Дүйсенбі, 21 Қазан 2019
Қоғам 5545 0 пікір 31 Тамыз, 2015 сағат 09:35

ЕШКІМ ДЕ, ЕШТЕҢЕ ДЕ БАҒАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ!

«АЗАТ» қозғалысының  25 жылдығының атап өтілуі  хақында

Биыл қазақ жұртшылығы елемеген, қазақ журналистері ескермеген, тарихи маңызы «Алаш» партиясынан кем емес  -  «Азат» қозғалысының 25 жылдығы кеңінен атап өтілуі тиіс кезеңдеміз. Бірақ, іс жүзінде ойдағыдай болмай отыр...

Бұл айтулы оқиғаның алғашқы іс-шарасы биылғы 12 маусымда Астанада болып өтті. Сөзіміз нақты болуы үшін бұл іс-шараға қатысқан «Азат» ардагерлері  жайлы толығырақ дерек берген дұрыс болар. Олар:

Дәурен Сатыпалды, Гүлсамал Аймаханова, Дос Көшім,

Көшкінбай Ахметов, Нұрлыбай Сисенбай, Хамит Қырқымбаев,

Бекарыстан Мырзабаев, Ахметқали Халенов, Сағат Жүсіп,

ӘЛИ  Жайлау, Тәжібайұлы Әнуар, Құлмағанбет Махан,

Серік Ерғали, Жангелді Шымшық, Рахат Алтай,

Гүлшат Ершуова, Жарқынбек Сейтінбетұлы.

Бұл шараны Алматыдан Дос Көшімнің, басқа өңірлердегі ардагер  азаткерлердің қолдауымен астаналық  Серік Ерғали ұйымдастырды. Жүздесу барысында жылдап көріспеген азаткерлер бір бірімен шүйіркелесіп, 25 жыл бұрынғы ахуалды еске алысып мәре-сәре болды, марқұм азаттықтарға арнап дұға оқыды.  Шараға қатысушылар «Азаттың» өткені мен кеткенін, болашағын әңгімелеп, алдағы уақытқа іс-жоспар жасады, мәлімдеме қабылдады. Тіпті, бас қосудан шабыттанып, Ардагерлер алқасын құру туралы да ұсыныс білдірілді. Күз айларына да іс-шаралар белгіленді. Бәрі де бұрынғы ұлтшылдар – ұлтқа болсын дейтіндер; жиналғандардың байып кеткені болмаса да, өз мәселелерін ысырып қойып, бұрынғыша елдің, тілдің, халықтың қамын сөз қылысты.

Бұл жерде айтпағымыз – осы қазақ қауымы елемей отырған, ескермей жатқан, ұмытқан сыңай танытып отырған «ұмытшақтықтың» себебіне үңіліп көру болып отыр. «Азат» қозғалысын биліктің, орыстілді БАҚ-ң   ұмытуы, көзге ілмеуі түсінікті. Мәселе, кезінде «Азаттың» басында болған, «Азаттың» атағы мен абыройын дүркіреткен, соның басшысы болуға тырысқан, сол үшін күрескен, бір бірімен бет жыртысқан, «Азат» арқылы саясаттың биігіне шыққандар жайлы. Олардың көпшілігі үндемей қалды, үндемей отыр, «Азат» деген қозғалыс болмаған сыңай танытып отыр. Оларға «Азаттың» қайтадан бас көтеруі, оның 25 жылдығын атап өтуі онша ұнамайтындай, кедергі жасайтындай көрінетін сияқты ма деген де ой келеді. Сонда, «Азатты» өзіміз ұмытсақ, өзгеге не өкпе!

Осы ретте олардың атын неге атамасқа деген заңды сұрақ туындаса керек. Сондықтан көп ойландық. Ойлана келе кейбір бүгінгі көпке танымал тұлғалардың атын атасақ, олар бізге ренжімес, жиналған көпшіліктің көңілдеріне түскен кірбіңді дұрыс ұғар деген ойдамыз. Және көзге шұқу үшін емес, керісу мен кетісу үшін емес, азаматтардың кешегі өздері  ел тағдырына қатысқан кездеріне қайта бір оралса екен деген ниет қана!

  

«Азаттың» басшылары дегенде еске 1991-93 жылдар  түседі. Олардың арасындағы басшылыққа талас та есімізде. Сол таластың нәтижесінде облыстағы саясаттан тәжірибесі жоқ басшылары мен ұйым мүшелері кімді қолдарын білмей дал болып, оның аяғы екіге бөлініп, дос боп жүргендер бір-бірімізді көрместей болған жағдайға да бардық... Аз ғана уақытта басшылық бірден бірге көшті..  С.Ақатай – М. Есеналиев - Ж. Қуанышәлин – К. Ормантаев - Х. Қожахмет – Қарамендин.....  Осы кісілердің (марқұмдарды емес, тірілерді айтамыз) біреуі де 25 жылдыққа байланысты үндемеді, келмеді...

Енді «Азат» арқылы Жоғарғы Кеңестің депутаттары болғандарға келейік:  Мұқтар  Шаханов, Асқар Сырғабаев, Жасарал Қуанышәлин, Ізімғали Көбенов...тағысын тағылар. Бұл кісілердің ешқайсысы тек өз күштерімен сайлауда жеңіп шықтым деп айта алмасы анық.     Бұлардың да ауыздары үндемей, аяқтары серіппей қалды.

Енді «Азаттың» атын шығарғандар мен «Азат» арқылы өз аттарын шығарып, саясаттың биігінен көрінгендерге келсек:  А. Қадырбаева, А. Зейнуллин, С.Сапарғали ... тағысын тағылар – бұлар да ештеңе болмағандай кейіп танытады. «Азаттықтардың» да сенгендері, ергендері осылар емес пе еді?!  Өкінішке орай, бұл жақта да - үнсіздік. 

«Азаттың»  әр кезде облыс басшылары болғандар қайда?  «Азаттың» атынан әртүрлі Жоғарғы Кеңес, облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға үміткер болғандар қайда? Кезінде арқыраған «Азатты» ауыздықтау үшін билік біршама қайраткерлерді жоғарғы, төменгі биліктерге тартқаны рас, олар да бүгінде тым-тырыс. Өз тарихымыздан, өз істеріміз бен өз тағдырымыздан бас тарту емес пе бұл, жігіттер! Осы орайда «Азатты» арнайы  келіп құттықтаған желтоқсандық Құрманғазы Рахметовқа, О. Әлиев пен Ж. Шәмші бастаған ғалымдарға, Қ. Шамахай бастаған журналистерге, М. Ілиясұлы, Ұ.Шамшат бастаған жас белсенділерге алғысымызды айтамыз.

«Азат» абыройсыз емес, ел егемен болғалы құрылған саяси ұйымның ішіндегі ұлт алдындағы адалы да, шынайысы да осы қозғалыс екенін ешкім жоққа шығара  алмас.  Қазірдің өзінде билік «Азаттың» ардақтылары Сәбетқазы Ақатай, Михаил Есенәлиев, Батырхан Дәрімбет, Сайын Шапағатовтарды мойындауға мәжбүр болып, олардың атына көше аттары мен тақталар қойылуда. Бір ғана Қызылорда облысының өзінде «Азаттан» сайланған екі облыстық мәслихаттың депутаттары М.Рақашұлы мен А.Есмұрзаевқа жергілікті билік көше аттарын беріп отыр. Бұл тізімнің болашақта көбейері анық.

Әрине, пенделікпен «Мен «Азат» үшін өйттім, бүйттім, сырттай басқарып отырдым, көмек беріп отырдым, оны жұрт біле бермейді» т.с.с. әңгімелердің болары анық. Жылдар өтер, «Азат» өзіне тиісті бағасын алады...Ештеңе де, ешкім де бағасыз қалмайды! Азаматтар, үнсіздікпен ардың алдында тайсақтап құтыла алмаймыз! Алдымыз 80 жасқа, артымыз 40-қа шықты, ар мен намыс, абырой бәрімізге ортақ. Бұл үнсіздік «Азат» қозғалысының тарихи маңызын ешбір төменсітпейді, бірақ талай ардагердің басын қатырды, көкейін тескіледі. Жас ұрпақтың «Қозғалыстың 25 жылдығында ең болмаса неге бас біріктіре алмадыңдар?» деген сауалына жауапты о дүниеге алып кетем десе, әркімнің өз шаруасы. Бірақ бір кезде беліне қыстырған шоқпарды тасаға лақтырып, қашып құтылу - күлкілі, мүсәпір ахуал. Бұл ренішімізді соңымыздан ерген, бағыт ұстанған ұлтшыл буын  қайталамасын деген ниетпен жазып отырмыз.

Не дейміз?  Бұл хатты жазу арқылы сіздерге тіл тигізіп ара-қатынасты үзу деген ой болмасын. 25 жылдықты атап өту жалғаса бермек, оған арнаған әлі де қолдан келер шара өткізбек ойымыз бар. Сол істерге ат салысады деген оймен жоғарыдағы сөзімізді тек қана сіздерге емес, жалпы қазақ қауымына арнауымыз деп қабылдаңыздар.

Азаттық жолындағы «Азаттың» ардагер азаматтарына көкірек емес, азаматтық ар керек! Ар!

Дәурен Сатыпалды,

Сағат Жүсіп,

Ахметқали Халенов,

Көшкінбай Ахметов.

Abai.kz 

0 пікір