Сәрсенбі, 18 Қыркүйек 2019
Экономика 970 0 пікір 15 Қараша, 2017 сағат 13:28

Елордалық аффинаж зауыты Good Delivery мәртебесін алады

Зауыт Good Delivery алу үшін биржаның бірқатар қажетті талаптарын орындап үлгерді.

Астанадағы аффинаж зауыты Лондон металл биржасының осы мәртебесіне 2018 жылдың соңына дейін ие болуға ниетті. Өмірзақ Шөкеевтің «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жас қызметкерлерімен өткізген кездесуі барысында «Тау-Кен Алтын» компаниясының басшысы Мейрамғали Тілеужанов осындай ақпарат берді.

«Осы жылдың қазан айында біздің технологтар ұжымы Лондон қор биржасында есеп берді. Биржа біздің өтінімімізді қабылдап, зауытқа арнайы сарапшылар бекітті. Қазір зауытта сарапшылар жұмыс жүргізуде; біздің зертханамыз, технологиялық процестеріміз және ең бастысы - адамдардың біліктілігі тексерілуде. Бұл сертификатқа 2018 жылдың соңына дейін қол жеткізуге мен де үмітімін, біздің ұжым да бар күш-жігерін салуда», - деді Мейрамғали Тілеужанов.

Оның айтуынша, зауыт Good Delivery алу үшін биржаның бірқатар қажетті талаптарын орындап үлгерді.

«Біз Лондон биржасының алғашқы шарттарын орындадық - Good Delivery алу үшін өтінім бермес бұрын соңғы үш жыл ішінде әрбір кәсіпорын жылына 10 тонна өнім шығаруы керек. Біз бұл талапты орындадық. Алтын жоғары сапалы - біз айтатындай «9999» болуы міндетті, біздің зауыт бұл тапсырманы да орындады. Зауыт қатаң геометриялық параметрлерді сақтауы тиіс, зауыттың жеткілікті жарғылық капиталы да болуы керек. Біздің зауыт бұл талаптардың барлығын орындады», - деп атап өті М.Тілеужанов.

Еске сала кетейік, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ құрамына кіретін «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы АҚ 2013 жылдың желтоқсанында құны 4,5 млрд. теңге тұратын аффинаж зауытын іске қосты. Кәсіпорынның жобалық қуаты - жылына 25 тонна алтын және 50 тонна күміс. Алтын өңдеу қуаттарын жылына 70-75 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Абай-ақпарат

0 пікір