Жұма, 26 Сәуір 2024
Үшбу хат 8662 26 пікір 18 Шілде, 2019 сағат 11:16

Қабдеш ағаға хат

Өткенде Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға ашық хат жазған еді. Жазушының хаты "Қазақ әдебиеті" гәзетінде (№ 26. 28 маусым - 4 шілдедегі санында) жария болды.

Жазушының үні министрдің құлағына жетіпті. Арада апта өткенде Ақтоты ханым Райымқұлова Халық жазушысына жауап жазыпты. Министрдің "Қабдеш ағаға хат" атты мақаласы "Қазақ әдебиеті" гәзетінде басылып шықты. Біз өз кезегімізде министр ханымның гәзет бетінде жариялаған үшбу хатын қаз қалпында сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. 


Құрметті Қабдеш аға!

Ел мәдениеті мен руханиятының дамуына тың серпін беру, өнердің асылы мен жасығының арасын ажырату, шынайы шығармашылық пен арзан сөзді екшеуге қатысты әкелік мейіріммен жазған тілектестік ниеттегі лебізіңіз үшін алғысым шексіз. Әкемді, анамды білетін көз көрген, өзіңіздей абыз ақсақалымыздың талай қазақтың марқасқа тұлғалары басшылық жасаған, ұлы жазушылар шығармалары мен әдеби сындарды жария еткен, қазақтың қасиетті қара шаңырағы «Қазақ әдебиеті» газетінде баяғы ұлылар салған үрдіспен жолдаған хатыңызды өзіме берілген бата деп қабылдадым.

Сіз назар аудартып отырған түйткілді мәселелерге келсек, ең алдымен өнердің тазалығы тұрғысында өзіңізбен пікірлес екенімді ашық айтқым келеді. Бұл орайда күні кеше мен фонограммасыз өнер көрсету туралы пікірімді білдірдім. Өйткені, қазір дауысты техниканың мүмкіндігімен әрлейтін, «жасанды» әншілер қатары көбейгені рас. Бұл тыңдарманның құқығын бұзады, адамдардың эстетикалық талғамдарына кері әсер етеді. Жас ұрпақ өнер деген осы екен деп көрінген нәрсені тыңдап, талғамсыздыққа ұрынады. Сондықтан, бұған дейін баспасөз бетінде айтқанымдай, фонограммаға қатысты көзқарас өзгереді. Оны реттеу үшін арнайы заң қабылдануы керек. Еуропада фонограмманы қабылдамайды.

Өзіңіз айтқандай кең жазира даламызда қазақтың өнерін, музыкасын дамытып, жаңа белеске көтерген сал-серілер, әнші-күйшілер мектебі болғаны белгілі. Бұл – шын мәнінде саф өнер еді. Олардың табиғи жүрекжарды туындылары ғасырдан ғасырға көшіп ұлттық құндылыққа айналды. Оның қасында бүгін айтылып ертең ұмыт болатын әндер мен фонограммаға сүйенген жалған даңғазаны өнерге балау күлкілі екені анық.

Қазақ өнерін зерттеген Ш. Уәлиханов, Г.Потанин, А.Аленторов, А. Васильев, М.Ж. Көпеев, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Бекжанов, М.Габдуллин, С.Садырбаев, С. Қасқабасов, Т. Әлемқұлов т.б. ұлы тұлғалар қазақ өнерінің қайталанбас ерекшелігі туралы керемет еңбектер жазғаны белгілі. Қарапайым дала қазағы арасынан шығып, табиғи дауысымен әлемді ауызына қаратқан Әміре Қашаубаевтар мен олардың бүгінгі ізбасарлары Димаш Құдайбергенов, музыка майталмандары Жәния Әубәкірова мен Айман Мұсақожаева, Майра Мұхаммедқызы тағы басқалар қазақ өнерінің даму көжиегіне бағдар бола алады.

Бүгінгі күнде дипломатияда «жұмсақ күштер» деп аталатын өнер мен спорт тек рухани азық ғана емес, елді әлемге мәдениеті дамыған, талантты, дарынды ұлт ретінде танытудың, Қазақстанның бейбітшіл саясатын насихаттаудың да даңғыл жолы.

Сондықтан Мәдениет министрлігі Абай, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Мұхит, Естай, Ақан Сері, Біржан Сал, Сегіз Серілердің, одан арыдағы және берідегі із қалдырған тұлғаларының өнерін қайтадан жүректерге сіңіріп, тіпті қазіргі қазақ өнерінің өзінде де ұлттық реңк болуына күш салу мақсаты тұр. Шынайы халықтық өнер ғана өміршең. Ол халық жадында ғасырлар бойы сақталады. Жүрегін тербейді. Мәселен бір ғана Ақан серінің "Ақтоқты", "Алтыбасар", "Тер қатқан", "Мақпал", "Балқадиша", "Сырымбет", "Майда қоңыр", т.б. әндері осы күнге дейін халқымыздың алтын қорына айналған рухани қазынасы. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгір, Қожеке тектес күйшілер мен күйшілік өнердің орыны бір басқа.

Сол тәрізді тек ұлттық музыка шеңберінде шектелмей, кез-келген елмен тереземіз тең тұру үшін «Сұңқар көптен шығады, тұлпар топтан шығады» демекші, ел ішіндегі өскелең ұрпақты классикалық музыкаға да үйрету, өз еліміздің Моцарты мен Бетховенін, Бахтарын тәрбиелеу, әлемге танытуды ерекше назарда ұстаймыз.

Бұл опера мен балетке де қатысты. Әрине, қазақ ұлты жаһандану заманында өмір сүріп жатқандықтан, шет елдерде әртүрлі жаңа музыкалық ағымдар пайда болуы, олардың тез тарап, жастарды баурап алатыны, соған еліктеуші әншілер мен топтардың пайда болуы да уақыт еншісіндегі ақиқат. Қазір техника мен технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан, әлеуметтік желілер заманында мұндай толқындардан сырт қала алмайтынымыз анық. Дегенмен, мүмкіндігінше ел менталитетіне лайық дүниелерді екшейтінімізді айтқым келеді.

Қандай өнер түрі болса да халық жиналатын жерде, киелі сахналарда орындалғанда заңға, этика, эстетикаға, ұлт менталитеті мен мүддесіне қайшы келмеуге тиіс. Бұл - қадағаланатын болады.

Жалпы, алдағы уақытта Ақпарат министрлігімен келісе отырып, сахналарда орындалатын, телеарналар арқылы көрсетілетін концерттік бағдарламалар мен орындаулардың арнайы көркемдік кеңестен өткен, барлық талаптарға сай болуын қадағалауды жолға қою көзделуде. Бұл ауқымды жұмыс - өзіңіз айтқан тұщымсыз арзан күлкіге де қатысты. Әзіл-сықақ театрларының қойылымдарын әдептен озбайтын, барынша талапқа сай және тақырыптық аясы кең болғаны ләзім. Әркім қалаған жерде концерт ұйымдастырып, әу дегеннің бәрі сахнаға шығып, сықақшы ретінде қабылданбауы үшін бұл саланы арнайы заңдармен реттеу ұсынылмақшы.

Құрметті Қабдеш аға!

Өзіңіз көзін көрген әкем «Тұлпар шаба жетіледі, сұңқар ұша жетіледі» деп отырушы еді. Сіз халық жазушысы болғандықтан үлкен істің бастауында тұрған маған әкелік ізетпен айтқан ақыл-кеңесіңізді халықтың атынан айтқан аманат деп қабылдап, ел мәдениетіне жаңа леп әкелуге күш саламын.

Құрметпен, Ақтоты Райымқұлова

ҚР Мәдениет және спорт министрі

Abai.kz

26 пікір