Жұма, 26 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 7280 32 пікір 2 Ақпан, 2018 сағат 09:09

Қазаққа қажетті Ғылыми жобаның жолы неге кесілді?

1 ақпан күні  Ұлттық Ғылыми Кеңестің гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша 2018-2020 жылдарға арналған басым бағыттардағы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша шешімі жарияланды. Біз бұл конкурсқа «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері ХХІ ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер: 1. Әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер 5.1.4. Қоғам мен мемлекетті жаңғырту жағдайындағы мәдениет пен дәстүрлер,  құндылықтар салаларындағы зерттеулер» саласы бойынша қатысқан болатынбыз. Және бұл бәйгеде жеңіске жететінімізге сенімді едік. Себебі, бұл жобаның мақсаты елімізді сырттан келіп жатқан діни-идеологиялық экспансиядан қорғау болатын. Бұл жобада осы күрделі мәселені шешу жолдары көрсетілген еді. Сөзіміз жалаң болмас үшін жобадан осы күрделі мәселені шешу жолдары көрсетілген бөлігін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

«Зерттеудің өзектілігі: Қазақ даласындағы діни-рухани үдерістер тарихы әлі күнге дейін отандық зерттеушілер тарапынан да, шетелдіктер тарапынан да зерттелген емес. Соның салдарынан қазақ халқы өзінің дәстүрлі діні қайсы, дәстүрлі дін өзге діндерден несімен ерекшеленеді? деген сұрақтарға жауап алған жоқ. Осы сұраққа жауап берілмегендіктен қазіргі күні сырттан келіп жатқан діни ағымдар қазақ халқының дәстүрлі діни сенімі мен танымына аяусыз соққы беруде. Сонымен бірге, қазақ халқының сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы да соққыға ұшырап жатыр. Егерде сырттан келген діни ағымдардың ықпалының артуы осылай жалғаса беретін болса,  онда ертеңгі күні қазақ халқының ұлттық коды өзгеріп, өзінің ұлттық бет-бейнесінен ажырап қалуы, тарих сахнасынан мүлде жоғалып кету ықтималдығы бар. Осындай сырттан келіп жатқан діни-рухани экспансияның ықпалын тоқтату үшін қазақ халқының дәстүрлі дінінің негіздері мен ұлттық кодын айқындап, талдап, оның қазіргі және болашақ негіздерін бағамдау керек деп ойламыз. Сондықтан да бұл жобаның көкейтесті маңыздылығы қазақ халқының рухани жаңғыру белестерінің діни-тарихи және әлеуметтік-мәдени тұғырларын жасау арқылы айқындалады.

Күтілетін нәтижелер. Бұл жобаны іске асыру елімізде осы дейін ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қамтылмаған діни-рухани үдерістер тарихын зерттеп, ол үдерістердің халқымыздың тарихи тағдырындағы ролі анықталады. Және олардың арасындағы сабақтастық пен ерекшеліктеріне талдау жасалып, діни-рухани үдерістердің қай кезеңде қандай роль атқарғандығы, ол үдерістердің Қазақ болмысына қалай әсер еткендігі анықталады. Ең бастысы қазақ халқының дәстүрлі дінінің негіздері айқындалып, оның қазақтың ұлттық кодымен арасындағы сабақтастық мәселелері қарастырылады. Бұл өз кезегінде қазіргі күні елімізде жүріп жатқан діни-рухани үдерістердің ықтимал нәтижелерін айқындауға, келеңсіз құбылыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Мақсаты мен міндеттері: Жобаның мақсаты қазақтың дәстүрлі діні мен ұлттық кодының негіздерін анықтау, сырттан келген діни ағымдардың ұлт болмысына ықпалының қаншалықты зиянды екендігін көрсету. Осы мақсатқы жету үшін ұзақ ғасырларға созылған діни үдерістерге талдау жасау міндеті қойылды. Соның нәтижесінде түркі тарихындағы жеңістер мен жеңілістердің себептері айндалады».

Мен басқарған зерттеушілер тобы алдарына осындай күрделі мақсаттарды қоя отырып, еліміздің болашағы мен халқымыздың рухани жаңғыруын қамтамасыз ете алатын осы жобаны жасап еді. Өкінішке орай, бұл жобаның мемлекетіміздің діни-идеологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызынның Ұлттық Ғылыми Кеңес мүшелері тарапынан ескерілмеуі бізді Кеңес мүшелері мемлекеттің тағдыры мен болашағына бас ауыртпайтын жандар емес пе? – деп күдікпен қарауға мәжбүр етіп отыр. Бұл бағыттағы ауқымды жобаның іске асырылмауы жақын болашақта мемлекетіміздің мына жаһандану заманында сырттан келіп жатқан діни-иделогиялық экспансияға қарсы тұру мүмкіндігін азайтады. Бізді осы хатты жазуға мәжбүр етіп отырған да осы жағдай. Елімізде бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан діни сенім негізіндегі тіке-тірестің себебі мен салдарын, орын алған террактілер сырттан келіп жатқан діни-идеологиялық экспансияның ықпалы екендігін енді түсініп, дос пен қасты енді ажыратып келе жатқан жайымыз бар. Ең бастысы сол сырттан келіп жатқан діни ағымдардың мақсаты мен мүддесін, қазақтың рухани-мәдени болмысына кері ықпалын, бұл үдеріс жалғаса беретін болса, онда қазақ халқын этникалық жіктелуге апаратын үдеріс боларын анықтап, дабыл қағып жүрген осы зерттеушілер тобының мүшелері екендігі Кеңес мүшелерінің барлығы болмаса да, бірлі-жарымы хабардар деген ойдамын. Және біз дін саласындағы зерттеулерді енді бастап жатқанымыз жоқ. Еліміз тәуелсіздігін алмай тұрып, 1991 жылы Президент Н.Назарбаев Түркістаннан университет ашқаннан кейін төрт айдан кейін ашылған «Яссауитану» лабораториясы қазір іргелі ғылыми зерттеу орталығына айналды. Қожа Ахмет Йасауиге қатысты зерттеулерде қазіргі күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғалымдары әлемдік Йасауиге қатысты зерттеулерде алғыңғы қатарда деп айтуға негіз бар. Және Қожа Ахмет Йасауиге қатысты зерттеулер барысында қазақ халқының тарихы мен философиясын зерттеудің жаңа ғылыми концепсиялары (тұжырымдары) мен методологиясы қалыптастырылды.  Міне, осы еңбектердің барлығы қазіргі «Йасауи» ғылыми зерттеу орталығының жаңадан құрылған зерттеу орталығы еместігін, тарихи тамыры барлығын көрсетеді. Бұларды тізбектеп айтудағы мақсат – қазақтың дәстүрлі дініне қатысты зерттеулерде біздің зерттеушілер тобының алдына түсетін елімізде де, шетелдерде де ешбір орталық жоқ. Оны былай дәлелдесек те болады. Қазіргі күні еліміздегі діни ахуалға талдау жасап, қауіптің қайдан келіп жатқанын анықтап, мемлекеттің мүддесін қорғап, мақала жазып жүрген мамандардың 90 пайзы Түркістан мектебінің өкілдері. Бұл Түркістан мектебі өкілдерінің бұл мәселені өзгелерден тереңірек сезінетінін, түсінетінін көрсетеді. Осы факторлардың ешқайсысын ескермей отырған Ұлттық Ғылыми Кеңес мүшелері еліміздегі діни ахуалдың күрделілігінен мүлде хабарсыз немесе мемлекет тағдырына немқұрайды қарайтындардан құралған сияқты. 2000 жылдар басында еліміздегі діни ахуалдың күрделену үдерісі барлығын зерттеуге қатысты бір-екі жыл жоба ұсынып, қандай жоба жасасақ та жеңе алмайтынымызға көзіміз жеткен соң Ғылым комитетіне жоба ұсынуды қойған болатынбыз. Өткен жылы Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамасынан кейін енді біздің де заманымыз келген щығар деген үмітпен осы жобаны ұсынып едік. Өкініщке орай, тағы да қателескен сияқтымыз. Өйткені, мемлекеттің болашақ тағдырына игі ықпалын тигізе алатын зерттеу жұмысының жолының кесілуі біздің күдігіміздің негізсіз еместігін көрсетеді.

Зікірия Жандарбек, жоба жетекшісі

Abai.kz

 

 

32 пікір