Жұма, 20 Қыркүйек 2019
Жаңалықтар 2121 0 пікір 30 Маусым, 2010 сағат 10:51

ЕРЕУIЛДЕГЕН ЕЛ БОЛҒАН

«АДАЙ КӨТЕРIЛIСI» кезiнде қырылған қазақтың саны белгiсiз

Қазақ даласындағы еркiндiк пен азаттықты аңсаған көтерiлiстердiң бiрi және бiрегейi «Адай көтерiлiсi» деген атаумен белгiлi. Кеңестiк кезден қалған жұтаң статистикалық деректердi сараласақ, 1926-1939 жылдар аралығында қазақ даласын шарпыған «қызыл өрттiң» салдарынан халық саны күрт құлдыраған. Бұл - сол кездегi қаһарлы Кеңес үкiметiнiң қолданған жымысқы саясатының «жемiсi».

Бабадан қалған ен даласын еркiн кезген қа­-зақ үшiн отырықшылыққа жетелей­тiн колхоздастыру заңы төбеден түскен жаймен тең болды. Алдындағы азын-аулақ малына қарап, ертеңiн оңай болжап үйренген дала халқына барын ортаға салып, ортақ ету санаға сыймайтын, ақылдан алыс ұғым едi. Iште тұтанған осындай қарсылықтың соңы қазақ азаматтарын бас көтеруге, отаршыларға қарсы әрекет етуге мәжбүр еттi.

«АДАЙ КӨТЕРIЛIСI» кезiнде қырылған қазақтың саны белгiсiз

Қазақ даласындағы еркiндiк пен азаттықты аңсаған көтерiлiстердiң бiрi және бiрегейi «Адай көтерiлiсi» деген атаумен белгiлi. Кеңестiк кезден қалған жұтаң статистикалық деректердi сараласақ, 1926-1939 жылдар аралығында қазақ даласын шарпыған «қызыл өрттiң» салдарынан халық саны күрт құлдыраған. Бұл - сол кездегi қаһарлы Кеңес үкiметiнiң қолданған жымысқы саясатының «жемiсi».

Бабадан қалған ен даласын еркiн кезген қа­-зақ үшiн отырықшылыққа жетелей­тiн колхоздастыру заңы төбеден түскен жаймен тең болды. Алдындағы азын-аулақ малына қарап, ертеңiн оңай болжап үйренген дала халқына барын ортаға салып, ортақ ету санаға сыймайтын, ақылдан алыс ұғым едi. Iште тұтанған осындай қарсылықтың соңы қазақ азаматтарын бас көтеруге, отаршыларға қарсы әрекет етуге мәжбүр еттi.

Бүгiнгi тырбаң тiрлiгiн таудай етiп, өткендi өшiруге ынталы қазiргi Қазақстанның билiгi сонау жылдардағы қанды қыр­ғынның себептерiн ашып, ұлт­тың отарлық санасын тазалауға талпыныс танытпауы қынжылтады. Тарих қойнауынан там-тұмдап жеткен деректер көңiл көншiтерлiк болмаса да, бiз қазақ даласында болған атақты «Адай көтерiлiсiне» қатысты тақырыпты жаңғыртуды жөн санадық. Айта кетейiк, бiз академиялық тарихпен айналысып жүрген ғалымдармен таласа алмаймыз. Керiсiнше, олардың қазақ даласында болған көте­рiлiстерге қатысты айтары болса, оны жұрт санасына жеткiзуге құштармыз.

Сонымен, «Адай көтерi­лiсi» - өткен ғасырдың 30-шы жылы Қазақстанда болған ең үлкен көтерiлiстердiң бiрi. Елiмiздiң солтүстiк батысында орын алған бұл көтерiлiстiң текетiресi ұзаққа созылып, қазiргi Ақтөбе, Қостанай және Қызылорда аймақтарын қамтыды. «Адай көтерiлiсiнiң» не­гiзгi ошағы Ақтөбе округi­нiң Ырғыз ауданында тұтанады. Жоғарыдан жеткен колхоздастыру бұйрығына наразы халықтың iшiнен аз ғана уа­қыт­тың iшiнде жасақталған алты отряд құрылды.

Әр отрядты хан болып сайланған Қанаев Айжарқын, Ба­йымбетов Жұмағазы, Саматов Мұқантай, Сатыбалдин Исатай, Досов Ақмырза, Нұрлыбаев Тү­менбай және басқа азаматтар басқарды. Бұл жасақ, негiзiнен, Қостанай округiнiң Жетiқара ауданының оңтүстiгiне шоғырланады. Бастапқы кезде больше­виктер жасақтың әрекетiн сырт­тай бақылап, қадағалаумен болады, билiкпен бiрден кикiл­жiңге бармайды. Халық алдында өз ойлары мен қалауларын айтуға ұмтылған жасақ мүшеле­рiнiң әрекетiнен түк шықпайды. Се­бе­бi, әр жерде өз адамдарын сақадай сай етiп орналастырған ОПГУ (кейiнгi КГБ және КНБ) на­разы топты ел алдына шығармаудың түрлi тәсiл­дерiн жасап бағады.

1930 жылдың 25 ақпанынан бастап, колхоздастыруға қарсы толқыған халықтың наразылығын 8 наурыз күнгi Ырғыз ауданындағы жойқын соғыс үдете түстi. Ашынған көтерiлiсшiлер ауылдағы сельсовет үйiн қиратып, ондағы құжаттардың көзiн жояды. Бiртiндеп бұл көтерiлiс­шiлерге өзге аудандардағы наразылар қосылып, барлығы Ыр­ғыз ауданына жинала бастайды. Қолдарына аша, балта, күрек, кетпен ұстаған қара халықты ОПГУ-дiң мылтығы да сес­кен­дiре алмайды.

Винтовка, пулеметпен қаруланған большевиктер отряды мен көтерiлiсшiлер арасындағы қанқұйлы шайқас 14-15 наурыз күндерi болады. Осы кезге дейiн шиттi және құсмылтықтан өзге қаруы болмаған көтерiлiс­шi­лердi ОПГУ-дiң отряды бiр сәтке шегiнуге мәжбүр етедi. Бiрақ сегiз дивизион қызыл әскер көтерiлiсшi сарбаздардан қатты тойтарыс алады.

Кеңестiк идеологияның сарынын күйттеген тарихшылардың кезiнде көтерiлiсшiлердiң жеңi­сiн кемсiтiп көрсетуге ты­рысқа­ны көптеген еңбектерден көрi­недi. Мәселен, бiр кiтап­та «кө­терiлiстiң алғашқы аптасында, яғни 20 наурыз күнi қызыл әс­керлер Айжарқын хан мен М.Са­матовтың отрядын тас-тал­қан еттi», - деп жазылған.

Расында оқиға солай өрбуi мүмкiн. Бiрақ «тас-талқанның» тасасында қанға бөккен қазақтың тағдыры айтылмаған соң, ол тарихты шынайы жазба деп қабылдауға болмайды. Осы күнi Айжарқын хан қаза тауып, М.Саматов қоршаудан шыға алмай, қолға түседi. 23 наурыз күнгi шайқаста көтерiлiстi бастаған И.Сатыбалдин қаза табады. И.Сатыбалдиннiң отряды Қарақұмға қарай ойысып, Арал теңiзiнiң солтүстiгiн бетке алады. 26 наурызда А.Досовтың отряды күшi басым әскермен шайқасып, жауына қарусыз ұмтылған 100 жiгiтi пулеметтiң оғына ұшады, 150-ден астамы жарақат алады.

Бақайшағына дейiн қаруланған 300 адамдық отрядты бастаған қызыл командирлер Гущин, Сидельников және Петин Қарақұмда бас көтерген, қолдарында қаруы жоқ қаймана қазақты пулеметпен қойша қырады. Кезiккен аауылдардағы бала-шағаны, кәрi-жасты қырып кетiп отырады.

Сәуiрдiң жетiсi күнi үш бағытта шабуылдаған қызыл әс­кер­ге жойқын тойтарыс берген қазақтар Петин отрядының кү­лiн көкке ұшырады. Гущин­нiң отряды бастаған колоннаны осы күнi керi шегiнуге мәжбүр­леген көтерiлiсшiлердiң қарқыны Сидельников отрядын да ықтырады. Олай дейтiнiмiз, 9 сә­уiр күн­гi алапат қарсылыққа төтеп бере алмайтынын түсiнген Сидельни­ковтiң отряды қақтығыс басталмай жатып, керi қа­шады. Қарусыз топтың мұншалықты арынына шыдамаған қы­зыл отрядтың басшылары орталықтан қосымша күш сұрайды.

Жағдайдың ушығып бара жатқанын сезген Орта Азия әскери командованиесiнiң басшылығы көтерiлiс ошақтарына 700 қылышты сарбаз, 30 пулемет, бiрнеше зеңбiрек және бомбалаушы самолет жiбередi. Ал көтерiлiсшiлер өздерiнiң қорғаныс бекеттерiн Торғай мен Қарсақбайда орнатады. Ақыры, те­кетiрес айқаста көтерiлiс­шi­лердi жеңе алмаған қызылдар сәуiр айының соңында оларды бейбiт келiсiмге келуге шақырады. Қызылдар жағынан Әлiби Жангелдин бастаған үкiметтiк комиссиямен кездесуге көтерi­лiс­шiлер тарапынан Ж.Байымбетов, Д.Қараев, А.Айменов Қарақұмға келедi. Елiн, жерiн, мал-жанын қорғауда ештеңеден қаймықпаған топтың билiкке қойған талаптары төмендегiше болады:

1. Заңсыз тәркiленген малдарды халыққа қайтару.

2. Ар бостандығын сақтау. Мешiттердi елге қайтару және адамдардың наным-сенiмдерiне араласпау.

3. Тәркiлеудi тоқтататын декрет шығарып, оның орындалуын қадағалау.

4. Күштеп қолхоздасты­руды тоқтату.

5. Ауыл-аймақтардағы жасанды «таптық күрес» жүргiзудi тоқтату. Сондай-ақ елдегi iшкi мәселелердi шешу тетiгiн «өкiлдердiң» емес, ауыл жиналыстарының еншiсiне беру.

6. Салық сомасы мал басы санымен есептелiп, малшылардан нан салығын алу тәжiрибесiн доғару.

Осы талаптары орындалған жағдайда ғана көтерiлiсшiлер қақтығысты тоқтататындықтарын айтады. Әлiби Жангелдин барлық көтерiлiске қатысқан­дар­ға амнистия жариялатуға уәде бередi. Осыған сенген көте­рi­лiсшiлер 1930 жылдың 30 сәуi­рiнде қаруларын өткiзе бастайды. Бiрақ қызылдар өздерi берген уәдесiн орындамайды. Кө­терiлiсшiлер 3-4 мамырда қа­руларын толық өткiзiп болған шақта, ОПГУ отряды көте­рi­лiс­тiң жетекшiлерi мен белсен­дiлерiн тұтқынға алады. Аңыраған ауылдар баяғы таз қалпына түсiп, күштеп қолхоздастырудың құрбанына айналады. Жалпы, Қазақстанда сақтал­ған деректерде «Адай көте­рiлiсi» ке­зiнде қырылған қазақтың саны күнi бүгiнге дейiн анықталмаған.

Қазақ тарихындағы осындай iрi көтерiлiстiң бiрi 1931 жылдың көктемiн­де Маңғышлақта бұрқ етедi. Күштеп ұжымдастыру саясатына наразылық танытқан осы аймақтың табын, адай руларының адамдары Түрiкменстан, Қара­қал­пақ, тiптi Кавказға қарай ауады. Қа­зақтарды алған бағытынан тоқтатпақ болған әскерлермен Табын Маңғышлақ ауданының 60 пайызын қамтыған қарулы қақтығыс туындайды. Кө­те­рi­лiс­шiлер Форт-Александровты алуға әре­кет жасап, көптеген ауылдық кеңес­тердi қиратады. Көтерiлiстi басуға ОПГУ отрядтары, он үш жаяу әскер полкi жұмылдырылады. Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында адай, табын сарбаздарының көбi кескiлескен шайқастар кезiнде оққа ұшып, жүздеген кө­терiлiсшi тұтқынға түседi. Наразы топ­тың үлкен бiр бөлiгi Түрiкменстан, Ау­ғанстан, Иран елдерiне кетуге мәжбүр болады.

Сонымен, 1929-1931 жылдарда Қа­зақ­станның әртүрлi аймақтарында болған көтерiлiстер түгелдей жеңiлiс тап­ты. Бұған ең басты себеп - халықтың қарусыздығы мен әскери талапқа сай ұйымдастырылмағандығы едi. Сондай-ақ көтерiлiс қарқынын қайтаруға ашаршылықтың да әсерi болды. Аш-жалаңаш халық соғысуға қауқарсыз болып, бас сауғалап шетел асты.

Сәйкестiгi дүдәмәл деректерге қарағанда, 1931-1932 жылдары Қазақстаннан 1 млн.30 мың адам жер ауған болса, олардың небары 414 мыңы елiне қайта оралды. Ал 616 мың адам керi қайтпаған, 200 мыңнан астамы Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран және Түркияға кеттi.

«ОПГУ» деректерi бойынша, 1929 жылы Қазақстанда 350 мың адамның басын құраған 31 көтерiлiсшiлер отряды болған. Демографиялық апаттың тағы бiр көрiнiсi деп, осы жылдардағы қазақ жастарының сан жағынан азаюын айта кету керек. Мәселен, 19 жасқа толмаған қазақ жастарының саны 6,2 пайыз болса, 1939 жылғы халық санағында бұл көр­сеткiш 2,7 пайыз төмендеген. Сонымен қатар осы уақыттағы қазақтың өз жерiндегi үлес саны 1926-39 жылдары 20,7 пайыз азайған.

Өкiнiшке қарай, әлi күнге дейiн осы жылдарғы нәубеттi кешендi зерттеу жөнiнде мемлекеттiк бағдарлама жасалмады. Ресейдiң мұрағаттарында жатқан көптеген құжаттарға осы күнге дейiн қо­лымыз жетер емес. Есесiне бiз Астана салып жатқан «алып» елмiз, бiздi бүткiл дүние жүзi «бiледi». Бiрақ бiз өзiмiздiң осыдан жүз жылға толар-толмас бұрын­ғы тарихымызды бiлмеймiз...

Меруерт

ХУСАИНОВА,

КӨЗКӨРГЕН

«Үкiмет малды ортаға жинап, барлығын ортақ етiп, колхоздастырады дегендi естiп, ауылдың азаматтары наразылықтарын бiлдiрмекке бел байладық. Өз ортамыздан Боқмаш деген шалды хан етiп сайладық. Екi мыңнан астам адам кәдiмгi қой қырқатын қайшыны ұзын таяқтардың басына сыммен, жiппен байлап, қо­лымызға қару етiп алдық. Онан өзге аша, орақ сияқты «қарулардан» басқа шиттi мылтық iлуде бiреуде ғана кездеседi.

Шектi жерiнен ұйымдасқан бiздiң топты көп ұзамай-ақ ОПГУ отрядтары тұтқынға алды. Тұтқындалғандарды түрмеге қамады. Ол кездегi түрме - сыртынан бiрнеше рет арқанмен байлап тасталған кәдiмгi киiз үй. Әлден уақытта аттандаған дауыстар шығып, сыртта у-шу болып кеттi. ОПГУ адамдарымен халық арасында орын алған осы қақтығыста төгiлген қанда есеп жоқ. Тiрiдей қолға түскендердi тоғытып, бiр киiз үйге қамап, сыртынан от қойып, шыжғырта жағып жатты. Ал гүрсiлдей атылған оққа ұшқандары қаншама. Оның iшiнде шырылдай жылаған нәресте де бар, аңыраған аналар да бар...

Сарт-сұрт қимылдаған әлдекiмдер бiздi қамаудан шығарып, жаяулатып алып кеттi. Қазiргi Сағыз станциясынан өтiп, Құлсарыға қарай айдады. Жол бойы бiздiң көзiмiзше он-он бес адамды мылтықпен жайратып салғанын көрген соң, бұл айдаудан аман шықпаспын деп ойладым. Атырауға жеткенде топты екiге бөлiп, бiз сонда қалдық. Ал екiншi топтың жағдайы сол күйi белгiсiз болып қалды... Мұнан кейiнгi қуғындаудың құқайы мен сан қилы жағдайларды еске алудың өзi жүрекке салмақ түсiредi. Тек сол кездердегi,одан кейiнгi қолдан жасалған сұмдық саясаттардың салдарынан қазақтың жазықсыз төгiлген қаны осы күнге дейiн көз алдымнан кетпейдi...».

Жазушы Құрал ТОҚМЫРЗАНЫҢ «Адай» көтерiлiсiне қатысқан Қабылан Қалекеновтен жазып алған деректерiнен.

«Общественная позиция» газеті, № 26 (63) 30 маусым 2010 ж.

 

0 пікір