Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 5261 2 пікір 20 Сәуір, 2017 сағат 12:46

ЭКСПО-2017. Қазақстанның Бангалордан несі кем?

ЭКСПО-2017 көрмесі туралы жұрт арасында алып-қашпа әңгімелер көп-ақ. Бұл – Халықаралық көрме. Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесін өткергеннен соң,  «Жасыл» және ІТ технологияны дамыту орталығына айналуы бек мүмкін, - деп жазады «Время» газеті.

Рас, әлемдік тәжірбиеде бар үрдіс. Мәселен, 1993 жылы Корей елінің Тэджон қаласында өткен Халықаралық көрмеден соң, су жаңа «Дэдок Иннополис» қалашығы пайда болды. Бұл Корея ғылымы мен технологиясының қазығына айналды.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ЭКСПО-2017 аяқталған соң, көрме аумағында  ІТ орталықтар ашу және Халықаралық «жасыл» технологияны дамыту орталығын құру керектігін нақты білдірді.

Мысалы, Корейдің «Дэдок Иннополис» қалашығында 60 мыңнан астам жоғарғы білімді маман жұмыс істейді екен. Олардың сапында ғылым докторлары, ІТ мамандары бар.

Біз ше? Әуелі, «жасыл» экономика, «жасыл» технология Қазақстанның үшінші жаңғыруының негізі ретінде қарастырылған. Тіпті, «ЭКСПО» көрмесінің 160 жылдық тарихында Қазақстан «болашақ энергиясын» ұсынған тұңғыш мемлекет. Сондықтан сүрінуге әсте болмайды. Мұны Үкімет те, бұқара да біліп, түсініп отыр. ҚР Энергетика министрлігі 2030 жылға дейін баламалы энергия көздерінің үлесі 1,7 пайыздан, 10 пайызға дейін өсетінін айтады.

Сонымен, Қазақстанда «жасыл» технологияны игеруге, энергияның өзге көздерін анықтауға қаншалықты мүмкіндік жасалған? Бұл туралы сарапшылар не дейді?

Айнұр Соспанова, ҚР Энергетика министрлігінің маманы

- ЭКСПО базасында құрылатын «Жасыл» технологияны дамыту Халықаралық орталығының пайдалы тұстары көп. Біз 25 жылдың шегінде табиғи рессурстарды үдемелі пайдаланып келдік. Бірақ, бұл экономиканың құлдырап, өзге де табиғи рессурстардың жойылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, судан, жерден, желден энергия алудың жолдарын анықтауымыз қажет. Біз «ЭКСПО-2017» көрмесінде Қазақстан павильонында көрсетілетін жобаларға байқау жасадық. Көптеген тың жобаларға қол жеткіздік. Біздің ғалымдар, зерттеушілер «жасыл» технологияның мүмкіндіктерін ашатын жобалар әзірледі. Сондай-ақ, еліміздегі ЖОО-да да «жасыл» технология мамандарын дайындауда. Сондықтан, Халықаралық «жасыл» технологияны дамыту орталығының еліміздің экономикасы мен ғылымының дамуына қосар үлесі көп. Оның үстіне бюджеттік бақылаудағы жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады.

Рас, «Жасыл» технологияны дамыту туралы Соспанова ханымның сөздері сенімді. Десе де, «ЭКСПО-2017» көрмесінің басталуына да бар-жоғы екі айдай уақыт қалды. Көпті мазалайтын сұрақ, павильондар дайын ба? Үкімет қарауындағы көп органның көрмеге дайындығы қалай? Олар не ұсынады? Біз әзірге қалт еткен қимылды байқамадық.

Жә, Халықаралық «жасыл» технологияны дамыту орталығы тақырыбына қайта оралайық. ЭКСПО аумағынан Еуразия кеңістігін қамтитын ақпараттық технологиялар орталығын құру керек дейді, Шавкат Сабиров мырза. Сөзіне қарасақ, бұл Еуразия кеңістігіндегі теңдессіз орталық болмақ.

Шавкат Сабиров, журналист:

- ЭКСПО-2017 аумағында инфрақұрылымдық ІТ жобалардың орталығын құру керек. Бұған Еуразияда сұраныс жоғары. Оның үстіне бізде төмен ҚҚС, салық жеңілдетілген және барлық процесс автоматтандырылған. Қазақстанмен әріптестік құруға құлшынып отырғандар қаншама?.

2011 жылы Президенттің өзі «электронды шекара» орнату мәселесін көтерген-тін. Ақпараттық кеңістікті қорғауда, еліміз қазіргідей қарабайырлылықтан гөрі жоғары технологиялы әм құқықтық елге айналуы тиіс. Осы мақсатта, ЭКСПО аумағында ІТ орталығын құру таптырмас мүмкіндік. Оның үстіне «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде ғылым үйреніп келген көп жасты жұмыспен қамтуға әбден болады. «Болашақтықтардың» сапында жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыруға бейіл ІТ мамандары көп.

Енді екі аттам жерде ЭКСПО-2017 жалауы желбіреп тұр. Ал болғаны бес айдан соң ЭКСПО көрмесінің кеңселерін үлестіру басталады. Бізге Халықаралық «жасыл» технологияны дамыту орталығы да, ІТ орталығы да керек-ақ. Мәселе, мұны кім және қалай жүзеге асырады?

2001 жылы ЭКСПО көрмесін өткерген Үндістанның Бангалор қаласы «Силикон жазығын» жасады. Кейін бұл жерге Google мен Microsoft дейтін алпауыттар жайғасты. Қазақстанның Бангалордан қай жері кем? Ендігі кезек Астанада. ЭКСПО көптеген мүмкіндіктерді алып келеді деген сенімдеміз.

Ілияс Ақбай

Abai.kz

2 пікір