Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2019
Билік 2755 0 пікір 30 Қыркүйек, 2016 сағат 09:37

ЕЛБАСЫ КЕРЕКУГЕ БАРДЫ

Жылы  шырайы кете қоймаған күздің  осы бір күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Кереку өңіріне  жолы түсті. Ауа райының өзі де  жақсы күнін сақтап, мәртебелі мейманның сапарын күткендей. Жалпы, бүкіл тыныс-тіршілігін өндіріске өзек еткен облыстағы көшбасшы индустриялық жобаларда Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы  бар екенін, бұл сапарында да елге қажетті маңызды нысандардың іске қосылатынын павлодарлықтар жақсы біледі. 

Көпір «Тәуелсіздікке – 25 жыл» деп аталады

Осыдан бес-алты жыл бұрын бос жатқан далада бүгінде «Қазақстан электролиз» зауытының құрылысы бой көтерген. Облыс орта­лығындағы «Каустик» АҚ-та өңірдегі химия-технология өнеркәсібі салалық кластері бойын­ша Еркін экономикалық ай­мақ (ЕЭА) құру туралы тапсырма берілген еді. Кейін, Елбасы тарапынан экономикалық аймақ құратын жоба сынға ұшырағанымен, бүгіндері сер­пін алып жолға түсіп келе жатқан секіл­ді. Өйткені, серпінді жобаларды іске асы­ру барша қазақстандықтардың әл-ауқа­тын арттыруға бағытталып отыр.

Елбасы алдымен Ақсу, Павлодар қалалары аралығындағы Ертіс өзенінде салынып жатқан алып көпір құрылысы өткелінде болды. Көпірдің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды. Президент бұған дейін: «Бізде көлік, темір жол жүйесі болды. Бірақ олардың барлы­ғы Ресейге барып тірелетін. Тек тәуел­сіз­дік алғаннан кейін ғана ішкі аймақ­тар­ды Астана арқылы байланыстырып, бірік­тіретін жолдар сала бастадық. Осы­лайша тәуелсіз елімізде талай жол­дың тұсауы кесілді», деген болатын

Мемлекет басшысы ірі көпірдің құры­­лысына атсалысып, еңбегі сіңген құры­­лыс­­шыларға алғыс білдірді. Егер де сапа­л­ы жол болса, басқа өңір­лермен және елдер­мен жақсы байланыс орнатыла­ды, деді Президент. Бұл бизнес пен эко­­н­о­миканың дамуына септігін тигізеді.

Павлодар қаласының құрметті аза­ма­ты, Қазақ­стан­ның құрметті құры­­лыс­­­­шы­сы Аман­жол Әубәкіров кө­пірге «Тәуел­сіздікке – 25 жыл» атауын бе­руді ұсын­­ды. Нұрсұлтан Назар­баев бұл ұсы­ныс­ты құптады. Көпір өткелінің құры­лы­сы 2013 жылы бастал­ды. Нысан инфра­­құ­ры­лымды дамыту­дың «Нұрлы жол» ба­ғ­дарлама­сы шең­берінде жүзеге асы­ры­лып жатыр және «Орталық-Шығыс» автожол құрылысы жобасының бір бөл­ігі болып саналады. Қазір көпір бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Алда жол белгілері мен жарық өткізу сияқты бірқатар шағын жұмыс қалды. Негізгі көпірде аркаларды орнату барысында «Heavylifting» тех­но­логиясы қолданылған. Бұл арка­лық көпірлерді құрастыру бойын­ша үздік әдістердің қатарында. Көпір жаңа технологияларға сəйкес вант тəріз­ді иілгіш көлбеу аспаларды қолда­ну­мен жаса­­луда. Нәтиже­сін­де көпір Қазақ­стан­­ның орталық бөлігін Ресейдің көрші­лес жатқан өңір­лерімен байланыстырады.

Сонымен қатар, жаңа көпірдің ашылуы Ақсу мен Павлодар арасын­дағы жолды 15 шақырымға қысқартса, елі­міздің шығыс өңірлерінен орта­лық аймаққа қатынайтын транзиттік көлік­тер қала ішіне кірмейді. Осылайша, жолды 40 шақырымға қысқарту мүм­кін­дігі туады.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаны іске асыруға жұмылдырылған құры­лы­сшылармен және жұмыс­шы­­­лар­мен кездесті. Әңгімелесу ба­ры­­сында ол «Нұр­лы жол» бағдар­ла­ма­сы аясында мемлекет тарапы­нан об­лыстың көлік ин­фрақұ­ры­лы­мын  жақсартып, инвести­ция­­лық тар­­тым­­дылығын арттыру үшін қа­­же­т­­ті барлық жағдайлар жасала бере­­тінін айтты.

Жол-құрылыс кәсіпорындары өкіл­дері елдің инфрақұрылымдық жаң­ғыр­­тылуына арналған мемле­кет­тік бағдар­ламалардың іске асырылып жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.

Бұл Орталық Азиядағы ең ұзын көпір өткелі болып саналады. Құры­лыс барысында мердігерлік жұмыс­тарға өңірдің шағын және орта бизнес субъектілері тартылуда. 400-ден астам жұмыс орны ашылды. Көпір өткелін пайдалануға беру Павлодар қаласының жол-көше торабының жү­гін жеңілдетіп, көлік-транзит ағы­­нын оңтайландыруға септігін тигізеді.

Студенттер инновация жолында

Жаңа көпір өткелін көрген қу­а­ныш­ты сәттен соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің Стартап академиясы ЖШС-інде болды. Студенттер, оқытушылар құрамы жылы шырайлы қарсы алған кездесу өтті. Ректор Арын Өрсариев Инновациялық ортаны дамыту арқылы тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істейтін жоғары білік­ті мамандарды даярлаудағы өз­дерінің атқарып жатқан жұмыс­тары жайлы баяндап берді. Прези­дент универ­ситеттің Стартап акаде­мия­­сы­ның жұ­мысымен танысты. Мем­лекет бас­­­­­шысына студент­тердің іске асы­­­­рыл­­­­ған, қазір өнім бере баста­ған биз­­­­нес-жобалары туралы баяндал­ды.

Сондай-ақ, Елбасына Павлодар мем­ле­кеттік университетінің оқу үдері­сіне «кәсіпкерлік арқы­лы оқы­ту» жөніндегі жаңа қа­ғи­­­дат­­тың ен­гізіліп жатқаны жө­нін­­де айтылды. Оның аясында оқу орнының барлық студенті кәсіп­­кер­лік пен көшбас­шы­лық курс­та­рынан өтеді.

Нұрсұлтан Назарбаев студенттер ұсынған бизнес жобалардың әлеуетінің жоғарылығы мен жасам­паздығын атап өтті. Қазіргі уақытта мемлекет бизнестің дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Әлемнің көптеген елінде жас­­тар­­дың студенттік кезеңде өзі­нің стартап-жобаларын бастап, жоға­ры оқу орнын бітіргенде бірта­лай жетістікке жетуіне мүмкін­дік беретін тәжірибелер бар. Мұн­дай жағдайлар еліміздің өзге өңір­лері­нің жоғары оқу орындарының сту­денттері үшін де жасалуға тиіс, деді Қазақстан Президенті.

Студенттер мен оқытушылар Елбасына зор денсаулық тілеп, жас ұрпақты жетілдіру мәселесіне деген қамқор көзқарасы, жанашырлығы үшін алғыс білдірді.

Халықаралық Стартап академиясы 2030 жылға дейінгі өңірді дамыту стратегиясына сәйкес С.Торайғыров атындағы Павлодар мемле­кеттік университетінің база­сын­да ашылған. Білім беру меке­­мес­інің қызметі студенттік және оқыту­шылық кәсіпкерлікті ынта­лан­дыруға, сондай-ақ, ғылыми және зерттеушілік жобаларды ком­мер­цияландыруға бағытталған. Қазір­гі уақытта академия таяу және алыс шетелдердегі бизнес өкіл­дері­мен іскерлік байланысты жолға қойды.

«Сарыарқа» тұрғындарға қуаныш сыйлайды

Бұл күндері облыс орталығын­дағы «Алюминстрой» шағын ауда­ны­ның бұрынғы тұрғындары пай­да­лануға берілген жаңа үйден жар­­қы­­раған пәтерлерге ие болуда. Бұры­нғы тұрғындары дейтіні­міз, қала­да өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған екі қабатты тұрғын үйлер әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған-ды. Талай жылдар бойы бұл жерге жаңа үйлер тұрғызу мәселесі де жиі айты­лып жүрді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ескі үйлер орны­нан «Сарыарқа» атты жаңа тұр­ғын үй кешенін салатын жоба жасалып, бұл мақсатты Үкі­мет те қолдады. Құрылыс жұмыстары «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасы бо­йынша жүр­гізілуде. Бұл жерде 2021 жыл­ға дейін көп пәтерлі 40 тұрғын үй кешені тұр­ғызылмақшы. Бұл үй­лер­дің ерек­шелігі, бірінші қабат­тарын­да немесе дәл жандарында Елбасы айтып жүргендей, халыққа қажет әлеу­меттік орындар орналасады.

Жал­пы, өңірдегі тұрғындардың пәтер алуға деген қажеттілігін азай­­­ту мақсатында алдағы жылдары об­лыс орталығында бұл жаңа аудан­­дағы үйлерден басқа тағы 22 жаңа үй салынады деп жо­спар­ла­­нып отыр. Ал 9 үй осы жыл­дың соңы­­на қарай пайдалануға бері­леді. Бұл – көп­теген отбасы жаңа пәтер­­­лер­мен қамтамасыз етіле­ді де­­ген сөз. Қазір «Сарыарқа» ша­ғын ауда­­нын­­да жаңа үйлердің құры­­лысы қар­­­қынды жүріп жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев екі бала­бақша мен әлеуметтік-мәдени ба­ғыт­­тағы нысандар құрылысына арналған нақтылы жобамен таныс­ты. Сондай-ақ, жолдар мен инже­нер­­лік коммуникацияны қай­та жөн­деу, жасыл көшет отыр­ғызу, тұр­ғын үйлердің ауласын ба­ла­ларға арналған алаңмен жаб­дық­тау ар­қылы абаттандыру қарас­тыры­лу­да.

Жаңа заман балаларына арналған мектеп

Келесі кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа» тұрғын үй кешені ауданындағы «Бала­лар­дың техникалық мектебіне» келді. Мемлекет басшысын мек­тептің үш оқушысы қарсы ал­ды. Президент әрбіреуінің қолын қы­сып, болашақта қандай маман­дық иесі болғылары келетінін сұра­ды. Леня Троян ұшқыш болуды ар­ман­дайтынын, әуемодельдеудің қыр-сырына үйреніп жүргенін айтты.

Бұл – пайдалануға дайын тұрған 12 қабатты тұрғын үйдің бірінші қаба­­тында орналасқан мектеп үйі. Мектептің мақсатыбалалар­дың шығармашылығын дамытуға жағдай жасау. Мектеп директоры Сергей Шнайдердің айтуынша, үйірмелерге келетін 200 оқу­шы 6 көркем-техникалық және 10 тех­никалық бағыттағы топтар­ға қа­тысады. Өңірдегі ерекше құ­­рыл­­­ған бұл жоба жаңа заман үлгі­с­ін­де оқушыларды роботты тех­ни­ка, радиоэлектроника, авиа, кеме мо­дельдерін жасау, стендтік модель­деуге үйретеді.

Кешенде 15 оқу кабинеті бар. Кабинеттер заманауи құралдармен жабдықталған. Қосымша сабақтар тегін жүргізіледі. Бұл оқушылардың ғы­лым мен техника әлеміне, ең­бек­­ке деген қызушылықтарын қалып­тас­тырады. Бос уақыттарын шеберханаларда, зертханаларда өткізеді. Олардан бәсекеге қабілетті болашақ инженерлер, конструкторлар, өнер­тапқыштар, ұшқыштар, кеме жасау мамандары өсіп шығатыны анық.

  Ауылға да, қалаға да ортақ «Арго»

Техникалық мектептен шыққан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Руслан Аушев басқаратын «Арго» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігіне келді. Облыс халқына есімдері жақсы таныс ағайынды Аушевтар қуғын-сүргін көрген чешен-ин­гуш­тардың балалары. Жалпы, «Аргоның» ауыл мен қаладағы іске асырып жатқан жұмыстары іс бастаған кәсіпкерлерге керек-ақ үлгі. Кәсіпкер Руслан Аушев облыс орталығының шеткі жағында өз қар­жысына элеватор тұрғыз­ды. Элеваторда астықты кептіру, желдету, тиеу секілді жұмыстардың барлығы автоматтандырылған. Серік­тестік директоры Руслан Аушев­­тың айтуынша, Железин ауда­нындағы «Пахарь» агроқала­шық­тарының жекеменшік иелігінде 9,2 мың гектар суармалы алқап бар.

2015 жылы 1,2 мың бас ірі қара Австралиядан әкелінген. Қазіргі таңда мұнда 180 адам жұмыс істей­ді. Биылғы жылдың аяғына қарай сүт-тауарлы фермасын іске қосу көз­делуде. Жұмысшылар үшін бар­лық жағдай жасалған. 48 отбасына әрқайсысы 12 пәтерден тұратын қос­қабатты төрт үй ұсынылған. Сон­дай-ақ, бассейн, спортзал, дәм­хана, дүкен, дәрігерлік амбулатория, машина-трактор шеберханасы, автогараж, тұқым қоймасы жұмыс істейді.

Бұдан кейін Елбасы өңірде өсір­ілетін ауыл шаруашылығы өнім­дері көрмесін аралап, облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру­шілерімен кездесті. Олар орақ нау­қанының барысы мен аграрлық сала­ның даму қарқыны жөнінде әңгімеледі.

Жиналғандарға арнаған сөзін­де Нұрсұлтан Назарбаев ғылыми-зерт­теу институттарының әлеуетін өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін пайдалану қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, Қазақстан Прези­денті Қытайға таяудағы сапары бары­сында сол елге экспортталатын дәнді және майлы дақылдар мөл­­шерін айтарлықтай арттыруға мүм­­кіндік беретін келісімге қол жет­кізілгенін ерекше атап өтті.

Облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері Мем­лекет басшысына елдің ауыл шаруа­шылығы саласына қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Бозшакөлге индустрияландыру дүбірі жетті

Түстен кейін Елбасының қаты­суымен облыс орталығындағы Достық үйінде Екібастұздың «Бозшакөл» тау-кен байыту комбина­тына қатысты телекөпір өтті. Бұдан бұрын да, 2015 жылдың жел­тоқ­сан айында Мемлекет басшы­сының қатысуымен өткен жалпы­ұлт­тық телекөпір аясында Боз­шакөлде іске қосу-реттеу жұмыс­­тары басталған болатын. Биыл ақ­панда алғашқы мыс кон­цент­раты алынды. Бозшакөл өнімі­нің алғашқы партиясы Қытай­ға экспортталмақ.

Достық үйінде Елбасының қатысуымен болған телекөпір барысында «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-інде жаңа фабрика іске қосылды. Мемлекет басшысына «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің басқарма төрағасы Олег Новачук кен-байыту кешенінің толық жұмыс циклін баяндап берді. 2016 жылдың ақпан айында мұнда алғашқы мыс концентраты өндірілсе, енді қуаты жылына 5 млн тонна кенді құрайтын жаңа кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жалпы жылдық өңдеу көлемі 30 млн тоннаға жететін болады.

– Бозшакөл тау-кен байыту кешенін іске қосу үшін 2,2 млрд теңге жұмсалды. Кәсіпорын өңір­дегі кен саласын дамытуға үлесін қосады. Ең бастысы, осы өнеркәсіп­тің арқасында 2 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Мен барлық әкімдер мен Үкімет басшыларын жаңа жұмыс орындарын ашуға баса назар аударуға шақырамын. Себебі, бұл – мемлекеттің міндеті. Біз әр адамды жұмыспен қамтуымыз керек. Ал егер ол еңбек еткісі келмесе, өзі біледі. Десе де, жұмыс мәселесі алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Бүгін біз кенді қайта өндіретін және мыс концентратын шығаратын жаңа фабриканың ашылуының куәгері болудамыз, – деді Президент.

Бұл далада мыс қана емес, сон­дай-ақ, молибден, алтын, күміс және басқа да құнды металдар бар. Яғни, Бозшакөлді эволюциялық өркен­деудің ғасырлық жобасы деу­ге болады.

Сенім жүгі ауыр

Сапар соңында Достық үйінде ел Президентінің қатысуымен облыс жұртшылығымен кездесуі өтті. Жиынға еңбек сіңірген ардагерлер, өндірістік кәсіпорындардың жұмыс­­шылары, аграрлық сала өкі­л­дері, жастар көшбасшылары, спорт­­шылар, қоғамдық ұйымдар мен этно­мәдени бірлестіктер же­тек­­ші­лері қатысты.

Облыс әкімі Болат Бақауов Елбасына өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Ал Елбасы өз сөзінде тәуелсіздік жылдарында дамудың орнықты экономикалық моделі жасалғанын атап өтті. Нарықтық экономика үшін дамудың жаңа «локомотивіне» ай­налған мықты кәсіпкерлер табы пай­да болды. Бүгінде елімізде 1 мил­­­лион 260 мыңнан астам шағын жә­не орта бизнес кәсіпорындары бар, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елдің әлеу­мет­тік саладағы жетістіктерінің де маңыздылығын атап өтті. БҰҰ-ның даму бағдарлама­­сы­ның рейтингіне сәйкес, Қазақ­стан әлемде 55-орын иеленіп, адами даму деңгейі жоғары мемлекеттер тобына енді, деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан экономикасының «индустриялық-өнеркәсіптік тірегіне» айналған өңірдің елеулі даму нәтижелеріне назар аударды. Өңірдің одан әрі дамуының іргелі индустриялық базасын құра­ған ауқымды жобалар жемісті жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 250 мың тонна болатын, бастапқы алюминий өндірілетін электролиз зауыты салынды, ол Қазақстанды түсті металлургиядан жетекші елдер қатарына қосты. Бұл маңызды жобаның дамуы барысында «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамында алюминий сымдарының өндірісі іске қосылды. Тағы бір маңызды нысан – қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын хлор мен күйдіргіш сода шығару жөніндегі «Каустик» акционерлік қоғамының зауыты, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жиналған­дарды Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының жаңа фабрикасының іске қосылуы секілді тарихи жаңалықпен құт­тықтап, жаңа өндіріс Павлодар облысының индус­т­риялық-инновациялық әлеуе­ті жоғары екенін көрсететінін атап өтті. Жаңа кәсіпорын Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының кенді қайта өңдеу қуатын 30 млн тоннаға, мыс концентратын өндіру көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыруға  мүмкіндік береді, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы облыстың энергетика саласында да көш бастап тұрғанын айтты. Тәуелсіздік жылдары оған 600 млрд теңге инвестиция салынды, 2300 мегаваттан астам жаңа қуат көзі іске қосылды, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Прези­денті облыстың көлік инфрақұ­рылымы жақсарғанын атап өтті. Ақсу – Курчатов темір жол тар­мағы іске қосылды, Омбы қаласына дейінгі халықаралық автодәліз қайта жаңартылды. Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы ой­дағы­дай жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Ертіс өзені үсті­­нен көпір өткелі салынуда. Ас­тана – Павлодар бағытында салы­нып жатқан автобанның құры­лы­сы жоспар бойынша 2017 жылы аяқ­талады, деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әлеумет­тік салада жүйелі жұмыс жүргізіліп отырғанын айтты. Облыстың тұрғын үй қоры 25 жылда 1,7 млн шаршы метр тұрғын үйге дейін көбейді. Былтырғы жылдың өзінде денсаулық сақтау сала­сын дамытуға 35 млрд теңге бөлінді. Бұл Тәуелсіздігіміздің ал­ғаш­қы жылындағыдан 100 есе көп. Өңірдегі білім беру саласындағы көрсеткіштер де жақсы. Облыста апатты жағдайда тұрған және үш
ауысыммен оқытатын мектептер жоқ, деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында елімізді одан әрі дамыту үшін төтенше шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Ең бірінші кезектегі маңызды міндет – Қазақстан экономикасын дамудың индустриялық-инновациялық жолына көшіру.

Нұрсұлтан Назарбаев экономи­калық өсімді, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру үшін мемлекет тарапынан қажетті барлық жағдайлар жасала беретінін айтты.

Жұртшылық өкілдері Мемлекет басшысына өңірді дамыту мәселе­лері­не ұдайы көңіл бөліп, тиімді мем­­ле­кеттік саясат жүргізіп отыр­ға­ны үшін ризашылықтарын білдірді.

Соңында Қазақстан Прези­денті облыстың тәуелсіздік жыл­дарындағы барлық жетістігіне өңір тұрғындарының ерен еңбегі арқасында қол жеткізілгенін айтып, павлодарлықтарға зор денсаулық, амандық және береке-бірлік тіледі.

Фарида БЫҚАЙ

«Егемен Қазақстан»

 

 

0 пікір