Сейсенбі, 20 Тамыз 2019
Әлеумет 2029 4 пікір 27 Мамыр, 2019 сағат 15:34

Мемлекеттің көпбалалы аналарға  жасап жатқан мүмкіндіктерін барынша пайдалану керек

Елімізде кәсіпкерлікте табысқа жеткен әйелдер аз емес. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен өз кәсібін жасап жүрген нәзік жанды қаһармандарымыздың бірі - Жандай Сана Шайханқызы. Ол бүгінде «АDANAZ» өндірістік кәсіпорнының құрылтайшысы әрі директоры. Сондай-ақ, төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі ана.

Кейіпкеріміздің әкесі «Орталық Қазақстан» газетінде журналист, ал, анасы Қарағанды қаласында мектеп мұғалімі болған. Отбасындағы төртінші бала, әкесінен ерте айырылған. Бала кезінде әке жолын қуып, журналист болуды армандағанымен, ол арманға жете алмады. Әкеден ерте айрылған Сана анасына көмектесіп жүріп, өмір сүрудің оңай емес екенін өз көзімен көрді. Бұған қоса Қарағандыдағы Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың экономика факультетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітіргенімен, мамандығы бойынша қызметке орналаса алмайды. Сөйтіп, кәсіпкерлікке бет бұрады.

Отбасы мен кәсібін қатар алып жүрген ардақты ана, аяулы жар, табысты кәсіпкер Сана ханыммен кішігірім сұхбат жасаған едік. Сол әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

- Сана ханым, Сіз көпбалалы ана болумен қатар, жеке кәсіпкерлікті де қатар алып жүрсіз. Осы жолға қалай келгеніңіз жөнінде айтып өтсеңіз... 

- Мен өзім де көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Біздің үйде 4 бала болдық. Әкем облыстық газеттің журналисі болды. Бірақ, ол кісі ерте қайтыс боп кетті. Мен ол кезде 16 жаста едім. Ал, анам мектепте педагог боп істеді. Әкемнің қазасы мені ерте есейтті. Сөйтіп, өмірде барлық нәрсеге өзім қол жеткіздім.

Мен бала кезімнен отбасында көп бала болғанын ұнататынмын. Сондықтан, ертерек жұмыс істеуге тырыстым.

1996 жылы Университетті “Экономика” факультетін “сақтандыру” мамандығы бойынша бітірдім. Бірақ, мамандығым бойынша жұмысқа орналаса алмадым. Тек, еліміз егемендік алып, нарықтық қатынастар жаңадан бастау алып жатқан сәтте жеке кәсіпкерлікке бет бұрдым. Сөйтіп, көтерме және бөлшек сауда қағаздарын саттым. Сол жұмыста жүріп, жұбайым Болат Сыбанбековпен кездестім. Екеуміз бірігіп компаниямызды құрдық. Тек, сауда-саттықпен айналысып қана қоймай, қағаз орамасын шығару қажет деп шештік. Өйткені ол біріншіден, экологиялық жағынан қауіпсіз, екіншіден, қағаз оңай пайдаланылады және оны бірнеше рет қайта өңдеуге болады. Ал, ең бастысы ол қоршаған ортаға еш зиян келтірмейді.

(«АDANAZ» өндірістік кәсіпорнының ұжымы)

Бүгінде Болат екеуміздің шаңырақ көтергенімізге 20 жыл болды. Осы уақытта біздің 4 баламыз өмірге келді. Құдайға шүкір, қазір 1 қыз, үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкен қызымыз Анель – Чехия астанасы Прагада бизнес факультетінде оқиды. Арманы – біздің ісімізді жалғастырып, планетаның тазалығын сақтап қалуға үлес қосу.

(Сана ханым отбасымен)

Одан кейінгі ұлым - Әділ. Ол музыкалық мектептің фортепиано класын үздік бітірген. Және, вокалды оқып, халықаралық жарыстардың лауреаты атанған. Одан соң, 2,5 жыл “Арыстан” әскери лицейінде оқыды. Алайда, денсаулығына байланысты ол мектептен лингвистикалық лицейге ауысты. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультетінің 1-курсында грантта оқиды. Қазір мемлекеттен ай сайын стипендия алып тұрады. Ұлым болашақта мемлекеттік қызметкер болуды армандайды. Ал, біз оның ел дамуына үлкен үлес қосатын азамат болатынына сенеміз.

Ал, екі кішкентай ұлым Азат пен Закари – мектеп оқушылары. Азат 6-сыныпты бітірді. Математикаға қызығады. Түрлі олимпиадалардың жеңімпазы. Оның ішінде Халықаралық олимпиадалар да бар. Сонымен қатар, Құрманғазы атындағы музыкалық мектептің фортепиано класын да бітіреді. Және, әртүрлі марафондарға қатысып, триатлонмен айналысады.

Ең кенже ұлым Закари Алматы қаласындағы № 90 физика-математикалық мектеп-лицейінің 1-ші сыныбын бітірді. Ол да сурет салып, би билегенді өте ұнатады. Сондай-ақ, жүзу мен таэквандоға барады.

Әрине, жұмыс істеу, өз кәсібіңді жүргізу, бала тәрбиесі, оңай емес. Сондықтан менде үлкен жауапкершілік бар екенін ешқашан ұмытпаймын. Мен балаларымды отбасылық құндылықтарды қастерлеуге, оларды елімізге қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеуге міндеттімін. Сондықтан, мен отбасым мен жұмысыма лайықты көңіл бөлу үшін уақытты дұрыс жоспарлауға тырысамын.

- Сіз сонымен қатар қоғамдық жұмыстармен де белсенді айналысып жүрсіз. Ондағы көздеген мақсатыңыз жөнінде білсек...

- Мен 2016 жылдан бастап қоғамдық жұмыстармен айналысамын. Яғни, қалалық әкімдіктің жанынан құрылған әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесімін. Және қоғамдық кеңестің әлеуметтік мәселер жөніндегі сарапшысымын. Менің алға қойған ең үлкен мақсатым – қоғамдағы көпбалалы аналарға жәрдем беру. Менің қоғамдық қорым сол мақсатта жұмыс атқарып келеді. Осы уақытқа дейін қолымыздан келгенше, көпбалалы аналардың мәселесін шешіп, олардың мүддесін қорғауға күш салып келеміз.

Қазір әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мен де өз бизнесімде мемлекеттің көмегін барынша қолданып жатырмын. Мәселен, 2030 жылғы Жол картасы бойынша жеңілдетілген несиелерді пайдаланамын. Ол үшін 10 600 теңге көлемінде шағын жәрдемақы беріледі. Өте аз, әрине. Бірақ, мен оны да аламын.

Сондай-ақ, Мемлекет біз секілді көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп, балаларымызды тәрбиелеуге көмектесіп жатыр. Сондықтан, біз де балаларымызды мемлекетке қызмет ететін ұлтжанды азамат етіп тәрбилеуге тиіспіз. Өйткені, балалар - біздің болашағымыз.

- Қазір, қоғамда жәрдем сұрап, қиналған көпбалалы аналардың мәселесі күнтәртібінде тұр. Сіз ол кісілерге қандай көмек берер едіңіз?

- Балалар өзіне сенімді ортада өсу үшін оларға көп көңіл бөлу керек. Олардың бойына отбасы құндылықтарын сіңіріп, үлкенге құрмет көрсетуді үйрету қажет. Және, балаларды еңбекке, мейірім мен жақын адамыңа қамқорлық көрсетуге, сондай-ақ, салт-дәстүрлерге құрметпен қарауға баулыған жөн деп ойлаймын.

Ең бастысы – лайықты өмір сүрудің жарқын мысалын көрсету. Мәселен, мен спортпен шұғылданып, марафондарға қатыстым. Бос уақытымда вокалмен айналысып, велосипед тептім. Мен мұның бәрін балаларыммен бірге істедім. Олармен бірге табиғат аясында серуендеп, балаларыма табиғатты құрметтеуді іс жүзінде өзім көрсеттім. Меніңше, әр ата-ана балаға ең әуелі ісімен үлгі болуы тиіс.

Егер мұның бәріне тиісті жерде мүмкіндік болмаса, үйден-ақ кішігірім жұмыстар істеуге болады. Яғни, үйде отырып-ақ, киім тігуге, интернет арқылы жұмыс істеуге болады (Бұл сала қазір өте танымал болып келе жатыр). Қысқасы, бір орында тұралап қалмай, үнемі алға жылжи берсеңіз бір нәтиже шығады.

Қазір Алматыда үйде отырған осындай аналарға арналған «Бақытты отбасы» атты жаңа орталық ашылды. “Бір терезе” қағидаты негізінде құрылған бұл орталықта, аналар  заң жөнінен, психологиялық жағынан, жұмысқа орналасу бойынша көмектер ала алады. Сондай-ақ мұнда, спорт клубтары мен еркін үйірмелер тағы басқа аналарға пайдалы қызметтер көрсетіледі.

- Мемлекеттің көмегінсіз өз күшіңмен материалдық табысқа жетудің құпиясы қандай?

- Ешқандай құпиясы жоқ. Тек, үнемі позитивті ойлап, бір орында тоқтап қалмай, үнемі жұмыс істеу қажет. Кез-келген жағдайдан шығатын жол іздесеңіз, міндетті түрде табылады. Сонымен қатар, мемлекеттің көпбалалы аналарға  жасап жатқан мүмкіндіктерін барынша пайдалану. Және, әр адам жеке қасиеттерімен қатар, кәсіби деңгейін де өсіріп отыруы қажет. Сондай-ақ, басыңызды тік ұстап, ешкімнен көмек күтпеңіз! Алайда, ата-ана ретінде жауапкершілігіңіз жоғары болуы тиіс!

Abai.kz

4 пікір