Сенбі, 7 Желтоқсан 2019
Біздің шенеунік 3523 8 пікір 31 Шілде, 2018 сағат 07:49

Ахметов, Жақсыбеков, Құлыбаевтарға федерация неге керек?

Қазір бізде спорт саласындағы жетістік ел дамуының ерекше белгілерінің бірі саналады. Неге екенін қайдам, біздің әр жеңісіміз мемлекеттің дамуының, саясат кемелдігінің көрінісі ретінде насихатталады. Біз халықтың рухани аштықтың орнын әлемдік ареналарда жеңіп алған жүлделермен толтырып, ұлт абыройын спортшылар арқылы асқақтатуды көздейтін елміз. 

Рас, халықаралық бәсекелерден бәйге алатын спортшыны дайындап шығу оңай шаруа емес. Бұл жерде спорттың әр саласын басқарып отырған федерациялардың атқарар рөлі де ерекше. Спортшының талантын танып тәрбиелейтін де, томағасын тартып турнирлерге қатыстыратын да солар.

Жүз жүйріктің арасынан шын тұлпарды танып, ұлттық құраманы кіл мықтылардан жасақтау үшін кәсіби біліктілік керек. Сол үшін спорттың кез-келген түрін сол саланың маманы басқарғаны оң емес пе? Алайда, біздің елде бәрі басқаша. Спорт федерацияларын әкім-қаралар мен министр-миллионерлер басқарып отыр.

Сөзіміз дәлелді болу үшін аттарын атап, түстерін түстейік.

ҚР футбол федерациясының президенті Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков.

Жақсыбеков пен футболдың арасында қандай байланыс бар? Айтыңызшы. Оның еліміздегі іргелі банктің бірін уысында ұстап отырғаны аз ба? Елбасының сенімді серігі болудың өзі Жақсыбеков үшін жетпей ме? Футбол федерациясын нақ маманға басқартуға не кедергі? Өмірі дұрыс доп тебе алмайтын аяқдопшыларымыз Жақсыбековке қандай абырой әпереді?

ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Ахметов жеңіл атлетикамен айналысқан адам ба? Жоқ, әрине! Бір кездері Үкімет басқарып, басы дауға шатылып, бірер жыл ел назарынан тыс кеткен саяси тұлға осы федерацияны басқаратынын өзі біле ме екен? Білсе, бір облыстың қыруар шаруасынан қолы босамайтын адам ол жұмысын қалай атқарып жүр? Сұрақ бар, жауап жоқ.

Ал Тимур Құлыбаев бір өзі ҚР Олимпиада комитетінің, ҚР бокс федерациясының, ҚР су спорты түрлері Федерациясының президенті. Тәкеңе осының бәрі артық жүк емес пе? Бір спорт болса жарайды, бірнеше федерацияның тізгіні о кісіге неге керек? Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар жоқ па?

Бұлардан бөлек, ҚР ауыр атлетика федерациясын басқарып отырған Жанат Түсіпбеков, ҚР күрес федерациясының басшысы Сауат Мыңбаев мырзалардың да спортқа қарағанда билік пен бизнеске жақын екенін жұртшылық жақсы біледі.

Осыған қарап бұрынғы қазақтың «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөзі бүгінгі қазақтар үшін құнын жойғанын байқайсыз. Жер көлемі жағынан еліміз бойынша үшінші орында тұрған Шығыс Қазақстан облысын басқарып отырған Даниал Кенжетайұлы мен Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Рыскелдіұлының «жапакештігіне» таңғалмауға амалымыз жоқ. Бұл екі кісіден бөлек, жоғарда біз сөз еткен федерация президенттерінің қай-қайсысы да қос қолын қалтасына салып бос жүрген жандар емес. Мемлекеттік маңызы бар ірі қызметтерде отырған кісілер.

Біз үшін спорт федерацияларын кім басқарғаны маңызды емес. Маңыздысы ел сенген басшының ел спорты үшін істеген жұмысы болмақ. Ендеше, спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осы басшылар өзі басқарып отырған федерацияның дамуы үшін үлес қоса алма ма? Мысал үшін айтайық, өмірі жұмсақ креслода отырып келе жатқан Даниал Ахметовты жеңіл атлетика саласы үшін таптырмас тұлға деу қиын. Сол секілді Әділбек Жақсыбековтың да алған білімі мен еңбек жолы футболға мүлде қатыссыз.

Дәл осы аюға қой бақтыратын қылығымыз қазақ спортының дамуына тұсау болып келеді. Басынан дауы арылмайтын футбол федерациясына осыдан бес жыл бұрын Ерлан Қожағапанов деген басшы келді. Экономист, қаржыгер, заңгер мамандықтарына ие, еңбек жолында ешқашан спортқа қатысты қызмет атқармаған адам. Қазақ футболының қос тізгінін Қожағапанов қолға алған үш жылда ел футболы дау-дамай мен өзара келіспеушілктерден көз ашпады.

Бәріміз білетіндей, 2016 жылы елімізде үлкен жер дауы орын алды. Қазақ жұрты жердің шетелдіктерге жалға берілмеуін ашық талап етті. Сонымен қатар, қазақ жеріне көз қызартқан Қытай еліне көпшіліктің өшпенділігі ерекше болатын.

Осы кезде қыспақта қалған қазақ билігіне көмектесіп, Қытаймен «достықты» бейнелеу үшін Ерлан Қожағапанов бастаған футбол федерациясы қиыннан қиыстырып қытай құрамасымен жолдастық кездесу ұйымдастырды. Бұлай дейтініміз, халықаралық жолдастық кездесу өткізетін арнайы уақыт болады. Ал FIFA күнтізбесінде белгіленбеген уақытта жолдастық матч өткізудің еш жөні жоқ.

Ал бұған қараған Қазақстан футбол федерациясы жоқ. Ешкімнің қарсылығына қарамай дегенін жасады. Бұл шешімді қолдамаған «футболдың маманы болғанымен, саясаттан хабары жоқ» кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев қызметінен қуылды. Мезгілсіз белгіленген жолдастық кездесу үшін Премьер лига ойындары оңды-солды жылжытылып, чемпионат күнтізбесінде көптеген өзгерістер орын алғаны спорт жанкүйерлерін қатты қынжылтқан болатын.

Одан да жаманы, 7 маусым күні Қытайда өткен жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасының белді ойыншысы Ұлан Қонысбаев ауыр жарақат алды. Талантты футболшы содан екі жыл бойы жасыл алаңға шыға алған жоқ. Ұланның жарақаты қазақ футболы үшін ауыр жоғалту болғанын жанкүйер қауым жақсы біледі.

Баста айтқанымыздай спорттағы жетістік спортшының таланты мен талабының арқасында ғана келмейді, оған алаң сыртындағы бапкерлер қосыны, басшылық алқасы, қолдаушылар қолпашы - бәрі де ауадай қажет. Алайда қазақ спортының екі тізгін бір шылбырын қолға алған қазіргі басшылар қосыны көз қуантпайды. Бізше, спорт федерацияларын әр саланың өз маманы басқарса оң болар еді. Кәсіптік маман өз ісін жақсы біледі. Бұған қоса, өзінің сүйікті кәсібіне жанашырлық танытатыны тағы бар.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

8 пікір