Жұма, 26 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4885 11 пікір 22 Ақпан, 2018 сағат 10:25

Ақорда жақтағы ауыс-түйіс

Ақорда ауласындағы аз-кем ауыс-түйіс жайлы ақпарат бөліспекпіз. Енді рет-ретімен баяндайық.

19 ақпан 2018 жыл. Оксана Лоскутова ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі болып тағайындалды.

Оксана Лоскутова 1980 жылы 5 желтоқсанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2002 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген. Биыл «Тұран-Астана» Университетінде «Жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистратураны бітіреді. Еңбек жолын 1999 жылы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында «Армысың, Ақтөбем!» бағдарламасының жүргізушісі, тілшісі қызметінен бастапты.

Оксана Лоскутова қазіргі қызметіне дейін Орталық коммуникациялар қызметі директорының орынбасары - ресми өкілі болған.

20 ақпан 2018 жыл. Президент Назарбаевтың Жарлығымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы тағайындалды. Ол - Наталья Годунова.

"Наталья Николаевна Годунова Республикалық бюджеттің  атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы болып тағайындалсын", -делінген Жарлықта.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібеков Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы қызметінен босатылды.

Наталья Николаевна Годунова 1972 жылы 24 мамырда Орал қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын бітірген. Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы академиясының түлегі.

20 ақпан 2018 жыл. Нұрсұлтан Назарбаев Дархан Мыңбайды қызметінен босатып, орнына ҚХА төрағасының орынбасары қызметіне Леонид Прокопенконы тағайындады.

"Мемлекет басшысының Өкімімен Леонид Андреевич Прокопенко Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметтеріне тағайындалды", - делінген хабарламада.

21 ақпан 2018 жыл. Премьер-министрдің сайты ақпар таратты. ҚР Үкіметінің қаулысымен Дмитрий Васильевич Голобурда ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметінен босатылып, Министр бұйрығымен ҚР ҚАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Дмитрий Голобурда 1973 жылы Алматыда дүниеге келген. 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2016 жылдың қараша айынан қазіргі таңға дейін ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметін атқарған.

Abai.kz

11 пікір