Жұма, 26 Сәуір 2024
Дей салдым-ау 4939 0 пікір 1 Қараша, 2015 сағат 17:10

ЖЕЛГЕ ҰШҚАН МИЛЛИАРДТАР-АЙ: ҚОШ БОЛ, ТРАМВАЙ!

2015 жылдың 31-қазанынан бастап Алматының "Алматыэлектротранс"  трамвай депосы өз жұмысын уақытша тоқтатады. Мұндай шешімді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған арнайы комиссия трамвай депосында жіті тексеру жүргізгеннен кейін шығарған. Бұл туралы abai.kz порталы "Алматыэлектротранс" ЖШС-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қадырғалиұлы өзі бастап, комиссия мүшелері трамвай депосына барып, оның жұмысымен танысқан соң, қоғамдық көлік депосының басшылығына бірқатар тапсырмалар беріп, трамвайлардың осы күйінде қала тұрғындарына қызмет көрсете алмайтындығын айтқан.

Әкім мырзаның қоғамдық көлік депосын жабу туралы шешімі уақытша дегенімізбен, ресми хабарламада депо жұмысшыларының еш бірі қысқартылмайтыны, еңбекақылары сақтала отырып, өзге жұмыстарға ауыстырылатыны айтылған. Бұл дегеніңіз қаланың тарихи келбетін айшықтап тұрған трамвай желілері бір жолата жабылады деген сөз бе

Енді сараптайық. Алматы трамвайлары қаладағы маңызды қоғамдық көлік түрінің бірі болып табылады.  Желілер ескі болғандықтан күрделі жөндеуді талап ететіні тағы рас.

2014 жылы Алматы қаласында трамвайдың қатысуымен 20 көлік апаты тіркелсе, 2015 жылдың 9,5 айында бұл көрсеткіш 43-ті құраған. Мысалы, 21-қыркүйек күні трамвай вагоны басқарудан шығып, трамвай желісінің маңындағы жолдағы бірнеше көлікті зақымдаған. Сол бір апарт кезінде 4 адам түрлі жарақат алып, 14 көлік қираған болатын. Ал 13-қазан күні №6-трамвай жолға щығып кетіп, 4 адам ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен. Дәл осындай трамвайдың қатысуымен болған апаттар саны 43-тен асып отыр. Оның үстіне трамвай электр қуаты арқылы қозғалатындықтан, қаланың кейбір көшелерінде кептеліс тудыратыны тағы бар делік.

Осындай фактілерді жіпке тізіп келген әкім мырза бүгін трамвай депосының қала тұрғындарына қызмет көрсету сапасының төмендігі салдарынан, депоны уақытша жабу туралы шешім шығарған.

Бұл жаңалықты естіген қала тұрғындарының кейбірі әкім шешімін дұрыс деп бағаласа, енді бір тобы шешіммен келіспейді. Десек те соңғы кездері трамвайлардың қатысуымен орын алған жол көлік оқиғалары жиілеп кеткені рас. Сарапшылар бұл трамвай желілерінің ескілігінен болды десе, енді біреулері депо басшылығының салғырттығы дейді. Не дегенімізбен, трамвай депосын жауып тастағанымызбен, мәселенің шешілмейтіні рас.

Айтпақшы, естеріңізде болса, 2013 жылы сол кездегі қала әкімі  12 су жаңа трамвай әкелгенін қуана хабарлаған еді ғой. Жаңа трамвайлар келіп, желілер жаңартылды, бұл қала тұрғындарына тарту деп көлгірсіген Ахметжан мырзаның трамвайлары тырайып қалғаны несі?

Чехияда жасалған 12 трамвайды Германиядан 20 миллиард теңгеге сатып алған едік. Бізге су жаңа деп әкелген трамвайлар бәленбай жыл Германия көшелерінде тоз-тозы шыққандығы туралы ақпарат сол кездің өзінде БАҚ-та аз жазылмаған еді. 

Сонымен, әлгі 20 миллиард қайда жоғалды? Жамап-жасқаған трамвай түкке жарамсыз болып қалғаны несі? Әлде, бұл Ахметжан мырзаның айлакерлігінің көрінісі ме? Оу, соншама қаржы шығарып, сатып алғанымыз тым құрығанда 5 жыл пайдаланбадық. Бұған жауапты кім береді?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

abai.kz 

0 пікір