Сәрсенбі, 22 Қараша 2017
Мәңгілік ел 2310 27 пікір 30 Қазан, 2017 сағат 10:33

Жетпіс жеті жылдан соңғы тарихи шешім

Көне тарихтың жады ешқашан көнермек те және ол тарих еш нәрсені ұмытпақ та емес. Және де әсіресе, ол тарих ұлттың жаны мен рухы тіліне қатысты болса! Мұны айтып отырғандағы себебіміз, 1940 жылдың 13 қарашасында «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданған болатын. Енді міне, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін криллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа кеше, яғни 2017 жылдың 26 қазаны күні қол қойды.

Бұл-өткен жиырмасыншы ғасырдың небір нәубеттерін көп көрген, заманның соқтықпалы да соқпалы жолдарынан өтіп, мың өліп, мың тірілген бүгінгі тәуелсіздік заманында өмір сүріп отырған қазақ деген халықтың өлгені тіріліп, өшкені жанған күн!

Бұл-өз халқын сауаттандыру жолында және де ғаламның білімді әрі өзінің ғылымы бар халыққа айналдыру үшін бар білімі мен күш-жігерлерін, ақыл-парасаттарын жұмсаған кешегі Алаш  қайраткерлерінің ұлтым деп соққан жүректерінің лүпілі!

Бұл-сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған азаттығымыздың ширек ғасырдан астам уақыт кезеңінде әлемнің дамыған елдерінің қатарына қоса білген және де өзінің туған елін Мәңгілік ел етудің асыл мұраты санап отырған  Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  алдағыны және де Ұлы Даланы мекендеп отырған халқының бүгіні мен болашағын тереңінен ойлап,  кеңінен пішкен кемелділігі!

Латынша оқу да және латынша жазу да біздің халқымыз үшін жат  еместігі дау тудырмайтын мәселе. Латын әліпбиінің пайда болып, қолданылып келе жатқандығына  жалпы үш мыңдай жыл болса,  сол латыншаңды, яғни  латын әліпбиі үлгісіндегі жазуды біздің халқымыз 1929-шы жылдан бастап, 1940-шы жылға дейін қолданып келген-ді. Сол 1940-шы жылдың 13 қарашасында  «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданып, біз сол үрдіспен күні бүгінге шейін жүріп келеміз.

Ендігі арада әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру еліміздің және өз ұрпағымыздың  болашағы үшін және бүкіл әлеммен бірлесе түсуімізге,  ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруімізге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатындығы басы ашық басты мәселе екендігі барша қазақстандықтардың санасына сіңді ғой деп ойлаймын .Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев   «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты»,-деп өз көзқарасын айқын білдірген болатын.

Және де латын графикасына көшу мәселесі бір күнде ғана туындаған жоқ. Осы орайда  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау  2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында : «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек»,– дегені бар-ды.

Міне содан бері бұл мәселе қазақстандық қоғамның ұдайы назарында болды десек те артық емес. Тілші-ғалымдарымыз, тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміз, барлық қазақстандықтар латын графикасын бүгінгі заманға сай әліпби есебінде енгізу үшін қыруар әрі зерделі жұмыстар жүргізді.

Елбасы өз Жарлығында қазақ тілі әліпбиін кирилицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету үшін Үкіметке нақтылы тапсырмалар берді. Енді біздің қоғам бүгіннен бастап 2025 жылға дейін латыншаға кезең-кезеңімен көшудің қамы мен әрекетін жасамақшы.

Іске сәт, қазақ елі! Еліміз де тіліміз де мәңгі жасасын!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

 

 

 

 

27 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10316
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18519