Сәрсенбі, 16 Қазан 2019
Билік 3208 0 пікір 26 Тамыз, 2015 сағат 09:48

МЫРАХМЕТОВ: «НҰР ОТАН» ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛСІН НАҚТЫ ШЕШЕТІН БОЛАДЫ

«Нұр Отан» партиясы елдегі жетекші саяси күш ретінде қарапайым халықтың мәселелерін нақты шешудің тетіктерін қолға алмақ. Ол үшін бастауыш партия ұйымдары мен қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын және партия фракцияларының іс-қимылын күшейтуге баса назар аударылады. Сонымен қатар, саяси ұйым жастар саясаты мәселесіне де ерекше көңіл бөліп, оларға қолдауды арттырмақ. Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл туралы кеше, 25 тамызда Астанада, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен алғашқы селекторлық кеңесте айтылды. Кеңейтілген жиынға партия хатшылары, партия кураторлары, Мәжіліс депутаттары және Орталық аппарат жетекшілері мен облыстық филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты.

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия Саяси кеңесі Бюросының отырысында жетекші әрі бүкіл халық алдындағы жауапты саяси күш ретінде «Нұр Отанның» алдында қазіргі күні аса маңызды міндеттер тұрғанын атап көрсетті.

Мемлекет басшысы «Нұр Отанға» қазақстандықтарды Бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыруды, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуын тиімді бақылаумен қамтамасыз етуді, сонымен қатар, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтауға ықпал етіп, барлық туындайтын мәселелер бойынша халықпен белсенді жұмыс жүргізуді тапсырды.

Елбасы жүктеген осынау тапсырмаларды орындаудың жоспары партияның селекторлық кеңесінде айқындалып, партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды тиянақты жүзеге асыру үшін жаңа әрі нақты міндеттерді белгіледі.

Жиында партияның алдағы уақытта ең алдымен бюджеттің тарапынан атқарылып жатқан бағдарламаларға баса назар аударатыны айтылды. Яғни, түрлі салалық бағдарламалар бойынша мемлекеттен бөлінетін қаражатқа бақылау күшейтіліп, бюджет қаржысының тиімді және мақсатты жұмсалуы партия тарапынан қатаң қадағалауда болады.

Партия алдында тұрған тағы бір маңызды міндет қоғамдық қабылдау бөлмелерінің белсенділігін арттыру болмақ.

«Жыл өткен сайын қоғамдық қабылдауларға мұң-мұқтажын айта келушілердің арта түсуі «Нұр Отанға» деген халық сенімінің бір көрсеткіші. Алайда, ендігі жерде біз істің нәтижелілігін тек келіп түскен өтініштер көлемімен ғана емес, қарапайым тұрғындар мәселелерінің қаншалықты түбегейлі шешімін тапқанымен өлшеуге тиіспіз.

Ол үшін ең алдымен арыз-шағымдардың түп-төркініне үңілген жөн. Яғни, белгілі бір өтініш қандай себеппен түсті, бұл қандай орган жұмысының кемшілігі дегенді анықтап, соған сай халықтың мәселесін нақты шешудің тетіктерін іске асыру қажет», - деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Яғни өз деңгейінде берілген құзыретіне сәйкес атқарушы органдардың жұмысы да бағаланатын болады.

Осылайша «Нұр Отан» билеуші саяси күш ретінде азаматтарды толғандырған мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, сондай-ақ, халықпен тұрақты байланыс орнатып, жұртшылықтың сенімін арттыру арқылы партияластар қатарын одан әрі ұлғайтуды жалғастыра бермек. Бұл жерде санға ғана емес, негізінен сапаны арттыруға да үлкен көңіл бөлінеді.

Бүгінгі күні партия алдында тұрған өзекті мәселенің бірі - бастауыш партия ұйымдарының жұмысын сапалы жаңа деңгейге көтеру.

Ол үшін Орталық аппарат пен бастауыш ұйымдар жұмысын үйлестіру аса маңызды. Өйткені, жоғарыдан берілген тапсырма жергілікті жерлерде толыққанды жүзеге аспай жатады. Осыған орай алдағы уақытта партияның барлық деңгейдегі ұйымдары арасындағы байланыс күшейтіліп, бірізділікпен жұмыс істеу жүйесі қалыптаспақ. Партия Төрағасы жүктеген міндеттерді халыққа түсіндірудің, оның орындалысын қадағалаудың маңызды тетігі - жалпы саны 5700 бастауыш ұйыммен бірлескен іс-қимылды одан әрі жандандыру шаралары нақтыланды. Ұйымның халықтық партия ретіндегі ұстанымын қамтамасыз ету үшін жергілікті жерлердегі құрылымдарына тиісті жағдай жасау, соның ішінде бастауыш ұйымдар басшыларының біліктілігін қайта қарау, оларды арнайы семинар тренингтерден өткізу туралы тапсырма берілді. Осы тапсырмалардың негізінде бастауыш партия ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен, өңірлерде арнайы жиындар өтетіндігі айтылды.

Алдағы уақытта партия жұмысының басым бағыттарының бірі - жастар саясаты болмақ. Бұл үшін ең алдымен жастар өміріндегі қазіргі күндегі ең басты мәселелер зерделеніп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарды жұмыспен қамту, біліктілігін арттыру, кәсіпке баулу т.б мәселелер жүйеленуге тиіс.

Осыған орай «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын жетілдіру мақсатында өңірлердегі «Жас Отан» белсенділерінің жаңа бағыттағы жұмыс жоспарлары мен тың идеяға толы ұсыныстарын жинауға бір ай мерзім белгіленді. Бұл міндет өңірлік филиал басшыларына жүктелді.

Сонымен қатар, селекторлық кеңесте Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмыстарды жетілдіру, партиялық бақылауды күшейту мәселесі де жан-жақты айтылды. «Нұр Отан» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің іс-қимылын арттыру мәселесі көтерілді.

Бұған қоса алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялары арқылы жергілікті жерлерде қарапайым халыққа қиындық тудырып, өндірістің, ауылшаруашылығының, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болып жатқан мәселелерді анықтап, партияның Мәжілістегі фракциясы арқылы заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көтерілді. Ол үшін өңірлердегі өзекті мәселелердің тізбегін айқындап, Орталық аппаратқа ұсыныс беру облыстық филал басшыларына жүктелді.

 

Abai.kz

0 пікір