Дүйсенбі, 14 Қазан 2019
Қоғам 17512 0 пікір 28 Ақпан, 2015 сағат 11:39

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ МОҒОЛСТАН

2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтетініне орай Елбасы тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі үлкен тұжырымдама әзірлегені белгілі.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы “Тұжырымдама бойынша 2015 жылы ғылыми-көпшілік, деректі, көркем фильмдер шығады. Оның ішінде  Елбасы тапсырмасымен қазақ хандығына арналған 20 сериялы үлкен фильм түсірілетінін ерекше атап өткім келіп тұр. Бұл не үшін керек деген сұрақтар бар. Қазіргі кезде Қазақ хандығына қатысты ғалымдардың тұжырымы бір жолға түскен кезде көркемдік жанрға шығаруымыз керек”, – деп мәлімдеме жасаған болатын

Министрдің сөзіне сенсек, 2015 жылдың қаңтарынан бастап сериалды түсіру жұмыстары басталатын көрінеді.

Фильмнің сценарийін кім жазатыны, кім түсіретіні әзірге біз үшін белгісіз.

Дегенмен, ендігі жерде «Қазақ хандығының құрылуы» туралы сөз болғанда қазақ тарихшылары мен басқа да зерттеушілері бұрынғыдай Жошы ұлысы, Алтын Орда, Ақ Орда, Әбілқайыр хан құрған Көшпелі өзбектер мемлекеті төңірегінен шыға алмай біржақтылыққа жол берілмеуі тиіс.

Ия, Қазақ хандығы құрылуының бастауында Жошы ұрпақтары Керей мен Жәнібек тұрды. Отандық тарихшылар хандықтың алғашқы қазығы қағылған жер Шу бойындағы Қозыбасыны Моғолстан ханы Есен Бұға өзінің басты қарсыластарының бірі Әбілқайыр ханмен арада буфер етіп ұстау үшін Керей мен Жәнібек сұлтандарға берді деп қысқа қайырады. Ал, түркілер мен кейін қалыптасқан қазақ халқында жер рулық (қауымдық) меншік екенін екенін ескерсек, бұл ханның бір өзі шеше салатын мәселе емес.

Әбілхайыр хандығынан іргесін бөлген Керей мен Жәнібек сұлтандардың Шу бойына 1457 жылдың соңында келгені белгілі. М.Х.Дулати 1468 ж. Әбілқайыр ханның өлімінен кейін оның бодандарының Шу бойындағы Керей мен Жәнібекке көптеп қоныс аударып, саны 200 мың адамға жеткенін жазады.

Осыншама қалың елге қонысты кім берді?

Моғолстан ханы Есен Бұға 1461-1462 жыл шамасында қайтыс болып кеткенін ескерсек, жаңа мемлекеттің құрылуына тек Керей мен Жәнібекке ерген ру-тайпалар ғана емес, Моғолстан құрамындағы ру-тайпалардың да мүдделі болғанын көреміз.

Яғни, қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеу Моғолстан мемлекетінің тарихын зерттеумен қатар жүргізілуі тиіс!

Шыңғыс хан көзі тірісінде-ақ басып алынған жерлерді ұлыстарға бөліп, ұлдарына таратып берді. Жошыға  Ертістен  Орал тауына, одан оңтүстікке қарай  Каспий мен Арал төңірегіне дейінгі жерлер, Орта Азиядағы  иеліктерінен  Солтүстік Хорезм  мен Сырдария аймағы, Үгедейге  Батыс  Моңғолия  мен Тарбағатай  аймағы берілді. Төле әкесінің ұлысы  Моңғолияны  мұраға алды. Ал, Шыңғыс ханның екінші ұлы  Шағатайға  Әмудария,  Сырдария,  Мауераннахр,  Жетісу, Іле,  Шығыс Түркістан  жерлері тиді. Ұлыс орталығы әр жылдары АлмалықҚиялықҚаршы, Ақсу қалалары болды. 1229 жылы Үгедей ұлы хан тағына отырысымен Үгедей ұлысы іс жүзінде Шағатай ұлысына біріктірілді.

 

Сонымен, кезінде Шыңғыс хан құрған империяның бір аумағында XIV ғасырдың ортасында тағы бір ірі хандық – Моғолстан мемлекеті құрылды. Ол Шағатай ұлысының шығыс бөлегінде қалыптасты.

Ал, осы Моғолстан мемлекетінің негізін қандай тайпалар құрады?

Ол сұрақтың жауабын белгілі қазақстандық шығыстанушы Вениамин Петрович Юдин (19281983) «Моғолстанның ру-тайпалық құрамы және олардың қазақ және басқа да көрші халықтармен этникалық байланыстары» (Қаз ССР ҒА Хабаршысы 1965 ж., №3) атты еңбегінен таба аламыз.

В.П.Юдин "Тарих-и-Рашиди" (авт. М.Х.Дулати), "Тарих-и Шах Махмуд бен Мирза Фазил шорас“ (авт. Шах Махмұд бен Мырза Фазыл шорас) және авторы белгісіз "Тарих-и Кашғар" аты еңбектерге сүйене отырып, Моғолстан мемлекетінің құрамында монғол тектес моғолдардың саны шамалы болғанын көрсетеді.

Оның айтуынша, мемлекеттің құрамына барлас, керейт, арғын, дулат, қаңлы, үйсін және т.б. түркі және түркіленген монғол тайпалары кірген.

Ең бастысы, В.П.Юдин "Тарих-и-Рашидидің" орысша аудармасында Кераит, Канглы, Доглат деп көрсетілген тайпаларды қазіргі қазақ халқының құрамындағы керейт, қаңлы, дулат ру-тайпаларымен тікелей байланыстырады. Сондай-ақ, В.П.Юдин Моғолстан мемлекетінде қолданыста болған топоним, этноним, политонимдерді мұқият зерттей келе моғол тайпаларын монғолға жатқызған В.В.Бартольд пен Н.А.Аристовтың пікірлерін жоққа шығарады. (Ауғанстан жерінде сақталған аз ғана моғолдар монғол тіл семьясына жататын моғол тілінде сөйлесе, лобнорлық (Қытай) моғолдар бүгінгі күнге дейін алтай тіл семьясына жататын түркі тілінде сөйлейді).

В.П.Юдин «Мемлекеттің «Моғол» атауын алуы кейінгі зерттеушілерді тайпалардың қай тілде сөйлеуін анықтауы барысында қателіктерге бой алдыруға жетеледі. «Моғол» этномимі Жетісу жеріне Шағатай мен Үгедей ұлысына қараған монғолдардан қалды. Бірақ, олардың да тағдыры Дешті Қыпшақ жеріндегі монғолдар секілді түркі тайпаларына сіңісіп кетумен аяқталды» деп жазады.

Өкінішке қарай, оңтүстіктің кейбір жазушылары мен шежірешілері өз еңбектерінде Сайдаққожа Жүсiпұлы ("Қазақ тайпаларының тарихы" 1875 ж. Бұхара ), Аққұс Сатыбалдыұлы ("Диһнат мама тарихы", 1841 ж. Ташкент) деген авторлардың еңбектере сүйеніп, Бәйдібек биден бастап Домалақ ана, Дулат есімді тұлғаларды 13-14 ғасырларда өмір сүрген деп, оқырман қауымды шатастырып жіберді. Енді өздерін Домалақ анадан тарататын қазақтардың саны мен мекен ететін аумағын картадан қарайықшы.
Қаншама қырғын соғыстар, жұт-ашаршылықтар мен басқа да табиғи, саяси-әлеуметтік апаттарды есепке ала отырып, қарапайым арифметикаға салсақ, айналасы 600-700 жылда бір әйелден осынша ұрпақ тарауы мүмкін бе?

Әрине, мүмкін емес!

Ол замандарда хан сарайы мен рубасы-билердің хатшыларының денін қожалар құрағаны талас тудырмаса керек!

Ащы да болса шындық! Өз тарихына ықылассыздау қарайтын халықтың тарихын өзгелер жазады.

Тарих пен шежірені бұрмалау кімге қажет болды?

Біздің тарихымызды тек Ресей тарихшылары ғана бұрмалап қойған жоқ.

"Бөліп ал да, билей бер" деген ұстанымды ұстанған төрелер мен қожаларға да қол астындағы қара халықтың тарихын өз мүдделеріне ыңғайлап жазу қажет болды!

Кезінде Төле би Бұқарадан алдырып өзіне хатшы қылған Жүніс қожа Төле би қайтыс болған соң Ташкентті билеп тұрған қазақтың ру-тайпаларының арасына лаң салып, қырылыстырып, ең соңында барлығын Ташкенттен түре қуып билікті ғана емес, қазақтан Ташкентті де тартып алғаны белгілі.

Қожалардың түркілер арасына ислам дінін таратудағы ролін естен шығаруға болмайды. Дегенмен, Шыңғыс тұқымдары қожаларды да ақсүйектер қатарына қосып, ел билеуде өз мүдделері үшін өте шебер пайдаланғанын айтуымыз керек. Олардың да ішіп-жемі мен мінер көлігі бұқара үстінен болды.

Кейінірек, арабша аздаған сауаты бар сарттар да сахараның бір түкпіріндегі қазақ арасына барып, өздерін "қожамын" деп, бала оқытып, ақсүйектерге жасалған бар жеңілдік пен артықшылықтарды пайдаланды.

Сөзіміз құрғақ болмасын үшін... .

Жасы жетіп, әл үстінде жатқан Шортанбай ақыннан (Шортанбай Қанайұлы, 1818 -1881) елі «Біздерге бір насихат айтыңыз» дегенде былай дегені бар:
... Ала көжеге каңсыған,
Қаратауда халық едім.
Қожа емес, сарт едім.
Көк есекті мінуші едім,
Масақ теріп жүруші едїм.
Арқаға шығып нан жедім,
Нан жеген соң дәндедім.
Қазақтың жүйрігін мінсем деп,
Сұлу болса сүйсем деп,
Күннен күнге сәндендім.
..

... Сөз айтайын Асанға,

Дүниеңе мақтанба!

Япырмау, неге мақтандың,

Дәулетің судай тасқанға?

Дүниеқордың маясы

Жетпіске келді бұл жасың,

Дүние болды жолдасың.

Әндіжандық сарт едің,

Қай жеріңнен қожасың?

Қаратауда туылдың,

Пәленше деген мырзасың.

Сарыарқаға келген соң

Төрт аяқты жорғасың.

Жәдігөй жауғыш атанып

Осынша жиған мүліктен

Не табады қу басың? («Ай, заман, заман-ай... Бес ғасыр жырлайды» 282-289 б.б. Алматы-1991)

Тақ үшін тартыста, туған бауырлар бірін бірі еш шімірікпестен бауыздап жіберетін Шыңғыс ұрпақтары билеген барлық жерлердегі секілді, Шағатай ұлысында да билікке кім келуіне байланысты ұлыс аумағы үнемі өзгеріп отырды. 1224 ─1346 жылдары аралығында Шағатай ұлысына осы әулеттен шыққан 23 хан билік құрды. Тек 1330─46 жылы ғана 10 хан алмасты. Елді сансыратып жіберген осы қырғынды тоқтату мақсатында, кезінде Шағатай ханға адал қызмет еткен дулат тайпасының әмірі Поладшы бастаған дулат тайпасының бектері 1347 ж. билікті өз қолына алды. Дулат ақсүйектері Поладшының хан болуға құқығы болмағандықтан, өздерінің айтқанынан шықпайтын Шағатай ұрпағы Тува ханның немересі, он алты жасар Тоғылық-Темірді 1348 жылы Моғолстан ханы етіп сайлайды. Ал негізгі саяси билік осы Әмір Поладшының қолында болған. Әмір Поладшы Моғолстанды Мауераннахрдан біржола бөліп алып, тәуелсіз, жеке хандық құруға бар күшін салды. Дулат тайпасы билеушілерінен құрылған бұл өкіметте хан билігі шектеулі болды. Жаңа құрылған мемлекеттегі билік құрылымы, қазіргі конституциялық монархияға келіңкірейді. Осы орайда айта кету керек, Қазақ хандығында да хан еш уақытта абсолюттік билікке жете алған жоқ. Жалпы, дулаттардың беделі Шағатай ханның кезінен белгілі. М.Х.Дулатидің жазуы бойынша, Шағатай хан өз мемлекетін үлестерге бөлгенде, өзіне адал қызмет еткен дулат әмірі Поладшыға Маңлай-Сүбе жерін берген. Маңлай-Сүбе Шығыс Түркістаннан Ферғанаға дейінгі кең-байтақ жерді алып жатқан. Осы аумақта Шағатай заманынан бұрын да, өз биліктерін жүргізіп келген дулат тайпасының өкілдері Моғолстан хандығының құрылуына да белсене араласса, кейінірек Қазақ хандығының құрылуынан да шет қалған жоқ.

«Тарих-и Рашиди» еңбегінде "Моғолстан деп аталатын аумақтың ұзындығы мен көлденеңі 7-8 айшылық жол. Шығыс шеті (Моғолстанның) қалмақтардың жерімен шектеседі және Барыскөл, Емел және Ертісті өзіне қосады. Солтүстігінде оның шекарасы Көкшетеңіз (Балқаш), Түркістанмен және Ташкентпен шектеседі, оңтүстігінде Ферғана уәлаятымен, Қашғар, Ақсу, Шалыш және Тұрфанмен шектеседі" деп көрсетілген.

М.Х.Дулатидің айтуынша, Есен Бұға ханның әкесі Сұлтан Уәйс ханның өзін хан тағына отырғызған дулат Құдайдат әмір еді. Сұлтан Уәйс қаза тапқан соң хандық билікке ханның үлкен ұлы Жүністі отырғызбай, хан тағына кәмелет жасына жете қоймаған Есен Бұғаны отырғызған да осы Құдайдат әмір еді. Құдайдат әмір жалпы саны 6 ханды таққа отырғызды. Жүніс сұлтан Самарқандқа қашып, бас сауғалауға мәжбүр болды.

Ол Моғолстанға тек Есен Бұға хан өлген 1462 ж., оралып, хан тағына отырды. Кейбір деректерде Орталық Моғолстан мен Тұрфанда 1465—1504 жылдары Жүніс ханның ұлы, қанішер (алашы) қаталдығына байланысты қазақтар Алаша хан атап кеткен Сұлтан Ахмет ханның билік құрғанын айтады. Қалай болғанда да, Керей мен Жәнібек сұлтандарды паналатқаннан кейін Моғолстанның өзінде ыдырау процесі басталғанын көреміз.

Жүністен кейін 1487 ж. ханның үлкен ұлы Сұлтан-Махмұд хан I хан тағына отырды. Бірақ, оның билігі тек Моғолстанның батыс өңіріне ғана жүрді.

Сұлтан-Махмұд хан Моғолстандағы билікті қалпына келтіру үшін Мұхамед Шайбани ханға көмек сұрай барған сапарында 5 ұлымен бірге Сырдария жағасында Ходжент маңында қаза тапты. Ал, одан кейін билікке келген Сұлтан Ахмет ханның ұлы Мансұр өз кезегінде билік үшін өз бауырлары Халел және Сейіт сұлтандармен қырқысқа түседі. Өз бауырларынан үстем түскен Мансұр хан 1516 ж. Қашғар мен Жаркендте (Шығыс Түркістан) Мамлакат-и Моголийе (Моғолдар мемлекеті) деген тәуелсіз хандық құрды. Шау тартқан шағында Мансұр билікті ұлы Шахқа береді. Бұл кезде олардың билік ету аймағы тарылып, Шах ханды тек Тұрфан өңірі ғана таныды. Шах Махмұд ибн мырза Фазыл шорастың айтуынша, Шах хан батылдығымен қатар өте қатыгез болды. Бірде болмашы қылығы үшін өзінің ұлы Төрай сұлтанды өлім жазасына кесіп жібереді.

Мансұрдан кейін таққа Сұлтан-Ахмет ханның үшінші ұлы  Сұлтан Сейіт отырды. Одан кейін билікке Сұлтан Сейіт ханның ұлы Әбдірашид отырды. Заманындағы құдіретті мемлекеттен жұрнағы ғана қалып, Әбдірашид хан хандықтың іргесін бекітуге кірісті. Енді ол өздерінің одақтасы қазақтарға қарсы тұру үшін қазақтардың қас жауы мәуреннахрлық Шайбанидтермен одақ құрды. Бірақ, мемлекеттің бұрынғы шекарасын қалпына келтіруге Әбдірашид ханның шамасы келмеді. Моғолстанның одан кейінгі жағдайы мемлекет деп айтуға да келмейтін бір қала шеңберінде түсіп , бірте-бірте тарих сахнасынан біржола кетіп тынды.

В.П.Юдин секілді айтулы ғалымдардың пікірі кеңестік идеология әлде өзіміздің рушылдардың әрекеті ме, әйтеуір өміршең болмағандығы анық!

Өкінішке қарай, Қазақ хандығының құрылу барысындағы Моғолстан мемлекеті құрамындағы тайпалардың ролін қазіргі отандық тарихшылар мен зерттеушілер де мойындағысы келмейді!

Ал, мемлекетіміздің шынайы тарихын қалыптастырамыз десек, бұл мәселеден айналып өтуге болмайды.

Фильм түсіріле жатар...

Ал, жалпы өзімізді мемлекет ретінде құрметтесек, «ҚАЗАҚ Хандығының құрылуы» деген айтулы оқиғаны мәңгі есте қалдыру үшін, сол хандықтың қазығы алғаш қағылған жер Шу өзені бойындағы ҚОЗЫБАСЫДАН кешенді ескерткіш салынуы тиіс!

Бұл жерде алыс шетелді білмеймін, еске орыс армиясы француздарды жеңген «БОРОДИНОНЫ», кеңес әскерлері неміс фашистерінің бетін қайтарған Сталинградтағы «МАМАЕВ-КУРГАН» атты кешендерді еске түсіру керек....

Яғни, өзге елдер бір шайқастардың өзін әспеттеп жатқанда, біздің осы оқиғаны жәй конференциялармен атап өтіп қоя салғанымыз елдігімізге сын!

Ол, ескерткіштен қаражатты аяуға болмайды. «Қаржылық дағдарыс» «Су жоқ, басқа коммуникациялар жоқ» деген сылтаулар бұл жерде жүрмейді.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,

тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Abai. kz

0 пікір