Сенбі, 27 Сәуір 2024
2793 0 пікір 19 Ақпан, 2018 сағат 08:30

Тәжікстанда тәртіп сақшыларына ағылшын тілін үйренуді міндеттеді

Тәжікстанда тәртіп сақшыларына ағылшін тілін меңгеру және шетелдік туристермен қарым-қатынаста әдеп сақтау міндетін жүктеген.

Ішкі істер органдары бөлімдері мен басқармаларында ағылшын тілі курстары ұйымдастырылды деп хабарлады Тәжікстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Умарджони Эмомали.

"Министр бүкіл құрамға шетелдіктермен қарым-қатынас этикасы мен ағылшін тілін үйренуді жүктеді. Қызметкерлер жұмыстан бос уақытта белгіленген сабақтарға қатысуға міндетті. Қызметкерлеріміздің көбі орысша сөйлейді, әрине, олардың ағылшын сөздерін түсініп, шетелдік туристермен тілдесе алатын дәрежеге жеткені жақсы болады", - дейді ІІМ өкілі.

Тәжікстан билігі соңғы жылдары елге туристерді көбірек тартуға тырысып жатыр. Осы мақсатта өткен жылы үкімет жанынан жаңа құрылым – Туризмді дамыту жөніндегі комитет құрылған. Ел президенті Эмомали Рахмонның шешімімен 2018 жыл Тәжікстанда Туризм және халық қолөнері жылы деп жарияланған.

Территориясының 90 пайыздан астамы таулы аймақта орналасқан Тәжікстанда спорттық туризм, тау жорығы, этнотуризм, рафтинг және халықаралық аң аулау тәрізді туризм түрлері танымал. Шетелдік туристер жергілікті тәртіп сақшыларының бопсалауына ұшырағаны туралы жиі шағынады.

Туризмді дамыту жөніндегі комитеттің мәліметі бойынша, өткен жылы Тәжікстанға әлемнің 146 елінен 430 мың адам қыдырып барған.

Abai.kz

0 пікір