Сенбі, 27 Сәуір 2024
Мәйекті 9382 0 пікір 27 Наурыз, 2015 сағат 14:33

Мырзан КЕНЖЕБАЙ. «ОТАН СОҒЫСЫ» ҚАЙ СОҒЫС?

Абзалы қазақты самарқау, ұйқыдан оянғысы келмейтін ынжық, жалқау деп күстаналау бекер. Сенбесеңіз, жәй қитабан қазаққа да, ұлттық мәселе, қазақ мәселесі дегеннен анадайдан аулақ жүретін, ішкен-жегеніне мәз атқамінер қазаққа да пәленінші жылы, пәлен деген жерде, пәленшекеңнің пәленжылдық мерейтойы, пәленбай деген рудың өмірі атын адам естімеген пәленбай деген батырының бетон атқа мініп, бетон найза, бетон қылыш ұстаған ескерткішінің ашылу салтанаты болады екен деп түн ортасында шақырсаңыз, ұйқылы көзін сипалап таң алакеуімнен жетіп келмесе маған келіңіз. Немесе тағы да бір онжылдық, жиырмажылдықтың стратегиялық жоспарын жасадық, соны орындауға жұмыла кірісейік  деп ұран тастаңызшы. Нағыз ұлы дүбір, ду-думаннан, жұмыс орындарында  қызу талқыланған митингілерден көз аша алмай қаласыз. Ал егер сол қазаққа өзінің тек ұлттық мәселесін, мысалы, бір мемлекеттік тілді 24 жылдан бері өз биігіне көтере алмай-ақ қойдық, Қазақстандағы бүкіл телеарна күндіз-түні орысша сайрап тұр, соттардағы, бүкіл құқық қорғау органдарындағы іс-қағаздары түп-түгел әлі күнге орысша, мұны қолға алатын уақыт жетті ғой. Ау, біздің ешбір елге, ешкімге тәуелсіз ел деген атымыз бар ғой десеңіз ғана «асықпау керек», «асықпаған арбамен қоян алады» деп баяғы ұйқылы-ояу мәңгірген қалпына түседі де кетеді. Тіпті, сен орысты қорлап тұрсың деп өзіңе тап беруі де мүмкін. Сол қазекем, той-томалақшылдық, мерейтойшылдық ұранқайлығын осыдан тұп-тура бір жыл бұрын «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына даярлықпен» тағы бір көрсетті. Біз дәл бір осы соғыс туралы 70 жылдан бергі жазылған миллиондаған кітап, мақала, суреттеме, очерк, кино, киножурналдар аз болғандай енді Қазақстанның әр облысы өз аймағынан соғысқа аттанғандардың аман қайтып келгендерден бастап хабар-ошарсыз кеткендердің тізімін түгендеген кітаптар шығаруға кіріскенімізге де жыл болып қалды. Мұндай кітаптар бұдан бұрын  осы соғыстың 50-60 жылдықтары кезінде де шығарылған еді. Мынау солардың жалғасы немесе соны қайталаудың жаңа бір түрі. Жер-жерде осы 70 жылдыққа даярлық барысы туралы жиындар өткізілуде. Радио мен телехабарлар өз алдына.

Біз бұл жерде бұл іс-шараларды өткізбеу керек деп отырған жоқпыз. Өйткені, бақилық болған аруақты силамаған адам тірі жұртын да силамайды. Бірақ әр нәрсенің шет-шегі, мөлшері болатыны сияқты той-думанның да, мейрам-мерекенің де өзіне лайықты өлшемі болуы керек. Әйтпесе, 70 жылдан бері үзбей тойланып келе жатқан осы мерекеге бұрынғы обком секретарлары, райком секретарлары мен облыс, аудан әкімі болып зейнетке шыққандарды бас қылып, ел ішіндегі ақсақал-қарасақалды жинап, бір жыл бұрын ебіл-себіл болып, оған соншама қыруар қаржы бөлудің қажеті бар ма? Бұл бірінші ойланатын мәселе.

Екіншіден, 1941-1945 жылдардағы соғысты Отан соғысы деп атауға қатысты пікірдің екіге айрылғанына да талай жыл болды. Оны бүгінгі ұрпақтан жасырам деу және сол айтылып келе жатқан өтірік-шыны аралас күйінде тарихта қалдырам деу де құр әурешілік. Оны Отан соғысы деп атауға қарсылар ол кезде бүкіл 15 республика бір ғана Ресейдің, яғни, Мәскеу Кремлінің колониясы болғанын, оның құрамындағы қазақ, өзбек, әзірбайжан, түркімен, тәжік, татар, башқұрт және басқалары әскерге зорлықпен, күштеп алынғанын көлденең тартады. Олардың  сөзінің жаны жоқ дей алмайсыз. Сол қырғын соғыс басталардан 4-5 жыл бұрын ғана кеңес халқы небір қуғын-сүргінді бастан өткеріп, зәрезап болып қалған еді. Сонау 1925 жылғы тәркілеу кезеңінен бастап, біресе халық жауы, біресе бай-құлақ, біресе Американың не Жапонның тыңшысы деген сұмдық «тазалаудан» өтіп, әбден үргедек боп қалған халық арасынан бұл соғыста «Отан үшін», «Сталин үшін», «Москва үшін» деп шыққандар, әрине, аз болған жоқ. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген орашолақтау мәтел де - сол кездің «туындысы». Соның алдында ғана ұлт тағдырының оңы мен солын, пайдалысы мен залалдысын елеп-екшеп, ұлтқа дұрыс жол сілтей алатын көзі ашық, ойы ордалы, «қазағым» десең, кеудесінде атқақтап соғып тұрған жұдырықтай жұмыр етті жұлып беруге даяр және сонысы үшін Мәскеу таңдап жүріп қынадай қырған, қырмағаны түрмеге тығылған бүкіл ұлтшыл азаматынан айрылған қазақ ұлты бұл кезде әрі саяси сауаты өте төмен, оң-солын, дұрыс-бұрыс жолын таңдап ала алмайтын әрі әр нәрседен шошынып қалған жас бала сияқты еді. Оның үстіне, Кеңес Үкіметінің елді бай мен жарлы, ескішіл мен жаңашыл, діндар соқыр мен көзі ашық азамат деп қызды-анаға, ұлды-атаға қарсы қойған сайқали саясаты да қара халықты әбден есеңгіретіп тастаған-ды. Бұл кезеңде большевиктік-коммунистік идеологияның жүргізген жұмысы өте жойқын болды. Соның бәрі тоғыса келгенде адамдардың, әсіресе қазақ ұлтының санасына жер бетіндегі жұмаққа жетелейтін жалғыз жарық жұлдыз Мәскеу деген соқыр сезімді мықтап орнатты. Ұрыс даласында неше алуан газеттерге өтірік ерліктерге, жалған мағлұматтарға толы мақалалар жарияланып жатты. Кеудесін оққа тосушылар, амбразураның аузын төсімен жауып артындағыларға «Сталин үшін», «Москва үшін жан пида» деп айқайлайтындар туралы лепірме материалдар көптеп басылды. Әр республикадан сол Мәскеуді, Сталинді, Ленинградты, Кремльді, орыс халқын мақтап жырлайтын қарт ақындар қолдан жасалды. Кім қалай десе де біз әлі күнге шейін санамыздағы сол кезеңнің соқыр сенімінен арыла қойған жоқпыз.

Әрине, бәріміздің де әкелеріміз бен аталарымыз сол қан соқтаға, дәлірек айтсақ, орыс мемлекеті мен неміс мемлекетінің арасындағы қанды қырғынға қатысқаны рас. Бірақ сол марқұмдардың арасында сол кезде өздерінің кім үшін, не үшін ажалға қарама-қарсы барғанын ақыл-ой таразысына салуға сана-сезімі жетпегендері де, өкіметтің зорлықпен қойша жинап апарып соғысқа салғандары да, соғыстан қашқандары да (дезертирлер), ұзақ жылға сотталып немесе атуға бұйырылып түрмеден әкелінгендер де мыңдап, жүз мыңдап саналатын еді. Бүгін ғана емес, осыдан 20 шақты жыл бұрын-ақ сол соғыста көрсетілген талай «ерліктің» өтірігі шығып, баспасөз бетінде ара-тұра болса да жарияланып тұрды. Атақты панфиловшылар дивизиясының, осы күні Алматыда ескерткіші тұрған 28-панфиловшылардың қолдан жасалған, ойдан шығарылған өтірік екені жақында ғана баспасөз бетінде тағы да жарияланды. Әрине, өткенді қазбалай беруді ешкім жөн демейді. «Сөз қуған бәлеге жолығады», бірақ бұл жерде әңгіме бәле қууда емес, әңгіме біздің аға ұрпақтың, ата ұрпақтың сол заманда душар болған

                Мәскеуге табынушылық пен құлшылық санасы

бүгінгі азат еліміздің жас ұрпағының санасына әлі де сіңіріліп келе жатқанында болып отыр. Оны көзіміз күніге көріп те отыр. Күйінген адам не демейді сондайда

                              Көтере алмай кеудесі нала жүгін,

                             Ақтарып-ақ жатса да дала мұңын

                             Арсалаңдап жетесіз жеткіншек жүр

                             Бірі–қызыл, бірі–көк балағының.

 

                                Ұрпағыңның азайса азбағаны

                                Жаның қайтіп, халқым-ау, жаз болады?

                                Саңылаусыз, санасыз сол ұрпағым

                               «Мерседеске» мінгенге мәз болады,

 

                                 Айта берсем таусылмас қайғым тағы,

                                  Мен ескексіз қайықпын айдындағы

                                 «Ес кіргіз, – деп, – Еліме!»

                                  Бір Алладан

                                  Тілек еттім қос қолды жайдым-дағы, – деп, бейкүнә бүгінгі жастарды күстаналағаныңды да байқамай қалады екенсің. Ұтыры келгенде айта кетейік, біз «Ұлы Отан соғысы» деп аспандатып, атойлап жүрген бұл соғыс туралы екі жақты пікірді сонау Кеңес заманында да талай естігенбіз. Ал бүгін ше? Бүгінде осы соғыста жеңіп шықтық деп мақтанатын орыс пен қазақтан басқалар бар ма, жоқ па білмейміз. Бір білетініміз біздің қазекең ата-дәстүрін, тілін, ділін, басқа да бүкіл тірлігін түзетіп алып, енді сол ғана қалғандай-ақ сонау жылдары «генерал Сабыр Рахимов қазақ екен, өзбектер өзбек қып алды, оны қайтарып алуымыз керек» деп алдақашан марқұм болған адамның әруағын қайта-қайта тебіренте берді. Сол соғыс кезінде де, одан кейін де «Русия билән Германның ұрышы бізгә немәга керек?!» дейтін өзбек ағайындар КСРО құласымен сендерге керегі осы ма дегендей Ташкент метросындағы бір бекеттен де, тағы бір ауданнан да С.Рахимовтың есімін алды да тастады. Украина мен Балтық елдері  9-Мамыр күнгі «Жеңіс тойы» деп аталатын мерекені мүлде атап өтпейді.

Иә, біз желөкпеліктен, атойшыл, ұраншылдықтан алдымызға жан салмаймыз. Әсіресе, Мәскеуге, Ресейге адал, шын жүректен берілгенімізді дәлелдейтін әр сәтті қалт жібермейміз-ау, қалт жібермейміз. Біздің ақсақалдарымызбен де, қырмасақал қартамыстарымызбен де пікірталастыра қалсаң, қазақты адам қылған орыс деп қызылшеке болатындар әлі көп. Әсіресе,  осындай құлмінездік біз Ресейден азаттық алған 1991 жылдан бермен туған жастар арасында да кездесетініне жаның күйеді. Әрине, оның екі түрлі себебі бар: біріншіден, оларға мектепте де, ЖОО-да да ата тарихымыз әлі де баяғы компартияның ресейшіл пиғылымен жазылған нұсқасы онша көп өзгертілмеген күйінде оқытылады. Оларды оқыған жас ұрпақ, ата-бабамыздың бүкіл тарихында жоңғар, яғни, қалмақ деген бір ғана сойқан дұшпаны болған екен деп ойлайды. Олар оқитын тарих оқулықтарында Ресейдің сонау 1592 жылы казачество дегенді құрғаннан бастап қазақ даласын, қазақ ауылдарын (Батыс өлкеміздегі) қаншама рет қанға бояп келгені, батыс өлке қазақтарының оларға қарсы ерлік шайқастары туралы дәнеңе де айтылмайды. Ал Кеңестік Ресей кезіндегі қуғын-сүргін, қайта-қайта әдейі жасалған ашаршылық, қазақты қырып жоюдың өзге де шаралары туралы не айтылмайды, не атүсті қысқаша ғана тоқтап өтіледі. Екінші себеп, бүгінгі жас ұрпақ жаңағы біз айтып отырған ана тіліне көзқарасы керенау, ұлттық тәрбиеден мақұрым, саяси сауаты да ортақол, сөйте тұра өзгеге еліктегіш, ресейқұмар атқамінерлерден естігенін көкейіне құйып алады. Қателеу айтсақ, Құдай кешірсін, бірақ соларды көріп отырып жаның күйгеннен:

         Ат үстіндегісі намыссыз, арсыз кіл кердең,

         Ақсақалдары жан-тәнін жалдап күн көрген

         жұртыма қарап, жабырқау жырды төгемін

         Есі бар қазақ еңіреп жылар жыр-шермен, - дегің келеді екен.

         Демегенде қайтесің, сол атқамінерлер мен әртүрлі дүбәралар «Жеңіс тойының» өзін той емес, қазақты шоқындыруға татырлық дүрбелеңге айналдырып жіберсе. Сенбесеңіз қараңыз: әнебір жолы аты дардай «Ақ жол» партиясы 9-Мамыр күні сарыала қоңыздың қабығынан аумайтын жібек таспалар-ленталар таратып, қазақты қарық қылды. Ол «Даңқ лентасы» деп аталады. Ресейде Георгий лентасы деп аталатын бұл таспаны қазекемнің атқамінерлері осылайша даңққа айналдырды. Бұл патшалық Ресейде христиан дініндегілер әулие деп атайтын Георгийдің құрметіне бекітілген Георгий кресінің үстіңгі жағында қара мен сары түс аралас таспа болатын. Оны о заманда бұ заман қазақ кеудесіне тақпақ түгіл ұстап көрмеген, ондай наградаға (марапатқа) ешқашан қазақ ұсынылған емес. Рас, анасы қазақ ақ патшаның генералы Корнилов осы орденді тағып жүріпті. Сонда бұл не жаңалық? Әлде сол «жиенімізді» еске алу ма? Сол таспа өткен жылы Алматыда да қардай борап кетті. Кейбір әулекі қазекемдер оны көлігінің алды-артына тағып алып, қашан қара күз түскенше тастамай желбіретті де жүрді. Біз бұл жерде «Жеңіс тойын» тойламайық дегелі отырған жоқпыз. Алайда, әрбір саналы, көзі ашық қазақ

 Георгий лентасы мен кресі Ресейдің империялық саясатының жалғасы

екенін түсінуі керек. Оны біресе кеудесіне, біресе көлігіне байлап желбіретіп жүрген қазекем көршілес, діндес, тілдес бауырларымызға күлкі болып жүргенін байқамауы да мүмкін. Оларға тіпті орыс ағайындар да іштей мырс-мырс күлуі әбден ықтимал. Бұл лента, яғни, таспа орыс-түрік соғысы (1768-1774) кезінде Ресей империясына шын берілгендігін, ерлігін, ақыл-кеңесін көрсеткендерге арнап 1769 жылғы 26 қарашада ІІ Екатерина патшайымның пәрменімен (бұйрығымен) бекітілген. Оның куәлігінде «Ресейге көрсеткен қызметі мен ерлігі үшін» деген жазу болған. Оның иесі өмір бойы жалақы алып тұрған, ол бақилық болған соң бұл марапат пен жалақы оның ұрпағына беріліп отырған. Бұл таспа патша әскеріндегі Георгий туына, теңіз әскерлерінің күнқағарсыз (безкозырка) бас киіміне, үздік полктар мен кемелердің туына тағылған. Оның ең тұңғыш иегері М.Кутузов еді. Ұтыры келгенде айта кетейік, Кутузов Ресейдің қолдан кемеңгер етіп жасалған қолбасшысы. Ол бірде-бір соғыста өз тактикасымен жеңіске жеткен жан емес. Тағы да ұтыры келгенде айта кетейік, осыдан бірер жыл бұрын Украина халқының көзқарасы екіге бөлінуіне де осы Георгий лентасы себеп болған еді. Сонда сол таспаны желбіретіп жүрген қазекемнің көрші елдерге күлкі болмаған несі қалды?! Бұл марапат патша өкіметі құлағаннан кейін 1917 жылдан былай қарай кеңестің бірде-бір марапат белгісіне пайдаланылған емес. Оны Кеңес өкіметі құлағасын империяшыл ауруы қайтадан қозған Ресей басшылары 1992 жылы Әулие Георгий ордені және Георгий кресі етіп қалпына келтірді. Ал 1942 жылдан бастап, яғни, біз айтып отырған 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде КСРО басшылары Георгий таспасының дәстүрлік жалғасы ретінде «Гвардиялық таспа» дегенді бекітті. Ол кейін 1943 жылдан бастап «Даңқ» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медалінің төсбелгілеріне (колодка) пайдаланылды.

Көріп отырсыз, түріктермен соғысқан патшалық Ресей де, Германиямен соғысқан, Құдай жоқ деп ұрандатқан кеңестік Ресей де  өздеріне қызмет еткен адамды өз дінінің әулиесінің аты-жөні жазылған марапатпен «жарылқайды» екен. Сонда мұның аржағында империяшылдық, шовинистік жымысқылық жоқ дей аласыз ба? Ендеше, Ресей басшылары өз әскерінің құрамында соғысқан бұратана халықтарға олардың ұлттық батырларының, мысалы қазақтарға Сартай, Қабанбай, Бөгенбай батырлар атындағы, башқұрттарға Салауат Юлаев, қырғыздарға Манас атындағы, түркімендерге Жөнейіт батыр атындағы сияқты марапаттарды тағайындау есіне келмеді дей аласыз ба? Жоқ. Бұл жерде тек Ресей мүддесі ғана бар деп батыл айтуға әбден болады. Әйтпесе, 1945 жылы Жеңіс тойын тойлап жатқан майор, полковниктерден бастап, генералдар мен маршалдарға шейін «За победу русского оружия», «За русскую армию», «За товарища Сталина!», «За русский народ» деп арақ толы рюмкаларын сыңғырлатып тост көтеруінің өзі-ақ әр нәрседен хабар беріп тұрған жоқ па?

Екінші бір мәселе «Жеңіс тойына» байланысты. Бұл соғыста екі жақтың әрбірінен ондаған миллион бейкүнә пенде опат болды. Бейкүнә дейтін себебіміз ішінара болмаса, олардың көпшілігі өз өкіметінің алдап-арбап, не зорлықпен айдап салуымен соғысушылар-тұғын. Олардың ешқайсысы ана құрсағынан қанқұмар, қанішер болып туған жоқ. Олар адам өлігін, адам қанын соғысқа келіп көрді. Олар егер қарсы жақтың адамын әуелі өлтірмесе, ол өзін өлтіретінін үйренді. Сәл артықтау болса да мысал келтіре кетейік. Менің әкем сол соғыстан аман оралғандардың (жараланып) бірі. Кенже бала болғандықтан атадан үйренген әдетіммен «Ата, неше неміс өлтірдің?» деп сұраған сайын: «Қой, ә-ә! Неғылам жазықсыз адамның қанын төгіп?! Олар да адам баласы. Олар да біз секілді бастықтарының айдауымен жүргендер ғой. «Әгөн!», «Істірләйте!» деген сәтте басымды төмен иіп, көзімді жұмып атып-атып жіберетінмін» дейтін марқұм. Ал екінші бір шалдарға ондай сұрақ қойсаң, қоқиланып пәлен неміс өлтірдім деп өтірік-шыны аралас сөзді төгіп-төгіп тастайтын еді. Мұны айтып отырған себебім, қазіргі ұрпақтың да сол соғысқа көзқарасы осы екі шалдың пікіріндей десек те болатын шығар. Иә, 9-мамыр күнгі «Жеңіс тойынан» Украина мен Грузия алдақашан бас тартты. Өзгелер дәл біздің қазекемшілеп бір жыл бұрын қауырт іске кірісіп жатқан жоқ. Бұл мереке Германияда қаралы күн ретінде атап өтіледі. Сонда бір жұрттың қаралы күнін, екінші жұрт ұлы мейрам деп қыруар қаржы жұмсап, ұлан-асыр той тойлауы дұрыс дей аламыз ба? Ау, әшейінде қайғы да, қуаныш та бүкіл адамзатқа ортақ дейтініміз қайда? Әлемнің небір ойшылдары жалпы «Жеңіс тойын тойлау» дегенді үлкен қателік деп білген. Неге десеңіз, сол Жеңіс жолында жоғарыда айтқанымыздай миллиондаған бейкүнә пенде апат болды. Бұл солардың өліміне, төгілген қанға қуанып, шаттанумен бірдей дейді сол ойшылдар. Ал ислам дінінде қаншама мейрам, мереке болғанымен «Жеңіс тойы» деген той жоқ. Ең қасиетті де, ең киелі дінімізде ол күнәһарлық болып есептеледі. Дінімізге дұшпан кейбір мемлекеттер қанша жерден кім жасағанын өздері ғана білетін жарылыстардың бәрін «ислам террористері», «исламистер жасады» деп дүниені дүрліктіргенімен, ислам діні нахақтан қан төгуге, олар айтқандай «өзін-өзі жарып жіберіп» шаһид атануға қарсы және оны зор күнә деп есептейтінін ешқашан естен шығармауымыз ләзім. Қысқасы, өткен ғасырдың 1941-1945 жылдар аралығында болған соғысты қазақтар да Ұлы Отан соғысы деуі керек пе жоқ па, «Жеңіс тойын» соншама дүбірлетіп тойлау дұрыс па деген пікірлер қазір екіге жарылып тұрғанын ешкімнен де жасыра алмайсыз. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін Алдияр–Тарих өзі әлі-ақ айтады.

 

Abai.kz 

0 пікір