Сенбі, 27 Сәуір 2024
Дидар-ғайып 5043 6 пікір 20 Ақпан, 2018 сағат 12:27

Әз Ана - Әмина

 

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/66357) 

Сұрақ:  Әмина апамыздың әншілік өнерімен қатар, халық музыкасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, үлкен ғалым болғанын да білеміз. Ол кісінің көлемді докторлық диссертациясын тек көзі кеткен соң ғана кітап етіп, бастырып шығаруға мүмкіндігіміз болды дедіңіз. Осыны біраз тарқатып айтып берсеңіз...

 (1979-80жж. Қыздар Педагогикалық Институты)

(1976жж. Алматы)

Б.Н.: Иә, анам 1971-ші жылы Мәскеуде «Қазақ орта білім беру мектептеріндегі бала дауысының тәрбиесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, Доцент ғылыми атағын алған. 1986-шы жылы «Қазақтың әншілік дәстүрі» атты докторлық диссертациясын екі тілде жазып бітірген жерінен, «Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұлтшыл» деген желеумен, сол тұста өзі еңбек етіп жүрген Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет Институтының «өнер жанашырлары» анама докторлық диссертациясын қорғаттырмай тастаған. Ұлтшылдарға ғылым мен өнерде орын жоқ екен-мыс... Кейіннен, анамның көзі кеткен соң, кезінде анамның өзі жазу машинкасымен басқан 500 беттен астам докторлық диссертациясын өзім қолға алып, 2008-ші жылы тұтастай компьютерге көшіріп басып, электрондық нұсқасын дайындадым. Содан анамның айнымас үзеңгілес досы болған, елімізге танымал этнограф-ғалым, марқұм Жағда Бабалықұлы атамыз мұрындық болып, сол кездегі ҚР Мәдениет және ақпарат Министрі болған Мұхтар Құл-Мұхаммед ағамызға «Жас Алаш» газеті бетінде, Әмина Нұғманның осындай құнды мұралары жарық көруге тиіс деген арыз-мақаласын жариялатып, ақыры Мұхтар Құл-Мұхаммед ағамыздың тікелей нұсқауымен анамның «Қазақтың әншілік дәстүрі» атты докторлық монографиясы 2009 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрді. Бір өкініштісі, осы еңбектің «Певческие традиции и отражение этических-эстетических воззрений в произведениях казахских народных композиторов ХІХ века» атты орысша нұсқасы белгісіз бір себептермен тендерге ұсынылмай қалған. Осы жағдай арқама аяздай батып жүруші еді. Содан таяу күндері, Нұротан партиясының Орталық аппаратының Қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі Ауыт Мұқибек сынды жанашыр азаматтардың көмегімен, ҚР Мәдениет және спорт Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қабылдауында болдым. Анамның докторлық монографиясының орысша нұсқасы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрсе деген бір ғана тілек айтып едім, министр мырза: «Әмина апамыздың бұдан басқа да ғылыми еңбектері, мақалалары қыруар ғой, солардың да электрондық нұсқасын жасап, бас-аяғын түгендеп, суреттерімен қоса тездетіп дайындап беріңіз, соны қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында үлкен жинақ етіп шығарып берейік, Әмина апамыздың орнын жоқтатпай, мұраларын сақтап, жарыққа шығару үшін жүгіріп жүрген сізге қайта біз алғыс айтуға тиіспіз» деп, төбемді көкке жеткізгендей, көңілімді бір өсіріп тастады. Келесі күні-ақ анамның докторлық монографиясының орысша нұсқасын Министрлікке апарып бердім, енді ол Құдай бұйырса биылғы жылдан қалмай, жарық көретін болды. Сол үшін ҚР Мәдениет және спорт Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ол кісінің қабылдауына кіруіме мүмкіндік жасаған Нұротан партиясының Орталық аппаратының Қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін. Осы орайда, анамның өнер жолындағы мұраларына қатысты тағы бір айта кететін тілегім – анамның орындауындағы Қазақ радиосы мен теледидарынан беріліп, жарық көрген көптеген әндерін қоса отырып, анамның өмір жолы туралы бір 15-20 минуттық деректі фильм түсірілсе деп армандаймын. Осыны қазіргі «Қазақстан» РТРК» АҚ Басшысы Ерлан Қарин бауырымызға құлаққағыс етіп айтқым келеді...

Сұрақ: Анаңыздың докторлық диссертациясын қорғаттырмай тастаған соң не болды?

Б.Н.: Жоғарыда анамды өмір құрыштай шыңдады дедім ғой... Оған дейін қиянаттың талайын көрген анашым мұндай мәстектерге бой беруші ме еді? (күледі) Қайта екілене түсіп, бұрыннан көкейінде арман болып жүрген,  1982-ші жылдардан ақырындап жоспарын жасап, біртіндеп қолға алған шаруасы – «Халық әні» кафедрасын құруға қайта білек сыбана кіріседі. Қажымай-талмай, 6 жыл бойы Орталық Комитеттің табалдырығын тоздырып жүріп, табанды күрестің арқасында ақыры 1988-ші жылы Қазақтың Құрманғазы атындағы Консерваториясынан «Халық әні» кафедрасын ашады. Қазақтың дәстүрлі ән орындаушылық мектептерінің өкілдерінен екі-екіден студент қабылдайды. Яғни Арқа әндерін орындайтын екі студент, Сыр өңірі жыршыларынан тіпті үшеу, Батыс аймағынан екеу, Жетісу жерінен екеу, барлығы тоғыз студент қабылдаған. Сол студенттерінің бірі һәм бірегейі – Бекболат Тілеухан, қазіргі таңда Мәжіліс Депутаты, енді бірі – жезтаңдай әнші, «Құрмет» орденінің иегері, еліміздің аяулы қызы Гүлбаршын Тергеубекова. Сыр өңірінен қабылданған студенттің бірі – Сыр сүлейі – Көшеней жырау Рүстембекұлының артында қалған тұяғы, асылдың сынығы – Арнұр Көшенейұлы  еді. Екіншісі де бүгінгі күні елге танымал тұлға, тамаша термеші, өнер зерттеуші Елмұра Жаңабергенова болатын. Үшіншісі - елімізге белгілі жыршы – Берік Жүсіпов еді. Батыс мектебінің орындаушысы ретінде қабылданған студенттің бірі – Сәуле Жанпейісова еді. Сәуле өзі Оңтүстіктің тумасы болғанымен, Ғарифолла Құрманғалиевтің Батыс ән дәстүрі бойынша класын тәмамдағандықтан, батыс әндерінің орындаушысы ретінде студент болып қабылданған. Сәуле Жанпейісова да елімізге кеңінен танымал тұлға, кейінгі бір жылдары аталмыш кафедраның меңгерушісі де болған. Қалғандарының аты-жөндері есімде болмай тұр. Анам осы кафедраны ашып, студенттер қабылдап, бар жұмысын жолға қойып беріп, кейіннен 1990-шы жылы Қазақстан мұсылман әйелдері Одағын құрып, қоғамдық жұмысқа ауысқан соң кафедраны басқаруды марқұм Жәнібек Кәрменов ағамызға аманат еткен. Бірақ көп ұзамай, сұм ажал ол ағамызды да арамыздан жұлып кеткен соң, кафедраны біраз жыл Алмас Алматов ағамыз басқарған. Қызық болғанда, анам қоғамдық жұмыстарға ауысқан соң,  өзінің 6 жыл!!! күресіп жүріп ашқан кафедрасын аяқ астынан көлденең көк аттылар «ашып, құрған» болып шыға келді! Тіпті анамның көзі тірісінде-ақ, 1998 жылы кафедраның құрылғанына 10 жыл толу мерейтойына анамды шақырып, қатыстыру былай тұрсын, мерейтойға арнап шығарған буклеттерінде  баттитып тұрып: ««Халық әні» кафедрасын құрған Дүйсен Қасейінов, ал оның жұмысын жолға қоюға атсалысқандар...деп, менің анамның аты-жөнін тізімнің ең соңына, Әмина Нұғмановалар деп жазып қойыпты! Кейіннен анамның көзі кеткен соң, 2008-ші жылы, кафедраның 20 жылдығына сол буклетті даталарын ғана өзгертіп, айна-қатесіз көшіріп баса салыпты. Сол жолы мен мұндай әділетсіздікке шыдай алмай, алдымен Консерваторияның өзіне барып, басшыларының алдынан өтіп, олар аса елең етпеген соң «Жас Алаш» газетінің тұтастай бір бетін алатын ««Халық әні» кафедрасы туралы шындық немесе Түріксой басшысы Дүйсен Қасейінов мырза аруақ сыйлауды білмей ме?» деген мақала жарияладым. Содан кейін ғана Консерватория басшылары мені қайта шақыртып, бір жағынан реніш білдіріп, бір жағынан жәй ауызша ғана кешірім сұрағандай болып еді. Әлі күнге дейін сол «Халық әні» кафедрасы туралы әңгіме бола қалса менің анамның аты аталмай қалады... Осы жерде анамның халқына сіңірген, қазақ әдебиетіне сіңірген тағы бір үлкен еңбегін атап өткім келеді. Өздеріңізге мәлім, 1988 жылдың соңын ала Алаш арыстары толықтай ақталып, солардың артында қалған әдеби мұралары Үкімет тарапынан қолға алынып, баспадан жарық көре бастап еді ғой. Ғылым Академиясының Әдебиет және Өнер Институтының сол кезде қазақ совет әдебиеті бөлімін басқарған марқұм Мүсілім  Базарбаев ағамыз анама хабарласып, сүйінші сұрап, арыстарымыздың әдеби мұраларын араб графикасынан кирилл әліпбиіне көшіріп беруге атсалысуын өтінген еді. Анам марқұм бір жағынан сенер-сенбесін білмей, бір жағынан өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді ғой, осыны көзімнің тірісінде көрсеткеніне Құдайға мың да бір шүкір деп, қуанғаннан жылап, дереу мені жетектеп, Институтқа тартып отырдық. Мені ерте барған себебі – анам маған араб графикасымен оқып-жазуды 6 жасымда, мектепке бармай тұрғанда үйреткен болатын. Содан Институтпен ауызша ғана келісіп, Шәкәрім Құдайбердіұлының, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының, М.Жұмабайұлының, Ж.Аймауытұлының әдеби мұраларын анам екеуміз екі жақтап, кирилл әліпбиіне көшіріп бердік. Мен ол кезде, яғни 1989-шы жылы мектепті енді ғана бітіріп, Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне сырттай оқуға түскен едім, сырттай оқуға түскенім жақсы болды, арыстарымыздың әдеби мұраларын кирилл әліпбиіне көшіруге мол мүмкіншілігім болды. Жеке өзім Ж.Аймауытұлының «Псиқалоғия» («Психология») атты, 400 беттен тұратын фотокопия түріндегі ғылыми-зерттеу еңбегін кирилл әліпбиіне небәрі бір жарым айдың ішінде көшіріп бердім. Кейіннен сол кітап жарық көргенде кирилл әліпбиіне көшірген бәленше деп, мүлдем басқа адамның аты-жөні жазулы тұрғанын көргенде қатты налыдым. Арыстарымыздың әдеби мұралары жарық көргенде де кирилл әліпбиіне көшіріп берген Әмина Нұғман деп, жеке жазылмады, жәй ғана ішінара Әмина Нұғманға алғысымызды білдіреміз деп жазған еді. Онда да бір кітапта ғана! Сол кезде арыстарымыздың әдеби мұралары жарық көреді дегенге қуанышымыз қойнымызға сыймай, Институтпен келісім-шарт жасасу деген тіпті ойымызға да келмепті. Кирилл әліпбиіне көшіргенде барлық әдеби мұраларды жазу машинкасымен төрт данамен басып отырдық. Жұмыстарды апарып тапсырғанымызда барлық төрт дананы да тапсыруымыз талап етілген еді. Сөйтсек бар гәп сонда екен ғой. Кейіннен жұмысты атқарғанымызды дәлелдей алмауымыз үшін. Бірақ, шыны керек, жұмысымыз үшін төленуге тиіс қаламақымызға қиянат жасалынған жоқ, күні-түні жан аямай еңбектенгенімізге татыды деуге болар. Оған өкпе-ренішіміз жоқ. Алайда адал еңбекті бағалап, кімнің еңбек сіңіргенін жазу керек емес пе! Сол жолы да анам екеуміз сондай қиянат көрген едік. Бірақ атымыздың аталмай қалғанына марқұм Мүсілім Базарбаев ағамыздың ешқандай қатысы жоқ, қайта қаламақымызға қиянат жасалмағаны сол кісінің арқасы еді! Бізге қиянат жасағандар басқа адамдар, бірақ ешқайсының атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Іштей қатты налыдым, кешірмедім...

Сұрақ:  Әмина апамыздың өнер жолын біраз әңгімелеген сияқтымыз. Енді апамызды қоғам қайраткері ретінде танысақ...

Б.Н.: 1990-шы жылдары, Кеңестік бодандықтың шеңгелі әлсірей бастасымен-ақ, Әмина апаңыз жанына маза бермей, өмір бойы көкейінде жүрген асыл мақсатын ақыры іске асыра алды. Бұл асыл мақсаты – ар мен ұятқа, имандылық пен ізгілікке сусаған қоғамға Алланың ақ жолы арқылы нәр тамызсам деген ниеті еді. Өйткені ата-баба тарихында болмаған тастанды бала мен жүгенсіз кеткен қыз-келіншектер мәселесі түн ұйқысын төрт бөлді. Ақыры қолынан келген бар мүмкіндігін сарп етіп, Қазақстан мұсылман әйелдері Одағын құрды.

(2002 ж. Ғалымдар Үйіндегі Мәуліт мерекесінің ашылу салтанаты)

Жасының егде тартқанына қарамастан, Алланың берген бар күш-қуатын осы жолға арнады. Бұл - Әмина Нұғман үшін арманның шыңы, мақсат-мүдденің өзегі болды. Осындай тамаша игі бастама өз елімізде талай тосқауылдарға ұшыраса да, алыс-жақын шетелдердегі мұсылман бауырларымыздың, тіпті мұсылман еместердің де зор ықыласына бөленіп, үлкен абыройға ие болды. Тіпті Мұхиттың арғы жағында шығатын бірқатар басылымдар мұндай бастаманы «мұсылман әйелінің ерлігі» деп, аса жоғары бағалады. Түркияның Сельджук Университеті мен Германиядағы түріктердің Ұлтшылдар Ұйымының шақыртуымен, аты күллі Алаш жұртына әйгілі, бар ғұмыры «елім-айлап» өткен өр тұлға, марқұм Хасен Өралтайдың жеке шақыртуымен анам 1991-ші жылы алдымен Түркияда, ары қарай Германияның Кёльн шаһарында болып, сол жерде өткен, 3 мың адам қатысқан Түрік Ұлтшылдарының 6-шы Құрылтайына қатысып, сөз сөйледі. Айтқан әрбір сөзі түрік ұлтшылдарының жүрегінен терең орын алғаны сонша, олар Әмина Нұғманның игі бастамасын «70 жылдық тоңды жарып шыққан раушан гүлі» деп бағалап, 1997-ші жылы Түрік Үкіметі анамды «Жылдың таңдаулы Анасы» деген құрметті атаққа ұсынды.

(1991 ж. Түркия, Анкара. Хасен Өралтай және Намык Кемаль Зәйбекпен бірге)

(1991 жыл, Түркия, Кония университетінің Ректоры Халиль Джин мырзамен (сол жақта бірінші) және ұстаздар ұжымымен кездесуде)

(1991 жыл, Германия, Гете атындағы университетте түрік студенттерімен кездесу)

Сол жылдары Иран Ислам Республикасы да Имам Хомейнидің 100 жылдығы мен әртүрлі халықаралық әйелдер конференцияларына бірнеше мәрте құрметті қонақ ретінде шақырды.

(1996ж. Қажылық сапары)

1996-шы жылы анам әрбір мұсылман баласының арманы – Қажылыққа қол жеткізді. Қазақстан мұсылман әйелдері Одағы Түркияның Йолтур туристік фирмасымен бірігіп, Қазақстаннан 40 адамды Мекке мен Мәдинеге апарып, қажылық парыздарын өтеп қайтты.

(1998 жыл, 70 жасқа толу мерейтойымен Қажымқан Мәсімов құттықтауда)

(1998 жыл, 70 жасқа толу мерейтойымен С. Үмбетов құттықтауда)

(1998 жыл, 70 жасқа толу мерейтойымен М. Тұрлыханова құттықтауда)

 1998-ші жылы анамның 70 жасқа толу мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді. Үкімет адамдары, үзеңгілес достары, қызметтестері, аспиранттары, шәкірттері, туған-туыстары, отбасы ыстық ықыластарын білдіріп, алыс-жақын шетелдерден құттықтаулар көптеп келді. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының сол кездегі әкімі де мерейтойына облыс басшысының арнайы құттықтауымен келіп, анама «Үржар ауданының құрметті Азаматы» деген құрметті атағын табыстады.

(1999ж. АҚШ, Вашингтон қаласы)

 

(1999 жыл, сол кездегі Қазақстанның Малайзия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Болатхан Тайжанмен және малайлықтармен бірге)

 (1999 жыл, Малайзия Корольдығында, ағылшын мұсылман әйелімен бірге)    

1999-шы жылы анам Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон қаласында өткен Өкіметтік емес ұйымдардың Халықаралық Конференциясына докладпен барып қайтты. Араға бір ай салып, Малайзия Корольдығында өткен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Халықаралық Жарысқа Қазақстаннан шәкірт апарды. Түркістандық Жанат Алдиярова деген қызымыз жүлделі орын иеленіп, ақыры сол Малайзия Корольдығының іргелі Университеттерінің бірінен білім алып қайтты.

Сұрақ:       Әмина апамыздың тұтастай дерлік творчестволық портретін қалыптастырып, өмір жолын қамтыған сияқтымыз. Түсіне білген, түйсіне білген саналы оқырманның зердесіне тоқып алар талай сөз айтылды деп ойлаймын. Енді өзіңізге, Әмина апамыздың артында қалған жалғыз тұяғы, жалғыз перзенті ретінде бір жеке сауал қойғым келеді. Анаңызды Адам ретінде, Ана ретінде, Тұлға ретінде үш-ақ ауыз сөзбен қалай суреттер едіңіз?

Б.Н.:          Менің асыл анашым – Әмина Нұғман – менің ғана емес, халқының Әзиз Анасы бола білді деп мақтанышпен айта аламын. Бүкіл саналы ғұмырын халқының игілігі үшін сарп еткен, халқының қалтқысыз, шынайы ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген Әзиз Анам - Әмина қажы Нұғманның нұрлы бейнесін ұрпақтары әрдайым жадында сақтамақ деп сенемін. Анам көзі тірісінде Үкімет тарапынан бір де бір төс белгі алып, мемлекеттік марапаттарға ие болып көрмепті. Бірақ соған ренжіп, налығанын ешқашан көрген емеспін. «Мен үшін ең жоғарғы марапат – халқымның шексіз құрметі» дейтін. Ал мен ренжіп, налитынмын, анам үшін жүрегім ауыратын, әлі де ауырады... Асыл анашым туралы, ол кісінің өнер жолы мен өмір жолы туралы, Адамдық қасиеттері туралы күні-түні айтуға бармын. Анамның бойындағы Адами, Аналық және Тұлғалық қасиеттерін үш-ақ ауыз сөзбен суреттеу қиын әрине, дегенмен ол кісінің айрықша қасиеттері – аса сабырлы, өте кең, мейірімді және кешірімді еді...

Сұрақ:  Анаңыздың сол асыл қасиеттерін өз бойыңызға сіңіре алдыңыз ба?

Б.Н.:  Бір кісідей-ақ сабырлымын. Ал енді кеңдік пен кешірімділік... мәселен анамның көрген қиянаттарын көрсем қиянат жасаған адамдарды кешпес едім, дәл анамдай кеңдік таныта алар ма едім?... Әй, қайдам...

Тілші: Халқымыздың аяулы қызы Әмина Нұғман апамыз туралы, Анаңыз туралы аса тебіреніп, ағыңыздан жарылып, шынайы сұхбат бергеніңіз үшін сізге алғысымызды білдіреміз, Баян. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабайұлы атамыз өзінің «Батыр Баян» жырының соңында:

...Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Қазақтың селі, желі, шөлі, белі,

Ерлерді ұмытпаса ел де ұмытпас!, - деп толғайды ғой. Сол сияқты, қазақ деген ұлттың ұлттық қасиеттері бойында тұрғанда, елі үшін бүкіл саналы ғұмырын сарп етіп, еліне адал еңбек еткен Әмина Нұғмандай Әзиз Анамыздың есімі ел жадынан өшпек емес!

(Соңы)

Сұхбаттасқан Зарина Әділбек

Abai.kz

 

6 пікір