Сенбі, 27 Сәуір 2024
Не көріп жүрсіз? 6633 0 пікір 20 Қазан, 2014 сағат 11:42

НҰРЛЫ ТҮС

Түсіме Елбасы кіріпті. Немесе түсімде мен Елбасының қабылдауына кіріппін. Қабылдау бөлмесінде тұр екенмін. «Өз өтінішің бойынша қабылдайды» дейді. «Менің бұл кісіде ешқандай жұмысым жоқ, мен жазылған да, ешқандай өтініш берген де жоқпын» деп азар де безермін. «Жоқ, сөзді қысқартыңыз. Сіз жазылмасаңыз біз сізді қайдан танимыз» дейді аналар бет қаратпай. Артынан өзім «қызулау жүргенде жазсам жазған шығармын» күдіктене бастадым.
Кірдім. Өміріңде бірінші рет анадай сарайға кіргенде, патшам-ағзамның алдын көргенде тілің байланып, өзіңнің атыңды ұмытып қалады екенсің. Тұла бойым дірілдеп сала берді. Қол беріп амандастым. Амандасып тұрғанда байқадым, Елбасының қолы дірілдеп тұр екен. Дірілдеген бер жағы қалш-қалш етеді. Тұла бойы тұтас дірілдесе бір жөн-ау, қолы ғана ғой қалтырап тұрған. Іштей мені танитын болғаны ғой деп қоям. Сөйтсем, ол кісінің қолын дірілдетіп тұрған менің қолым екен ғой... Менің тұлы бойым тұтас дірілдеп тұр екен.
Бір-бірімізге қарсы қарап отыра қалғанымыз сол еді екі кесе шәй келді. Кесірлік дегенді қойсаңшы, шәйді үйден де ішіп жүрміз ғой, кофе болғанда болар еді деп қоямын. Екі-үш камере кірді де бірер секунд түсірді де шығып кетті. «Қазақстан», «Хабар» арналары шығар деп ойладым. «Бүгін Елбасы бәленше түгеншені қабылдады» деп қана беріп жатушы еді ғой, сол үшін шығар деп жобаладым. Құдайдың құтты күні «осы сен адам болсаң, мұрнымды кесіп берейін» деп зар еңірейтін класс жетекшім көрер ме екен-ей деп ойлап үлгердім. Осындай сан-сапалақ ойлармен өзіммен-өзім болып кеткенімді байқаған президентіміз:

- Не ойлап отырсың, - деді.
Сасқанымнан «елдің жайы ғой» деп айды аспанға бір-ақ шығардым.
- Ел қалай?, - деді.
-«Хабар» мен «Қазақстан» көрсеткеннен сәл төмен, «Дат» айтқаннан сәл жоғары, - дедім. Енді не деп айтам? Аузыма түскен алғашқы сөз осы болды. «Жақсы да емес, жаман да емес» дейін десем, мынауың бір Қожанасыр ғой дей ме деп қоя қойдым. Бір жерлері жақсы, бір жерлері онша емес десем тағы лаққандай боламын.
- Не ұсыныспен, қандай өтінішпен келдің?, - деді. Тура теледидардан көргендей жүзі жылы, нұрлы кісі екен. Бауырмал даусына елтіп өзімді еркін сезіне бастадым.
- Бір рахмет, бір ұсыныс айтайын деп келдім.
- Айта отыр.
- Бірінші рахметтен бастайын. Премерлік креслоға Серік Ахметовты отырғызғаныңыз жөн болды. Ел ала-құла, әрқилы күн кешіп жатыр ғой. Барға тәуба, жоққа шүкір деп үйренген елдің соңғы бір қуанғаны осы болды. Кәрекеңді қазақ емес деп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, күдіксіз қазақтың отырғаны шалғайдағы алыс ауданның, түкпірдегі бір ауылының әлдеқандай қыстағындағы өзімен-өзі күн кешіп жатқан бір қойшының жалданбалы көмекшісі Сейдакпарға дейін қуаныш сыйлағанын сізге жеткізгім келеді, - дедім де бір жөткірініп алдым. Бағанағыдай емес, кесені еркіндеу көтеріп, емірене ұрттап қойдым. Сөйттім де сөзімді жалғадым.
- Осы күнге дейін 2030 деп елпілдеп келдік. Жыл өтіп жақындаған сайын бір желпініп қалушы едік. Өзіміз қиналсақ та, бала-шағамыз сол күнді көреді-ау деп нұрлы қиялдың жетегімен осы күнге дейін жетіп едік... Енді оның тағы жиырма жылға шегерілгені алып-ұшқан көңілімізді су сепкендей басып тастады. Менің өзім жарлы-жақыбайлы күн кешсем де, заман жақсарған кезге тап келеді екен, елу жасымды жақсылап атап өтермін деп жүр едім,-деп келе жатқанымда үлкен кісі сөзімді бөлді.
- Елуге толатыныңа гарантия бар ма? - деді балалық қиялыма сәл жымия қарап.
- Сіз де ешқандай гарантия жоқ болса да сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп, тағы да бірер жыл отыруға бел байладыңыз ғой,  -дедім сұрағына нақты жауап бере алмай. Айтарымды айтып алып, осы сөзім бекер болды ма деп тағы өкіндім.
- Жарайды, үмітсіз шайтан деген. Бір Алладан үмітіміз бар ғой. Еулден үміттенген адам жетпісті неге армандамасқа. Жетпіс жасыңды жақсылап атап өтерсің ат шаптырып, сақ-сақ күліп, - деді Елағасы.
- Қазақтың табиғаты қызық қой аға. Бір нәрсені болады деп бір ай күттірсеңіз күтуге жараған қазақ тура сол күн келгенде бүгін емес ертең болады десеңіз қолын бір сілтей салады. Болмаса әкесінің деп. Бір ай жалықпай күтуге жеткен төзіміміз енді бір күн кутуге жетпейді ғой. Осы жағын ескергендеріңізде болар еді. «Қырқына шыдағанмен, қырық біріне шыдамайтын» қырсық мінезімізді ескерулеріңіз керек еді,-дедім.
- Ұсынысың осы ма ?-деді.
- Жоқ, аға,-дедім.
Сол кезде жанымда тұрған қаққан қазықтай жігіт еңкейіп келіп, аузын құлағыма жақындатып: «аға, көке демей, Нұрсұлтан Әбішұлы деңіз» деді.
- Негізгі ұсынысым бұл емес, Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл енді сіз бен біз үшін болары болған әңгіме. Айтылған сөз - атылған оқ. Бұны қайтарып ала алмаймыз. Менің ұсынысым Ермұхамет Ертісбаевқа байланысты.
- Ия, оған не бопты?
- Сол жігіт Сіздің кеңесшіңіз. Жүрген жерінде күлдібадам сөз айтып күлкі болады да жүреді. Сол күлкі болған сайын ел-жұртыңыз «Елбасымыз шынымен осыдан ақыл сұрай ма, әй сұрамайтын шығар, бірақ сұрамаса бұл неге отыр» деген сан-сапалақ ойлардың шырмауында қалады. Абылайға ақылды Бұқар айтқан. Арғы-бергі тарихты менен жақсы білесіз, Қожанасырдан ақыл сұраған Хан жоқ Алаш жұртында,-дедім. Елбасы біраз отырды.
- Оның үстіне,-дедім ойымды әрі қарай жалғап: - Оның үстіне бұл сізге кеңес бергенде өз қалтасымен, өз жағдайымен есептесе отырып айтады бар айтарын. Сондықтан оның кеңесі орта таптың жай-күйіне онша келе бермейді. Сондықтан кеңесшілікке тағы бір адам алсаңыз және ол қарапайым ортадан шыққан адам болса,-дедім.
- Сен бір ғана ұсыныс деп едің, созылып бара жатыр ғой,-деді жымия қарап.

– Ал, кімді ұсынасың?-деді. Жаңағы орынға адам сұрап отыр ғой. Қапелімде кімді айтарымды білмедім. Ешкім есіме түспей қор болдым. Үнсіз қалуға болмайды. Құласаң нардан құла деген:
- Жоқ емес, бармыз ғой, Нұрсұлтан Әбішұлы,-дедім.
- Кім?-деді сенер-сенбесін білмей. Шегінер жер қалмады, жүзімді төмен салып:

- Мен,-дедім. Әкем ылғи шамаңа қарамайсың деп айтып отырушы еді, рас боп шықты. Бірер секунд өтті. Секунд деген аты болмаса минутқа, тіпті сағатқа татыды.
Үстеліндегі кнопканы дыз еткізіп басты.

- Канцелярияның бастығын шақыр,- деді. Ана қыздың кіргенінен шыққаны жылдам болды. Құрыған жерім осы шығар. Мына бәлені мұнда кіргізіп жүрген кім, сол сөгіс алсын, жұмыстан кетсін, ал мынаны артынан бір теуіп қаңғытып жіберіңдер дейтін шығар.
Жоқ олай етпеді. Ханда қырық кісінің ақылы бар деген рас екен. Нұрағам ана жігітке: - Мына баланы екі-ай сынақ мерзімімен Президент кеңесшісі қызметіне қабылдаңдар, - деді. Оппа Ганнам-стайл деппін қуанғанымнан. Әрине, іштей. Айтқан ұсыныс пікірлерім ұнаған болып тұр ғой сонда ә?!. 10 қаңтардан бастап қызметке кірісуге тапсырма алып шықтым. Бірақ, екі айға дейін И.О. Құрсын И.О. тұрмақ О.И. И.А болса да ел игілігіне жұмыс істеп көрейін. Бірақ, 11 қаңтарға бір той алып қойып едім сол қалай болар екен деп қоямын. Әй санасыздық-ай, сол тойды өткізіп алып бірақ келсем бе, жоқ әлде, екі жүз долларын өзім алып қап Бағдатқа бере салсам ба деп те ойладым. Енді айлық алғанға дейін ары-бері жүріп тұрғанға да бірдеңе-бірдеңе керек қой, бес-он тиын болса да. Ол жерде де бара салып «жей» бермейтін шығарсың.
Сосын шықтым да Астанадағы (болашақты өзім тұратын асқақ та мәртебелі қаладағы) ең жақсы қонақ үйге барып ұйқыға жаттым. Бірақ, неге екені белгісіз, өз үйімде ояндым. Қарасам, екі қызым екі жағымда жатыр екен. Бұған да тәубә дедім марқұм шешем құсап.

БЕЙБІТ САРЫБАЙ

Abai.kz

0 пікір