Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 7406 4 пікір 19 Сәуір, 2018 сағат 09:13

Жүректен аққан жыр-бұлақ

 

 

(Нұрмұқан Жанұзақұлының өлеңдері туралы)

Теңдік тиіп, егемен ел құрғанымызға 25 жыл болса да, Кенесары ұранына еріп, кемелімізге келіп, толыса алмай жатқанымызды, Бәйтерегіміздің діңін Сарыарқамыз төрінде нық тіктесек те, жақын және алыс шетелдерге шашырап, таралып кеткен жасыл жапырақ, алуан бұтақтарымызға болыса алмай жатқанымызды несіне жасырамыз?! Оны жасырғанда шындықты достарымыз көрмей ме, түрлі  тілектес емес қастарымыз шын жағдайымыз – ахуалымызға көңіл бөлмей ме? Дау жоқ, ең басты шүкіршілігіміз: табан тіреп тұрған туған топырақ – жеріміз, бүгінгі  күннен де кең қанат жайып, алдағы уақытта көкке өрлетер Бостан Еліміз бар: бас еркіміз өз қолымызда. Билігіміз түзелсе, гүл бітіп, нұр төгілуі әбден мүмкін алыс сапар – Ақ жолымызға. Жас мемлекетімізді нақ осындай кеңістік келеге жеткізер, өркенді  өреге өткізер басты бір себеп-фактордың бірі – дау жоқ, диаспораға айналған, айналмаған көрші-көрші  емес елдердегі қандастарымыздың көшіп келсе – өздерін, жас ұрпағын,  қатарымызға қосуы, отырған жерлерінде ірге көтермей қала берсе – сөздерін, ақ тілегі: яғни әдебиеті мен пәк жүрегі: мәдениетін атажұрт Қазақ Еліне жеткізіп, ортақ ұлт игілігіне айналдыруы Ұлы Сырдария  Тәңіртаудағы бастау-суат, жолдан қосылған жүздеген бұлақ-өзендерден қор жинап, дарқан дарияға айналса, біз де болашақта Самұрық құс ұя салар Алып Бәйтерек болып бой түзейміз десек, сырттағы 5 миллион қазақсыз күн көрсек те, қорек ашып, Алтын Ордадан бөлінген кешегі терең  тамырымыз – ірі қағанат Қазақ хандығындай қалыпқа қайта жете алмаймыз.

Біз өз басымыз сондықтан да сырттан кіндік атажұртына жеткен әрбір қазақты жалғызым деп қана қоймай, сол сырттағы әрбір ақынды,    мәдениетке жақынды, алаштық қоңыр сазды, саңлақ өнерпазды лайықты бағалай білу – елдік мәселе, егемен еліміздің еселі дамуы үшін өте қажет бұлақ, жанып тұрған шырақ деп есептейміз. Әрине, бұл әйтеуір олар жазған ұйқасқанды өлең деуге ұласпауға тастүлек қырандар, құландар орнына қарғалар мен шырғалар қыр аспауға тиіс. Яғни бұл тұста да әдеби деңгей, өнерлі болмыс-бітім бірінші орында; олар өз елдерінде қандай еңбек сіңіріп келді, Әуезов бола алмаса да Әлімқұлов (Тәкен) болды ма, өз үнін, күнін кемері мен бедерін тапты ма, бізге келген соң да таза бұлақ болып мөлдіреп ақты ма, осының бәрі екшеліп-ескерілуі керек. Өнерде көкпеңбек Талғар шыңына қоса басы шалған Көктөбенің де басқалар баса алмас өз орыны, қош порымы бар екеніне келіссек, қазақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіров:

Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,

Жан ба еді ақындықтан құралақан, –

деп айтқаны қашанда қалтқысыз шындығымен мойындата берсе керек.

Біздіңше, кіндік атажұрт Қазақстанға көшіп келгелі де екі-үш әрлі өлең, нәрлі қарасөз жинақтарын шығарып, әдеби сынымызға да  шама-шарқынша араласып жүрген Нұрмұқан Жанұзақұлы да – осындай еленуге, құрметке бөленуге тиіс тұлға, тәуір қаламгерлеріміздің бірі. Оның шығармашылығы жөнінде туған жері Қытай елінде құнды байлам-пікірлер айтылып, жеке мақалалар жазылып қана қоймай, бүгінгі біздің  Қазақ Елінде де  біраз лайықты бағалар беріліп, мақалалар жарық көрді. Мұның үстіне жеке басымыз Н. Жанұзақұлы  еңбектеріне ең басты өлшем, әділ таразы – осы ақын, қаламгер әріптесіміздің төл шығармашылығының шынайы көркемдік келбеті, шын жеткен биігі, қазақ әдебиетіне қосқан үлес-жыр жаңалықтары деп білеміз.

Мен ақын Нұрмұқан Жанұзақұлымен қашан және қалай таныстым.? Ашығын айтсам, дәл қай жылы, сол жылдың қай күні жүз көрісіп, жөн сұрасқаным есімде жоқ. Бірақ бірімізді біріміз бұрыннан, баяғыдан жақсы білетін жандардай жатырқамай араласып кеткеніміз анық. Шындығы да осыған саяды-ау; ол менің шығармашылығымды  Бейжіңнің «Ұлттар» баспасынан 1982 жылы жарық көрген «Ақиқат алдында» кітабынан бері жақсы біледі екен. Ал мені оған табыстырып, бірден бауырластырып жіберген – «Өмір – өлең, өмір – думан» атты ақжелең жыры. Айтпақшы, бұл өлеңнің қияға қанат сермейтін, жүректен тербейтін әдемі ән-әуені де бар. Өзі оны кәнігі әншілердей қаздай қалқытып, шабытпен шалқытып шырқағанда мен неге екенін қайдам, сазгері кім деп сұрамаппын да. Сұранып тұрған сұлу өлеңіне өзі шығарған жүрекжарды әні деп ойладым. Әйтеуір кемі жоқ, теңі жоқ бір сұлу ән.

Өмір – өлең, жарандар, өмір – думан,

Думандатып жүреді  ұл боп туған.

Өмір деген – жақсыға той мен думан,

Ажыратпа, құдайым, осы дудан.

 

Есіктің алды қоғалы-ай,

Жақсының орны жоғары-ай!

Сыйласып өткен  бір күнің

Мың күнгідей болады-ай.

 

 

Мен әнімді айтамын осындайда,

Елдің басы еліне қосылмай ма?!

Елдің басы еліне қосылмаса,

Періштесі қазақтың шошымай ма?

 

Есіктің алды көлдей-ді,

Сезімім кейде шөлдейді.

Артымда қалған сол өмір,

Қайта айналып келмейді.

 

Мен әнімді айтамын осындайда,

Достар басы досына қосылмай ма?!

Достық кетсе, араңнан сыйың кетсе,

Қамшың келіп жотаңа осылмай ма?!

Шырқалған ән-өлең бұрынғы халық әндеріне ұқсап тұр ма? Ұқсап тұр. Алайда бұл байырғылық осынау өлең-әнге халықтық сипат сыйлап, қарапайымдылық сымбат дарытып, табиғи ете түскен. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп қайран абыз Абай ғажап айтқандай, мына өлеңде де өмір – өлең, өмір – думан екені ажарлы жеткізіліп тұрған жоқ па?! Анық Абай ізі, алайда қайталау емес. Абай жырының нұрлы жүзі, бірақ Нұрмұқан айқын өз дидарын тапқан. Өлеңнің аңғартары – елге ел қосылмаса, қай қазақта да бірлік болмаса, қазақтың періштесі қашып кетері; досқа достың басы қосылмаса, сыйластық сұйылып, бастағы бақыт  безіп, ұлттың жотасына араздықтың, азғындықтың қамшысы соғылары. Жақсылыққа, жақсылармен жүздескенге, сыйласқанға, сырласқанға не жетсін! Сондықтан да әрқашан «Жақсының орны жоғары-ай!» Сондықтан да «Сыйласып өткен бір күнің Мың күнгідей болады-ай».

Міне, осылай басталған таныстық ақын Нұрмұқан Жанұзақұлы шығармашылығымен табысуға, жақсы адам, жоғары Азамат Нұрмұқан Жанұзақұлына жанасуға ұласты. Яғни бізді жүздестіріп, жақындастырған – өлең. Өресіз өлең емес, өміршең Өлең.

Сырттан аңсап жетіп, бүгінгі арқатірек Асқар тауы – тарихи Отанымен  сағына табысқан қандастарымыздың мына біздерден басты айырмашылығы – тәуелсіз Қазақ Елін қатты қастерлейтіні, өліп-өшіп жақсы көретіні. Біздерге бадырайып көрініп тұрған ірі кемшілік, орасан олқылықтарға көз жұмып емес, кешіріммен қарайтыны. Біздің жемқор, әлі орыстың отаршылдығынан бас тартпаған бейшара, бұқарасымен бөгде тілде сөйлесер билігімізді өз үкіметіміз деп санайтыны. «Қанша жаман, бодан болса да, жақсысын кім береді?!». Бұған бағып мінді көрмейді, дымды  «білмейді» деу орынсыз. Ортақ тағдыр, балалар қамын ойлау, ортақ болашақ қамын түгелдеу, бүгінгі тәуелсіздігіміз құрылысына бел шеше қатысу оларға бізден де гөрі тән, бізден гөрі де ерекше етене десек қателеспейміз.

Топырағымнан көріп мөлдір бұлақты,

Бұлақ болып жүрегімнен жыр ақты.

Аңсап жүрген топырағымды иіскеп,

Шалғыныңа шаттана кеп құлаппын.

 

Жүрегімнен бұлақ болып жыр ақты,

Сүйдім-ау кеп тау, даламды, қыратты.

Бұлыттарың құшақтады, жұбатты,

Маңдайымды самалыңмен сылаттым.

 

Атамекен, қойыныңа құладық,

Құшақтастық, аға-інілер жыладық.

Құшағымыз жазылмасын мәңгілік,

Бір Алладан қатар тұрып сұрадық...

 

Өз топырағым

Қалай жүрем жерсінбей,

Топырағым танымас-ау тер сіңбей,

Отандасым, бізді түсін, келісім бер!

Ал, қайсың бар,

Ерулікке келсін дер...

 

Топырағыма тойғалы үшін келгем жоқ,

Ежелден-ақ өзімдікі жер мен көк.

Менің жауым қуса дағы қай жаққа,

Бар түкпірде ұлт намысын бергем жоқ...

Бағзы бабалардан асыл мұра – атамекен жерге деген, туған елге деген мұндай маздақ махаббаттан, мөлдір сезіммен бұлақ болып жыр ақпауы мүмкін емес. Жай адамның жүрегінің өзі жырлап тұрса, (жеткізе алу бір басқа, әрине) ақын адамның, дау жоқ, жүрегінен бұлақ-жыр бұлқына ағады.

Ақын Нұрмұқан Жанұзақұлының өлеңдері – сондай жырлар, ақ маңдай сырлар, ақ таңдай нұрлар.

 

Ата қалам Алматы, сағынып, аңсап жүріп мен келдім,

Еркіндікке, елдікке жан сап жүріп мен келдім.

Қазақстан шаруасын шалқытайын деп келдім,

Қазақ исін әлемге аңқытайын деп келдім.

 

Егіз туған анадан туысқаның мен болам,

Қалмақты ұрып қақ басқа қуысқаның мен болам.

Тыныштықта тыртаңдап өкпелескен мен болам,

Жау жағадан алғанда өртті кешкен мен болам.

 

Жеті атамның жерінен қуылған ер мен едім,

Жетпіс жеті ұрпағым туылған жер сен едің.

Қазақ атын өзіңнен ұғынған ер мен едім,

Намысымды бермеуге өзіңді іздеп келемін...

 

Алатауды жастанып, ойлар жинап жатырсың,

Қасиетті қарт қалам қазағын түгел шақырсын.

Алашыл, бөлгіш адамға Алматы атам ақырсын!

Елбұзар, дінсіз, ессізге   тізесін атам батырсын.

 

Тілегім бар, Алматым,

берші маған төрт тілек,

(Ана тілге аямай қойған екен өртті кеп).

Тіл, дін, дәстүр, топырақ –

Бұл төртеуін қорғайық,

Қорғай алмау төртеуін – ата жаудан дерттірек.

Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Ақжарма ақынның ақ, адал махаббаты аялап баурайды. Оның көл-көсір ыстық сезімі – бір автор ақынның ғана сезімі емес, Отанға  көшіп келіп жатқан барша ағайынның да көл-көсір сезімі. Оны айтасыз, осы Отанда өмір сүріп жатқан баршамыздың жан-жүрегімізден ақтарылған мархабат пен махаббат, парасат пен шапағат теңізі. Жоғарыда айта да кеткеніміздей, «Алматыға айтарым» атты бұл өлеңде сыр ғана емес, сын да бар. Тәуелсіздігіміздің   бесігі, Азаттығымыздың есігі Алматы – бұл кезде  әлі астана – жұмыр Жер бетіндегі бар қазақты елге шақырған да сол; дінсіздікке, елсіздікке тізесін батырған да ділсіз көмескі мен тілсіз емескіге ақырған да сол; дәстүр-салтымызды құраған, отаршыл орысқа қоса әлемнен теңдік сұраған, Алашымызға Ақ Таң атырған да сол. Демек, ақынның ата  қала, астана Алматыдан төрт тілек тілеп, мемлекеттік туған Тілді,  маңдайымызға     біткен төл Дін-исламды, қастерлі тарихымыз бен  қайғылы-қуанышты тағдырымызды түзіп, қорғап, сақтаған Ұлттық Дәстүрімізді, ана-Топырақ Қазақ Жерін көзіміздің қарашығындай қорғайық деуі – заңды перзенттік «жұмысы» елдік жүрек тынысы. Расында бұл төртеуін қорғай алмау –  жаһанданудан да өрттірек, ата  жаудан да дерттірек.

«Алматыға айтарым» атты бұл өлеңге тоқталу себебіміз – оның ақын Нұрмұқан Жанұзақұлы шығармашылығымдағы аттап кетуге болмайтын арда жыры болуында ғана емес. Ол – бүгінгі өміріміз бітімін Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдардағы тынысын жіті танытады. Бұған қоса аталмыш туындыда автордың ақындық шеберлігін де, адамдық кемелдігін де жақсы аңғартады десек асыра айтпаймыз. Мәселен, ақында ақжарылып айтар ойлары осал емес, бүгін күн бітімін байқатудағы бойлары аласа емес болса да, орындалуы жұп-жұмырлығы тұрғысынан (ұйқасуы, түрлік келісімі,  мазмұндық мағынасын жарқыратып ашу түсуі) тұрғысынан олқы, қопал өлеңдер баршылық. Ал мына туынды қай жағынан алсаң да жұтынып, озықтық, ақжал арғымақтай сұлулық байқатады. Сыртқы ұйқас тастай, әрбір жолдың аяқталуы әдемі екенін былай қойғанда, балталаса бұзылмас: «аңсап жүріп», «жан сап жүріп», «шалқытайын», «аңқытайын», «туысқаның», «қуысқаның», «өкпелескен», «өртті кешкен» тәрізді ішкі ұйқастардың өзі қосымша көрік  қосып, жыр қуатын арттыра түскен. Өзі шабытынан танбаса, Алла тағала қолдаса, Нұрмұқанның нешетүрлі нұрлы, қазаққа құтты қандай да бір туындылардың да жалынан ұстап, қазақ әдебиетінің алтын қорына қақпайлап қоса алатынын көрсетеді.

Ақын Нұрмұқан Жанұзақұлы азат атақоныс табалдырығын аттағалы бері де жерімізде де, елімізде де оң өзгеріс көп.  Әлеумет қамынан да, әдебиет жағынан да қатты ілгерілеу бар. Өміріміз жаңғыруда, мәдениетіміз жаңаруда. Мемлекетіміз Орталық Азия көлемінде ғана емес, халықаралық әлемде де өсіп, өркештеніп келеді. Мұның өзі адамдарымызды да өсіргені – аксиома.  Ендеше ақын Нұрмұқан Жанұзақұлының да бірге өсіп келе жатқаны айғақ тілемейді. Айталық, ол алтын Арқа төріндегі жарқын жаңалықтарды, аршынды алға басуды «Астана – ғажап» деп жалаң тамсанып қоймай, ерке өзен «Есілді көрдім» деп таңданып, оқырманын жүрек сөзіне сендіріп, қарапайым ғана жеткізеді. Ал өмірдегі, өнердегі шын сұлулық түгіл шын ұлылық та – қарапайымдылық қымбатта, халықтық сымбатта.

Есілді көрдім, анамды көрдім,

Анам су алған даламды көрдім.

Жағасындағы жаңа қаламды көрдім.

Астанамдай панамды көрдім.

Бабамның басқан іздерін көрдім,

Сіңірі созылған заманды көрдім.

Есілді көрдім, десімді көрдім,

Күлкіні көрдім, досымды көрдім.

 

Есіл ағысы, толысып едің,

Ғасырдың жаны шошынып еді.

Бүгінгі сұлу сыбдыр, сыңғырыңа

Ән шырқадым қосылып өзім.

 

Есіл ағады, Есіл ағады,

Әлемнің көңілін тесіп ағады.

Есілім менің – ұлтымның сусыны,

Тағдырын халықтың шешіп ағады.

 

Есілім менің – есімім менің,

Жатайын жағаңда көсіліп өзім.

Сені қорғаймын шешініп өзім,

Тәңір алдындағы шешімім менің.

Өзгеше өрелі, өрісті өлең. Жалғыз жараспай тұрған «сіңірі созылған...» деген заманға анықтауыштың өзі – билігіміздің құлқын, байларымыздың ғұрпын көріп-білгеннен кейін артық емес-ау дейсің. Ұлы заманымыздың сіңірін созып жатқан – солар болмаса, басқа кім?!

Анау тұрған тауларың

Әкемнің өзі сияқты.

Бұлағың мен көлдерің

Айнамның көзі сияқты.

Соққан майда желдерің

Жарымның сөзі сияқты.

Ұл-қызымды көргенде

Даламнан көрем құрақты.

Соққан сенің бораның

Елімнің тезі сияқты.

Өлеңнің ұйқастары  оңай, қарапайым көрінгенмен, ежелгі халықтық ұғымға тамыр тартқан. Асқар таулар мен шөлдердің, әкенің өзіне бұлақ пен көлдердің ананың көзіне ұқсауы сияқты ғана емес, айнымайды. Қалғандары да нақ осындай тауып-танып айтылған тамаша теңеулер. Рухани аштығыңды басар тенеулер.

Тауыма тағзым еттім. Құлақ түрдім.

Бейішті тіршілікте-ақ бір-ақ білдім.

Тау суы сарқырайды, сылдырайды,

Білмедім  күліп тұрмын, жылап тұрмын.

 

Барсаңыз Шұбарталдың жылғасына,

Қалады жан құмарың бір басылып.

Кешінде қоймен бірге жатады екен,

Шошынбаған арқар мен құлжасы да.

 

Сайрайды бұлбұлдары дара тынбай,

Жапанда жалғыз сұлу жаратылған.

Жылқышы қиқулайды қырдан асып,

Шалмасын Ай мойнына салатындай.

 

Сағынышты Шұбартал ұғады екен,

Ұлт тағдыры мәңгілік оған мекен.

Топырағыңды қап-қара иіскесем,

Қара шашым қайтадан шығар ма екен?..

Табиғи ақ тілек. Қарапайым бітімді. Осыған қарамастан жүректен шыққан құнарлы сөздер. Тіпті айрықша Мұқағали Мақатаевтың мөлдір мақамын, жыр жазу жаратылысын жадқа түсіретіндей. Осы ұлы ақын өніп-өскен өлкенің бір пұшпағын бейнелеп отырғандықтан ба? Жоқ әлде Нұрмұқанның өзі де осындай тау, өзен, баурайларда туып өскендіктен бе екен? Мынадай тау, аңғар, мынадай өзен, кезеңде, арқарлар мен қойлар қотанда кешке бір жататын өңірде, жылқышыны мойнындағы шалмасын аспандағы Айға аса салатындай күй кештіретін өлкеде өлең осылай жазылуға тиіс-ау. Қалай болғанда да ақиық  Мұқағали мен ақын Нұрмұқанда бір қандастық, жандастық бар.

Ары қарай ақынның жаңа қырларын аңдап, соны сырларын біраз барлап көрелік.

Жыбырлаған құртты да,

Үстінен басып өткем жоқ.

Қастандық қылған бұлттыға

Қастандық тұрмақ өкпем жоқ...

 

Найзағай түссе гүр етіп,

Шамы деп тірлік қуандым.

Жыласа сәби шыр етіп,

Өле ғой десе, тіл алдым.

Ақ көңіл, жомарт жанды, өмірді өліп-өшіп сүйген ақын табиғатынан жақсы хабар берер жолдар бұлар.

Мүрделер, жат, ұйықта. Кеше тірі.

Заң солай: тірінің бар көшетіні.

«Адамға тумақ – парыз, өлмек – сүндет»,

Рас ол егіз-екі десетіні.

 

Тұйықтап топырақпен төңірегің,

Жатырсың ел қорғаны – небір ерім.

Жылым жер бәрін жымдай жасырыпты,

Топырағың торқа болсын!

Егілемін...

 

Жерлікке тағы бір жан қатар келді,

Тірлікте ала көзбен атар елді.

Оның да «жақсы адам» деп жаптық бетін,

Өтірік, Шын жап-жақын жатар енді.

 

Ақыры бір төбеге жиылыпты

Тойдыңдар көздеріңе құйылып құм.

Ақырғыш, тілдегіштер аяз бүркіп,

Таңылып екі елі ақпен – тиылыпты.

 

Адаммын. Аруақты да қимас балаң,

Ақын ба – өлі-тірісін жырласпаған.

Еркек пе – елі үшін қырды аспаған,

Елдік пе – тірі кезде  сыйласпаған...

Осы өлеңге қосалқы түсініктің керегі шамалы. Ол – «Қабір басындағы ой» – өлім өлеңі ғана емес, Өмір өлеңі. Бойында ащы шындық бар, бәлкім біздер зорға сенер сұмдық бар; Алла тағала үкіміне бағынып, екі-ақ елі ақ шүберекпен таңылып, қос қарыс жер-молаға көміліп, жақсы мен жаман, Ер мен ез, Арман мен Жалған «татуласып», бақұлдасып қатар жатар тіршіліктің қатал заңын айғақтаған Ажал жыры.

Ажал сыры ашылған соң, ақырет жыры  шашылған соң, оқып отырған оқырман ойына еріксіз Адам өмірінің басы – алғашқы  жарық күнің оралмай ма?! Ол – нәрестелік, сәбилік болса, оның да тағы ұлы бастауы бар емес пе? Яғни ол Ана жыры, аналық сыры. Бірақ, бірақ... мұның өзіне және қайнар көз керек. Ол – қыз бен жігіттің маздақ та мөлдір Махаббаты. Соның жұмбағын ашатын Нұрмұқан Жанұзақұлының және бір жырына ден қойсақ, ол – «Сұлуды кім сүймейді?» деп аталатын өлеңі. Бұл – аруға, оған деген ғашықтық сезімге арналған жыр ғана емес,  іс жүзінде Аналық жыры, жаңа да жасампаз Өмір Өлеңі.

Кім сұлуды сүймеген, жаратпаған,

Жігіт пе екен сұлу қыз қаратпаған?

Сұлу өмір, сұлу жыр, сұлу жардан,

Одан артық деп жүрме жаннат табам.

 

Сұлу жырды жазғанның жаны балдай,

Әр шумағы жаныңды жанығандай.

Махаббатын жырласаң адамзаттың,

Адалдықтан қаласың арыла алмай.

 

Сұлу жардың белгісі маңдайында,

Сұлу жарсыз бағыңыз жанбайды да.

Сұлулығы  ақылдан табылатын

Қайсы қыздар кездесер қандай ұлға.

 

Сұлулықпен ақынның өсер жыры,

Сұлулықпен көңілдің  өсер гүлі.

Жүректердің сұлуы қандай жақсы,

«Етікпен су – досыңның – кешер күні».

 

Сұлу керек, бұл әлем сұлу болса,

Тыныш өмір  – әлемге сұлу толса.

Ең сұлуы өмірдің одан аспас,

Әр  отаудың түтіні түзу болса.

Өлең көрікті-ақ – бәлкім сұлулықты сұлу жырлай алғандықтан шығар. «Адалдықтан қаласың арыла алмай». «Жүректердің сұлуы – қандай жақсы»  десек те, мынау тәтті әрі тар жол-тайғақ кешулі – қатты өмірдің ең сұлулығы – әрбір отаудың түтіні түзу ұшуы. Осылай    тәмамдалған өлеңнің түйіні қандай ұлағатты?!

«Махаббатсыз өмір – бос» (Абай), қараң. Махабатпен өмір – дос, саған. Көңілсіз жұбайлық жұптан құлғана бала туса, махаббатсыз алтын Күн көкке көтерілмейді; алқызыл гүл өспейді, самал жел еспейді, ақша бұлттар  көшпейді. Махаббатсыз мешіт те салынбайды, сыр да айтылмайды, жыр да жазылмайды. Тіршілік жалғаспайды. Махаббат оты мәңгілікке өшсе, мүрдені  көметін адам түгіл  түптің түбінде өлетін адам да табылмай  қалуы әбден мүмкін.

Жә, осылай ойлауға болса да, сары уайымға салынбай, ақын Нұрмұқан Жанұзақұлының шығармашылық әлеміне қайтайық; поэзиясының келесі бір жаңа қырын айтайық. Алайда оның өлеңдерінің келесі бір жаңа қыры да – тағы да махаббат.

...Келсе де  қысым, күз бенен,

Махаббат жанбыз іздеген.

Жетімді көрсек жетектеп,

Қайырымсыздыққа төзбеген,

Махаббаты ғой бабаның

Желісін ұлттың үзбеген.

Махаббатымызбен өсірдік

Ұл менен қызды біз деген.

Махаббат керек сізге де,

Махаббат керек бізге де.

Махаббаты таулардың

Сырласар солай сізбенен.

Иә, мына жарық күніміздің жүрегі жарқын өміріміздің тірегі – Махаббат. Махаббат керек қыс бен күзде де; Махаббат керек біз бен сізге де. Өмірің  нұрлы, жырлы болсын десең, күйіп-сүйе біл. Махаббатқа қол жеткіз, ие бол. Бір адамдарды аялай алғандықтан зор жасайтын да – махаббат, бір адамдарды саялай алмағандықтан қор жасайтын да – махаббат. Демек, қадірлі оқырман, жас болсаң да, жер ортасына жетсең де, жетпіске толсаң да, кілт өзіңде: махаббаттың құпиясын аш, шұғыласын отбасыңа, Отаныңа шаш.

Қаламдасымыз Нұрекең елудегі ер кезі түгілі алпыстан асса да, жетпісті желкелеп, сексенге қарай қадам басса да, тіршілік нұры – махаббатқа бай. Сондықтан да Ол Абай айтқан үш нәрсеге: «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекке» кенен. Нақ осы себептен де көлемді дастандарға құлаш ұрса да, әндерге мәтін жазса, да, сырлас-сыйластары мен Алаштың ардақты тұлғаларына өлең арнаса да, сәттілікке қол жеткізеді. Тіпті кейбір реттерде ол сықақ өлеңдердің де сынын келтіріп, балғын бөбектердің де тілін тауып, ақ қағазға бал өлеңдер түсіретіні бар. Біз соның бәрін түгелдеп, ақынның осы қырларын да байыптап, арнайы тоқталар болсақ, мақаламыздың тағы да ұзарып кетері кәміл. Мен сондықтан да оның «Қайран Қалдекең» атты бірегей өлеңін ғана таныстыра кеткім келеді.

Сырласып жүрдік, жан аға,

Үрімжі деген қалада.

Аралап шығыс қазағын,

Кезіктің  шал мен балаға.

Мұң менен сырды бөлуге

Өзіңнен басқа бара ма?!

Солардың бәрі санада.

 

Ақылың – алтын, пейілің – ақ,

Сұрадық, аға, не қымбат?

Жауабың, аға, – жер қымбат,

Бәрінен ұлтың – ең қымбат.

Ұлттың нарқын сомдаған,

Елді ойлаған ер қымбат.

Еркектің, ердің ішінде

Таңдаулы, аға, сен қымбат.

Нұрмұқан Жанұзақұлының сағынып,  саф алтынға  балап жырлап отырған кісісі – қайран Қалдекеңі – кәдімгі Қалдарбек Найманбаев. Кеше ғана өмірден өткен асыл Ер, ардақты Азамат, абзал Адам, қабырғалы Қаламгер, сирек те сом Қайраткер, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары болған, атажұрт Қазақстаннан тысқары бес құрлықты мекендеген 5 миллион қазақ түгел таныған, сол бес  миллион қазақтың қамын жеп, барын базарлап, жоғын түгелдеген Қалдарбек Найманбаев. Ұлтымыз қашанда тірі болса, Ол – ұмытылмас Ұлт  Ұлы. Өкінішке орай, орны бүгін де ойсырап тұр. Кейінгілер орнын толтырмақ түгілі оңалта алар емес. Демек Алашымыз азаттығы болашағына, бар қазақтың басы қосылуына қатысты алаңдатарлық ахуал Нұрмұқан Жанұзақұлы айтса айтқандай:

Дәл өзіңдей Дос қайда,

Дәл өзіңдей Ес қайда?

Ұлтын сендей түсінер

Таба алмадық ешқайдан;

Өзің бастап шұбаған,

Қазақтағы көш қайда?!

 

Теңелер саған бой бар ма,

Теңелер саған ой бар ма?

Теңелсін ой мен бойлар да,

Осы біздің қазақта

«Қазақпын!» – деген ой бар ма?!

Өзің жоқта, Қалдеке-ау,

Кетемін ауыр ойларға!..

Ой. Ой. Ой. Ойланған дұрыс-ау. Нұрмұқан Жанұзақұлындай ақындар халыққа ой салғаннан басқа не істейді? Бой қайда, ау, Үкімет! Топ жарып, тізгін ұстар, шетелдердегі қалың қазаққа Ес болар, егемен еліне Дос болар Сой қайда, Алаш азаматтары!

Қалдарбектей Қажымұқан болмағанмен, шетелдердегі қазақтар ішінде де небір ерлер мен серілер  жоқ емес қой. Нартұлға азаматтар бар. Нұрмұқан келісті мүсіндеген сол ағалардың біреуін Қалекең  қатарына қосып, қалдырмай халықпен табыстыра кетейінші. «Көңіл дастарханы» атты бұл өлең белді қаламгер, белгілі қайраткер Тәліпбай Қабаев тұлғасына бағышталыпты.

Ақыл аға,

аспаным, алтын аға,

Хан білген қадіріңді халқың, аға.

Жандарға жаны жаздай жарқын аға,

Бар жерде күліп жүру – салтың, аға.

Өр-еңісін өмірдің бірдей көріп,

Көп білдің адамдықтың нарқын, аға.

Қадірін өз халқының білу, білмеу –

Данышпан мен даңғойдың парқы ғана.

Қазақтың ұл боп туған еркектері

Өзіңе туа берсін тартып, Аға...

Көлемі шағын өлеңнің кенеуі шалқар. Оқырман осы жолдардан-ақ Тәліпбай Қабааевтың кім екенін жақсы біліп қалады десек артық айтпаспыз

Қош, нақ осылай таныстырып, талдай берсек, ақын Нұрмұқан Жанұзақұлының  шығармашылығы туралы сөз ширай берері дәлел тілемейді. Сондықтан аттың басын іркіп, оның өлеңдері мен өнерлері жөніндегі талдау-түйдек сөздерді тұйықтап, түйіндеуге көшсек, жоғарыда айтылғандардан аңдайтынымыз – Нұрмұқан Жанұзақұлының жақсы табиғат лирикасы –  туған жер, Шығыс Түркістандағы көгілдір көл, адыр-адыр бел, кеңбайтақ Қазақстандағы тау-тас, шүлен шөл, дала-өзендерінің өлеңі. Ал, оның алуан көңіл күй, мейір мен пейіл, қазақы қайсарлық пен төзімді, халықтық болмыс пен тарихты, махаббат пен ғадауатты,  перілік пен періштелікті, жастық пен егделікті, әкелік кезіңді, аталық сезімді тақырып еткен туындылары – Адам өмірінің Өлеңі. Мұның үстіне Нұрмұқан ағамыз бір адамдай  ғана емес, Ірі адамдай  ғұмыр кешкендіктен Қытайда қазақ болып қалу үшін тірес, Алаш Азаматы болу үшін күрес мектебінен өткені мәлім. Осы ретте  бастан кешкен ғанибет те ғибратты ғұмырында талай қиындық көргені, сергелдеңге ұшырап, бәле-жала батпағына батқаны, тіршілік «түрмесінде» қамалып жатқаны терең ізін, өшпес таңбасын қалдырғаны ақиқат. Демек, біз Нұрекеңнің танымға нұрға толы өмірі мен тағылымға, сырға, жырға толы өнеріндегі кейінгі кездердегі келелі сапалық өзгерісті, бес күндік тіршіліктің бұрынғыдан да Биік белесіне көтерілуді аңғармай қалсақ, оның  өмірбаянының бетбұрыстық басты бір  беті кем болып, жаңа парасатты кезеңі айтылмағанмен тең болып қалар еді.

Сонда  оқырман көңілінде Бұл неғылған келелі өзгеріс, өмірдің қандай жаңа биік белесіне көтерілуі?!» деген сауал еріксіз тумай ма? Ол елуінде елеусіз қалғанмен, алпыстан асқан соң аңғарылған, жетпіске жеткен соң қарқындап белең алған Қанағат табу көрінісі Өміріне, шапағаттану өлеңіне қанағаттану. Шынында да өмірдің тар жол-тайғақ кешуінен сүрінбей өткен, ғұмырында алдына қойған мақсатына жеткен адам ғана шапағат тауып, қанағаттана алса керек. Ал мұндағы қолтықтан демеген, жүрек қуатын еселеп жебеген басты күш-құдірет – еркіндік сезімі, азат Атамекенге оралу болса, екінші бір күш берген қайрат пен айбат – қаламының  ұштала түсіп, қанаты жас ұлғаюы әсерінен әлсіремей, қатая түсуі. Сондықтан ол жиған жемісі мен жеңісіне қанағаттанып, шүкіршілік еткенмен, жаңадан шапағат іздеп шаршамаған қаламы – қолында. Осы себепті жүректен аққан жыр-бұлағы сарқылу орнына шарқұру жолында. Мұндай түлеу күзді жаз етері, шуақ төгері күмәнсіз деп білеміз.  Мұның өзі өмірден жаңа өлең, жаңа думан тудырады.

Көктем едік, күз болдық,

Жас едік, қарт біз болдық.

Екі жол едік қосылған,

Тарау-тарау із болдық...

Жастықтан қарттыққа өтудің жемісі  көптігі сол – тарау-тарау із. Нақтылыққа көшсек, ол өмір – өлең ғана емес, ол өмір – өмір. Бұл не жұмбақ демеңіз, қосылған екі жол – жас жігіт Нұрмұқан мен ару қыз Дәшен – жарық дүниеге 4 ұл, 4 қыз келтіріп, тарау-тарау іздер тартты. Бұл – бүгінгі қарттықтың жасаруы; жаз болып желек жаюы; жаңа жас отаулар тігілуі, немерелер дүниеге келуі емес пе? Мұнда қанағат бар, шапағат тіпті мол. Міне, біз айтқан келелі өзгеріс, мына тіршіліктің жаңа Биік белесіне көтерілудің бір қыры, сыры осы.

Біз айтқан келелі өзгеріс, мына тіршіліктің жаңа Биік белесіне көтерілудің көрінісі – жазылған, жазылып жатқан жаңа өлеңдер. Жаңа толғаулар, сын мақалалар. Біз ақын, қаламгер, сыншы Нұрмұқан Жанұзақұлы шығармашылығының жаңа дәптеріне, тың беттеріне тоқталып жатпастан осыларды тудырған, жаңа жырлар тудырар жүрегінің нық соғысын    тыңдайықта:

Қуанам, жылаймын мен елім десем,

Көз жасым, қаным, терім төгілмесе,

Боламын қалай ұлың, қалай Ақын

Жыр болып көңіліңнен көрінбесем,

Гүл болып топырағыңа  егілмесем.

 

Кім білер кімнің өліп, кім қаларын,

Тірліктің әр сағаты – бір базарым.

Дәмімді туған елмен бірге татып,

Татитын таңдайыңа жыр жазамын.

 

Желкілдек жақындаппын жетпісіңе,

Түсіпті жілік шаққыш көп тісім де.

Ажалың айдаһардай ысқырса да,

Жасқанар ақын жанның от күшінен...

 

Уа, елім, мейіріңе шөлдеп келдім,

Сусыным деп өлеңді бермеп пе едің?!

Жүрек пен Өлеңімді қалдырамын,

Сүйекпен ұят бірге жерлеткенім...

төмендегідей ақ тілегімізді айтып: Аман болыңыз, жүз мың бір жапырақты, жүз бір бұтақты Бәйтерек отбасыңыз, егемен ел Отанымыз да аман болсын, ұлтымыз қазағымыздың жұлдызы жарқырап, миллион ұл-қызын бағып жатқан, ұлысымыздың мәңгілік нұр-шырағы жанып жатқан, мәдениетіміз дүркіреп дамып, оның ішінде зайыр  шайыр Нұрмұқан Жанұзақұлының таза жыр-бұлағы да тартылмай ағып жатқан Заман болсын деп мақаламызға нүкте қояйық!

Соңы.

2018-жылы Науырыз. Алматы

Бақыт Сарбалаұлы, ҚР Құрмет орденің иегері, Халқаралық "Алаш" сыйлығының иегері

Abai.kz

 

4 пікір