Дүйсенбі, 18 Қараша 2019
Қоғам 2997 0 пікір 16 Ақпан, 2017 сағат 11:33

БЕКБОЛАТ ҺӘМ ҰЛТ РУХЫ КӨТЕРІЛГЕН КҮН

12 ақпан күні Республика сарайында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, жыршы Бекболат Тілеуханның ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Елім менің» атты концерті өтті.

«Бес ғасыр...» жырлады

Өзінің жанына жақын жыр-әнін аңсаған алқалы топтың күткеніндей, концерт кім-кімнің де қай-қайдағы қоламтасын қозғар құдіретке ие қобыз сарынымен басталды.

– Айнала бұлақ, басы Тең,

Азаулының Ыстамбұлдан несі кем...

Тәңірінің өзі берген күнінде,

Хан ұлынан артық еді менің несібем, – деп, Доспамбет жыраудың толғауымен жырсүйер қауымды дүр сілкіндіре рухтандырып алған кеш иесі әрі қарай Ақтамберді, Шалкиіз, Қазтуған мұраларынан қалқып іліп, «талдырып, тамшылатып...», тыңдаушысын сонау замана қойнауына жетектеп ертіп жүре берді. Сайын сахараның шетінен түре сүрең салып келе жатқан жау қарқынынан, оған қарсы тұруға тиіс елдің сенімінен шәгі басым қауқарынан қауіп алып, қайғы жеген жыраулардың алаң көңілі көрермен кеудесін қайта сыздатты. Одан әрі Манарбек Ержановтың «Көк көгершінін» қалықтатып, «Паровозын» гөйгөйлетіп, «Қыз Жібектегі» Шегенің ариясын шырқады, халық әні «Япурайды» құйқылжытты. Арқа, Алтай, Батыс, Жетісу, Қаратау саздарынан суыртпақтап сыр шертті. Бірте-бірте бергі кезеңге жетіп, кеш кешегі Желтоқсан батырларына арналған заманауи операға, автордың өз әндері – қазақтың ынтымағын толғайтын «Жерім менің», «Алаш ұраны» және «Бірлік ұранына» ұласты. Яғни, осы концертте Бекболат Тілеухан бес ғасырды жырлап шықты десек, артық болмайды.

Көрермен арасында барлық буын өкілдері де болды. Әсіресе жастардың қарасының көптігі қуантты. Ән шырқалып жатқанда сахна төріндегі алып экраннан шығарма табиғатына сәйкес бейнекөріністердің қатар жүріп отыруы да сәтті шешім екен. Бұл әсіресе қысқа да нұсқа «клиптік қабылдау жүйесіне» бейім жастардың талғам-талабынан шыққаны анық. Оның үстіне, туынды болмысымен үндес бейнеклип ән-жырдан алар әсерді үстей түсетіні де рас. Сосын кеш иесінің өмір, өнер, ән, талғам, тұлға туралы ой-тұжырым, пікір-көзқарастарының да бейнекөрініс арқылы өрбіп отыруы ұнады. Опера арияларының орындалуы, хор ансамблімен қосыла ән шырқау кештің бір жаңалығы болып, Досымжан Таңатаров, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Әйгерім Қалаубаева, «Алаш ұлы» тобы секілді кейінгі буын әншілердің сахнаға шығуы өнердегі сабақтастықты меңзесе, бауырлас ноғай, қырғыз халқы өкілдерінің ән-жырмен шашу шашуы берісі қазақы ауызбіршілікке, арысы түркілік ынтымаққа үндейтін концерттің болмысына кірігіп кетті.

Концерттің елге ұнағаны сонша, үш сағаттан астам уақытқа созылса да көрермен кеткісі келмей, қол шапалақтап ұзақ тұрды. Көпшілік эстрадалық концерттерден шаршай бастаған сияқты, жанды дауыспен шырқалатын қазақтың дәстүрлі әніне, жанына жақын өнерге сусап қалғандай.

Қоңыр әнін сағынған көрермен

Қазақ әнді жәй көңіл көтеру үшін ғана немесе секеңдеп билеу үшін ғана тыңдамаған ғой. Ән арқылы сырласқан, ән арқылы толғанған. Ән арқылы көкірегіндегі шер-шеменін тарқатқан, көкейіндегі арман-аңсарын ақтарған. Мұны ата-әжелеріміздің, әке-шешелеріміздің әнді қалай айтып, қалай қабылдауынан-ақ аңғарамыз. Ал кейінгі уақытта біздің ән өнерін ұғынып-түйсінуіміз, талғам-талабымыз өзгеріп кетті.

90-жылдары ұлт өнерін ұлықтау өте сылбыр жүргізілді. Экранымызды да, эфирімізді шетел әні басып алды. Олармен күресу үшін, жастарымызға Ресей эстрадасын емес, өз эстрадамызды тыңдату үшін қазақтілді БАҚ жылт етіп шыққан әншінің бәрін насихаттауға көшті. ХХІ ғасырдан бастап қазақ эстрадасы сәл еңсе тіктеді. Өйткені, тұрғылықты ұлттың үлес салмағы артты, саны көбейді, «КСРО» деген империяны еміс-еміс естігені болмаса, «жыға танымайтын» жаңа ұрпақ қалыптасты. Оларға ресейлік эстрада қажет болған жоқ, олар тек қазақ әнін талап етті. Өкінішке қарай, жақсы әншілермен қатар «күріштің арқасында су ішер күрмектер» де күрт көбейді. «Бір теңге беріп айтқызып, мың теңге беріп қойғыза алмағанның» керіне ұшырадық. Қазір қазақ эстрадасы бірсарындылыққа ұрынды. Радионы ашып қалсаң да, теледидарды қосып қалсаң да, еститінің – инкубатордан шыққан балапандарша бір-бірінен аумай қалған әндер. Егер жүргізуші алдын ала хабарламаса, барлығы кезектесіп бір ғана композитордың әндерін шырқап жатыр екен деп ойлап қалғандайсыз. Бізде әнші де, ән де көп болғанымен, олардың сапасы сын көтермейді.

Сол эстрада әншілерін көтермелейміз деп жүріп, біз қазақтың өзі сүйіп тыңдайтын әнді, қазақтың өзіне қадірлі әншіні құрметтеуді, насихаттауды ұмытып кеттік. Көпшіліктің аузында «дәстүрлі өнер» аталып кеткен қазақтың төл ән-жыры көп уақыт көлеңкеде қалып қойды. Жалпы, өзіміздегі барды бағалауға келгенде кейде кежегеміздің кері тартып тұратыны бар ғой. Әнсүйер қауым қазір ышқырып-қышқырғандардан әбден жалықты. Жүрек қылын шертер қазақтың қоңыр әнін аңсайды. Кешегі концерттегі елдің Бекболат Тілеуханға деген ыстық ықыласы, оның өнеріне деген іңкәр көңілі – осының айғағы.

«Құдайдың қазаққа берген сыйы»

«Концерттің «Елім менің» деген атауына «у» қосып жіберсең, «Елуім менің» боп шығады екен» деп, Б.Тілеуханның өзі қалжыңдағанындай, кеш Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен қатар қайраткер әншінің жарты ғасырлық ғұмырындағы есеп беру межесімен де дөп келгенін аңғару қиын емес. Сөз арасында өзінің өмір жолында үнемі жақсы адамдарға жолыққанын, Нұрғиса Тілендиев, Әбіш Кекілбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбеков, Жәнібек Кәрменов және тағы басқа марғасқалардың қамқорлығын ешқашан ұмытпайтынын айтқан Бекболат: «Бұ дүниеден озып кеткен олардың жақсылығының қарымтасын бәрібір қайтара алмаймын, менің ендігі қолымнан келері – сол аяулы аға-апалардың көрсеткен өнегесін жалғастырып, өзімнен кейінгі дарынды жастарға барынша қамқорлық жасау, қолдап-қуаттап жүру», – деді. Бұл да – жас өрен үйренер үлгі, қай-қайсымыз да қаперімізге алар қасиет.

«Кеттік, жігіттер, біздің үйге барып ет жейік! Мынадай концерттен кейін үн-түнсіз тарап кетуге болмайды! Талқылайық, алған әсерімізді бөлісейік, жүріңдер!» деп жанындағы серіктерін ертіп бара жатқан жасы қырықтар шамасындағы жігіттің көңіл-күйі Республика сарайынан шыққан көпшіліктің бәріне де тән еді десек, артық емес. Расында да, көрермен Бекболат Тілеуханның кешінен керемет қуат алып шықты. Шыға сала қайтып кетпей, кеудені кернеген рухтың әсерімен бір-бірімен әңгімелескісі, шүйіркелескісі, сырласқысы келгені содан. Бұл – генімізде бұйығып жатқан, қанымызда құйылып аққан ұлттық рухтың бұрқ етіп көтерілуі, қазақы ән-жырды аңсаған көңіліміздің серпілуі, мимырт тірлік, митың жүрістен қаяу түскен жүрегіміздің сілкінуі. Қанымызды қыздырып, рухымызды көтерген, қазақ ән-жырының құдіретін тағы бір рет түйсіндіріп, тағы бір рет таныта түскен Бекболат Тілеуханның, расында да, «Құдайдың қазаққа берген сыйы» екенін қайран Нұрғиса Тілендиев атамыз дәл танып айтқан екен.

«Армысың, сағынған Алматым, сағындырған Алматым!» деді концерттің біссімілдәсінде Бекболат. Алатау баурайындағы әсем шаһар мен ұлт өнеріндегі өзіндік орны бөлек ән бұлбұлы, жыр дүлдүлі бір-бірімен жиірек сағыныса қауышып жүрсін деп тілейміз.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір