Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 14481 2 пікір 9 Ақпан, 2017 сағат 11:19

МОЛДАЛАР МҮФТИЯТТЫҢ ПӘТУАСЫНА НЕГЕ ҚҰЛАҚ АСПАЙДЫ?

Мұхамбет пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мұсылманның ниеті жасаған ісінен қайырлы» – деген екен. Балаға ат қоюдан да қазақтың таза ниеті анық көрінеді. Ислам дінінің қазақ даласына тарауына байланысты араб сөздері біздің тіл қолданысымыға кеңінен ене бастады. Бұрынғы Тәңірберген мен Құдайбергенге Алдаберген (Алла берген), Аллажар деген атаулар қосылды. Алланың тоқсан тоғыз есімінің ішіндегі  Рахман, Рақым секілді аттар бағзы замандардан күні бүгінге дейін жиі қойылып келеді. Жаратушының әдемі есімдері арасынан Әзіз, Мәжит, Рәшит (Рашид) сияқты есімдер де сәбилерге жиі қойылған.

Екі дүниенің сардары Мұхамбет ғалайсаламның шын есімі – Мұхамбет, Інжілде айтқан бір есімі – Ахмет, ел есіндегі бір есімі – Мұстафа, тағы да бір есімі – Махмет. Осы есімдер атадан балаға мирас болып, ықылым заманнан бері  ат қою дәстүріне берік енген деп айтуға болады. Мұстафа Шоқайдың, Ахмет Байтұрсынұлының есімдерінде Ислам дінінен тамыр алған осы қазақы дәстүр бар. Қазақ тіпті қосарланған есімдерді де жиі қойған. Мысалы: Мұхамбетрақым, Мұхамбет-Қанапия, т.б.

Мұхамбет пайғамбардың хадистерінің бірінде: «Қиямет қайымда әркім аттарымен және әкелерінің есімімен шақырылады, сондықтан жақсы ат қойыңдар» – делінген.  Расул (елші деген сөз, көрнекті ақын Расул Ғамзатовтың есімі әлемге әйгілі) деген тамаша есім пайғамбар құрметіне қойылғаны белгілі.

Ислам дінінің негізгі ұстындары Ислам, Иман, Илхам болса, дәл осылай аталатын есімдер қазақ арасында күні бүгінге дейін көп. Құранда аттары бар 25 пайғамбардың есімдері қазақ арасында түгел кездеседі. Солардың ішінде ИбраҺим пайғамбардың есімі өте көп қойылған. Мысалы, ұлы ағартушы Ыбырайдың да, ұлы ақын Абайдың да азан айтып қойған есімі Ибраһим. 

Ибраһимнің құдай қосқан қосағы болған Ажар мен Сара деген есім де қыздарға жиі берілген. Ибраһимнің ұлдары Ысмайыл мен Ысқақ та көп тараған есімдер. Жақып пайғамбардың ұлы Жүсіп арабша пайғамбар деп айтылса, Жүсіп Баласағұн, Мәшһүр Жүсіп есімдері де осы пайғамбардың құрметіне қойылған. Ал Сыдық тура жүретін кісі дегенді меңзейді.

Мұхамбет пайғамбар заманынан басталған хақ жолындағы күресте Әбубәкір (632-634), Омар (634-644), Оспан (644-656), Әли (656-661) Исламды таратуда көп еңбек сіңірсе, олардың есімдері де ұрпаққа мирас болып қалды.

Араб тіліндегі кісі есімдерінің қазақ арасында көп тарауына тоқталсақ, пайғамбарлар есімдерін былай қойғанда (Мұхамбет, Дәуіт, Мұса, Иса, Ибраһим, Жақып, Жүсіп, Ыдырыс, т.б)  Мұхтар – құрметті, таңдаулы, сыйлы дегенді білдірсе, Сәлім – аман-сау дегенге саяды. Қамар деген қыз есімі ай деп аударылады. Сұлтанмахмұттың Қамар-сұлуы қазақтың Айсұлу  есіміне ұқсас. Қазақтар балаларына Ысырайыл, Мәлік, Мекайыл секілді періштелер есімін де қоятын болған.

Абдолланың және Әбдірахманның түпкі мағынасы Алланың құлы дегенге сайса, жұма сөзінен басталатын есімдер (Жұмабай, Жұмабике, Жұмахан, Жұмабек, Жұмақұл, т.б.) арабша жиын деген ұғымнан шыққаны белгілі. Яғни, жұмаға барамын деген сөйлем аптаның бесінші күні мешіттегі жиынға, жұма намазға барамын дегені.

Әмина – Мұхамбет пайғамбардың анасы. Қадиша (Хадиша) –пайғамбардың алғашқы жарының аты. Айша – пайғамбардың әйелі. Бәтима (Фатима) – араб тілінде «емшектен шыққан» деген мағынаны білдірсе, бұл есім ең алғаш Мұхамбет пайғамбардың қызына қойылған екен. Зейнеп те пайғамбардың қызы. Рабиға төртінші перзент деген мағынаны білдірсе, Фазыл мейірімді деген сөз. Мәдина – Ислам өркен жайған, қасиетті қалалардың бірі. Ғазиз қымбат, Зәуреш нұрлы, шуақты деген мағынаны білдіреді. Кейінгі уақытта ең көп тараған есім Кәусар (Кәусар деген сүре де бар) жұмақтан шыққан мөлдір, таза су болса, осы есімнің өзі адалдыққа, тазалыққа шақырады. Әсия әлсіздерге дем беруші, Әзиза құрметті, қымбатты, Бусайна тәні сұлу, Сәбира шыдамды, Салиқа жақсы, Рәбия бақша, Фарида сирек, Қалима (Халима) нәзік, Шәрипа қайырымды деген ұғымнан шыққан.

Әрсен – батыл, Әділ – әділетті, Әкрам – жомарт, Әбжәміл – көркем сипатты, Бақтияр – бақытты, Ғаббас – қатал, Ғани – бай, Ғафура – кешірімді, Мүбәрәк – құтты, Махмұт – мақтаулы, Жәміл – көркем, Сабыр – сабырлы, Қадыр – қадірлі, Кәміл – ақиқат, Хакім – ғалым дегенді білдіреді. Біләл тұңғыш азан шақырған кісінің есімі. Рамазан ораза айының атауы. Осы аталғаны бар, айтылмағаны бар, түбірі арабта жатқан толып жатқан есімдердің және атаулардың қай-қайсысы да құрметке лайықты.

Арабтар бізге Ислам дінін ғана емес, өзінің тілін де әкелгені анық. Алайда, араб сөздерін ауызекі тілде бұлжытпай сол қалпында айтамын деу әурешілік секілді. Құран сөздерін ғана өзгертпей айтқан жөн. Ал басқа кірме сөздер қазақ тілінің естілу және жазылу заңдылығына сүйенуі керек деп ойлаймын.

Кейінгі жылдары қазақ ақын-жазушыларынң шыққан кітаптарының таралымы күрт төмендеп, небары 1-2 мыңға дейін құлдырап кеткенін білеміз. Ал имандылық тақырыбына арналған діндарларымыздың, имамдар мен молдаларымыздың кітаптары  көптеп шығып жатыр. Әрине, бұл құптарлық қадам. ҚМДБ сараптама комиссиясының шешімімен шығарып жатқан көптеген кітаптармен жақсы таныспын. Олардың Ислам құндылықтарын жариялаудағы және насихаттаудағы орны ерекше.

Әсіресе Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан сараптамадан өткен кітаптар көпшіліке ұсынылуда. Олардың таралымы 10 мыңнан 25 мыңға дейін жетеді. Көңілде тұрған бір түйткіл, осы кітаптардың мазмұны дұрыс болғанымен, ондағы сөз қолданыстары сауатты редакторлардың қолынан өтпегені жиі байқалады.

Мәселен, теология ғылымының докторы Мұсахан Исаұлының  Құран және пайғамбардың хадистері туралы мақалаларын жиі оқимын. Оның біліміне де ырза боламын.  Бірақ, бұл кітапта кемшілік жоқ деген сөз емес. Автордың Астанадан 2011 жылы  «Полиграф» баспасынан басылып шыққан  «Мәңгі мұғжижа» атты кітабында «Құранның өзге де есімдері» деген тарау бар. Есім тек кісілерге беріледі емес пе? Автордың айтқысы келіп отырғаны ат немесе атау болуы керек. Жер-су есімдері деп те айтпаймыз ғой. Әдеби қолданыста жер-су аттары, кітап болса кітап аттары немесе кітап атаулары деп жазылмай ма?!

Осы кітаптағы мұғжижа деген сөзді де (қазақша мағынасы құдірет болуы керек) қарапайым қазақтың көбісі түсінбейді. Кітапта Жаратушының аты Аллаһ деп жазылған. Діни басқарма Алла есімінің дұрыс жазылуы туралы шығарған пәтуаға дейін жарық көріп кеткен кітап болған соң, оған кешіріммен қарадық. Келешекте түзесе болды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған тағы бір кітап  «Ислам жанұясы» (Алматы, 2014 ж) деп аталады. (Әрине, бұл арада пәлендей қате болмаса да, терминком қабылдаған қағидаға сүйеніп, «Ислам отбасы» деген орынды болатын еді). Осы кітапта «Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз сахабаларына мұсылман адамға парыз айн болмаған, нәпіл немесе парыз кифая құлшылықтарынан ата-анаға қарайласудың, олардың жанында қалып, қажеттерін өтеудің абзалдығын айтқан» деген сөйлемдер (13 бет) бар. Ал 15-бетте «Фурқан» деген сөз жүр. Жақша ішінде сол сөз Құран  Кәрім деп көрсетілген. 153-бетте «фиқһ ғылымы» деген тіркес кездеседі.

Айн араб әліппесінің бір әрпі. Кифаяның не мағына беретінін араб тілін меңгерген оқымыстылар болмаса қаймана қазақ қайдан білсін?! Фуркан – Құранның өзі ме, әлде сүресі ме, діни сауаты шамалы кісіге түсіну қиынға соғады. Ал Фикһ (араб.: فقه‎) - терең түсіну мен жан-жақты ұғыну деген мағынаны береді екен.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» атты кітапта (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, 2014 ж) алғысөзден бастап әрбір тарауларда үкім деген сөз жиі қолданылыпты. Мысалы. ұрпақ сүю үкімі, дініміздегі үйленудің үкімі. Үкім көбінесе айыпталған адамдарға шығарылатын сот шешімі немесе билер кесімі ғой. Оның мағынасын бұрмалаудың қандай қажеті бар?!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдар форумында қабылданған (Астана, 19 ақпан, 2015 ж.) «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты кітапшада: «Біреуді кемсіту оған зиян беру дегені. Ал шариғатымыз біреуге зиян беруден тыйған» (10 бет) деп жазылыпты. Зиян беріле ме екен? Зиян келтіреді десе бірсәрі.

Біз жеңіл-желпі шолып шыққанда байқаған бірнеше қате туралы ғана сөз қылдық. Шынында қазіргі шығып жатқан діни кітаптардың көпшілігі оқуға өте ауыр, әсіресе, көпшілікке түсініксіз терминдерге, арабизмдерге толы. Көптеген сөйлемдер қатып қалған, аударма мәтіні секілді.

Мұсылман дініне байланысты теледидар арқылы берілген хабарларда имамдар мен молдаларымыз, қажыларымыз  діни атауларды ала-құла айтады, тіпті Алла деген ауызға келіп тұрған сөздің өзі кейінгі уақытта теледидарда да, мерзімді басылымдарда да екі түрлі айтылып, екі түрлі жазылып жүр. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ұлы Абай сөзінен бастап қазақтың барлық зиялысы Алла сөзін төрт әріппен айтқанын және солай хатқа түсіргенін білеміз. Ал араб тіліндегі АллаҺ Құран оқылғанда солай айтыла берсін, қазақша сөз қолданыстарында Алла сөзі ауызға жеңіл емес пе деген ой келеді. Оның үстіне ұлтымыздың қазақ деген аты секілді Алла сөзін оңнан солға қарай оқысаң да, солдан оңға қарай оқысаң да, бір сөз болып шығады. Осыған орай:

«Ботқа жеген адамдай батыстырып,

Көрсетеді кейбіреу оқыс қылық.

Алла деген ауызға келген сөзді

Имамдар жүр АллаҺ деп шатыстырып.

Алланы айтсақ көңілге қайғы аларда,

Құлшылығың тірлікте жай қалар ма?

Құлаққа да жағымды Құдай атын

Тамақ қырнап айтқаннан пайда бар ма?! 

Өзге тілді білмесек қысылғанбыз,

Сөзді неге бастаймыз ұшынан біз?!

Алла деп Абай да айтқан, талай да айтқан,

Араб емес, қазақпыз, мұсылманбыз» –  деген жолдарды жазған едім.

Аузымыз үйренген «бісімілланы» да имамдарымыз бисмиллаҺ деп аузын керіп айтады. Салыстыру үшін айта  кетейін,  кәпір деген сөз араб тілінде «ка», «фа», «ра» деген үш әріптен құралған. Арабтар солай айтты екен деп, кәпірді кафара демейміз ғой. Түпнұсқасын өзгертпеу керек деген желеумен  самауырды - самовар, шайнекті - чайник, керуетті - кровать деп сөйлеген  қазақты естідіңіз бе?!

«Абай» порталында менің осы пікіріме қарсылар араб сөзін бұрмалауға болмайды дегенді айтыпты. Оларға берер жауабым:

«Алла десем, қатесі жоқ, ақын-ау,

Аллаһ деген «Алла, аҺ!» деп ахылау.

Қазақ айтқан, ғажап айтқан лебізге

Арабтардан керек пе өзі бақылау?».

Бір қуаныштысы, діни басқарма Алла сөзі туралы арнайы пәтуа шығарып, кемшілік түзетілді. Алай       да, шет елден білім алып келген имамдардың біразы бұл пәтуаға құлақ асып жатқан жоқ.

Алла қаласа деген сөзді «машаллах» деп, құтты болсынды «мүбәрак» деп айтып жүргеніміз аздай, иншалланы «иншаллах», сұбыханалланы «сұбыханаллах» дегенге де құлағымыз үйренді. Қазақтың атам заманнан қалыптасқан ауызашарын кейбір молдалар «ифтар» деп араб тілінде түсіндіреді. Сондай-ақ бауырым, туысым дегеннің орнына «ақи» деген араб сөзін жиі қолданады. Қазақта ақиланып деген сөз бар. Мағынасы жақсы емес. Ана тіліміздегі дайын сөзді өзгертіп айтқаннан не ұтамыз? Арабшаға іш тарту бір кездегі қазақ жастарының орыс тіліне құмарлығын еске салады. Сол кезде қазақ сөзінің орнына орыс сөзін айтқандар білімді саналатын.

Сол сияқты ауызша сөйлегенде де, жазбаша түрде де сену, нануды истиқад, ыждағат, ынтаны иждиһад, шапағатты шафағат, есеп-қисапты хиссаб, ақиқатты хақиқат, терең білімді, білімірлікті мағрифат деп жүргендер аз емес.

Ислам діні туралы ғылыми-танымдық кітаптармен қатар қалың оқырман санасына тез жететін өлең-сөзбен жазылған кітаптар да ауадай қажет деген пікірдемін. Діндар дәуір әдебиетінің көптеген өкілдері осы тақырыпқа қалам тербеді. Осы уақытқа дейін қалың оқырманға белгілі болғаны бар және белгісіз болып келген ақындардың ғазалдары мен назымдары, діни дастандары, айтыстарының танымдық-тағылымдық жағымен қатар имандылық туралы беретін ғибраты мол деп есептеймін. Ондай жырлар қазіргі қазақ қаламгерлерінде де аз емес.

Ортаға салар ойымның түйініне келсек, қазақ ешуақытта араб бола алмайды. Мұсылман болсақ, қазақтың ата дәстүріне сай, ана тілімізге құрметпен қарайтын адам болуымыз керек. Ата-бабамыздың керегесі ағаш, ұраны Алаш болды. Дініміз Ислам болса да, ұлтымыз қазақ екенін ешуақыт жадымыздан шығармағанымыз абзал.

Ақылбек Шаяхмет, жазушы, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің професоры

Abai.kz

2 пікір