Сенбі, 27 Сәуір 2024
Өмірдің өзі 4306 6 пікір 11 Маусым, 2019 сағат 14:48

Біз «ауырып қалдық...»

Иә, біз науқаспыз. Кәрімізді, жасымызды да ауыр дерт меңдеген. Коммунистік жүйенің перзентханасында ата-анамыз «құлдық сана» диагнозымен өмірге келді. Содан кейін ол дертті ген арқылы біздің бойымызға дарытты. Бірақ біз барынша әдемі киініп, қымбат ресторандардан тамақ ішіп, шет елдерде демалып, өзгелерге өзіміздің науқас екенімізді жасыруға тырыстық. Сол «құлдық сананы» жұқтырған ортада тәрбиелендік, сондай орындарда білім алдық, сондай жүйеде өмір сүрдік. Өзіміз ауру болсақ та, жанымыздағыларды мазақтап күлдік. Одан айығудың, емделудің жолдарын іздеудің орнына, сол ауруға әбден үйреніп те алдық.

Бір сөзбен айтқанда, «біз өз дертімізге өлердей ғашықпыз»! Оған ғашықтығымыз соншалық, сол науқасты жазудың орнына одан сайын ушықтыра түсетін, көзіңді бақырайтып қойып қауіпті вакцина егетін «дәрігерлерді» 30 жыл бойы таңдап келдік.  Арасында кейбірі оның емін қабылдамады, кейбірі берген дәрісін төгіп тастады, кейбірі сол үшін құрбан боп кетті. Сөйте тұра жан-жағымыздағы ауруханалардан емделіп шығып жатқан адамдарға қызыға қарадық. Ал өзіміздің іріп-шіріген, іргесі сөгіліп үстімізге құлағалы тұрған "ауруханадан" безіп қашудың орнына, оның қабырғаларын сылап-әктеп, қайта тұрғызып әлекпіз. Түннің уақытында науқастары асқынып, жан ұшыра дәліз жағалап жүгірген пациенттерді медбикелер ота үстеліне таңып әлек. Наркоз салады, тәнін тыныштандырады. Бірақ, жанды ешқандай дәрі тыныштандыра алмайтынын білмейді олар. Қолындағы инесімен қорқытады. Біз сенген көп дәрігер алдап соқты бізді. Бірі – медбикелермен төбелесіп, дәрісін қабылдамаңдар деді. Бірі:

–Мен сендерді дерттеріңнен емдеп жазам,– деп сендіріп алып, санымызды соқтырып кетті. Ал біреулері: « Біздің дамыған, ең мықты ауруханамыздан әлі-ақ сауығып шығасыңдар. Өйткені, біздің дәрілеріміз дәруменге бай, біз жасайтын ем елде жоқ!», – деп әлі жырлап келеді. Одан шығарып жіберсе, далада өліп қалатындай зәр-иманымыз қалмай қорықтық. Соларға біздің арамыздан көмектесіп, жақсы атты боп жүргендер де аз емес. Ал олардың «құлдық сана» синдромы біздікіне қарағанда күннен-күнге өршіп барады.      Науқасымыздың асқынғаны сонша өз палатамызда жата алмайтын, өз тілімізде сөйлеуге қысылатын, осы дертпен ауырмаған ата-бабаларымыз туралы айта алмайтын боп бара жатырмыз.

«Бұлай болмайды, жазылудың жолын іздейік» дегендерді жау көретін болдық. Үстімізге киетін халатымыз – қытайдікі, жуынатын заттарымыз – корейдікі, ас ішетін ыдысымыз – Ресейдікі.

Өмірге бір сәби келсе, науқастардың бәрі акушерге жүгіріп барып:

– Айтыңызшы, дәрігер, бұл балада біздің синдром жоқ па екен? – деп үміттене сұрайды. Ол аурудың бізді меңдеп бара жатқанын, одан тезірек айықпасақ, бір күні инсульт алып құлап, комадан бір-ақ шығатымызды енді ғана түсіне бастағандаймыз. Енді ғана «Дәрігерлер мен медбикелерге» үміт артуды қойып, өз жарамызды өзіміз таңып, өз дертімізді өзіміз емдеуді үйреніп келеміз. Жан-жағымыздан білікті, білімді дегендерге де жалтақ-жалтақ қарап қоятынымыз жасырын емес. Ең сорақысы, біз сеніп жүрген, бізді емдейді деп жүрген «дәрігерсымақтардың» дерті біздікінен де қауіпті екенін кеш ұққанымыз. Неше жыл бойы бұл ауруханадан неге шыға алмай жүрміз десек, біздің тәніміз емес, жанымыз «ауырып» қалыпты ғой. Енді мұнда қалуға болмайды! «Құлдық сана» синдромы генге кетпей тұрғанда тезірек айығу керек! Пайдасыз дәрілермен ағзамызды улауға жол бермеу керек! Және бұл науқастан өзіміз жазылмай тұрып, өзгелерге «жұқтырып», зиян тигізбеу керек. Ертең өмірге келетін сәбилеріміз біздің осындай аурумен ауырғанымызды көрмесінші, білмесінші...

P.S. Солай, құрметтім, біз талай зобалаң уақытта тәнімізге дерт тигізсек те, жанымызға дақ салмап едік қой... Мүмкін, бәріміз өз палатамызда тығылмай, бірге отырып ыстық сорпа ішерміз?! Мүмкін, бір-біріміздің науқас екенімізді бетімізге баспай, жай ғана жазылып кетуіне көмектесерміз?! Мүмкін, бізді емдегісі кеп жүрген адал жандарды қолдармыз?! Мүмкін, барынша ӘДІЛ, ШЫНАЙЫ, БІЛІМДІ, МЕЙІРІМДІ болуға күш салармыз?! Бір-бірімізді жай ғана жақсы көрерміз?! Мүмкін, сонда біз синдромнан сауығып кетеміз?! Иә, сөйтейікші... Біздің о бастағы ИММУНИТЕТІМІЗ мықты еді ғой... Біз мықты едік қой...

Әсем Құлманова

Abai.kz

 

6 пікір