Жұма, 26 Сәуір 2024
Бәрекелді! 7003 14 пікір 23 Мамыр, 2019 сағат 14:09

Алаштықтарға тағзым ету үшін әкімнің рұқсаты керек емес

Өткенде орыстың «Бессмертный полк» шеруін өткізген бас қаланың басшысы Бақыт Сұлтанов «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге рұқсат бермеген еді. "Пәлен" деді, "пыштан" деді. Түрлі сылтау айтты.

Осыған байланысты бүгін Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстан халқына, қазақ ұлтына қайрылып сөйлеп, бейне үндеу жариялапты.

«Алашқа тағзым» шеруіне бас қаланың әкімі, әкімдігі рұқсат бермегенін, әкім рұқсат бермеді екен деп, Алаш арыстарын, Сталин саясатының құрбандарын (ресрессия мен ашаршылық құрбандарын) ұмыт қалдыруға болмайтынын айтыпты. Әуелі үндеуге назар аударайық... Бейне үндеудің мәтіні міне:


Құрметті қазақстандықтар!

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, «Ақ жол» партиясының саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу  үшін «Алашқа тағзым» атты шеруін өткізуге  рұқсат бермеді.

Рұқсат бермеуге негіз болған себептері – қып-қызыл өтірік. Біздің өтінішімізде барлық қажетті ақпарат заңға сәйкес көрсетілген болатын. Мемлекеттік органдарды да түсінуге  болады: олар сайлау кезінде түрлі арандатулар мен бассыздықтардан қауіптеніп отырған шығар.

Сондықтан мынаны айтқым келеді: ешкім отқа май құйып, көпшілікті ашындыруға мүдделі емес. Мемлекеттік институттарды әлсірету - азаматтардың өздері үшін де, мемлекет үшін де қауіпті. Ұлттық тәуелсіздігіміз бен жеріміздің тұтастығын сақтау үшін мықты мемлекет керек.

Сонымен қатар, ол жай күшті ғана емес, әркім, өзінің мүмкіндіктері мен құқықтарын жүзеге асыра алатын, әділетті де, озық мемлекет болуы қажет.  Оның ішінде сөз бостандығына деген азаматтардың хақы да бар.

Мемлекеттік органдар, адамдарды алаңға шығаратын ыза мен кек емес, жақсылыққа деген ұмтылысы екенін түсінгені жөн. Наразылықтың алдын алудың ең тиімді жолы - белсенділерді қамау емес, нақты реформаларды тездету.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, мен: «Алашқа тағзым» шеруіне рұқсат бермесе де, «Ақ жол» партиясының жетекшілері мен депутаттары 31 мамыр күні «Алаш» қайраткерлері мен қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларының портреттерімен олардың  ескерткішіне барып, гүл қойып, құран бағыштайтынын жариялаймын.

Бұл шеру де, митинг те емес. Сондықтан біз осы жолы ешкімнен рұқсат сұрамаймыз. Біздің Қазақ Республикасының болашағы үшін құрбан болғандарға тағзым етуге толық конституциялық хақымыз бар.

Назарларыңызға рақмет!

Азат Перуашев

«Ақ жол» партиясының төрағасы


Алып-қосары жоқ. Дөп сөз. Айтылуы керектінің барлығы дерлік айтылған. 31 мамыр саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл ұлттық аза тұту күні. Сталиндік репрессияның, қолдан жасалған ашаршылықтың құрбандарын еске алатын, қазақтың Тәуелсіздігінің жолында шейіт кеткен Алаш қайраткерлерін ұлықтайтын күн.

Бұл күні марқұмдарды, олардың қайраткерлігін еске алу, оларға құран бағыштау – бұл ешқандай да шеру, яки митинг емес. Бұл – әрбір қазақтың міндеті.

Ал өткен жолы Сұлтановтың әкімдігі берген ресми жауапта: «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, пикеттер және шерулер өткізу және ұйымдастыру туралы» ҚР Заңының талаптарын бұзу жауапкершілікке әкеп соқтыратындығын ескертеміз» деп жазылған. Бұл жауапты ақылдың шеңберіне сыйзыға алмадық, рас. Сонда Алаш қайраткерлерін еске алып, оларға тағзым жасау – заң бұзушылық па? Сұлтанов, құрбандарға құран бағыштаған жұртты жауапқа тартпақ па?

;feature=youtu.be

Енді «Алашқа тағзым» шеруі туралы ретімен тарқатып жазайық...

17 сәуір күні «Ақ жол» партиясы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа ұсыныс хат жазды. 31 мамыр күні «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге рұқсат сұрады. Бұл туралы 22 сәуір күні «Abai.kz» ақпараттық порталында «Ақ жол» «Алашқа тағзым» шеруін өткізуді ұсынды» атты мақала жарияланды.

Ал 6 мамыр күні әкімдік ресми жауап берді. Дәлірек айтсақ, әкім жауап беруі тиіс мәселеге әкімдіктің әлдебір департаментінің ешкім білмейтін «заместителі» жауап берді. Онысы тағы жауап деуге келмейтін, қып-қызыл өтірік. Ол туралы «Abai.kz» порталында жарияланған «Сұлтанов «Алашқа тағзым» жасаушыларды жауапқа тартпақ па?» атты мақалада егжей-тегжейлі баяндалған.

Осыдан кейін 9 мамыр күні Тәуелсіз Қазақстанның Астанасында қылышынан қан тамған кеңестің қанды жалауын желбіретіп, қазаққа қарсы қанқасап жасаған Иосиф Сталиннің портреттерін құдайындай төбелеріне көтергендер алаулатып-жалаулатып шеру өткізді. Астанада 25 мың адам қатысты. Шерушілердің саны  Республика бойынша 160 мыңнан асып жығылады. Шіріген жүйенің шеруі туралы«Abai.kz» порталында «Қазақстан «ұлыдержавалық шовинизм шоуының» сахнасына айналды» атты мақала жарияланды.

Сонымен, Кремльдің идеологиялық пропогандасының құралына айналған «Бессмертный полк» шеруін өткізуге рұқсат берген Бақыт Сұлтанов «Алашқа тағзым жасаушыларға» тосқауыл қоймақ. Бұл үшін тағы Бақыт мырзаны жазғыра алмаймыз. Ол бұйрықты орындаушы ғана. Мінезі, амбициясы жоқ, тапсырманы орындаушы – кәдімгі робот. Өйтпесе, «Алашқа тағзым» шеруіне рұқсат берер еді ғой... Жә, осы жерден қайырайық...

Ал 31 мамыр күні әрбір қазақстандық, әрбір қазақ Алаш арыстарының рухына, саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарының рухына тағзым жасауға міндетті әм құқылы! Ол үшін Сұлтанов та, басқасы да бізді жауапқа тарта алмайды!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

14 пікір