылдан бері кеңестер туралы заңға сәйкес құрылып, елге қажетті жұмыс атқарып келе жатқанын, әлі де жұмысты жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталды.

«Өзіміз сайланған өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуымыз керек. Жүргізіліп отырған жұмыстар, өзекті мәселелерден хабардар болып отыруымыз қажет. Президент тапсырмасына сәйкес және Үкімет тарапынан шалғай ауылдар мен аудандардың дамуына баса назар аударылуда. Ал қоғамдық кеңес институты – билік пен қоғам арасында алтын көпір болуы тиіс», - деді Н.Бекназаров.

Сенат депутаты Айгүл Қапбарова өңірдегі әлеуметтік қолдау шараларына көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтты. «Қоғамдық кеңестің ықпалы мен рөлі жыл сайын күшейіп келеді. Елімізде әлеуметтік реформалар жүргізілуде, жаңа әлеуметтік көзқарас қажеттігі туындап отыр. Осы мәселеде сіздерге артылатын жүк көп деп ойлаймын», – деді А.Қапбарова.

Н.Бекназаров Қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы орын алған барлық проблемаларды мұқият қарап, жергілікті атқарушы биліктің алдында көтеруді және нақты шешу жолдарын қарастыруы қажеттігін айтты.

Abai.kz

0 пікір