Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 3895 0 пікір 19 Ақпан, 2018 сағат 08:54

Сақып әженің әндері

Осы бар ғой, әжелердің - сөз аяғында, не жайшылықта «оупыфф...» деп күрсінгені жаныма батады. Бүкіл өмірбаянынан сыр беретін дыбыс өзім үшін. Көз жасымен ақпай, жоқтаумен шықпай, жүректе біржола бекініп алған шердің дыбысы. Жиі күрсінсең там-тұмдап азая беретін шығар сірә.

«Оупыфф...» дейді Қазына әже. Жалғыз ұлы Ауғаннан оралмапты.

«Оупыфф...» дейді Несібелі әже. Немересі әскерде, Тбилисиде. Жаңалық түгілі, фильмнен зәресі ұшады. Сол кездері, «жариялылық» деп, имене-имене бастаған («perestroika, glasnost, uskorenje!») журналистердің ақыры тығыны ашылып кетті емес пе. Көгілдір жәшіктен қан шелектеп кетті. Басында тамшылап тамғанымен, кейін асау толқындары көрерменді тұншықтырып өлтіруге қарады. Сондай шыншыл бағдарламалардың бірінде Гүржістандағы азаматтық соғыстың күйбеңін көрсетіп жатса керек. Бір есуас «әже, әже, Талғат міне, мына қалада!» депті жерден жеті қоян тапқандай. Бозөкпеге атыс-шабыс мәртебе ғой, есалаң қайдан білсін. Танкілер, шашылған өліктер. Бер жақтағы біреу ар жаққа лағнатты да, оқты да боратып жатыр. Осы жерде Несібелі әжеміз сылқ етіп құлапты. Содан бері қорқады. Телевизордың да, радионың да, магнитофонның да дауысынан.

««Оупыфф...» дейді Зада, Қанымай, Тәрбие, Есенкүл, Балажан, Миуа әжелер. Отыз екі, отыз жеті, отыз тоғыз, қырық бір. Дерегі жоқ ата, әке, бауыр. Маскүнем «бай». Чернобыльден келеге келмей оралған ұл. Жасауы жетімдікіндей болып кеткен қыз. Ауғанстан, Тәжікстан. Жарар, бұл нәзік жүректерде дүниедегі есек біткеннің арқасын ақжем қылатын уайым-қайғы барына сене салыңыз.

Сақып әжем ерекше бәрінен. Ерекшелігі сол: оқтын-оқтын күрсінгенімен, мезетте шаттанып кетіп, әуелетіп әндетуді де біледі. Әндеткенде, бұл бір, қызық әндету. Сақып әжемнің әндерінің барлығының сөздері ... бірдей!

«Сала берме көзіңді,
Әр жақсыға -
Бәрі жақсы көреді,
Алғашында...».

«Құралайды» жазбай танып қопаңдап қалсаңыз, ерте қуандыңыз. Кешке дәл осы сөздерді «Алма ағаштың гүліндей-айдың» әуеніне салып айтып жатуы мүмкін. Астапыралла, осы өлеңнің сөзі ме деп қаласың! Сенбесең, екінші шумағы басталатын жерден өзің ыңылдап көре ғой.

«Сала берме көзіңді,
Әр жақсыға -
Бәрі жақсы көреді,
Алғашында...
Дедім-ай ау!

Алма ағаштың гүліндей-ай,
Текеметтің түріндей-ай!...».

Ал бірде мен осы сөздерді... «Весна на Заречной улице» фильмінің әнімен айтып жатқанын естігенде(!), шыдамадым:

- Әже, орысша өлең ғой ол! Мен де көрдім ол киноны! Қазақша ұрып жатырсыз ғой тіптен! Ха-ха-ха-ха!

- Көтек?! Кет-ей жетпегір! - деп, атаукеремді лақтырып, қуып шықсын. Қап, бауырсақ-кәмпитімді айырып жүрген жақсы әжемді ренжітіп алдым.

Сақып әжемнің ашуы газорамал кепкенше ғой, шіркін! Кешке: «әй жетпегір, самауыр қайнат, шай ішейік» деп дауыстағанынан
ашуы тарқағанын түсіндім. Әнебір, набат дегенімен шай ішсек екен қазір...

...- Сен бала, - деді Сақып әже кесесін шайқап-шайқап қойып, - мен сорлының өлең білмейтінімді жақсы байқадың. Сен айтқасын, өзім де байқадым. Ойланбаппын да. Мына кеуде ән сұрайтын қыз кезімізде бала болған жоқпыз біз... Қадыр Мырзалиев дегенді оқыдыңдар ма мектепте?

- Ол кім?

- Әлі оқымаған шығарсыңдар онда. Сол кісіде «кіріс-шығыс кітабы әліппе боп» деген мықты өлең бар. Тап мына менің өмірім сол. Бала болмадық. Бел жазбадық. Пішеннен балыққа, балықтан теміржолға, теміржолдан пішенге сүйрелеңдеп жүріп, өтті де кетті балалық...

- Аааа...

- Аааа саған! Ие шырағым. Онда кейін үйренбедің бе дейсің ғой сен жаңағы, өзіңше? Абысын-ажын, құрбы-құрдас бар жаңағы деп?

- Жоқ әже, мен жай...

- Дейсің, дейсің! Ана үйіңдегі шешең де дейді. Пыш-пыштың барлығын да білемін!

- Менің мамам өсек айтпайды!

- Ах-ха-ха-ха, иә айтпайды саған! Қарағым, есі дұрыс қатын өсек айтады! Одан шешең жаман болмайды. Шырақ, өсекті дүниеде екі адам айтпайды: мен, өйткені есім дұрыс емес; сосын анау Рыскүл әжең айтпайды, мылқау болғасын. Онда да қолын ербеңдетіп өліп бара жатады, аххахахаха...

Әңгіменің бала үшін томпақтау боп бара жатқанын жоныммен сездім. Соны ойлап, түрегеле берсем керек, Сақып әже:

- Отыр жаныңның барында! - деп зекісін. Сәкіге қадалдым да қалдым.

- Ал енді менің историям саған. Сен мені осылай имиіп, мыжырайып, аспаннан салбырап түсіп қалды дейтін шығарсың? Ойбай, әке-шешемнің өзі бетіме тіфәй-тіфәй деп барып қарайтын сұлу болдым ғой мен. Бойжеткен болмай жатып теміржолға қойды партия ма, басқа бәле ме. Светофордың лампысын жағатын қылып. Он шақырым алға, он шақырым кейін - жұмыс сол. Боран, қасқыр, аяз, жаңбыр - сылтау болып қана есептелетін уақыт еді. Түсімде менің кесірімнен аударылып-соғысып қалған пойыздарды көріп, шошып оянатын шошымал жағдайға жеттім ақыры.

Бір күні Гамаюн деген келді бастық болып. Қарағаны жаман әйтеуір, ішіп-жеп қарайды. Әйтеуір ниеті жақсы емес. Түсінесің ғой?

Әйел мен еркектің қатынасына ұласып бара жатқан әңгіме маған ұнамай тұрған жоқ, ұялтып бара жатыр. Сақып әже сезіп қойғандай:

- Қорықпа, керегінен артығын айтпаймын өзім де. Содан, бір күні үйге келсем, шешемнің көзі бұлау-бұлау. Домбыққан бетін түртіп қалсам жарылайын деп тұр. Әкеңді бастығың Гамаюн қаматып тастады дейді. Арқалаған қабынан бидай сыздықтап ағып тұрыпты. «Мүлікті қасақана бүлдіру». Статья! Бірақ нас айғырың әкемді жібере аламын депті. Егер... мені әйелдікке берсе...

Қараша үйдегі алай-дүлей көңіл-күйді жан-тәніммен сездім. Сақып әже де кесесін бір жағына қисайтып, ойланып кетіпті.

- Не көрмедім мен, - деді бір кезде өксігін шаймен жұтып жіберіп, - Россияға тарттық қой... Күнім күн болмады. Қаладан қалаға секектедік те жүрдік. Аузы арақтан, арқам таяқтан босамады. Он бес жыл бойы елден бір түйір хабар алғызбады. «Секретно!» бәрі. Сығалатып, аңдытып қоятын адамы да көп еді өзінің. Ақыры әке-шешемнің көз жасы жіберсін бе, бауыры іріп-шіріп, қор болып өлді. Көз алдымда. Байың ғой, бірдеңе десеңші дейді доғдыр. Ана байғұс та қолын созады, Төлеген мен Жібектей боп өмір сүргендей. Өзің айт, мен өлгенін күтіп отырмын дедім.

Енді қара, елім деп жетіп келсем, мені сөз байласып, өзім қашып кеткендей жақтырмады ақыры осы жұрт. Анау сенің атаң да сол жұрттың ішінде. Әндетсем сол - балалығым қазір ғана шығып жатыр. Асыр-салып билейтін шақтан жылап өтіппін. Кейде бар ғой - жақсылап бір ән салып жіберіп, барлығының есесін бір-ақ қайтаратын сияқтанып кетем! Не? Не болды саған, ей бала?

«Теміржол. Ресей. Қырықтағы кісі. Әскери гарнизондар. Зауыттар. Бір адамның басына тым көп емес пе...». Әңгімеден мәңгіріп, дел-құлы боп қалыппын.

- Сенбей отырсың ба не? Мә, қара!

Әжем паспортын лақтырып жіберді. Ақырын ашып қарадым. «Гамаюн Сахип Якубовна»... Уфф...

Ерлан Оспан

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір