Жұма, 26 Сәуір 2024
Қаза 6410 0 пікір 29 Сәуір, 2015 сағат 11:22

ҚОШ, ҚАЗАҚ ӘНІНІҢ БАТЫРЫ...

Бүкіл қазақ қана емес, сонымен бірге Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен әлем мәдениетінен ойып тұрып орын алған белгілі әнші әрі сазгер Батырхан ШҮКЕНОВ аяқ астынан қайтыс болды. Ерекше дарынымен ел ықыласына бөленген мәдениет қайраткері Мәскеудегі өз пәтерінде кеше түнде кенеттен ұстаған жүрек талмасынан кетті. Бұл туралы ақпарат құралдарының өкілдеріне сазгер-әншінің ағасы хабарлады.

 

Оның айтуына қарағанда, соңғы кездері Батырханның денсаулығы сыр беріп, жүрек тұсы шаншып ауырып жүрген көрінеді. Қазіргі уақытта оны Мәскеуден еліне жеткізіп, туған елінде жер қойнына беру мәселесі қарастырылып жатыр. «Бұл мәселемен қазір жақын адамдарымыз айналысуда, — деді әншінің ағасы Алматы әуежайынан аттанып бара жатып, — қайғылы жағдай оның Мәскеудегі пәтерінде болған. Оның директорының да сол – Батырхан тұрып жатқан үйде тұратыны жақсы болған екен, «Жедел жәрдемді» сол кісі шақырыпты. Әйтсе де, соңғы кездері денсаулығы қатты мазалап жүрген бауырымызға ақ халатты абзал жандар араша тұра алмапты…».

Небәрі елу үш жасқа ғана аяқ басқан әйгілі музыкант 1962 жылдың 18 мамыры күні Қызылорда қаласында дүниеге келген. Өзінің саз әлеміндегі жұлдызды жолын әнші Роза РЫМБАЕВАның тобында саксафонист болып бастаған сазгер 1988 жылы өзінің жеке бастамасымен «А-Студио» тобын құрып, көрермендерінің көзайымына айналған «Джулия» деген әнімен бүкіл Кеңес Одағының, оның соңын ала бүкіл Тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңістігін жаулап алған болатын.

Кейіннен атақты Алла ПУГАЧЕВАның тобында өнер көрсеткен Батырхан Шүкенов соңғы жылдары Әлемдегі мәдениет қызметкерлерінің бейбітшілік миссиясының өкілі ретінде де әлем кеңістігінде жарқырап шықты. «А-Студио» тобының құрамында кезінде БАТЫРХАН орындаған «Белая река», «Стоп, ночь», «Эти теплые летние дни», «Солдат любви» деген әндер мұқым үлкен-кіші сүйіп тыңдайтын әндерге айналды. Кейінгі "Отан-Ана", "Сағым дүние" секілді әндері де жұртшылық тарапынан жақсы бағасын алған еді. Жаңа – жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылынан бастап өзінің жеке әншілік карьерасын дамыта түсу мақсатында Батырхан Шүкенов «А-Студио» тобынан бөлініп шыққан болатын.

Марат МАДАЛИМОВ


Abai.kz

0 пікір