Сенбі, 27 Сәуір 2024
3102 0 пікір 21 Наурыз, 2019 сағат 12:16

Осы заманғы Ұлы Жібек Жолы Һәм Қазақстан

Жалғасы...

Еуроазияны ендей өтетін Ұлы Жібек Жолы бойына орнығуымыздың геосаяси-экономикалық маңызымызды арттырғанымен, елдің әмәли әлеуетінің экономикалық қарымы мен саяси салмағының пайдаға асыруға мүмкіндігі шанақты еді. Осы межеде Қытайдың “бір белдеу, бір жол” жобасы еліміз үшін іздегенге сұраған болып жолықты. Әлемдік тәртіпке өз ықпалын үстеу мен АҚШ-ның тынық мұхит аумағындағы құрсауынан (Обама кезіндегі Қытайды қақпайлап тастап, сол алқаптағы бәрін қатарға тартқан ТРР жобасын еске алыңыз) сытылудың жолы есепті қарастырылған бұл жобаны Қытайдың барын сала діттеп жатқаны белгілі.

Бұл кезегінде біздің геоәлеуетімізді аша пайдалануымызға ұстатпас мүмкіндік ұсынып отыр. Қытайдың аталмыш жобасындағы "Жібек Жолы белдеуі" қанаты үшін, оның Еуропа мен Орта шығысқа, Орта Азия мен Кавказ өңіріне құрлықпен шығудағы қақпасы есебінде, Қазақстанның маңызы айырықша. Сондықтан, Қытай Қазақстанның қауіпсіздігі мен тыныштығына, өркендеуіне бек мүдделі. Сонымен қатар, қойнауы кенішке толы, энергетикалық ресурсы мығым ел есебінде, Қазақстан шикізат пен энергетикада импортқа аса тәуелді Қытай үшін тіптен қызық. Ал, экономикалық империя ретінде, келешекте әлемге үстемдік құрғысы келетін державалық ниеті асқынған алып елдің, басқа да пиғылы бары онсыз да белгілі. Сондықтан да, өз мүддесі тұрғысынан, ол елімізбен барлық салада қарым-қатынасын оңау мен бекемдеуге білек сыбана кірісуде.

Қазақстанның міндеті, осы баяндалған мүмкіндікті өз болашақ мүддесі мен стратегиялық мұраттары үшін прагматикалық стилде икемді пайдалану болмақ. Қытаймен болған және жасалып жатқан қазіргі қатынастардың барлығы да осы үдде тұрғысынан қаралып келеді деп пайымдағанымыз әділдік шығар. Дейтұрғанмен, Қазақстан қоғамында бір біріне кереғаp, келісімпаздық және кетісімпаздық - екі бағыттағы тенденция жүріп жатқан сыңайлы. Билік Қытаймен араласта оны тым "өзімсінген" ауанға ауысқандай. Бұл, өте-мөте, ашық ақпараттың аса жетімсіздігі жағдайында халықтың күдігін тым қоюлатып жіберіп отыр. Мысалы, құны 27 млрд $-ға бағаланып, Қытай Қазақстанға әкеліп құрады делінген 51 зауыттың бағыты мен баяны жайында халық хабарсыз. Ал билік болса, оның біразының өндіріске кіріскенін жариялап та үлгерді. Өткен күзде ғана жалынғандай кейіппен салықтық жеңілдікпен тартып жатқан бірлескен жобалар туралы да осы гәп. Күні кеше шекаралық бекеттерімізді модернизациялау үшін сол елден тағы 112 млрд теңге алып жатқанымыз белгілі болды. Екінші, тенденция - халықтың "Қытай үрейіне" әсіре сезімталдығы. Бұл, әсіресе, Қытайдың өзге ұлыстар мен діндерге ұстанған тепершігінен кейін тіпті қоздап кетті. "Қытай үрейі" деген ұғымның бүтін әлемді шарпып бара жатқаны, оның ұғым түрінде ғана емес, реал қауіп ретінде етегін жайып келе жатқаны шындық. Десе де, бұқара арасында Қытайдың қуатын асыра бағалау мен жөнсіз байбалам басым. Осының өзі-ақ біздің осы қауіпке қарсыласатын, оның алдын алатын иммунитетіміздің төмендігін көрсетсе керек.

Мұның бәрі ақпараттың жетімсіздігі және осыдан туындаған халықтың билікке деген сенімсіздігінен қалыптасып отыр. Қытай факторының еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатындағы ұстайтын орыны, онымен экономикалық ауыс-түйісіміздің, несиелік қарым-қатынасымыздың егжей-тегжейі, энергетика және өндірістік ынтымақтастығымыздың жай-жапсары билік тарапынан халыққа жете түсіндірілмейді. Ашықтық болмағаннан кейін, тартылып жатқан өндірістердің экономикалық тиімділігін айтпағанның өзінде оның экологиялық зардабы, миллиардтаған несиелердің елді болашақта Қытайға кіріптарлыққа ұрындыру ықтималдылығы, шенеунітеріміздің  қалта қамымен елдік мүддені ысыра тұрып Қытайдың ыңғайына жығылуға бейімдігі, осының барлығы халықтың күдігін өршітетіндігі заңды да. Қазіргі айқындалған үрдіс бойынша да биліктің өзімбілермендігі мен халықпен мүлде санаспайтындығы тағы ақиқат. Белгілі мағынадан айтқанда, Қытай осынымыздан орайлы пайдаланып келеді! Ел азаматтарының қадағалауынсыз билікпен өз ыңғайына бұра тіл табысу оған тым жеңіл түсуде. Мұнан шығатын қортынды, ең әуелі билік пен халық ішкі бірігуін, өзара сенімін шыңдап алуы керек. Бірліктен бекем қамал болмақ емес.

Онан кейін, Қытайдың құрлықтағы Жібек Жолын пайдаға асыру тұрғысынан қазақи қисынмен айтсақ, оның бізге "күні түсіп тұрған" кезінде, қолымыздағы көзірді батыл да шебер, ойнақы да қисынды ойнай білуіміз шарт. Маусым ілгері Ресейдің бопсасына көнбейтінін айтып секіріп тұрған Лукашенконы, оған жеткізілетін газдың "буымен" ұрып алып, ортақ валюта жайын жырлатып қойған Ресей ойынынан үлгі алсақ қанеки. Осы ретте тетігін тауып талап қоя білуі де маңызды. Мысалы, Бердібек Сапарбаев мырза Ақтөбе облысының әкімі тұсында, Қытай фирмаларының экологиялық талаптарды орындамағаны, отандық жұмысшылардың жалақысын өрескел төмендеткені үшін, көлемді айыппұлмен оларды жөнге жүгінткені бар-ды. Демек, өзімізді өзіміз бағалап, әріптесімізге тең тұғырлылық ұстаныммен талап қоя алсақ, ұтарымыз ұлғаяр еді.

Былайғы жұрт биліктің елді Қытайға "тым жақындатып" бара жатқанының себебін жең ұшынан жалғасумен байланыстырады. Жөнді. Қытайдың аяғы жеткен жерінің біразын парамен, қызығы, мемлекеттік парамен жайлағаны жасырын емес. Қауқарлы отандық фирмалары атынан ықтимал әріптес елдерінің билік элитасына "қолақы" ұсыну жолымен кірігу Қытайдың кәдуелгі тактикасына айланған. Оның авторитарлы, ымырашыл, "қолға қарағыш" мемлекеттерге жылдам жол табатыны да сонан. Қытай капиталы мен ықпалының ендеп келе жатқаны жағдайында, біздің биліктің оның осы тұзағымен ілігі жоқтығын қамтамасыз ету мен ары қарай қадағалауға алудың маңыздылығы осында жатыр.

Сонымен бір уақытта, шамамызды шақтауымыздың да маңызы басым. Әлеуметтік әуенде Қытайға бағытталған Орта Азия құбырларының бәрі бізден өтеді, соның тетігін бір мезетке  жауа тұрсақ, немесе жылына Қытайға айдайтын мұнайымызды бұрап қойсақ, Қытайды алдымызға өзі-ақ келер еді дейтін сыңайлы пікірлер көбейіп келеді. Бұл да жауапкершіліктен ауылы алыс, таза популизмнің белгісі. Мысалы, пікір айтудан бұрын, біздің мұнайымыздың Қытай нарығындағы үлесін (2%) және басқа ықтимал экспорт нарығымыздың парықын бағамдап алғанымыз жөн болар еді. Қысқасы, таза шикізат экспортына сүйенген ел боған соң, Қытайға және басқа да импортер елдерге мүдделілігіміз, оларға соңғы дайын өніммен шыққанымызша бәсеймейтіндігін ескергеніміз ләзім-ді.

Құрмет Қабылғазыұлы

Abai.kz

0 пікір