Сенбі, 27 Сәуір 2024
Саңлақ 4279 0 пікір 20 Тамыз, 2018 сағат 13:10

Азиада-2018: Алғашқы жарыс күнінде төрт медаль бұйырды

Төрт жылда бір өтетін Жазғы Азия ойындары биыл Индонезия астанасы Джакарта қаласында өтіп жатыр. Сары құрлықтың басты бәсекесінде еліміз атынан 400-ден аса спортшы бақ сынауда.

Еліміз спортшылары алғашқы жарыс күнінде-ақ ел қоржынына төрт медаль салып үлгерді. Бұлардың біреуі алтын, біреуі күміс. Қалған екеуі қола жүлде.

Алтын медалді семсерлесуші Дмитрий Алексанин алып берді. Дмитрий финалда анау-мынау емес Рио Олимпиадасының чемпионы Сан Ен Пакты жеңді.

Күміс жүлде еркін күрес шебері Данияр Қайсановқа бұйырды. 74 келіге дейінгі салмақта белдескен Данияр финалда өзбекстандық Бекзод Абдурахмоновтан 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Данияр Қайсанов көктемде Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында қола медалге қол жеткізген болатын.

Қос қола жүлдені де дәл осы еркін күрестен сынға түскен балуандар жеңіп алды. 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әділет Дауламбаев үшінші орын үшін белдесуде қырғызстандық Алигаджи Гамидгаджиевті 3:0 есебімен жеңді. Ал екінші қоланы 65 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Саятбек Оқасов алды. Отандасымыз қола үшін күресте тәжікстандық қарсыласын 5:2 есебімен жеңді.

Тағы бір айта кетерлігі, Әділет Дауламбаев биыл наурыз айында өткен Азия чемпионатына 92 келі салмақ дәрежесінде қатысып, күміс медаль алған болатын.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

0 пікір